Символдық интеракционизм
Символдық интеракционизм теориясы әлеуметтенуді талдауда екі негізгі ұғымға ден қояды, олар – «Мен» тұжырымдамасы мен рөлді қабылдау.
«Мен» тұжырымдамасы
Чарльз Хортон Коули (1902) символдық интеракционизмді өзін-өзі бағалауды дамыту тұрғысынан сипаттайды. Өзін-өзі бағалау – әрбір адамның өзін-өзі жеке тұлға ретінде тануы және қоғамдағы алатын орнына байланысты кім екендігін топшылауы. Коули бізді басқалар қалай деп қабылдаса біз де өзімізге солай қарауды үйреніп, өзімізді бағалауымызды дамытуды ұсынды. Ол мұны «мен» тұжырымдамасы деп атады. Коулидың көрсетуінше, «мен» тұжырымдамасын қалыптастыру үш қадамнан тұрады:
сізді өзгелердің қалай қабылдайтынын елестетіңіз;
тұлғаңызға қарап, басқалардың сіз туралы қандай ой түйетіні елестетіңіз;
сіз бұл пайымдауларды саралап, қабылдайсыз не қабылдамайсыз.
Символдық интеракционизм теориясы субьективті пайымдауды «мен» тұжырымдамасының өте маңызды факторы ретінде қарастырады. В.И.Томастың классикалық тұжырымдамасында символдық интеракционизмнің осы алғышарты анық көрінеді: «Адамдар жағдайды нақты деп анықтаса оның салдары да нақты болады». Адамдардың басқалармен өзара әрекетке түсуі өзгелердің пікірі туралы субьективті пайымдауларына негізделген. Осылайша, басқалардың ой-пікірлерін дәл көрсете ме, жоқ па – субьективті пайымдаудан нақты нәтиже шығады.
Рөлді қабылдау
Символдық интеракционизм теориясының өткен ғасырдағы ең ықпалды зерттеушісі Джордж Герберт Мид болды. Мид (1934) өзім деген ұғым «мен» және «мені» деп аталатын екі компоненттен тұрады деп есептеді. Мид мен сөзі «өзім» ұғымның өздігінен болатын бөлігін, жасампаз бөлігін білдіреді, ал мені сөзі өзгелердің пайымдауын растайтын өзгелік бөлікті білдіреді деп сипаттайды.
Мид қоғамда әрекет етуді және «менің» қалауы мен «мені» деген қоғамдық сананы таразылап теңгеруді рөлді қабылдау арқылы үйренеміз деп сенді. Рөлді қабылдау дегеніміз – әлемді түсінуде өзгелердің маңыздылығын және біртіндеп өзге пікірлерді қабылдауды үйрену процесі.
Мидтің айтуынша, рөлді қабылдау бала кезде, отбасының құқықтары мен міндеттерін білу керек болғанда басталады. Баласы ретінде бізден не күтетінін түсіну үшін әке мен ананың көзқарасын білуіміз керек. Біз өзімізді ата-анамыздың көзқарасы арқылы көруді және солардың пікірі бойынша мінез-құлқымызды бағалауды үйренуіміз тиіс. Олардың ой-пікірлері мен өзіміздің қалауымызды білген кезде өз міндеттерімізді түсіне аламыз.
Мид балалар қоғамда қалай әрекет ету керектігін ойын арқылы дамытатынын айтады. Бұл дегеніміз - балалардың ойыны көбінесе олар үшін маңызды адамдардың мінез-құлқына негізделеді деген сөз.
Сөйтіп, олар өздерінің мінез-құлқын тек өзі үшін маңызды тұлғалардың көзқарастары арқылы ғана емес, сонымен қатар Мидше айтқанда, «жалпы басқалардың», яғни қарым-қатынас жасайтын, барлық басқа адамдардың пікірлері арқылы бағалауды үйренеді. Жалпы, басқалардың пікірін түсіну мәдениет нормалары мен құндылықтарын білумен тең.
Әрбір адам өзінше дараланғанмен оған ықпал ететін маңызды тұлғалар болады, олар әртүрлі мәдениет пен субмәдениеттерде өседі, әркімнің білім алу және ақша сияқты әлеуметтік ресурстарға қол жеткізу деңгейі әртүрлі болады. Сондықтан адамдар қоғамның ережелеріне бағынуға бейімделеді немесе басқа жолды таңдай алады.
Достарыңызбен бөлісу: |