Байланысты: 1курс сессия. «?аза?стан тарихы» п?нінен мемлекеттік емтихан жау
54. Мемлекеттік Думадағы қазақ депутаттарының қазақтың жайылымдық жерлерінің талан-таражға салынуы туралы пікірлері. І және ІІ Думаның (1906, 1907 жж.) қазақ депутаттарының алдында тұрған ең маңызды міндет – жер-аграрлық мәселе болды. Атап айтқанда, біріншіден, Ресейдің ішкі еуропалық гүбернелерінен миллиондаған жерсіз орыс және украин шаруасын (мұжығын – С.А.) қазақ даласынан жер үлесін беріп қоныстандыру саясатын Думаның қадағалауына алдырып, оны заң жүзінде тоқтату, екіншіден, «Қарқаралы құзырхатының» 4-тармағында жазылғандай, қазақ халқына ата-бадан мұраға қалған төл жерін Дума қабылдайтын заң жүзінде меншігіне рәсімдеп беру.
«Қазақтар өзі отырған жерін ежелден басып алып пайдаланғаны негізінде өзінің меншігі санайды, – деп жазды Ә. Бөкейхан өзі де-факто редакторы болып шығарған «Иртыш» газетінің 1906 жылғы кезекті санында. – Қазақтар көші-қон ісін өз орнына қоя алатын күш табылатын Мемлекеттік Думаға ғана үміт арта алады. Білек күшінің құқы бар кезде, 12, 27 тамыз және 19 қыркүйек жарлықтарына сай шаруаларға сатылуға арналған патша әулетінің меншікті жері, жеке-меншікті жер (дворян-помещиктердің меншікті жері – С.А.), кабинет жері секілді қазақ жері де жекеменшікті дворян жерлерін қорғауға қызмет етеді» [8, 1-б.].
Алаш өкілдері Ресейдің көші-қон ісін «переселенческая колонизация» деп отаршыл империяның отарлау саясаты деп қарастырды. Сонымен қатар Алаш жетекшілері жер мәселесінің заң жүзінде оңтайлы шешілуі Ресейдің өзіне де ауадай қажет екенін жақсы білді. Сол себепті тағы да сол «Иртыш» газеті: «Аграрлық мәселе дереу шешілуге тиіс. Бұл мәселені шешуді кідірту Ресейге саяси төңкерістің ғана емес, әлеуметтік төңкеріс болып та қатер төндіреді. Оны Столыпиннің өзі мойындады», – деп ескертті [9, 1-б.].
Ресейдің либерал қоғамы сияқты «Алаш» қайраткерлері де, өркениетті Батыстың үлгі-өнегесімен үкімет жасақтауды патшаның құзырынан алып, Дума сайлауында басым дауыс алған партия не партиялар коалициясының құзырына тапсыру керек және ол үкімет императорға емес, өзін жасақтаған Дума алдында есеп беруге міндетті деп есептеді. Конституциялық-демократиялық халық бостандығы партиясының (әрі қарай қысқаша кадет партиясы – С.А.) көсемі әрі Думаның 4 шақырылымдағы фракциясының жетекшісі, шешені Павел Милюков парламенттік көпшіліктің үкіметін құру жөнінде премьер-министр Петр Столыпинмен келіссөз жүргізіп те көрді. Ал екіншіден, Алаш серкелері Мемлекеттік Дума, Батыстың үлгісімен, Ресейдің жоғарғы заң шығарушы мемлекеттік билік тетігіне айналуға тиіс деп санады. «Ресей бюрократиялық мекемелерге және либералды болса да министрліктер кабинеттеріне емес, – деп жазды Алаш жетекшісі Ә.Н. Бөкейхан бір мақаласында, – оның әлеметтік құрылымына лайық жалғыз нәрсе болып табылатын шынайы демократиялық мемлекетке айналдыратын түпкілікті өзгерістерге мұқтаж. Сонда ғана, тек сонда ғана Ресей шынайы демократиялық мемлекеттік құрылымға және халық өкілеттігі (Мемлекеттік Дума – парламент) алдында есеп беретін атқарушы билікке қол жеткізеді» [10, 1-б.].