Бесеудің хаты — қазақ зиялыларының БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Ф.И. Голощекинге жолдаған хаты (1932 ж. 4 шілде). Бастапқыда И.В. Сталинге арналып жазылған. Бесеудің хаты республикадағы мал шаруашылығының күйрегендігі салдарынан елді алапат ашаршылық жайлағандығын айтып сақтандырған алғашқы дабылдардың бірі болды. Хатта қазақ ауылындағы социологиялық қайта құрулар бүкіл халықтық қасіретке айналып, барлық әлеуметтік топтарды — байларды, орташаларды, кедейлерді қамтығаны, күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландыру, алым-салық жинаудағы қиянаттар жұрттың жаппай аштық пен індетке, ауа көшуіне әкеліп соққандығы шыншылдықпен баяндалды. БК(б)П Қазақ өлке комитетінің ауыл шаруашылығын басқару жөнінде жүргізген қатыгез саясаты сынға алынды. Бірақ құжатта жергілікті жерлерде жіберілген “асыра сілтеушіліктерге” солшыл коммунистер айыпты деп көрсетілді. Елді ауыр жағдайдан құтқарудың жолдары ұсынылды. Хаттың авторлары — жазушы Ғабит Мүсірепов (1902—1985), Қазақ мемлекеттік баспасының меңгерушісі Мансұр Ғатаулин (1903—1938), Алматы Комвузының басшы қызметкерлері Емберген Алтынбеков (1904—1954) пен Мұташ Дәулетқалиев (1904 — 1982), Қазақ АКСР Мемлекеттік жоспарлау комиссиясының сектор бастығы Қадыр Қуанышев (1906 — өлген жылы белгісіз) қуғынға ұшыратылды. Хаттың жазылуына Халком Кеңесінің төрағасы Ораз Исаев түрткі болған. Бесеудің хаты қазақ зиялыларының тоталитарлық тәртіпке наразылығының бір көрінісі болып табылады. Ауыл шаруашылығында егіншілік көлемі күрт азайып кетті. Мал шаруашылығы терең күйзеліске ұшырады. Ұжымдастыру қарсаңында Қазақстанда 40,5 млн бас мал болды, ал 1933 жылдың 1 қаңтарында олардан қалғаны бар болганы 4,5 млн бас еді. 1931—1933 жылдары бүкіл Қазақстанды құшағына алған аштықтан 6,2 млн республика халқының 2,1 млн-ы қырылды.