Қарағандыда қазақ бұқаралық ақпарат құралдарының алқынған ағысына тағы бір арна қосылды. Құяр жері телегейге айналар ақпарат дариясы жылы ағыстар мен толқыны сел күреген тентек өзендермен ертеден-ақ толығып келеді ғой. Ал, бұл арнаның басы биікте – ақын Қасым Аманжолов шыңынан бастау алып тұр.
Қарағандыда «Қасым» республикалық әдеби-қоғамдық жорналы жарық көрді. Жорналдың алғашқы саны ақын мерейтойы күні жұртшылықпен жүздесетін болады. Кеншілер қаласында, облыста мемлекеттік тілде ақпарат тарататын газет-жорналдың үлес салмағы аз екені жұртқа белгілі. Сондықтан, «Қасым» жорналының жарық көруін ақсарбас атап, сүйіншілеуге әбден лайықты. Жорнал шығару туралы бастама биылғы жыл басында көтерілген болатын. Идеяны алғаш қозғап, жергілікті билік тізгінін ұстаған азаматтарға қолқа салған Алаштың ақиық ақыны Серік Ақсұңқарұлы болатын. Іле облыс басшылығы оң қабақ танытып, жорналды мерейтойлы күнге дайындаумен айналысатын һәм тұрақты жұмыс жүргізіп тұратын шығармашылық ұжым – редакция құрылған болатын. Редакцияда жұртқа танымал жергілікті жас қаламгерлер топтастырылған. Бұйыртса, екі айда бір рет жарық көріп отыратын, көлемі 200 бет болатын әдеби-қоғамдық жорнал өз оқырманын табары анық. Ал, басылымның алғашқы санында ақын мерейтойына орай ұйымдастырылған туындылар және өзге де әдеби шығармалар беріліп отыр. Облыс әкімі С.Ахметов мырзаның «Қасым – қазақтың қызғыш құсы» деп, ағеділ алғысөзімен ашылған алғашқы беттерде «Тәуелсіздікке - 20 жыл» айдарымен ақын Ақсұңқарұлының «Күнді айналған Алаш анам» атты көсемсөзі кестеленген. Бұдан соң Қасымның таңдамалы өлеңдері ұсынылып, ақынның шетел, орыс шайырлары шығармаларынан жасаған үздік тәржімелері де берілген. «Қасымтану» айдарының алғашқы қонағы ақынның қарулас серігі, қаламдас інісі Сырбай Мәуленовтің «Найзағайлы қара бұлт» атты естелігі болды. Бұл айдармен әдебиеттанушы, сыншы Есмағамбет Ысмайыловтың «Қасымның ақындық өмірінен», Тәкен Әлімқұловтың «Қасымның шарапаты» атты естеліктері де беріліп отыр. Жас ақын Жанат Жаңқашұлының «Аманжол, Рахымжанның Қасымымын...» деп ат қойып, үкілеген шағын зерттеуі де аталмыш айдардың ажарын аша түскен. «Ақын және қоғам» айдарында Жошы Шыңғысұлы атты авторымыздың «Ақтық дем», балқаштық тарланбоз Айтбай Кәріпбековтің «О, Сергей, Сергей!» атты эсселері оқырманға жол тартпақ. «Ақтық дем» Қасымның, Қасым тағдырлас қаламгерлердің соңғы жырларының жазылу жайына арналса, «О, Сергей, Сергей!» эссесі – орыстың ұлы ақыны Сергей Есениннің тағдырнамасы тәрізді еңбек. «Проза» айдарымен белгілі жазушы, публицист Төрехан Майбастың «Қайдауыл» атты тарихи романынан үзінді жол тартты. Романның желілі тараулары басылымның келесі жолы шығарылатын сандарында жалғаспақшы. Осы айдарда «Жарты қап кітап» атты шағын әңгіме де беріліп отыр. Қасым өмірбаянының түйткілді тұстары мен шығармашылығының шырайлы кезеңдерін хатқа түсірген белгілі ақын, жерлесіміз Жүрсін Ерманның «Қасымның шыңы мен шындығы» атты шығармасы – бір төбе. Бұлардан өзге «Өнер» айдарымен қазақ халық әндері мәтіндерінің құрылымы турасында, «Мәдени мұра» отауында Қарқаралыдағы Құнанбай қажы мешітінің салыну тарихына қатысты жайттар жазылған. Жорналда балалар үшін «Ертегі» айдарымен ХІХ ғасыр соңына таман атақты Шоқан ел аузынан жазып қалдырған «Өлі мен тірінің достығы туралы аңыз» атты ертегі де беріліп отыр.
Сонымен, «Қасым» жорналы оқырман кеңістігіне жол тартты. Тұлпар шығар құлындай анасының қанасынан түсе сала құлдыраңдап шауып кетер деген үміттеміз. Үміт етер белгісі – ұлан-асыр той әлетінде, ұлы дүбір аламанның атойы шыққан сәтте дүниеге келуі. Ендеше, қиқулы мәрелерге топтала тұрып, «Сөредегі Қасымды еске ала» тұрып, абыройлы күндерде дидарласайық, ағайын.
Серік САҒЫНТАЙ,
«Қасым» журналының бас редакторы.
Орталық Қазақстан. - 2011. - 10 қыркүйек (№ 149/150). - 1 б.