Байланысты: 1. азіргі заман тарихы курсыны п ні, ма саты мен міндеттері, де
43.Соғыс жылдарындағы ғылым, мәдениет және халыққа білім беру қызметі. Ұлы Отан соғысындағы жеңіске Қазақстанның мәдени қызметкерлері де үлкен үлес қосты. Ғылым және өнер адамдарының шығармашылық еңбегі майдандағы кеңестік әскерлердің ерлігімен, жұмысшылар мен колхозшылардың тылдағы даңқты істерімен қатар Ұлы Отан соғысының ерлік тарихына өзіндік жарқын із қалдырды. Бұл кезеңдегі әдебиеттің негізгі тақырыбы - патриотизм және Отанды қорғау. Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өрендерім», Ә.Тәжібаевтың «Ленинград» өлеңдері, 3.Шашкин, Қ.Аманжолов, Ә.Сәрсенбаевтың шығармалары көпке белгілі болды. Бірқатар жазушылар мен ақындар қолына қару алып, Отан қорғауға соғысқа аттанды. А.Жұмағалиев, Б. Бұлқышев, В.Чугунов соғыста ерлікпен қаза тапты. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ 90-ға жуық ақындар мен жазушылар майданға кетті. Олар майдандас жауынгерлерге батырлықтың үлгісін көрсетіп, оларды өздерінің шығармашылығымен жауға қарсы соғысқа рухтандырды. Олардың қатарында Д. Снегин, Д.Әбілев, Ж.Саин, Қ.Әбдіқадыровтар болды. Соғыс жылдары дарынды жастар Ж.Молдағалиев, Ә.Нүрпейісов, С.Мәуленов, Б.Момышұлы әдебиетке жауынгерлік рух, шығармашылық серпін берді. Кеңес халқының моральдық-саяси бірлігін күшейту ісіне Ғ.Мүсірепов, F.Мұстафин, С.Мұканов, М.Әуезов сынды қазақ көркем проза шеберлері аянбай еңбек етті.
Қазақстан өнер шеберлерінің бригадалары майданға аттанды, осындай 11 бригада майданда болып 870 концерт қойды. Госпитальдарда, шақыру пункттерінде, әскери бөлімшелерде, шекаралық заставаларда 15 мыңнан астам концерт берді. Жалпы концерттік ұйымдар 36,5 мың концерт қойып, оларды 9 миллионнан астам көрермендер тамашалады. Алматыда Орталық біріккен киностудия «Екі жауынгер», «Майдан», «Ол Отанын қорғайды», «Күт мені» және басқа да миллиондаған адамдардың азаматтық қалыптасуына, оларды патриотизмге тәрбиелеуге үлкен ықпал жасаған, адамдарды жеңіске үміттендірген ғажайып кинолар түсірді.
Соғыстан кейінгі жылдары жазба әдебиет те дамыды. Д. Әбілев, Ө. Сәрсенбаев, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, С. Мұқанов, Ө. Шәріпов, Ә. Әбішев, Ғ. Мұстафин қазақ кеңес әдебиетінің танымал шеберлеріне айналды. Әдеби жанр түрі көп болғанымен, тақырыптарды таңдау аясы шектелді. Көркемөнер мен әдебиетті жаңғыртпақ болған өнер адамдарының шығармашылығына шек қойылды. 20-30-жылдардағы қуғын-сүргінге ұшырап, таптық методологияға негізделген әдебиет социалистік құрылыстың тек жақсы жақтарын, халықтың социалистік жасампаз өмірін, халықтар достығын, жаңа қоғамдық қатынастарды бейнеледі.
Соғыстан кейінгі уақытта әдебиетшілер шығармашылығы қатаң идеологиялық бақылауға алынды. Соған қарамастан 40-жылдардың аяғы мен 50-жылдардың басы Қазақстан кеңестік әдебиетінің гүлденген кезі болды. 1947 жылы М. Әуезовтің «Абай» романының 2-томы басылып шықты, 1948 жылы, С. Мұқановтың «Сырдария», Ғ. Мұстафиннің «Миллионер», 1949 жылы Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романдары жарық көрді. 1949 жылы «Абай» романы үшін М. Әуезовке КСРО Мемлекеттік сыйлығы беріліп, роман жазушыға дүниежүзілік даңқ әкелді. 50-жылдардың басында қазақтың көрнекті ақын-жазушыларының, Ғ.Мұстафин, Ғ.Мүсірепов, Ә. Тәжібаев, Т. Жароков және т.б. шығармалары жарық көрді.