48.Қазақстан халқы Ассамблеясының қалыптасуы мен қызметі.
Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша құрылды.Ассамблея мемлекеттік ұлттық саясаты әзірлеуге және жүзеге асыруға, Қазақстан Республикасындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал жасайды. Ассамблеяның мақсаты - қазақ халқының топтастырушылық рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық біркелкілікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде республикадағы этносаралық келісімді қамтамасыз ету. Ассамблеяның негізгі міндеті - этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, ел бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамының негіз қалаушы құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм көріністеріне қарсы әрекет етуге, азаматтардың демократия нормаларына негізделген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға көмек көрсетеді. Ассамблея этномәдени бірлестіктердің күш біріктіруін қамтамасыз етеді, этно мәдени орталықтардың, Қазақстан халқының ұлттық мәдениеттері, тілдері мен дәстүрлерінің өркендеуін, сақталуын, және дамуын қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентiне - Елбасына Қазақстан халқы Ассамблеясын өмiр бойы басқару құқығы тиесiлi. Ассамблея құрылымдық жағынан Ассамблея сессияларынан, Ассамблея кеңесі мен Хатшылығынан, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың ассамблеяларынан тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |