1916 жылғы Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыс 3



бет1/3
Дата04.11.2023
өлшемі178,58 Kb.
#189460
  1   2   3
Байланысты:
stud.kz-124674
Стандарт

ЖОСПАР

Кіріспе 2
1916 жылғы Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыс 3
Қазақ ұлтының зиялыларының ұлт-азаттық көтеріліске ұстанымы 13
Қорытынды 15
Қолданылған әдебиеттер тізімі 16



  1. Кіріспе


Ұлт-азаттық көтеріліс…
Елінің намысын жыртып, елдігін, жерін қорғап, басын өлімге байлаған бүкіл халықтың көтерілісін тарихшылар ұлт-азаттық көтеріліс деген атпен сипаттап жүр.
Ұлт-азаттық көтеріліс - әділетсіздікке, басқыншылыққа, қанау, тонау, алдау, елді ішінен іріту сияқты арам әрекеттерге қарсы халықтың қарулы күресі. Ұлт-азаттық көтерілісі адамзат тарихындағы ең әділетті қимыл десек дұрыс болар еді.
Қандайда болмасын халықтың көтерілісі артында қалған ұрпақтарына ұран болатын ерліктің сипаты екені де шындық.
Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі – нағыз елдігі мен ерлігі, қияметі мен қиындығы мол, басқа амалдың жолы да, жөні де, барар жері де, басар тауы да қалмаған соң, тәуекелге бел байлап, лап ете түскен құдіреті де, күйініштілігі де мол тірлік еді. Сол себепті, қазақ халқының тағдыры мен тарихында бұл көтерілістің жөні де, жолы да, маңызы да ерекше-ақ.
Бұл – қазақ халқының ғұлама перзенті Мұхтар Әуезов айтқанындай «қазақтың бесігіндегі баласының көзіне де елестегендей халық елдігін жойып бара жатқан» қаралы кезеңнің туындысы еді.
Иә, 1916 жылғы көтерілістің ел өміріндегі орны ерекше-ақ!
Академик М.Қозыбаевтың: «1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс қазақ сахарасының топырағынан туған ұлттық-революция... Ол халқымыздың XX ғасырдағы қуанышы мен трагедиясының қайнар басы болатын»,- деген тұжырымы дөп айтылған, әділ пікір. Бұл – нағыз шындық, ғұлама ғылыми пікір екендігіне күмән жоқ.
Біздің семестрлік жұмысымыз осы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты қазақ зиялыларының саяси ұстанымдары туралы болмақ.
  1. 1916 жылғы Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыс


1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың алғышарттары. 1916 жылғы Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстың тууына әсер еткен жағдайлар төмендегідей: а) Столыпин реформасы кезінде жергілікті халықтың жерін тартып алудың үдей түсуі; ә) Бірінші дүниежүзілік соғыстың зардаптары; б) Дәстүрлі шаруашылықтың дағдарысқа ұшырауы; в) Өлкені тонаудың күшейе түсуі, алым-салықтардың еселеп көбеюі; г) Орыстандыру саясатының асқына түсуі, рухани отарлау. Бір ғана Түркістан өлкесіне соғыстың тигізген зардаптарына көңіл аударайық. Соғыс жылдарында осы бай өлкені отаршыл Ресей билеп-төстеушілері сүліктей сорды. Түркістан генерал-губернаторлығына кіретін Самарқан, Сырдария, Ферғана, Закаспий, Жетісу облыстары мен Хиуа, Бұхар аймақтарынан соғыс қажетіне жөнелтілген тауарлар мен азық-түлік мөлшері: мақта — 41 млн пұтқа жуық, киіз — 38 мың шаршы метр, ет — 300 мың пұт, балық — 474 мың пұт, жылқы — 70 мың, түйе — 13 мың, арба — 270, киіз үй — 20 мың, сабын 230 мың пұт, мақта майы — 37 млн пұт.


Өмір сүрудің негізгі көзі мал шаруашылығы болған қазақтар үшін Ресей империясының соғысқа белсене қатысуы шаруашылық зардаптарын тереңдете түсті. Күнделікті пайдаланылатын тауарларға бағаның еселеп көтеріліп кетуі шаруашылық ахуалды күйзелтіп, ал бұл әлеуметтік және саяси қарсылықты жеделдетті. Семей мен Ақмола облыстарында 1916 ж. күнделікті пайдаланылатын заттарға баға төрт есе көтерілген, соның ішінде бұл өсім киімге — 200–300 пайыз, қантқа — 250 пайызға өскен.
Көтерілістің басты себебі: қазақ жерлерін отарлау, қазақ жерлерін қоныс аударған орыс шаруаларына күшпен тартып әперу саясатының салдары еді. Көшпелі тұрмыс жағдайында қазақтардың өмір сүруін қамтамасыз ететін жердің заңмен Ресей империясының мемлекеттік меншігі болып жариялануы, артық жердің тек қазынаның пайдасына кетуі жағдайды шиеленістіре түсті. 1916 жылдың өзінде қазақтардың 45 млн га жері (Жетісу облысының бір өзінен ғана 1914—1916 жж. 1800 мың дес.) қоныстандыру қорларына өтті. Мәселен, М. Тынышбаевтың көрсетуінше, тек Лепсі уезінен қоныс аудару басқармасы 61 мың дес. жерді басып алды. 1910 ж. Жетісу өлкесінде қоныс аударушылардың елді мекендері бір-біріне тіркесіп, тізіліп жатқанын хабарлайды. Қазақтардың иелігінде тек қыстаулары ғана қалдырылды. Қазақтардың көптеген арыз-шағымы қараусыз қалды. Мал шаруашылығы құлдырап, жақсы жерді алып қойған соң егіншілік ісі азая түсті.
Бір сөзбен айтқанда, аграрлық мәселенің шиеленісуі және ұлттық езгінің күшеюі елді дағдарысқа тіреді. Бұл дағдарыстың айқын көрінісі Қазақстан және Орта Азия халықтарының 1916 жылғы жалпы бұқаралық сипат алған ұлт-азаттық қозғалысы болды. Қоғамның барлық әлеуметтік топтарын қамтыған қозғалыс барысында жалпы ұлттық ұрандар көтерілді. Күн тәртібіне жалпыұлттық мәні бар ұрандар қойылуы және жергілікті халық мүдделерінің ортақтығы қозғалыстың дербес дамығандығын көрсетеді.
Оның негізгі қозғаушы күші — қазақ ауылының еңбекші шаруалары, оған ішінара жұмысшы табы өкілдері, байлар да, билер де, молдалар да, болыс басшылары да, интеллигенцияның әр түрлі топтары да белсене араласты. Көтеріліс ең алдымен отаршыл жүйеге қарсы бағытталды да, қазақ халқының ұлттық және саяси тәуелсіздігін көздеді. Ал оның әлеуметтік мәні — өз билеушілеріне қарсы күрес екінші кезекке ысырылды.
Қазақстанның барлық аймақтарын қамтыған үлкен қозғалысты Жетісу облысында — Ж.Мәмбетов, Ұ.Саурықов, С.Қанаев, Қ.Шорманов, Қ.Құдайбергенов, Т.Бокин, Б.Әшекеев; Торғай облысында — Ә.Жанбосынов, А.Иманов, Ә.Жангелдин; Ақмола облысында — Ә.Майкөтов; Бөкей даласында — С.Меңдешев, Ақтөбе облысында — Б.Алманов, Сырдария облысында — Т.Рысқұлов, Орал облысында — Ә.Әйтиевтер басқарды.
Көтерілістің Торғай және Жетісу ошақтары. Ұлт-азаттық қозғалыстың басталуына себеп болған — Петербург сарайының “бұратаналарды” қара жұмысқа шақыру туралы 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығы ашық күнде төбеден түскен жай оғындай әсер етті.
Тым асығыс жағдайда жергілікті тұрғындардан майданға қара жұмысқа аттандыру туралы шешім халықты да, отарлық әкімшілікті де қиын жағдайға тіреді. Адамдар тізімдерінің, 19 және 31 жас арасындағы ер азаматтардың тіркелген құжаттарының жоқтығы қосымша қиындықтарға соқтырды.
Торғай, Ақмола, Орал, Семей және Жетісу облыстары өкілдерінің арнайы мәжілісінің шешімін дайындауға Ә. Бөкейханұлы, М.Дулатұлы, О.Алмасұлы қатысты. Осы мәжіліс хаттамасының алғашқы үш бөлімінде патша үкіметі шешімінің асығыстығы, халық мүддесіне қайшылығы ашып көрсетілген.
1916 ж. Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы А.Н.Куропаткиннің патшаға жазған рапортында “бұратаналық” жұмысшылар майдан шебінің соғыс оты мейлінше қайнаған шептеріне жеткізіліп қырылады, олардың иеліктері (жерлері) казактарға үлестіріліп беріледі деген үрейлі хабарлар түземдіктердің көтерілуін жылдамдаттың делінген.
М.Әуезовтің “Қилы заман”, Ж.Аймауытовтың “Қартқожа” романдарында осы кезеңдегі халықтың жан дүниесіндегі аласапыран толқыныс шынайы суреттеледі.
“Қария қабағын шытынып, шын назаланып, айласы бітіп күрсінді. Қатын-бала ұлардай шулады. Жігіт-желең сол күні-ақ “бармаспын” деген ниетті ойлап Алатаудың сенімді қиын тасына, қара үңгірдей қалың жыныс қарағайына қарады. Барлық ел, еңкейген кәріден еңбектеген жасқа шейін, ертелі-кеш ылғи осы жайды ғана сөйледі. Ел апатты сезді”.
Патша жарлығын “Зілді бұйрық” деп атаған халық жыршысы Жамбыл:
Халықтың еркі кетті баласынан,
Сөзімнің ғибрат ал сарасынан.
Ақ патша бұйрық қылды солдат бер деп:
Он тоғыз — отыз бірдің арасынан.
Осыған тірі отырып көнеміз бе,
Іріктеп бар боздақты береміз бе?!
Болмаса елдік қылып, тізе қосып,
Батырға қол бастаған ереміз бе?! —
деп халыққа үн тастап, кеңінен кеңесіп ақылдасуға шақырды.
Алғашқы кезде көтеріліс стихиялы сипатта жүрді. Отарлық езгі мен озбырлық саясат әбден титықтатқан халықтың ақ патшаға қарсы толқулары Қазақстанның қиыр-шиырын қамтыған үлкен көтеріліске ұласты. Отардағы қарсылықтың алғашқы орталығы Жетісуда пайда болды.
1916 жылғы көтерілістің Жетісудағы ірі ошағы — Қарқара аймағындағы Ереуілтөбеде болды. Ол тарихта Қарқара көтерілісі деп аталынды (патша үкіметінің құжаттарында оны “Албан көтерілісі” деп те атайды). Қарқара көтерілісінің алғышарттары мен ерекшеліктері: 1) Бұл өңірдің Қытай жеріне жақындығы (Қытайға қашып бас сауғалау мүмкіндігі; 2) Таулы жерде патшаның қарулы күші — пулемет, зеңбірек сияқты қаруларды пайдаланудың қиындығы; 3) Бұл өңірдің патшалық құрамына басқа қазақ жерлерінен әлдеқайда кеш қосылуы себепті бостандық, тәуелсіздік сезімі әлі де басыла қоймағандығы әсер етті.
Жетісуда сол кездегі Верный, Жаркент, Лепсі, Қапал уездеріне қарасты кейбір болыстарда ірі көтерілістер орын алды. Жетісуда бүліктің басталғандығы туралы ресми мәлімет Ташкентке тамыз айының 6-сында жеткен. Осы күні Верный уезінің оңтүстік-шығыс өңірінде, Асы өзенінің бойында екі болыстың тізімін дайындау үшін келгендерге қарулы қарсылық көрсеткен. Сол күні Самсы өзені бойында Верныйдан 100 шақырымдық жерде қазақтар бағаналарды құлатып, байланысты үзіп тастайды. Осы айдың 9-да көтерілісшілер қолы Қордай асуынан Верный қаласына дейінгі барлық пошталарды талқандайды.
1916 ж. 9 тамызда көтеріліс біртіндеп Шу өңіріне ауысты. Әулиеата уезінің Жетісу облысымен шекаралас ауылдарында көтеріліс кезінде Әулиеата — Бішкек уездерінің аралығындағы келімсек шаруалар қоныстарының астан-кестеңі шықты. Орыс шаруаларының ірі қоныстарының бірі Новотроицк селосындағы көтерілісшілермен қақтығыста 40 шақты адам шығыны болды. Бұл аймақ көтеріліс ұшқынының Орта Азияға жайылуында өзіндік көпір іспеттес рөл атқарды.
Жазалаушы жасақтар қимылы. 1916 жылғы тамыз айының 21-інде Ташкентте жергілікті қауымның мәжілісіндегі сөзінде Түркістан генерал-губернаторы Куропаткин патшаның маусым жарлығын қандай кедергі болса да іске асырудан бас тартпайтындығын мәлімдеді. Күш көрсетуден тайынбайтындығын білдіреді. Сөзінде тұрған Түркістан генерал-губернаторы “бұратана” халықтардың көтерілісін қанға бояумен ерекше көзге түсті.
Қазақстан мен Орта Азияның басқа аймақтарындағы көтерілістің кеңінен етек жаюы патша әкімшілігінің ерекше үрейін алды. Көтеріліс Түркістан өлкесінің құрамына кіретін барлық дерлік қазақ ауылдарын шарпыған болатын. Түркістан өлкесі соғыс жағдайында деп жарияланады. Олар бірден-ақ халық қозғалысын қатаң жазалау шаралары арқылы басып тастау керек деп шешті. Бұған дейін де талай уақыт бойы отарлық езгінің шектен тыс тауқыметін кешіп келе жатқан қазақ халқының басына тағы да ауыр күндер туды.
Қозғалысты басуға негізінен Түркістан, Омбы, Қазан, Пермь әскери округтерінде жасақталған әскери құрамалар, казак әскерлері қатысты. Жазалаушы топтар үш бағытта: Әндіжан қаласы мен Нарын бекінісі жағына Черняевты (Шымкентті) басып өтетін жол арқылы Пішпек және Тоқмақ қалалары бағытына; темір жолмен Семейге, осы қоныстан Сергиополь — Лепсі — Верныйға аттандырылған. Бүкіл Түркістан аймағы бойынша көтеріліс ошақтарын басуға пайдаланылған әскери бөлімдердің құрамы: 14 батальон, 33 жүздік, 42 зеңбірек, 69 пулемет, сонымен қатар, тек Жетісу қазақтарын ойрандауға 3,5 дружина (еріктілерден құралған жасақ), 7 атқыштар ротасы, 5 жүздік, 14 зеңбірек пайдаланылды. Бұл әскери бөлімдердің қимылдары 1916 жылғы шілде айының 13-і мен 1917 жылғы қаңтар айының 25-і аралығында өтті.
Көтерілістің екінші бір ошағы — Торғай облысындағы қозғалысты басу үшін генерал Лаврентьев бастаған арнайы жазалау экспедициясы жасақталды. Оның құрамында Қостанай, Ақтөбе, Торғай, Ырғыз жасақтары мен казак жасақтары болды. Барлығы 17 жаяу әскер ротасы, 19 жүздік пен эскадрон, 14 зеңбірек пен 17 пулеметтен тұрды. Лаврентьев экспедициялық корпусында 10 жүк машинасы, үш телеграф станциялары, 2–3 аэроплан болды. Кейіннен 1916 ж. 13 қарашада әскери қимыл ауданына Қазан, Пермь, Орынбордан қосымша полктер тартылды.
Көтерілісшілер біраз жерлерде жазалау жасақтарына күшті қарсылықтар ұйымдастырды. Әсіресе Торғай ошағында көтерілісшілер саны, Қазан әскери округінің генералы Сандецкийдің 1916 ж. 26 қарашадағы хабарына қарағанда, 50 мың сарбазға дейін жеткен. Сондықтан Бас штаб бұл компаниялардың жүйелі түрде ұйымдасқан негізде әрекет етуіне, техникалық құралдармен жабдықталуына ерекше мән берді.
Ал Ақмола және Семей облыстарындағы көтерілісшілерге қарсы генерал Ягодкин бастаған 12 атты әскер жүздіктері, 11 жаяу әскер роталары жіберілді. С. Сейфуллиннің “Тар жол, тайғақ кешу” атты тарихи мемуарлық шығармасы 1916 жылғы жаздағы жалпыхалықтық қозғалыстың барысын көз алдымызға елестетуге мүмкіндік береді. Кейбір деректерге қарағанда Тінәлі руынан тұратын ауылдарда көтерілісшілер жасағы 15 мыңға жеткен. Олар 40 ұстахана салып, онда қару-жарақ соққан. Бірақ Ақмола, Семей, Орал облыстарындағы жалпыхалықтық бас көтерулер үлкен қарулы қақтығыстарға апарған жоқ. Бұл жерлердегі Сібір, Орал, Қазан әскерлері өз бақылауын жіті жүргізіп отырды.
Күшті қарсылықтар Торғай облысында ерекше байқалды. Амангелді Иманов бастаған көтерілісшілер жазалаушылармен әлденеше рет шайқастар өткізді. Мәселен, Татыр көлінің маңында болған шайқаста патша әскерлерінің бір жүздігіне тек қылыш және мылтықпен қаруланған 4 мыңдай көтерілісші қарсы тұрды. Шайқас нәтижесінде 300-ден астам көтерілісші және 3 жазалаушы қаза тапты.
Түркістан өлкесіндегі жазалау жасақтарының қиянатын арнайы тексерген Мемлекеттік Думаның комиссиясы патша әскерлерінің айрықша қаталдықпен қимыл жасағанын, ер-азаматты ғана емес, әйелдер мен балаларды да аяусыз қырғынға ұшыратқанын атап көрсетеді.
“Біздер түн қараңғысын жамыла жәрмеңкеге бардық, — деп еске алады нәубет куәгері Сыбантай Баянбаев дейтін азамат. — Жәрмеңкеге кіре бергенде бір жерде сегіз адам жатыр. Барлығын да қылышпен өлтірген. Әсіресе бір жүкті әйелді қолтығының астынан шауып, ішіндегі баласын ақтарып тастапты.”
Патша генералдары әскерлерге қозғалысқа қатысушыларды аяусыз жазалауға тапсырма берді. Жетісу губернаторы Фольбаум уезд бастықтарына берген бұйрығында: “Бүлікті тез басу үшін әскерлер қозғалысқа қатысқан бір болыс елдің әлденеше жүз адамын бірден қырып салып, үлгі көрсеткені дұрыс болады”, — деп атап көрсетті. Қанды шеңгел генералдың бұл бұйрығы қалай орындалғанын оның 1916 жылдың 14 тамызындағы хабарламасынан да көруге болады. “Верный уезінде алғашқылардың бірі болып Ботбай болысы көтерілді. Хорунжий Александров өз жүздігімен 10 тамыз күні Тарғаптың теріскей бетіндегі далада елді қуып жетіп, 3 ауылды түгел қырып салды. Қоныстарын өртеп, малын айдап әкетті.”
Мұндай жазалау операцияларының озбырлығы Торғай уезінде де байқалды. Торғай уезі қазақтарының жазалау жасағы әрекеттеріне жазған шағымында “Уезд бастығының көмекшісі қырға шыққан кезінде бізге адам айтқысыз зәбір көрсетті, 100-ден астам адамды өлтірді. Олардың көбі әйелдер мен балалар еді. Оған қоса келіншектер мен қыздарды жәбірледі. Бірнеше қыстауларды өртеді,” — деп көрсетті.
Көтерілістің жеңілуі және салдарлары. Америка зерттеушісі профессор Марта Брилл Олкоттың пікірінше, 1916 жылғы көтерілісте, әсіресе, ауыр зардап шеккен — қазақтар. Жазалаушы әскери бөлімдердің көтеріліске қатысы бар деген ауылдарды қырып-жою әрекеттері көшпенділердің басты өмір көзі — мал санын күрт төмендеткен.
Далалық ауданда көтерілісшілерді қолға түсірудің қиындығын білген патша жендеттері бейбіт ауылдарды бас салып, олардың малдарын айдап әкетіп отырды. М.Б.Олкоттың зерттеулерінде мал шығыны Қазақстанның алты облысында (Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария) жылқы — 50, ірі қара — 39, түйе — 55, қой мен ешкі — 58 пайызға кемігені айтылады. Бұл өз кезегінде халықтың жоқшылыққа, аштыққа, өлім-жітімге көп ұшырауына себепкер болды.
Сонымен қатар, қозғалысқа қатысушыларға қарсы құқықтық, әкімшілік жазалау шаралары кеңінен қолданылады. Түрмелер қозғалысқа қатысы бар адамдарға лық толды. 1916 жылдың өзінде Торғай облысындағы түрмеге 3 мыңнан астам адам қамауға алынды. Патша соттары қозғалысқа қатысушыларға соғыс уақыты заңымен үкім шығарды. Бір ғана Түркістан өлкесінде 1917 жылдың 1 ақпанына қарай 347 адам өлім жазасына кесілген, 168 адам каторгалық айдауға жіберілген, 228 адам қамау бөлмелерінде ұсталып, 129 адам түрмеге жабылған, 51 адам өлім жазасына кесілген.
Көтерілісшілерді жазалау олардың жерін тартып алумен қатар жүрді. М.Б.Олкоттың еңбегінде Шу өзені мен Ыстықкөлдің маңайында қоныстанған 200 мың қазақтар мен қырғыздар таулы, тасты Нарын ауданына көшіріліп, олардың орнына орыс шаруалары орналастырылды делінеді.
Осылайша көтеріліске қатысқандар туып-өскен мекендерінен жері қолайсыз аудандарға қуылды. Патша мақұлдаған генерал-губернатордың жоспары бойынша 1916 жылғы оқиғалардың қайнаған ошағы болған “түземдіктердің” үш қонысы жермен-жексен етілді. Олардың 2954 десятина жеріне 200 орыс отбасы орналастырылды. Кейіннен осы жаңа қоныс “Русское село” деген атауға ие болды.
Патшалық сот, әскери жазалау күштерінің қысымынан көтеріліске қатысқан адамдардың бір бөлігі бас сауғалап, Шыңжаңға көшіп кетуге мәжбүр болды. 1916 жылғы оқиғалардың алғашқы зерттеушілерінің бірі Т. Рысқұловтың мәліметтері бойынша, жарты миллионнан астам қазақтардың Қытайға қоныс аударғаны белгілі. Осының салдарынан Жаркент уезі халқы саны — 73%, Пржевальск уезі –70%, Лепсі уезі — 47%, Верный уезі — 46%, Пішпек уезі — 42% кеміп кеткен.
Түркістан өлкесінде сол жылдары 7 млн “түземдіктер” мен 540 мың орыстар болды. Жетісудағы қазақтар мен қырғыздар туған жерін тастап Қытайға босып кеткен кезде олардың 2,5 млн дес. шұрайлы жері казак әскерлеріне берілді.
Сонымен, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс басып-жанышталды. Патша жарлығы бойынша Орта Азия мен Қазақ өлкесінен 400 мың адам, оның ішінде Қазақстанның далалық облыстарынан 100 мыңнан астам, Жетісудан 87 мың адам алу көзделген еді.
Көтеріліс жеңілгеннен кейін 1917 жылдың ақпан айының басында 110 мың “түземдік” жұмысшылар майдандағы қара жұмысқа аттандырылды. Соның ішінде 4163 адам Семей арқылы Омбы қаласына жеткізілген; 4373 адам — ортаазиялық темір жол арқылы Красноводскіге, одан әрі су жолымен Бакуге жөнелтілді. Қалғандары Ташкент арқылы темір жолмен Орынборға жеткізілді. Түркістан өңірінде темір жолдарда, мемлекеттік қорғаныс өндірісі орындарында қара жұмысқа 10 мыңнан астамы қалдырылды. Сонымен, жалпы саны 120 мың жұмысшы тыл жұмысына алынды. 1917 жылдың мамыр айының соңына қарай тағы да 80 мың жұмысшы тартылды. Торғай даласынан тыл жұмысына 60 мың адам жіберілуі керек еді, ал 1916 жылғы 20 желтоқсандағы мәлімет бойынша Ақтөбе және Қостанай уездерінен 5 мың, Торғай мен Ырғыз уездерінен — 89 ғана адам алынды.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс Шығыс халықтарының отарлық жүйеге қарсы күресінің жалғасы және биік шыңы болды. Өзінің ұлттық құрамы жөнінен негізінен қазақтардан тұрды. Тек қана өлкенің оңтүстігінде, Жетісу мен Сырдария облыстарында оған қазақтармен бірге ұйғырлар, өзбектер, қырғыздар, дүнгендер және кейбір басқа халықтардың өкілдері қатынасты. Сонымен қатар, оған қазақ жұмысшылары да қатысты.
Көтеріліске шыққан халық бірінші кезекте отарлауға дейінгі дәстүрлі мемлекеттік басқару жүйелерін қалпына келтірді. Демек, хандық билік жүйесі қайта жаңғырды. Қазақ даласында 50-ге жуық хандар сайланды. Мәселен, Торғай уездерінде дала ақсүйектерінің 9 өкілі хан көтерілді. Ақмола облысының Еренсай және Әйелді болыстарында хан және 4 қазы сайланды. Шерубай-Нұра болысында Нұрлан Қияшев, Қарашақ болысында Оспан Шонов хан деп жарияланды, Верный уезінің Жайымтал болысының ханы болып Бекболат Әшекеев сайланды. Ырғыз даласында Айжарқын Қыпаев хан болып сайланды. Олар көтерілістің Торғай ошағының құрамдас бөлігіне айналды. Торғай өлкесіндегі құрылтайда Орта жүздің ықпалды биі, қыпшақ тайпасынан шыққан Нияздың немересі Әбдіғаппар Жанбосынов хан сайланды. Көтеріліске шыққан халық ұлт-азаттық қозғалысының басшысы Кенесары Қасымұлының ең жақын серіктерінің бірі, Нияз бидің руласы, атақты Иман батырдың немересі Амангелдіні сардарбегі — қолбасшы етіп тағайындады.
Хан кеңесі құрылды. Әліби Жангелдин хан кеңесіне 20 адам енді деп көрсетеді. Оған әр болыстан бір өкіл мен мыңбасылары қатысты. Кеңес заңды үкімдер шығарды. Әрбір болысты елбегілері басқарды, қазына билеушілер, алым-салық жинаушылар, сот алқасы, пошта тасушылар жұмыс істеді. Әскери жасақ, әскери дайындық істеріне ерекше мән берілді.
Ұлт-азаттық қозғалысты басып-жаныштау барысында патша үкіметі “өртке оранған жер” стратегиясын қолданды. Сондықтан, Ақпан революциясы қазақтарды құрып кетуден сақтап қалды деп айтса да болады. Патша өктемдігіне қарсы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің ұлы дүрбелеңінде тікелей және жанама түрде 150 мың адам шығыны болды.
Жеңіліс себептері. Қозғалыстың жеңіліс табуының ең басты себептері: оның бытыраңқылығы, көтеріліс ошақтары арасындағы байланыстың жеткілікті болмауы, патша үкіметінің жазалаушы күштерінің басымдығы.
Қозғалыстың әлеуметтік, ұлттық құрамының әр түрлі болуы, қалалардағы жұмысшы ереуілдері мен ауылдағы стихиялы бас көтерулер арасында қимыл бірлігінің болмауы; ал “бөліп ал да билей бер” саясаты қашанда Ресейдің ұлт аймақтарында ұлт араздығын, руаралық тартыстарды шебер пайдаланды.




  1. Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет