Реформалар: үшiншi кезеңде (1995-1997) Үшiншi кезеңде Макроэкономиканы тұрақтандыру бағдарламасы қабылданды, ол қатаң шектеу арқылы инфляцияны төмендетудi көздедi. Тұрақтандыру бағдарламасы мынадай мақсаттарды алға қойды: нарықтық экономикалық институттары мен инфрақұрылымды дамыту; халықаралық стандарттарға сәйкес екi деңгейлi банк жүйесiн жаңғырту, инвестициялық және сақтандыру компанияларын, биржалар мен аудиторлық фирмалар құру; қатаң ақша-несие және нысапты бюджет-салық саясатын жүргiзу; ұлттық валюта бағамының тұрақтылығына қол жеткiзу; атаулы жалақыны шектеу; берiлетiн несиелердi шектеу жәнеақша массасының қатаң көлемiн (11722 млн. теңгеден аспайтын) белгiлеу. Бұл кезеңде шет ел капиталы кеңiнен тартылды, рыноктер мен нарықтық құрылымдарды дамыту үшiн жағдай жасалды. Қолданылған шаралардың нәтижесiнде 1996 жылдың қарсаңында теңгенiң валюталық бағамы тұрақтанды (1994 ж. — 1 доллары үшiн 35,76 теңге, 1995 ж. — 60,93 теңге, 1996 ж. — 67,29 теңге), бюджет тапшылығы азайды, өнеркәсiптiң сыртқа шығаруға бағдарланған бiрқатар салаларында өндiрiс жанданды. әлеуметтік аядағы қаржы-экономикалық қайта құрулар қаржы жүгiн республикалық бюджеттен жергiлiктi бюджетке беру, көрсетiлетiн әлеуметтік қызметтердiң сапасын арттыру, әлеуметтік сала мекемелерiнiң қызметiне жаңа экономикалық бәсекелестiк қатынастарды енгiзiп, дамыту, қаржыландырудың бюджеттен тыс көздерi мен көлемдерiн ұлғайту бағытында жүзеге асырылды. Қаржы қорларын шектеу жағдайында негiзгi қаржы-экономикалық өзгертулер аралас қаржыландырудың жаңа үлгiсiне көшу негiзiнде қаржыландыру жүйесiн өзгертумен ұштастырыла жүргiзiлдi, мұнда бюджеттен қаржыландыру, сақтандыру жарналары мен жекеше инвестициялар негiзгi көздерге айналды. Жан басына шаққандағы жалпы iшкi өнiм 1994 жылмен салыстырғанда 1997 ж. 14,1 млрд. теңге деңгейiне дейiн көбейдi. 1997 жылдың бас кезiндегi экономиканың жай-күйiн мынадай факторлармен сипаттауға болады: iс жүзiнде барлық тауарлар мен қызметтердiң бағасы босатылды немесе ырықтандырылды, негiзгi заңдық актiлер өзгертiлдi, олар реформаларды жүргiзуге мүмкiндiк туғызды, сыртқы экономикалық қызмет ырықтандырылды, нарық талаптарына сай келетiн жаңа салық базасы жасалды, меншiктi қаржы рыногi құрылды, банк жүйесi жаңғыртылды, оның инфрақұрылымы дамытылды; мемлекеттік бағалы қағаздар рыногi құрылды, мемлекеттік меншiктi жекешелендiру қарымды қарқынмен жүргiзiлдi. Алайда, қатаң ақша-несие, бюджет-салық саясатының экономикалық тұрғыдан тиiмдi нәтижелерiне қарамастан бұл кезеңде халықтың әлеуметтік-демографиялық ахуалы күрт нашарлады: халықтың өсiп-өну деңгейi кемiдi; өмiрдiң ұзақтығы қысқарды; бiлiм деңгейi төмендедi; материалдық әл-ауқат құлдырап кеттi: қазақстандықтардың 31%-ға жуығы тұтыну қоржынының ең төмен деңгейiнде өздерiнiң күн-көрiс қажеттерiн қанағаттандыра алмады, жұмыссыздық деңгейi екi есеге жуық көбейдi. Бұл кезеңде бұрынғы әлеуметтік саясат қағидаларын өзгерту қажеттiгi туды: халықты әлеуметтік қорғаудан әлеуметтік көмек пен қолдауға көшу, сондай-ақ, әлеуметтік саладағы мемлекеттік қамқорлықты қысқарту қажет болды. Бұл нарықтық реформалар кезеңiнiң басты жетiстiктерi: елде тұрақты әлеуметтік-экономикалық жағдай сақталды; ұлттық ақша бiрлiгi енгiзiлдi және дербес ұлттық ақша саясатын жүргiзу мүмкiндiгi туды; Қазақстан рыногi тұтыну тауарларымен молая түстi; респбликаның тәуелсiздiгi мәртебесiн дүниежүзілік қоғамдастығы мойындады және ол халықаралық қаржы институттарына кiрдi. Әлеуметтік-экономикалық шаралардың iске асырылуы Қазақстанда жекеше зейнетақы, сақтандыру және медициналық қорларын құруға жол ашты.