17. Парадигма ұғымы туралы



Дата21.01.2022
өлшемі15,75 Kb.
#113115
түріЗакон
Байланысты:
17парадигма
5100892307034 ФК3 ЗАОЧНО Емтихан сұрақтары Мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу

17.Парадигма ұғымы туралы

Парадигма грек тілінен аударғанда «мысал, үлгі» деген мағынаны білдіреді. Парадигма терминін ғылыми айналымға енгізген - американдық тарихшы Томас Кун. «Структура научных революций»(түпнұсқасы «The Structure of Scientific Revolutions») еңбегінде ғалым парадигма ұғымына мынадай анықтама береді: «Вводя этот термин, я имел в виду, что некоторые общепринятые примеры фактической практики научных исследований — примеры, которые включают закон, теорию, их практическое применение и необходимое оборудование, — всё в совокупности дают нам модели, из которых возникают конкретные традиции научного исследования». Аударма: Осы терминді енгізе отырып, мен ғылыми зерттеулердің нақты тәжірибесінің кейбір жалпы қабылданған мысалдары — заң, теория, оларды практикалық қолдану және қажетті құрал — жабдықтар-барлығы ғылыми зерттеулердің нақты дәстүрлері пайда болатын модельдерді ұсынады". Ғалым парадигма ұғымын үлгі мағынасында қолданысқа енгізеді. Белгілі бір зерттеу жұмысының атқаруы тиіс міндеті, жауап беруі тиіс талабы, орындалуы тиіс мазмұны мен үлгісін парадигма термині қамтамасыз етеді дейді. Демек Томас Кун парадигма терминін жалпы ғылыми практикадағы негізгі үлгі мағынасында ұсынады: «В своём установившемся употреблении понятие парадигмы означает принятую модель или образец». Осының нәтежиесінде парадигма термині ғылыми айналымға бекітілген үлгі ретінде қолданысқа енді. Парадигма ұғымы бүгінде әр ғылымда әрқилы мағынада қолданылып жүр. Әлдеқайда кең мағынасында белгілі бір көзқарас, амалдар жиынтығы ретінде қолданылса, тар мағынада нақты бір мәселені шешу кезінде пайдаланылатын үлгі ретінде қолданылып жүр. Төменде қазақ тіліндегі бірнеше ғылыми-зерттеулер мысалға келтірілген. Ол мысалдарда да парадигма ұғымы бір қалыпта қолданылмаған.

Филология ғылымының кандидаты, профессор Ырысгүл Шақаманның «Когнитивті лингвистиканың ғылыми парадигмасы» атты зерттеу мақаласында: тіл біліміндегі жаңа салалардың бірі когнитивті лингвистиканың ғылыми парадигмаға түсу жолы туралы айтылады. Бұл еңбекте парадигма ұғымы жинақталған тұжырымдамалар жүйесі ретінде түсіндіріледі. Мысалы, когнитивті парадигма термині қолданылады да, оны – танымды әр түрлі қырынан зерттеу жолындағы негіздемелік тұжырымдар жүйесі деген анықтамамен айқындайды. Аталған еңбекте когнитивті парадигма кең ұғым да, когнитивті лингвистика тар мәніндегі соның бір саласы ретінде түсіндіріледі. Яғни, когнитивті лингвистиканың негізгі зерттеу нысаны, әдіснамасы, мақсат-міндеті туралы тұжырымдарды жинақтау арқылы оның парадигмалық сипаты ашылады. Бұл оның жеке парадигмалық сипаты. Ал ғылыми парадигмасы тек тіл білімі аясында ғана емес, өзге ғылым салаларымен байланысын анықтап, ашу кезінде ғана айқындалады.

К. Райымханның «Түркі халықтарын тарихи этнологиялық тұрғыдан зерттеудің пәнаралық тәсілдері мен жаңа парадигмалары» атты зерттеу мақаласында, автор парадигма ұғымын барлық ғылымға ортақ зерттеулердің жиынтығы ретінде қарастырған. Бұған мысал ретінде классикалық парадигма, мәдениеттанулық компаративистика парадигмасы, феноменологиялық парадигмалар деген терминдерді алуға болады. Автордың «тарихи этнологиялық зерттеулерді пәнаралық байланыссыз, жаңа парадигмаларсыз зерттеу мүмкін емес» деген пікірі мақаладағы парадигма ұғымын ғылымдар арасындағы байланыс кезіндегі зерттеу әдістерінің жиынтығы ретінде қарастырғанына бірден-бір дәлел. Яғни, автор парадигманы – «тәсіл» деген ұғыммен алмастырған.

Э. Оразалиеваның «Қазақ тіл біліміндегі когнитивтік парадигма» атты авторефератында «Тіл біліміндегі парадигма-теория-тұжырым арақатынасы» деген арнайы бөлім бар. Бұл бөлімде алдымен парадигма сөзінің шығу тарихына тоқталады, латын, грек тілінде «мысал», итальян тілінде «үлгі», испан тілінде «жүйе, заңдылық», ағылшын тілінде «модель», «жалпы түсінік» деген мағыналарда берілетіндігін айта келе, лингвист-ғалымдардың парадигма сөзін әртүрлі қолданыстағы сипатын көрсеткен пікірлерін қарастырады. Ал жалпы автордың өзі парадигма ұғымын танымдық тіл білімі аясында қамтыған. Автор қазақ тілтаным ғылымының даму тарихын бес парадигмаға бөледі. Бұдан автордың парадигманы белгілі бір кезеңдегі зерттеулер жинағы ретінде қарастырғанын байқаймыз.

С. Рахымберлинаның «Бейресми есімдердің құрылымдық парадигмасы» мақаласында парадигма ұғымын «үлгілер жиынтығы» ретінде қарастырған. Себебі, мұнда бейресми есімдердің түрлі сөзжасамдық тәсілдер арқылы жасалу үлгілері берілген. Автордың «бүркеншік есімдердің құрылымдық парадигмасы түрлі сөзжасамдық үлгілермен назар аудартады» деген пікірі парадигма ұғымын жалпы үлгілер жиынтығы ретінде алғандығын дәлелдеп тұр.

Зерттеуші Маралбек Ермұхаметтің «Мөлшер категориясының тарихи парадигмасы» атты авторефератында мөлшер категориясын тарихи парадигмалық тұрғыдан зерттейді. Бұл жердегі тарихи парадигма деп тұрғанымыз тіл дамуының әр қилы кезеңдеріндегі зерттеулер жиынтығы. Тіл үздіксіз дамып, жалғасатын тарихи үдеріс болғандықтан, автор әр тарихи кезеңді сабақтастыра отырып қарастырған. Автор парадигма ұғымын екі бағытпен, бірі-лингвомәдени бағыт, екіншісі-логикалық-танымдық бағытпен, ұштастыра зерттеген. Яғни, автор осы екі бағыттағы өзгерістер жинағын тарихи парадигма деп қарастырған.

Редакторы Жантас Жақыпов басқарған «Қазіргі қазақ тіліндегі синтаксистік парадигмалар» деген ұжымдық оқулықта «парадигма ұғымы генетикалық жағынан морфологияға тән» дейді де, «морфологияда парадигма грамматикалық санат ұғымымен байланыстырылады»-деп көрсетеді. Аталған еңбекте парадигма ұғымын кең мағынадағы бір-бірінен ерекшеленіп тұратын, сонымен қатар бәріне бірдей ортақ белгілері бар тілдік бірліктер тобы ретінде қарастырады. Яғни, еңбекте парадигмалар ретінде синтаксистік бірліктерді алған. Синтаксистік бірліктер – сөз тіркесі мен сөйлемнің – екеуіне ортақ, сонымен бірге бірін-бірінен ерекшелеп тұратын сипаты парадигмасы деп қарастырылған.

Қ. Нағымжанованың «Студенттердің педагогикалық креативтігін қалыптастыру парадигмалары және тұғырлары» атты зерттеу мақаласында парадигма ұғымын «үлгі» сөзімен байланыстыра қарастырған. Бұған мақаладағы «классикалық парадигма, ізгілік парадигмасы, білім беру парадигмасы» атты терминдер дәлел бола алады. Яғни, автор белгілі бір ғылыми тұрғыдан мақұлданған әдіс-тәсіл, зерттеу жинақтарын үлгі ретінде қарастырған. Мақаланың өзінде «парадигма-мәселені қою моделімен оны шешу» деп қысқаша анықтама берілген. Демек, автор парадигма ұғымын мәселелерді шешу жолындағы «модель-схема» деп қолданған.

Ж. Балтабаеваның «Тіл білімінде антропоцентристік парадигманың қалыптасуы» атты мақаласында парадигма ұғымы мүлде басқа қырынан суреттеледі. Автор парадигма ұғымын бүтіндей бір көзқарас, бағыт сөздерімен алмастырған. Бұған автордың «қазіргі заман лингвистикасында тіл екі парадигманың, структурализм мен антрпоцентризм, негізінде зерттелуде» деген пікірі дәлел бола алады [8,3]. Яғни автор тілдің ішкі құрылымын басты назарға ұстайтын-структурализм мен адам болмысы мен тіл қатынасын бірінші орынға қоятын – антропоцентризм бағыттарын парадигма ұғымы аясында қарастырған.



Қорыта келе, бүгінде көп қолданыста жүрген парадигма сөзі үнемі бір ғана мағынада кездесе бермейді. Жоғарыдағы мәліметтерден байқағанымыздай парадигма сөзі контексте аздаған өзгерістерге ұшырап жүр. Бірақ, көбіне кең мағынадағы зерттеу, амал-пікірлер жиынтығы деген мағына аясында қарастырылған. Тек жекелеген арнайы зерттеулерде ғана тар мағынадағы арнайы ғылым саласына тән жүйе ретінде қарастырылады.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет