1.4. Б.Майлин - суреткер
Суреткер-өз заманының ұлы, өз дәуірінің үні. Ол өзі өмір сүріп отырған
мезгіл мен мекендегі қандай құбылысқа болса да енжар, бейтарап қарай
алмайды. Оны бәрі тебірентеді, ол бәріне араласады. Ендеше оның қаламынан
туған шығармалар да бір емес, бірнеше тақырыпқа жазылады, бір емес,
бірнеше зәру жәйтке кұрылады. Оның көркем туындыларының мазмұны мен
пішіні де, жанры мен жанрлық турлері де осыдан келіп шығады. Бұл табиғи
нәрсе!
Мәселен, Майлин поэзиясында тегі мен түрін автордың өзі белгілеп, «поэма» деп ат қойып, айдар таққан шығарма жоққа жақын. Оның оқиғалы ұзақ жырлары сюжетсіз шағын өлеңдерімен аралас-құралас бірге жүр.
«Көңіл айту» деген өлеңде байы тәркіленіп жер аударылған бәйбішенің жаңа
тәртіпке көндіге алмай өткен күнін аңсап зар жылағанын мысқылдаса,
«Жайлыбайда жалғыз қатын» деген өлеңде Зейнеп сұлудың жалғыз атты
Жайлыбайға жібі түзу жар болғысы келмей, малы көп, қалтасы қалың
мырзаның қақпақылына түсіп, арбағанына әуейі болған неке бұзарлығын
сынайды.
Демек, Бейімбет теңдік, азаттық дегенді арқаланып, бас бостандығын
алған білімсіз әйелдердің білместік жасағынан, жаңа заманның жаңа адамына
жат қылығын кешірмейді. Оның қолдайтыны — жаңа заманға лайық жаңа
адам, жас та болса бас болуға айналған ақылды қыз («Бибігул деген
қарындас») — еңбек адамы...
Майлин шығармашылығын зерттеушілер оның оқиғалы, сюжетті ұзақ
өлеңдерін күллі қысқа өлеңдерінің ара-арасынан іріктеп алып, поэмалар
ретінде талдап жүр.
Жоғарыда аталған махаббат тақырыбындағы поэмалардың ішінен «Разия
қыз» (1919) бен «Маржанды» (1933) бөліп қарастыруға болар еді. Бұлардың
бірінде Разия атты бай қызы Әлім деген кедей жігітпен көңіл қосады, бірақ
арманына жете алмай, екеуі де ақ бандылардың оғына ұшады, екіншісінде
Маржан қыз не егде жалшы Тасқараға, не жас қойшы Сәлімге қосыла алмай ,
екеуінің де өліміне себепші Самалық байдың озбырлығына душар болып,
қайғылы халге ұшырайды.
Басқа поэмаларда осындай коғамдық маңызы үлкен әлеуметтік мәселелерді
қозғайды. «Кемпірдің ертегісі» (1927) он алтыншы жыл оқиғасына, «Қанай»
(1928) азамат соғысына арналса, «Бөліс» (1927) аулындағы жер бөліс жайын
суреттейді. Бұлардан бұрынырақ жазылған «Өтірікке бәйге» (1922), «Хан
күйеуі» (1923) ертегі-аңыз, қиял-ғажайып сюжеттерге кұрылған.
Турасын айтқанда, осылардың қай-қайсысы да қазіргі қазақ әдебиетінің
өскен, өркен жайған биігінен, қоспасыз суреткерлік шеберлік тұрғысынан
пайымдасақ, осы күнгі әбден жетілген шын мәніндегі шынайы поэмалардың
алғашқы баспалдақтары, бүгінгі биігімізге кешегімізден келетін көне сүрлеу
секілді. Әрине, әрқайсысында да кезеңді шындық көтеріледі, идеялық
жағынан да айқын нысана бар,бірақ өлеңдік жағы солғын, композициялық
құрылымы болбыр екенін айтпасқа болмайды.
Сондықтан да біз Бейімбет өлеңдері мен поэмаларына нағыз әдебиетшінің
биік талғамы белгілеген нағыз көркемдік критерийлерін өлшем етіп,
шыншыл шолу жасасақ екі нәрселерін айрықша атау жөн ғой дейміз. Оның
бірі: Майлиннің юморы мен сатирасы.
2.1. «Шұғаның белгісі» қазақ прозасының үздік үлгісі
Шеберлік демекші, Бейімбет Майлиннің драматургиядағы шеберлігі жүре-
бара («Майдан» тұсында) жетілсе, көркем прозадағы шеберлігі тура алғашқы
қадамынан («Шұғаньң белгісінен») басталды. Осы ғасырдың оныншы
жылдарының орта тұсында (1914-1915) Майлин «Шұғаның белгісін» жазып,
қолжазба журналда («Садақ») жариялағанда қазақ прозасы жанр ретінде жаңа
туып-қалыптаса бастаған еді. Десек те, дәл осы шығарма суреткерлік
шеберлік тұрғысынан пайымдағанда, күні бүгінге дейін қазақ повесінің үлгісі
болып қалып отыр.
Повестің оқиғасы дәстүрлі қалыпқа салынған. Кедейден шыққан
Әбдірахман деген мұғалім жігіт Есімбек деген байдың Шұға деген сұлу
қызына ғашык болады. Жігітті қыз да сүйеді. Бұл, әрине, байларға ұнамайды.
Олар жала жауып, Әбдірахманды айдатып жібереді. Бұған күйзелген Шұға
айықпас дертке ұшырайды. Қызының халіне қиналған Есімбек болысқа айтып,
Әбдірахманды амалсыз босаттырады. Әбдірахман сүйікті Шұғасын көруге
асығып келсе, қайран ару бұл дүниемен біржола қоштасқан екен, оның өзіне
жазып қалдырған хатын оқып, көз жасы көл болады.
Ал осында не тұр? Мұндай оқиға жұртқа таныс, ауыз әдебиеті мен жазба
әдебиетінің талай шығармаларына мазмұн болған. Дәстурлі дейтін себебіміз де
сондықтан. Майлин — суреткердің шеберлігіне қатал сын да дәл осы жерде
болатын.
Шебер қолдан шыққан сыршыл, шыншыл сондықтан оқушыны баурап,
үйіріп әкететін әдемі, әсерлі повесть қандай болуы керек? Бәрінен бұрын
композициялық құрылымы қиыннан қиысқан қызық, арналы, желілі, тұтас
болуы керек. Ол үшін сюжет өріміндегі кезең-кезеңдерді (басталу,
байланыс, даму, шарықтау, шешім) рет-ретімен, қисынды түрде ұтымды
өрбіту шарт. Бейімбет, міне, осы шартты ойдағыдай орындаған.
Қысқа-қысқа он үш тараудан тұратын шап-шағын повесть былай
басталады: « Біз елден шыққанда күн де сәскелікке жақындап еді. Ұшпалы сұр
бұлттар көшкен керуен сықылды тіркесіп оңтүстікке қарай жылжып ұшып,
күннің көзі біртіндеп ашыққа шығып, жылы шырайлы нұрын шаша бастады.»
Бұл — әсем пейзаж. Дала, күз, сәске, бұлт, күн... Оқушының көз алдына
табиғат суреті жайыла қалады және жай сурет емес, жанды сурет,
қозғалады, қимылдайды. Бұлттар жөңкіле көшіп барады, күннің көзі
біртіндеп ашыққа шығады, бұл да қарап тұрмайды, күледі шұғыла шашады...
Автор осы суретке оқушы назарын әбден аударып алады да, оған ізінше
«Біз екеу едік» деп мәлімдейді. Бұлар кімдер? Бірі автор, екіншісі қасына ерген
жолдасы —Қасымжан «сиректеу сақал-мұрты бар, қара бұжыр». Портретті
де жай сыза салмайды, жандандырады «Пішініне қарағанда, бір түрлі
сөйлемпаз адам» деп қояды. Шынында да солай, жол бойындағы «Шұғаның
белгісі» атанған обашықтан ағыл-тегіл әңгіме туғызып тыңдаушысын ұйытып
әкетеді:
«Бұл қызық әңгіме, тыңдаңыз,— деді. Сөзді бастап та жіберді.»
Жазушының шеберлігі сондай, бірінші тарау сөйтіп табан аузында әңгіме
ішіндегі әңгімеге, немесе прологке айналып шыға келеді де, сюжет екінші
тараудан (Қасымжан аузымен) қайта басталады. «Бала күнімізде анау
көрінген төбенің басында талай асық ойнап едік... Ол да бір дәурен. Иә. Бұл
елдің күзге қарай қонатын жері, жазғытұры барып тамызға шейін отыратын
жайлауымыз, бұл көл де «Шұғаның белгісі атанды, бұрын «Тарғыл өгіз
сойған» деуші едік. Есімбек сол «Өгіз сойғанның» ең шұрайлы жеріне
қонушы еді... Ортан қолдан төрт ұлы болды — шетінен қасқыр. Сол төрт
ұлдың ортасында бұлаңдап өскен Шұға дейтін қызы болады, Шұға десе —
Шұға, өй, шіркіннің өзі де келбетті еді - ау»...
Бұл — сюжеттің басталуы (экспозиция). Автор каһармандар қарым-
қатынасқа көшпес бұрынғы хал-жағдайды, мезгіл-мекенді, болашақ оқиғалар
орнын, қақтығыстар алаңын осылай, оқырманнын көзі мен көңілін бірдей
ұйыта әрі аңыздап, әрі суреттеп келеді де, үшінші тарауда сюжеттік
байланысқа — шығарманың ұлы арқауындағы негізгі тартыстың туу
себебіне тағы да шебер ауысады.
Байланыс деп отырғанымыз осы тараудағы Әбдірахманның Есімбек аулына
алғаш келген, оны Шұғаның тұңғыш көрген жері:
«— Мынау аттан түсіп жатқан кім?— деді Шұға.
Артыма жалт қарасам, екі жігіт түсіп, аттарын байлап жатыр екен.
Біреуі орысшалау киінген. Тани кеттім.
Иә, әлгі учитель баласы ма?
—Жап-жас жігіт екен ғой - деп бірер қарады да, Шұға отауға
кіріп кетті.
Мен Әбдірахманға амандасып, үйге ертіп жүрдім. Отаудың
сықырлауығынан Шұғаның сығалап, бізге қарап тұрғаны білінді...»
Айтатыны жоқ, байланыс соншалық ұтымды, сәтті қиыстырылған. Аттан
түсіп жатқан кісі Қазақбайдың Әбдірахманы екенін білген соң Шұға жөніне
жүре берсе болар еді. Өйтпейді, «иә, әлгі учитель баласы ма?» деп ойланып
қалады. Бұрыннан бір естуі бар ғой, шамасы. Онымен де қоймайды, «жап-
жас жігіт екен ғой» деп таңырқайды. Болашақ оқиғаның себебі үшін осы да
жетеді. Демек, үшінші тарауды (байланысты) осымен — «Шұға отауға кіріп
кетті» деген жерден аяқтаса да болғандай. Бірақ автор өйтпейді, Шұғаны
отауға кіргізіп алып, сықырлауықтан сығалатып қояды. Бұл табиғаты
таза, ақ, күнәден пәк жас кыздың кенет кездескен жас жігітке тандануы ғана
емес, тамсануы да... Дәл және нәзік детальі. Шебер суреткер және осының
бәрін осы арада экспозициядағыдай ауызекі аңыздамайды, адамның ішкі
жан дүниесіне ене суреттейді.Сонда оқырман «Шұғаның сықырлауықтан
сығалап, қарап тұрғанын» әңгімешінің аузынан естіп қана қоймайды,
кәдімгідей сезінеді, көз алдына елестетіп көреді, түсінеді. Повестің
соңында — Шұғаның өлерде жазған хатында «Әуре боп неге біткен ажар-
көрік, ішіңе от түсірдің, қалқам көріп...» деген жан тебірентер әдемі өлең
бар. Байқап қарасақ, көкірегіне «от түсірген» тек Әбдірахман емес, Шұға
да, сюжеттік байланыс, міне, дәл осы сәттен — қыз кеудесінде тұңғыш сүю
оты тұтануынан басталады да, осының өзі шығармадағы күллі қимыл-
әрекеттің қозғаушы күші, адамдардың арақатынасынан туатын барлық
салдардың басты себебі болып қалады. Сөйтіп, бұл повестің өн
бойындағы өмірлік тартысқа тікелей ықпал жасайды, оқиғаны өрбу
жолына салады.
«Шұғаның белгісіндегі» сюжеттік даму да тек қана адамдар тағдырына
негізделген. Ендігі тоғыз тарау түгелімен бір жылғамен жылжып, бір желіге
көгенделіп жатқан түрлі-түрлі ситуация, қат-қабат конфликт, осылар арқылы
өсіп - өніп жатқан әр алуан тип пен характер, олардың өзара қарым-
қатынастары, Әбдірахман мен Шұға бір-біріне ғашық, бірін-бірі көрмесе тұра
алмайды. Бұл Әбдірахманды өзінің қызы Күлзипаға үйлендірмек ниеті бар
«Айнабай деген бірді-бірге соғып, екі елдің арасына от салып жүретін бір
қызыл көз пәлеге» ұнамайды да, ол енді «Есімбекті құтыртады», онымен де
қанағаттанбай, Әбдірахманды басқа жолмен мүдіртуге кіріседі, «түріктерге
жасырын ақша жиып жүр» деп үстінен арыз беріп, ақыры, қамауға алғызады.
Осының бәрін жазушының аса шыншыл, дәлелді, нанымды суреттейтіні
сондай жан жүректен толқымай оқу мүмкін емес. Әсіресе Әбдірахман мен
Шұғаның бір-біріне күтпеген жерден жол үстінде жолығып, қоштасар шағы,
Шұғаның «Қош, қалқам, қалқам» деп, кемсеңдеп отыра кететін сәті оқырманды
отты сезімге бөлеп, елжіретіп жібереді. Сюжеттік шиеленістің бұл тұсына
жазушының өзі де айрықша мән берген-ді, Әбдірахман аузымен мынадай өлең
айтқызады:
Жүзі құбыла, сөзі құран Шұғаның,
Бір Шұға үшін жанды құрбан қыламын.
Кетерімде арманда боп сүйе алмай,
Еңіреп жылап «Қалқам!» деді-ау шырағым!...
Осындай ширыққан, шиыршық атқан серіппелі шиеленістер бір
бәсеңдеместен барып, шарықтау шегіне жетеді.
«Шұғаның белгісіндегі» сюжеттің шарықтау шегі (кульминация)—
Шұғаның қатты құса болып, ауруға шалдығуы; қызының оңалмас түрін
көрген Есімбектің Әбдірахманды амалсыз тұтқыннан босатуы. Бірақ Шұға
сонда да жазылмайды.
«Жазылып керегі не?— дейді ол Қасымжанға. Бәрібір мен бақытты бола
алмаймын. Әкем аяса, менің дертім жаныма батқан соң аяп отыр... Өлем деп
те арман қылмаймын. Жалғыз-ақ арманым бар—түнеугі көргенде
Әбдірахман бір ауыз сөз айта білмеді. Бір көріп сөйлесіп, жаным шығарда
«Шұғам» деп бетіме бетін тигізсе, бар арманым бітіп, дуниеден армансыз
өтер едім... Әй, ол жоқ қой!..
Бұл — Шұғаның соңғы сөзі. Сонымен бірге шығармада дамыған барлық
ситуацияның ширығып, шиыршық ата шиеленісіп, шығандап келіп тірелген
соңғы тұйығы. Бұдан әрі даму, өрбу, биіктеу болуы мүмкін емес.
Композициялық жағынан шебер құрылған сюжет өзінің шарықтау шегіне
осылай шалқайып, шешіміне осыдан кейін барып еңкейеді.
Енді ақырғы (XIII) тараудағы сюжеттік шешімді анығырақ байқалық:
«Біз ауылға жеткенде Беркімбайдың үйінің қасы лық толған адам екен.
Атты байлап, Әбдірахманды үйге кіргіздім де, неге жиналып тұрғандарын
білейін деп, аяңдап кісілерге қарай жүрдім. Жақындай бергенімде бір салт
атты шоқытып келді де, айқайлап бірдеме айтып, кейін жүріп кетті.Не
айтқанын ести алмадым. Бірақ әлденеге жүрегім тітіркенді. Бойым
мұздады... Жүгіре басып жандарына келгенімде «Құдай рахым етсін!..» деп
беттерін сипап, бата қылысты. Мен аң-таң болдым. Айтбай маған қарап:
-Естідің бе, Шұға қайтыпты-ау,—деді. Суық суды төбемнен құйып
жібергендей болды. Тұрған орнымда қаттым да қалдым. Жиылған жұрттың
бәрі де бастарын шайқасты: — Өй, Шұға десе — Шұға еді ау!— десті.
Күшті шешім. Далелдеу артық. Бұдан гөрі күштірек жері — шешімнің соңы
тағы бір тың тынысқа ауысып, үзілер алдында Шұға жазған өлеңді хат
түріндегі арман-мұңға, шерлі сырға толы эпилогқа айналуы:
Хаты деп ақтық, жазған ғашық, жардың,
Есіңе ал, дұғаңа мен ынтызармын.
Қош, сау бол, ойнап-күліп жолығармыз,
Астында ақ туының, пайғамбардың!
Повесть бітті (Касымжан әңгімесі аяқталды). Әттең бітіп қалғанын! Амал
жоқ, кітап бетін жабамыз. Бірақ қым-қиғаш әсерден айығар емес. Жаңа ғана
өзіміз сезіп білген шындық құбылыстар алдымызға қайтадан тізбектеле
береді дала, жазғы күн, айлы түн, ауыл, алтыбақан, ән, күлкі, мінездер, іс-
әрекеттер, тағдырлар тартысы...
Шұға!.. Ақыр аяғында, міне, сұлу Шұға дүниеден кетті. Есіл аяулы ерке!..
Жүрек елжіреп, баяу лүпілдейді. Көңілде құйын ұйытқып жүр, арман ба,
Қайран ару!
«Шұға десе — Шұға, өй, шіркіннің өзі де келбетті еді-ау...Аққұба,
талдырмаш, көзі қап-қара. Осы үріп ауызға салғандай еді. Ажары қандай
болса, ақылы да сондай. Жеңілдік дегеннің не екенін білген бала емес.
Сөйлеген сөзі, жүрген жүрісі қандай, бір түрлі паң еді-ау, Шіркін!»
Біз Шұғаны алғаш рет Есімбектің бір отауынан көріп, келбетінен көз ала
алмаған едік: «Апырмай адамзатта да осындай сұлу болады екен-ау!..
Аққудың көгілдірігіндей, осы аппақ... Үстінде шетін кестелеген ақ көйлек,
омырауын неше түрлі ілгектермен безеп тастаған қызыл пүліш қамзол,
басында үкі таққан бөрік, өзі сұлу адамды мүлде жандандырып, құбылдырып
тұрды».
Мүсіні мен мінезі осындай Шұғаның лебізі қандай әдемі. Бүкіл повёстің өн
бойында үш-ақ рет тіл қатып сараң сөйлейді. Әбдіхрахманды алғаш көрген
бетте іште тулай қалған бір оқыс толқынын жасыра алмай, «Жап-жас жігіт
екен ғой» десе, сол Әбдірахманды болысқа еріксіз әкетіп бара жатқанда жолдан
кездесіп: «Қош, қалқам, қалқам!— деп, кемсеңдеп жылап отыра кетті». Ақыр
аяғында тағы да тек Әбдірахман «жаным шығарда» Шұғам! деп бетіме бетін
тигізсе, бар арманым бітіп, дүниеден армансыз өтер едім» дейді. Осынау
азғана лебіз Шұғаның сөз мәнерін, сөйлеу ерекшелігін әрі айқын, әрі дәл
танытады. Оқырманда «бұл тұста, мына жағдайда Шұға болса, былай дер еді»
деген бағдар, болжал анық, түйіліп отырады. Әңгімеші жігіттің авторлық
баяндауымен астасқан аңыздауы, сол кездегі қазақ аулына тән салт-сана, ауыл
адамдарына тән әдет-ғұрып, жастарға лайық ой, арман, үміт, сезім сырлары, ең
арғы жағы табиғат көріністеріне дейін Шұғаны меңзеп, соның тұлғасын
даралап, бейнесін бедерлеп жатады. Осының нәтижесінде оқырманның
Шұғаға деген ілтипаты арта келе, оны соншалық, ұнатады. Сондықтан Шұға
ғашықтық құсасымен дүниеден көшкенде оқырман көкейінде де өкініш қалады.
Қысқасы, осының бәрі—Майлин шығармасының қылаусыз
қиыстырылған композициясынан туған ағыл-тегіл әсер. Ал, мұндай әсерлі,
мінсіз «композицияда симфониялык сипат бар»
.
2.2. Майлин әңгімелері – ауыл өмірінің көркем шежіресі
Көркем прозадағы тұңғыш туындысының өзі бірден жоғарыдағыдай
классикалық үлгіге айналған Бейімбет Майлин өзіне туа біткен, табиғат
сыйлаған суреткерлік талант құдіретін сөз өнерінің осы саласында, шынында
да, айта қалғандай ғажайып күшпен танытты. Сөйтіп, өзінің айрықша қалам
қуатын осы жанрды қалыптастыруға жұмсады, өзгеше өрнегін осы жанрға
төкті, үздік шеберлігін осы жанрда көрсетті. Әсіресе ол әрі қысқа, әрі нұсқа
новеллалары арқылы қазақтың Чеховы атанды.
Бейімбет Майлин қалам қызметіне арналған бас-аяғы жиырма шақты
жыл ішінде жүзге тарта новелла жазған және бір қызық жері — өлеңдерінен
поэмаларын ажыратпағаны секілді, әңгімелерінен повестерін де бөле
қарамаған. Мәселен, «Шұғаның белгісін» автор әңгіме деп атаған. Тіпті
бәрінен ұзақ «Қырманда» повесінің өзін «повесть» демей, 1933 жылы,
«бес алты баспа табақтай әңгіме бітіріп беремін — деп жазды.Бұл
әңгімемде көшпенділермен бірге колхозға кіріп кеткен қылмысты
байлардың ашылғанын, олардың қырманмен бірге тазарғанын
көрсетпекпін». Демек, оның бүгінде орта көлемді эпикалык түр ретінде
талданып жүрген он-он бес әңгімесі әрқайсысында қамтылған оқиға көлемі
мен мазмұн тереңіне лайық, идеялық салмагғы мен көркемдік сапасына
сәйкес өзінен-өзі повесть деңгейіне секіріп шыққан. Бұл да суреткер
шеберлігіне саятын шарттылық.
Бейімбет қазақ прозасына хан-қазына болып қосылған
ең таңдаулы әңгіме-повестерінің қай-қайсысында болсын, шындықты
оқырманға құр түсіндірмеген, түйсіндірген өмір туралы жай сөйле-
меген, сөзбен сурет салып бейнелеген.
Мәселен, «Сексен сом» атты әңгімеде бас кейіпкердің кедей екені
айтылмайды, көрсетіледі. «Егеубай ертеңгі шайын ішіп тысқа шықты.
Жапырайған қорасының құлап жатқан бұрышы көзіне шалынды. Темір
күрегін алып, құлаған шомды үйе бастады. Албарда тұрған көк шолақ ат,
күректің тықырымен Егеубайды танып, жем іздеп оқыранып қойды». Осылар
жай сөз емес, жанды сурет. Егеубай тысқа шығып еді, көргені—
жапырая құлаған қора, мал дегенде көзге ілінгені — жалғыз ат, үйге кірсе —
қатыны Егеубайдың тозған киімін жамап отыр, естігені қатынының «Осы
үйде бүтін бір түйір шай жоқ» деген сөзі. Оқырманға осы түйсіндіруден
артық қандай түсіндіру керек?
Үй басына сексен сомнан салық салып, жинауға келгендердің ел ішіндегі
пұшайман халі Егеубаймен екі арада болған мына диалогтан ап-анық
аңғарылады.
«Қане, отағасы, ақша шығарыңыз»,— деді қара бұжыр.
Ойбай шырағым, ақша жоқ!
Ақша жоқ деген не сұмдық! Біз ондайды есітпейміз!
Не көрмеген көктұқыл дейсің, жалтаруын қарашы,— деп, жолдасы
күңкілдеді
«Қарағым-ау, соқыр тиыным жоқ, жерден қазайын ба?!» Ақыры бұлар
қоймайды, ақша орнына Егеубайдың көк шолағын тартып әкетеді. Осы
арадан әңгіме дереу аяқталады да, автор айтар идеяны тағы да «саусақпен
нұсқалмайды» өзінен-өзі мына көріністен келіп бірақ шығады:
«Егеубайдың қатыны екі көзді жаспен бұлап тұр еді:
—Кұдай-ау, енді қайда барып күн көреміз?!»
Жоқ, күн көреді. Кедейді тағдыр ылғи зарлата бермейді. Заман жаңарады,
адам өзгереді. Ауылдағы ескі мен жаңаның арасындағы күрес толассыз.
Әділдік пен жауыздық әрқашан айқаста. Бірак әйтеуір ақиқат біреу:
жамандықты жақсылық, жауыздықты әділдік жеңеді. Осы диалектика әр
әңгіменің динамикасына көшкен. Майлин мұрасынан мирас боп ауысар тағы
бір өнеге — суреткердің осы шеберлігі.
«Кедей теңдігі»— қысқа, бар болғаны үш-ақ парақ әңгіме.
Осында Бұқабай деген кедейдің ұзын өмірі үш кезеңде, үш түрлі сипатта
және ылғи ғана қозғалыс — өсу, өзгеру үстінде суреттеледі.
Он жетінші жылы «үсті-басы далба-дұлба, қолы тілім-тілім бұжыр қара»
Бұқабай бұлықсыған Кәрім мырзаның мазағына көніп, оның әкесі
Қауқынбайдың тепкісіне төзіп жүрген бейшара малай болатын. Жиырма екінші
жылы да «жаяу, үстінде шоқпыт-шоқпыт шапаны бар, иығында жамаулы
қап», бірақ бұрынғыдай бұйығы, ынжық емес, бірәз пысыған.
«Қазынадан ұн келген екен, өзім барып алмасам» Кәрім секілділер жеп қойып,
бос қалатынмын деп қутың-қутың, етеді. Енді мырзаны малай сықақтай
бастаған. Ал, жиырма үшінші жылғы сайлауда Бұкабай өзін «пәлен жыл
құлданып отын-суын тасытқан Қауқынбайдың мырзасы Кәрімді» азатталған
кедейлер арасынан аластап, жиналыстан қуып шығада да, өзі көптің
қалауымен ауылнай сайланады. Осының бәрі күшті логикамен өрбіп,
қоспасыз шындық қалпында шынайы көрсетіледі.
«Айранбай» — терең психологиялық әңгіме. Мұнда қашан көрсеңде
көйлексіз, жеңсіз күртеше тоңды жалаңаш етіне киіп алып, қабағы бір түрлі
тұнжыраңқы, әлденеге кейігендей, әлдекімді түтіп жеп қойғандай болып
отыратын» Айранбай етікшінің өзімен аталас Кемелбай-шонжарға
тәуелділіктен біржола бас тартып, енді «қазына асырайды» деп «коммуниске
жазылғаны», сөйтіп кедейдің тұрмысы тұрмақ санасы қалай
«революцияланғаны» бұрылтпас психологиялық дәлелдермен аса нанымды
суреттеледі.
Осы секілді шебер жазылған әңгімелердің бірі — «Арыстанбайдың
Мұкышы». Бұл да шап-шағын, бас-аяғы төрт ақ бет. Сөйте тұра, осының
өзі — кішкене әңгімеге үлкен шындық сыйғызып ол шындықты шындап қана
қоймай, тастан қашалғандай тип, мезгіл мінезіне суарылған характер арқылы
шегелей білудің үлгісі.
«Төртбақ, теке көз, шалбар бет қараны көрсең, бұл Арыстанбайдың
Мұқышы екенде де қой. Мұқыш екенін сездіруге өзі де құмар, қызмет
басындағы адамды көрсе, шырғалап соның маңынан шықпайды.
Жақсы келдің, шырағым, сені көруге құмар болып отыр едік,— деп,
өзіңе жастық қоя, сені мақтай сөйлейтіні де бар.
Кеңес үкіметінің жұмысына қасық қаным қалғанша дайынмын!— деп
белсенділік көрсететіні де бар.
Онда да түсіне алмай томырықтық істесең:
Арыстанбайдың Мұқышы дейтін белсенді кедейің мен бола-
мын!— деп төсін қағып қоюдан да тайынбайды.
Осының бәрін жаудырса, «Мұқыш осы екен ғой»,— деп өзің де қоя
қоясың.».
Әңгіме осылай басталады. Басы артық бірде-бір бөгде сөз жоқ. Сондықтан
ықшам, жинақы. Бастан-аяқ солай. Әр сөз өз орнында, ойнап
тұр. Портрет қандай дәл: «төртбақ, теке көз, шалбар бет қара». Ежірейген
мықыр Мұқыштың сырт кескіні оқырманның көз алдына дір етіп тұра
қалады. Одан әрі Мұқыштың ұрынып-берінген жабысқақ құлқы мен
қимылы суреттеле бере «қызмет басындағыларды» әбден ығыр қылған екі-үш
ауыз үйреншікті жел сөзі келтіріледі: «сені көруге құмармын», «жұмысыңа
дайынмын», «белсенді кедеймін», Бәрі өтірік! Шынында Мұқыш — әкесі
Арыстанбай секілді, күні кешеге дейін «осы ауылды бір шыбықпен айдап
келген» атқамінер, қу, елжегіш парақор; бүгінде «колхоздан шыққан, жеке
шаруа». Баққаны — өсек, ғайбат, іздегені — пәле, жанжал, жұрт арасына ірткі
салып, біреуді біреуге соқтығыстырып, атыстырып-шабыстырып жүрген
сойқан, жалақор, бұзық. Мұндай алааяқ әр тұста да, әр ортада да бола
беретіні мәлім. Соның өз кезеңдегі бір типтік түрін Бейімбет осылай орасан
шебер мүсіндеген. Мұқыш — мықты образ.
Достарыңызбен бөлісу: |