1.Қазақ зиялылары мен ағартушыларының ойлары, Қарақаралы петициясы. Дін және жер мәселелесінің қойылуы
XX ғасырдың басында Қазақстан Ресей империясының капитализмге дейінгі өндірістік қатынастар үстем болған аграрлық отарлық шет аймағы болды.
Отарлаушылар қазақ халқының жері мен оның табиғи байлығының айтарлықтай бөлігіне иелік етіп қана қойған жоқ, олар қазақтарды рухани жағынан да отарлады: тілінен, дінінен, ділінен айыру бағытында қатігездікпен ойластырылған шаралар жүйесін жүзеге асырды. Бұл жөнінде Міржақып Дулатов 1907 жылы жазылған «Қазағым менің, елім менің» атты мақаласында былай деп ашына жазған еді; «Ең алдымен қазақ халқы – Россияға тәуелді халық… Оның ешқандай правосы жоқтығы кек тудырады. Халықтан жиналған салық қаражатының көп бөлігі халыққа, тіпті, керек емес нәрселерге жұмсалады… Енді чиновниктер біздің дінімізге, атадан мұра болып келе жатқан әдет-ғұрыптарымызға, біздің моллаларға ғана тиісті неке мәселесіне араласа бастады, діни кітаптарды тұтқынға алды» Қазақстанның барлық қалалаларында 17 қазандағы Манифеске арналған саяси шерулер, митингілер мен жиналыстар толқыны жайылды. Перовскідегі, Оралдағы, Қарқаралыдағы, Павлодардағы т.б. манифестациялар неғұрлым ірі болды. Оларды орыстар арасынан да, қазақтардан да шыққан жергілікті зиялылар ұйымдастырды. Бұл күндерде Оралда Б.Қаратаев пен Ж.Сейдалин, Қарқаралыда А.Байтұрсынов, Бекметов пен Ж.Ақбаев және т.б. ерекше белсенділік көрсетті. 1905 жылдың күзінде Ж.Ақбаев Павлодар – Қарқаралы бағыты бойынша үгіт жүргізу сапарына шықты. Осы сапар барысында ол қарашаның жетісінде Павлодарда болған митингіде бостандық идеясын уағыздаған және жергілікті әкімшілікті қайта сайлауды талап етіп сөз сөйледі, ол осы мазмұнды сөздерді қарашаның 11-де Баянауылда көп адам қатысқан жиналыста да айтты. Ә.Бөкейханов былай деп жазды: Ол туған қаласы Қарқаралыға қарашаның ортасында жетті. Полиция басқармасының қарсы алдындағы бірден-бір алаңда дереу митингі ұйымдастырылды» (Рабочее и аграрное движение в Казахстане. 1907-1914 жж. А. 1957, 137-б.). Сөйтіп, 1905 жылғы 15 қарашада әйгілі Қарқаралы оқиғалары басталды, ол мұсылмандардың Құрбан айт мейрамына тұстас келді. Оған жұмысшылармен, қоныс аударған шаруалармен және солдаттармен бірге осы уездің ауылдары мен болыстарынан келген салт атты қазақ жігіттерінің үлкен тобы қатысып (Қазақстан тарихы. 3-т. А. 2002. 610-б.), митингіде Ж.Ақбаевтан басқа жергілікті ауыл шаруашылығы мектебінің басқарушысы Павел Бельдицкий, штабс капитан М.Бекметов, жергілікті команданың бастығы Гомбинский, полиция бақылауындағы В.Соколов, орманшы Астрейн, оның көмекшісі Глебов, мектеп мұғалімдері – Чемодонов, Митьяшин, бітістіруші судья Вайсерт, бітістіруші судьяның хат жүргізушісі Төлеңгітов және басқалары сөз сөйледі.
Бұл Қарқаралы оқиғаларының кең әлеуметтік базасы болғанын дәлелдейді. Дегенмен, оларды ұйымдастырушылар қазақ зиялыларының алдыңғы қатарлы өкілдері: Ж.Ақбаев, А.Байтұрсынов (жергілікті қазақ -орыс мектебінің мұғалімі), Көлбай Тоғысов (бітістіруші судьяның хат жүргізушісі), Ережеп Итбаев (Ф.Щербина экспедициясына қатысушы, Ә. Бөкейхановтың 1896-1906 ж.ж. көмекшісі) және басқалар болды (М.Құл-Мұхаммед. Ж.Ақбаев. Патриот. Политик. Правовед. Ж.Ақбаев саяси «бостандықты манифест бойынша патша өз еркімен беріп отырған жоқ, одан күшпен тартып алынды» деп атап көрсетті және халықты отаршылдық әкімшілікке бағынбай, қайта оған қарсы күресуге шақырды (Бақтыбаев Ә. Қарқаралыда солай болған.
Халықтың жаппай ереуілінен қорыққан жергілікті үкімет өкілдері демонстрацияға қатысушыларды қуып, тарату үшін қазақтар жүздігін шақырды. Бірақ, әскери команда бастығы офицер Гомбинский жиынды қарумен тарату жөніндегі бұйрықты орындаудан бас тартты. Солдаттар қызыл жалау көтеріп, өздері демонстрацияға қатысушыларға қосылды. Бұл жөнінде уезд бастығы Оссовский Семей губернаторына былай деп телеграмма жолдаған: «Айдалып келгендердің ықпалымен жергілікті команданың рухы түсті. Команда демонстрацияға қатысты. Бастығы революционерлерге жатады» (Бақтыбаев Ә. Қарқаралыда солай болған.Митингіден кейін, Петербургте 1905 жылы 9 қаңтарда бостандық үшін қаза тапқандарға арнайы дұға оқылды.
Демонстрацияға қатысушылар «Самодержавие жойылсын!», «Полиция жойылсын!» деп ұрандатып, дала генерал-губернаторының атына болыстардың мекемелерінде іс-қағазы қазақ тілінде жүргізілсін деп жарнама хат жолдады.Кейіннен Қарқаралы оқиғаларының басшылары қуғынға ұшырады, кейбір шенеуніктер жұмыстан босатылды немесе басқа жерлерге ауыстырылды, қалғандары қашып кетті, ал Ж.Ақбаев Якутияға жер аударылды.
Сонымен, 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс революциясы кезіндегі Қазақстандағы саяси оқиғалар, әсіресе, жұмысшылардың, шаруалардың және зиялылардың бой көрсетулері, ұлт-азаттық қозғалыс және т.б. олардың әлсіздігіне және бытыраңқылығына қарамастан жергілікті еңбекшілер үшін үлкен саяси мектеп болды, бұл тәжірибені олар ұлттық және әлеуметтік азаттық жолындағы бұдан кейінгі күресінде пайдаланады.
2. Қазақ депутаттарының Ресейдің І – ІІ Мемлекеттік Думаларының жұмысына қатысуы
І-ІІ Думаға сайланған «Алаш» депутаттарының стратегиялық мақсаты – тарих қойнауына кеткен Қазақ хандығының жер аумағында жергілікті инфрақұрылымы дамыған заманауи Қазақ елін құру болды І және ІІ Думаның (1906, 1907 жж.) қазақ депутаттарының алдында тұрған ең маңызды міндет – жер-аграрлық мәселе болды. Атап айтқанда, біріншіден, Ресейдің ішкі еуропалық гүбернелерінен миллиондаған жерсіз орыс және украин шаруасын (мұжығын – С.А.) қазақ даласынан жер үлесін беріп қоныстандыру саясатын Думаның қадағалауына алдырып, оны заң жүзінде тоқтату, екіншіден, «Қарқаралы құзырхатының» 4-тармағында жазылғандай, қазақ халқына ата-бадан мұраға қалған төл жерін Дума қабылдайтын заң жүзінде меншігіне рәсімдеп беру. Қазақ депутаттары І және ІІ Думада алдарына екі міндет қойды. Біріншісі – Ресейді түбегейлі реформалап, толыққанды халық билігін, яғни шынайы демократиялық мемлекет құру, екіншісі – жеке меншіктегі жердің бәрін мемлекет меншігі пен патша әулетінің қолындағы жермен бірге жалпыұлттық мемлекеттік қорға күштеп алу. Ал мұндай жер реформасы, Алаш жетекшілерінің ұсынуынша, империя халқының экономикалық өмірін де, отаршыл патшалық мемлекеттің құрылымын да толығымен өзгертеді, ондай өзгеріс өз кезегінде, жекеменшікті жер институтын тамырымен жояды, ұсақ жер иелерімен бірге патшалық абсолютизмнің тірегі болып келген ірі дворян-помещиктер тап ретінде тарих сахнасынан біржола кетеді, ал саяси билік – өзінен өзі халықтың қолына өтеді. Қазақ өкілдерінің жер мәселесінен кейінгі екінші көздегені – қазақтың барлық 9 облысы мен Астрахан гүбернесіне қарайтын Бөкей ордасына, сондай-ақ Алтай өңірінің Бийскі және Змеиногорск болыстарына – Дума мақұлдаған заң жүзінде генерал-губернаторлық, ояз және крестьян бастықтары институттарын жауып, оның орнына жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін – земство енгізу болды. Оның себебі: егер Ресейдің ішкі еуропалық бөлігінде земствоға ұқсаған мекемелер болса, Сібір мен Дала облыстарында әлі күнге дейін қоғамдық өзін-өзі басқарудың сағымы да болған жоқ. І-ІІ Думаға сайланған «Алаш» депутаттарының стратегиялық мақсаты – 1847 жылы біржола ыдырап, тарих қойнауына кеткен Қазақ хандығының жер аумағында жергілікті инфрақұрылымы дамыған заманауи Қазақ елін құру болды. Думаның қазақ депутаттары 1906 жылдан бастап Орынбор, Сібір, Орал, Жетісу казак әскерлерінің үлгісімен дербес әскери қолбасшылығы бар ұлттық атты әскер тағайындау, «Қарқаралы құзырхатында» жазылғандай, қазақ тілінде цензурасыз мерзімді баспасөз пен баспахана ашу, жергілікті әкімшілік (земство жиналысы, басқармасы) пен соттың ісқағаздарын және ұлттық мектеп-медреселерде оқу жергілікті ұлт тілінде жүргізу, қазақтың ұл-қыздарын кәсіби оқу орындары (гимназия, училище, семинария, т.б.) мен ЖОО-да оқыту үшін «қазақ капиталы» есебінен стипендиялар тағайындау, жатақханалар (пансиондар) салу және т.б. маңызды мәселелерді, әсіресе жер мәселесін көтеріп, заң жүзінде шешуге ұмтылды. Ең маңыздысы: І және ІІ Думада осы ұлттық мәселелердің көпшілігін, әсіресе жер, земство мәселесін шешуге толық мүмкіндік болды. Өйткені І Думада кадет партиясының 161 депутаты, Еңбекшілер партиясының 107, поляк колосы, украин, эстон, латыш, литва және т.б. ұлт топтарын қамтитын автономистердің 70 депутаты, түркі-мұсылман халықтарының 25 депутаты болды. Ашығын айтқанда І Думадағы 511 дауыстың кемінде 338-і – самодержавиеге қарсы партиялар мен ұлттық топтардың үлесінде болды. Ә.Н. Бөкейханның 1905 жылдан кадет партиясының мүшесі, 1906 жылдың маусымында І Думаға кадеттердің Семей облыстық қазақ бөлімінен сайланғанын, І және ІІ Думадада түркі-мұсылман халықтарының депутаттары мұсылман фракциясына бірігіп, кадет партиясының фракциясына қосылғанын ұмытпау керек [17, 16-б.]. І Думаның спикері (төрағасы), оның екі орынбасары әрі хатшысы болып Ә.Н. Бөкейханның партияластары әрі достары С.А. Муромцев (№16 фото), князь П.Д. Долгоруков, Н.А. Гредескул және князь Д.И. Шаховской сайланды.
Алайда аталған мәселелердің бірі де жүзеге аспады. Себебі 5 жылға сайланған Мемлекеттік Думаның 1906 және 1907 жылдарғы І және ІІ шақырымдары 72 және 102 күн ғана жұмыс істеп, біріншісі 1906 жылы 8 шілдеде, екіншісі 1907 жылы 3 маусымда күштеп таратылды. ІІ Дума таратылған күні император ІІ Николай өзі шығарған «Негізгі мемлекеттік заңдардың» 87-бабын өрескел бұзып, сайлау ережесінің жаңа нұсқасын шығарды [19]. Ресейдің либералдық қауымы жаңа ережені «3 маусым төңкерісі» деп бағалады. Екі Думаның мезгілсіз таратуының бар сырын Қыр баласы (Ә. Бөкейхан) сайлау құқынан айрылған халқына жалпақ тілмен түсіндіріп берді: «Себебі, бұл екі Дума да мұжыққа орыс дворяны жерінен жер бермек болды. ІІІ Дума депутаты сайланатын жол жасағанда мұжық депутатын неше қайтара бұрынғадан азайтты. Орыс патшалығы панасындағы жұрттың әрбір 100-іне 85 орыс мұжығы болады, қалған 15-тің ішінде поляк, еврей, татар, қазақ һәм уақ жұрттар. Орыстың қаласынан «3-інші июнь» законымен сайланған адамдардың мұжық депутаты 10-нан 1-ақ, Думада мұжық депуттары 40-50 - 442 депутат ішінде. Орыстың патшалығын арқалап асырап отырған мұжыққа мұны қылғанда - аз, бытыраңқы, «надан» қазақты не қылсын?! Думадан шығарды да тастады»