Германия. Дағдарыс Германияда ерекше ауыр, терең және созылмалы сипатта болды. 1932 ж. өнеркәсіп өнімінің көлемі 1900 жылғы дәрежесіне түсіп қалды. Ірі банктердің көпшілігі жабылып қалды. Жұмыссыздар саны 9 миллионға жуықтады. Нақты жалақы 2 есе азайды. Шаруалардың, қолөнершілердің, ұсақ буржуазияның жағдайы қатты нашарлады. 200 мың шаруа шаруашылығы күйзеліске ұшырады.
Дағдарыс Германияда басқа елдеге қарағанда ерекше ауыр болуының мынандай себептері бар: І дүниежүзілік соғыстағы жеңілістен кейін Германия отарларынан айырылды, шет елдерге қарыздар болып қалды, соғыс шығындарын төледі және дүниежүзілік тауар өткізу рыноктарына еркін шығу мүмкіншілігінен айырылды. Сондықтан АҚШ, Англия, Франция сияқты ірі елдер дағдарыстан әлеуметтік-экономикалық реформалар жасау арқылы шықса, Германия фашистік диктатураның тоталитарлық экономикалық жүйе құруы нәтижесінде шықты. Экономиканы соғыс мақсатына сәйкестендіріп қайта құру және ұйымдастыру нәтижесінде Германияның өнеркәсібі 1939 ж. дағдарысқа дейінгі дәрежесінен 50 пайыз асып түсті.
Италия. 1939-1933 жж. Дүниежүзілік дағдарыс Италия экономикасына ауыр соққы берді. Елдің қаржылық жүйесінің негізі болып отырған ең ірі 3 банк күйреп қалды, өнеркәсіп өнімі және сыртқы сауда көлемі 3 есе кеміді. Жұмыссыздар саны көбейді, жалақы 50-60 пайызға қысқарды.
Дағдарыс жылдарында шаруа шаруашылықтары, ұсақ және орта буржуазияның иелігіндегі кәсіпорындар ерекше күйзеліске ұшырады. Осының өзі өндірістің шоғырлануын күшейтіп, монополиялардың санын көбейтті. Муссолини үкіметі ірі монополистік бірлестіктердің құрылуына барынша жағдай жсапа отырды. 1933 ж. жоғарыда аталған күйреген 3 банктің капиталы біріктіріліп, мемлекеттік финанстық мекеме құрылды. Сөйтіп, дағдарыс жағдайында мемлекет экономикаға кеңінен араласты.
Ауыл шаруашылығында өнімді белгіленген баға бойынша мемлекетке өткізу жүйесі енгізілді. Бұл шаралардың барлығы елдің экономикасын соғысқа дайындау міндетін іске асыруға тиісті болды.
Достарыңызбен бөлісу: |