Қосылмау қозғалысы. Ұлы мемлекеттер арасындағы қарама-қарсылықтар және оларға Азия, Африка және Латын Америкасы елдерін араластыру жөніндегі әрекеттер кейбір мемлекеттердің, оның ішінде жақында ғана отаршылдық құлдықтан құтылған бірсыпыра елдердің басшыларын саяси-соғыс одақтарына қосылмау, әлемнің жетекші мемлекеттерінің арасындағы дау-жанжалдардан аулақ болу позицияларын ұстауға мәжбүр етті.
Индияның премьер-министрі Дж. Нерудің, Югославия президенті Броз Титоның және Египет президенті Г.А. Насердің бастамалары бойынша 1961 ж. қыркүйекте Белградта 25 елдің үкімет басшыларының крнференциясы болып, онда қосылмау қозғалысының негізі қаланды. Қозғалысқа қатысушылардың көпшілігі АҚШ пен КСРО халықаралық шиеленіс пен жанталаса қарулану үшін бірдей жауапты деп есептеп, саяси-соғыс одақтарына қатыспайтындықтарын, халықтардың отаршылдыққа қарсы, тәуелсіздік пен бейбіт қатар өмір сүру үшін күресін қолдайтындықтарын мәлімдеді.
Еуропадағы бәсеңсу. 70-жж. жалпыеуропалық прогресс.
60-жж. соңында Еуропадағы халықаралық қатынастар әртүрлі мемлекеттердің шиеленісті бәсеңдетудің жолдарын қарастыру әрекеттерімен сипатталынды. Әскери-стратегиялық тепе-теңдік жағдайында күш-қолдану саясатының болашағы жоқ екендігіне көз жетті. Батыстың реалистік тұрғыдан ойлайтын билеуші топтары мен үкіметтерінде келіссөздер жүргізу идеясы қолдау таба бастады.
Еуропалық мемлекеттердің Еуропадағы ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін шарттарын талқылау жөніндегі кеңесін шақыру бастамасын Кеңес Одағы мен басқа да социалистік елдер көтерген болатын. Бірақ бұл ұсыныстар көбінесе насихаттық сипатта болып, кеңес басшылығының теке тіреске негізделген жалпы бағытын өзгерте алмады. Бұл бағыттың бір көрінісі ВШҰ мүшесі бес елдің әскерлерін 1968 жылы ешқандай негізсіз Чехословакияға енгізу болды. Бұл оқиға бәсеңсу процесін біраз уақытқа тежеп тастады. Дегенмен Еуропа мемлекеттерінің бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы ынтымақтастыққа ұмтылыстары жалғаса берді.
1969 жылдың наурызында ВШҰ елдері жылпыеуропалық кеңесті іс жүзінде дайындауда кірісу жолында барлық Еуропа елдеріне арнап үндеу қабылдады. Бұл бастаманы Батыс Еуропаның бейтарап елдері қолдады. Бұл мәселеде әсіресе Финляндия аса маңызды рөл атқарды, фин үкіметі 1969 жылы мамырда Еуропалық елдерге, АҚШ пен Канадаға Кеңестің шақырылуын ұйымдастыруға өз қызметін ұсынды. Мемлекетаралық өзара кезесулер басталды, олар халықаралық қатынастарда жаңа құбылыс – жалпыеуропалық процесті ашты.
КСРО мен АҚШ және Батыс елдерінің арасындағы қатынастардың біршама жақсаруы негізінде алдын-ала пікір алысу басталып, нәтижесінде 30-шілдеде Хельсинкеде мемлекет басшылары деңгейінде Еуропадағы бейбітшілік пен қауіпсіздік жөніндегі Кеңес ашылды, ал 1975 жылы 1 тамызда Кеңестің Қорытынды актісіне қол қою салтанаты болып өтті.
Қорытынды акт шарт түріндегі міндетті құжат емес еді, дегенмен оның аса зор моральдық-саяси маңызы болды, себебі ол халықаралық қатынастарға жылпыеуропалық шеңбердегі жаңа прогрессивтік нормалар енгізді.
Қорытынды акт кездесулер мен келіссөзлер процесі жалпыеуропалық немесе хельсинкилік аяда үздіксіз жалғастырыла беріледі деп көрсетті.
Достарыңызбен бөлісу: |