1986 жылдың желтоқсанында алаңға шығып, Кеңес билігіне наразылық көрсеткен жастарды да қаһарлы империядан сескендірмеген күш те осы Азаттыққа деген аңсау екені сөзсіз
Байланысты: 1986 жылдың желтоқсанында алаңға шығып
1986 жылдың желтоқсанында алаңға шығып, Кеңес билігіне наразылық көрсеткен жастарды да қаһарлы империядан сескендірмеген күш те осы Азаттыққа деген аңсау екені сөзсіз. Шынында да Желтоқсан көтерілісі азаттық таңы ататын күннің жақындап қалғанын сездірген оқиға еді. 1986 жылы 16 желтоқсанда небәрі 18 минутта өткен Қазақстан Орталық Комитетінің бесінші Пленумы Діңмұхаммед Ахметұлы Қонаевты «өз еркімен» қызметінен босатып, Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшылығына республика халқына мүлде таныс емес, қазақ халқы туралы еш хабары жоқ В.Колбиннің «сайлануы» болды. Ертеңіне 17 желтоқсан күні орталық алаңға лек-легімен ағылған жастар тобы бейбіт шеру арқылы Орталықтың кадр саясатын дұрыс жүргізбей отырғандығына наразылық білдірді. «Қазақстанға қазақ басшы!», «Әр халыққа-өз көсемі!», «Ешбір халыққа артықшылық берілмесін!» деген ұранмен, «Менің Қазақстаным» әнін айтып алаңға шықты. Ұлт саясатын дұрыс жүргізуді, ұлттық тіл мәдениеттің дамуына қамқорлық жасауды, ұлттық саяси қайраткерлердің басшылық орындарында лайықты лауазымға ие болуына назар аударуды талап етті. Жастар өздерін толғандырып жүрген мәселелерді айтып қалуға тырысты.[1] Бірақ 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Брежнев алаңындағы қазақ жастарының бейбіт шеруінің қанды оқиғаға айналды. Оларға «Ұлтшыл, маскүнем» деген кінә тағылды. Алаңдағы жастарды тоқтату үшін Алматы қызметкерлеріне көмекке милиция қызметкерлері: Фрунзеден 100, Ташкенттен 300, Челябіден 203, Новосибирскіден 203, Свердловскіден 225, Тбилисиден 450 адам тартылған. Жастарға қарсы «Бұрқасын-86» жоспары бойынша іс-шаралар жасалынған. Жастарға өрт сөндіру машиналарымен суық сумен атқылаумен тоқталмай адамдарға қарсы арнайы дайындықтан өткен иттерді салып қойған. Жалпы шеруде 8500 адам ұсталған. Көбі студент жастар. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында» атты еңбегінде: «1986 жылғы желтоқсан оқиғалары қазақ жастарының сана-сезімінің қаншалықты өскендігін көрсетеді. Олар 100 жылға жуық уақыт бойы халықты казармалық тәртіпте ұстап келген тоталитарлық жүйенің алдында бірінші болып айылдарын жиған жоқ. Жастар бұдан әрі кез-келген ұлтқа тән ұлттық мақтаныш сезімін қорлауға жол бермейтінін өз халқының атынан ашық мәлімдеді» — деп бағалайды.