Германияның бөлінуі. Одақтастар жеңілген Германия жөніндегі келісілген саясат жүргізу туралы Потсдам келісімдерін формальді түрде теріске шығармады. Бірақ іс жүзінде аймақтарда өздерінің мүдделеріне сай келетін саясат жүргізді. Батыс державалар «қырғи қабақ» соғыс басталысымен Германияға экономикалық жағынан біртұтас құрылым ретінде қараудан бас тартты. Батыс аймақтары мен шығыс аймақ арасындағы шаруашылық байланыстарының үзілуі тереңдей түсіп, елдің келешекте екіге бөлінуіне алғышарттар жасады.
ГФР-дің құрылуы. Германияның бөлінуіне алып келген батыс оккупациялық билік орындарының маңызды шарасы 1948 ж. 20 маусымда өткізілген ақша реформасы болды. Сол кезде Батыс Германияны «Маршалл жоспары» бойынша көмек беруге қосу басталды. Саяси салада маңызды оқиға Германияның батыс аймақтары үшін Конституция дайындау жөніндегі парламенттік кеңестің құрылуы болды. 1949 жылы 8 мамырда Кеңес конституцияның жобасын бекітті. 7 қыркүйекте бундесрат пен бундестаг Конституцияны бекітіп, Германия Федеративтік Республикасының президентін сайлады. 20 қыркүйекте канцлер Конрад Аденауэр парламентке тұңғыш үкімет құрамын ұсынды.