2-дәріс. Постиндустриалды дәуірдің білім жүйесі туралы ұстанымдары. Қарастырылатын сұрақтар



Дата07.02.2022
өлшемі17,62 Kb.
#86865
түріСабақ
Байланысты:
2 дәріс


2-дәріс. Постиндустриалды дәуірдің білім жүйесі туралы ұстанымдары.


Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары):
1. Әлеуметтiк тәжiрибе арқылы үйрену/үйрету
2. Білімді игерудің тиімді тәсілдерін үйрену/үйрету

Оқытуда тағы да бір мәселеге ерекше назар аудару керек: шәкірттің әлеуметтiк тәжiрибесiн арттыру. Басқаша сөзбен айтқанда, оқу процесiнде әлеуметтiк мазмұн басым болуы қажет.


Әр сабақта үйренуші оқытудың басқа да қатысушыларымен араласып (шәкірттер мен ұстаздар), коммуникативтiк қарым-қатынас процесiнiң белсендi мүшесiне айналады. Мұндай қарым-қатынаста әрбiр шәкірттің өзiндiк өмiр тәжiрибесiнiң алатын орны ерекше. Сол себепті оқу мазмұны қандай да бiр абстракциялы тақырыпқа иек артпай, студенттердiң өмiр тәжiрибесiне негiзделсе, оқу процесі студент тарапынан қызығушылық пен ықылас туғызатындығы сөзсiз.
Білім деген тек дағды мен білік қана емес, сонымен бірге адами қасиет екендігін ізгілікке зәру ХХ ғасыр кеш түсінді. Біз - адамбыз және де күніміз тек қана адамдармен болмақ, демек білімнің басты мазмұны - адамгершілік қасиеттерге баулу болып табылатын шығар? Кезінде Абайдың да басты өмірлік қағидасы «Адам бол!» емес пе еді? Адами қасиет болмаса, қалғанның бәрі де бос, даурықпа сөз.
Тамаша философ Иммануил Канттың өмірлік қағидасы келесідей болған: «Адам әрқашан да мақсат болып, ешқашан құрал болмауы керек». Бұл сөздер бойынша дүниеде барлығы да адам үшін, оның игілігі үшін жасалуы шарт, алайда адамның қолымен немесе адамның арқасында белгілі бір мақсатқа жетуге тырысу - адамгершілікке жатпайды. Біз бар ұмтылысымызды адамдарға, яғни қоғам игілігіне бағыштауымыз керек: өміріміздің ең басты қағидасы – басқалар үшін өмір сүру болмай ма?! Олай болса, оқытуда да барлық әрекетті осы идеямен байланыстырып, оның төңірегіне шоғырландырған абзал.
Білімге тек үйренуге болады және де үйрену ісі белсенді әрекеттерден құралуы керек: ұмтылыс пен талаптану арқылы ғана біздің білуіміз ықтимал. Білім игеру процесінің басты қағидасы «Үйрету мүмкін емес, үйрену ғана ықтимал!» екендігін бұл жерде баса айту қажет. Білім алушының өзі үйренуге құлық, құлшыныс, ықылас пен ынта танытуы керек. Қандай керемет ұстаздар болмасын, оқуға еш ынтасы мен қызығушылығы жоқ шәкіртті үйрете алмайды.
Білімді игеру екі жақтың да (шәкірт пен ұстаздың) белсенділігін қажет етеді. Ұстаздың мұнда дәстүрлі де үйреншікті «білім көзі», «үйретуші» рөлдерінен бас тартып, оны «ұйымдастырушы», «сабақты жүргізуші», «үйренуге жағдай жасаушы», «жәрдемші», «көмекші», «бағыт-бағдар сілтеуші», «талаптандырушы», шәкірт пен білімнің арасындағы «делдал» рөлдерімен алмастыруы керек. Үйретуші (ұстаз) білім игеру ісінде басты рөлді үйренушіге (шәкіртке) ұсынады.
Мүмкін біздің «білім беру» деген атауды «білім алу» (немесе «білім игеру», «оқу», «үйрену») деген терминмен алмастыруымыз керек болар?
Оқудың/оқытудың негізгі мәселелері.
1. Білім мазмұны (Не нәрсеге үйрену/үйрету керек?).
2. Білім беру/алу әдістемесі (Қалай үйрену/үйрету керек?).
3. Білім нәтижесі (Не үшін үйрену/үйрету керек? Үйренудің/үйретудің нәтижесі қандай болуы керек?).
Дәстүрлі (репродуктивтік) оқыту бұл мәселелерді келесідей шешеді: үйренушілерге ақпарат және дайын қағидаларды, яғни фундаменталдық білім («Не?») беру («Қалай?») арқылы оларды болашақта маман («Не үшін?») болып қалыптастыру (нәтиже). Дәстүрлі оқыту көбіне-көп білімді формалды тұрғыдан қабылдайды: шәкірттерге сабақ беретін пән бойынша оқу бағдарламасында және оқулықта келтірілген ақпарат пен мәліметтерді үйретеді, яғни оқытудың негізін бағдарлама мен оқулықтардың мазмұны құрайды.
Осы дәріске ағымдық, аралық, қорытынды бақылау бойынша тест тапсырмалары және сұрақтар

  1. «Білім», «Білім беру» ұғымдарына 5 әдебиеттен анықтама және сол анықтама негізінде өзіндік бір анықтама шығару.

  2. «Білім игеру - өмір бойғы үздіксіз процесс» деген ұстанымды қалыптастыруға өзіндік ой-пікірлеріңіз немесе Абайдың «Толық адам» тұлғалық қасиеттерін атап өтіңіз.

  3. Болон процесінің негізгі ұстанымдары («Оқудың басты мақсаты – нәтиже», студенттік парадигма, біліктілікті құзырлылықпен алмастыру) туралы ойларыңызды келтіріңіз.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет