СЕМЕЙ ЖАЙЫ
Былтырғы майдан бастап, Семей облысында хәкімшілік қазақ, мұжық советі һәм
жұмыскерлер мен солдаттар советінен құралған үш ұйымда болатын. Бұлардың
әрқайсысы ортақ жұмыс болмаса, өзіне тиіс жұмысқа ие болатын. Таза қазақ жұмысына
мұжық пен жұмыскерлер қол сұқпайтын, олардікіне қазақ кіріспейтін. Бұлар араларын
ашыспай, қырғи қабақ болыспай, 25 октябрь өзгерісіне жетті. Уақытша Хүкімет қуылып,
84
большевиктер өзінен хүкімет жасады. Қай хүкіметті тану керек деген сөз қозғалды.
Солдаттар мен жұмыскерлер советі қазақ, мұжық екеуімен келіспей, облыс хәкімшілігіне
ортақтасудан шығарылды.
Содан бері жұмыскерлер мен солдаттар советі кедейленді. Россияның басқа жерлеріндегі
жолдастарының жолы болған хабарын білсе, ызғарланып кіжіңдеді. Ойран салар, умаштап
кетер күші кем болған соң тарта соғып жүрді. «Жөнді іске жолдас болудан қашпаймыз,
жұрт пайдасына жүргізерлік жолдарың болса, көзімізді жеткіз, жұртымызды көндірелік,
қол ұстасып, жұрт үшін шын қызмет қылалық» деп қазақ пен мұжық өкілдері айтты. Мал
бағып, қыс суыққа, жаз ыстыққа күйген, жер жыртып, егін салған еңбекшіл қазақ пен
мұжық ақысын жібермеске аңдытып, әдейі сайлап қойған азаматтарын елінен айырып,
жырып тастамақ ниетпен неше түрлі бой балқытатындай тәтті сөздерді түйдегімен
ағытты. Өтімі болмады. Сөйтіп Семейдің екі жарым мыңдай жұмыскерлері мен
солдаттары сайлаған совет облыстағы 850 мыңдай қазақ пен 200 мыңдай мұжықтан ауыл
басы өкіл келіп сайлаған қазақ комитеті менен мұжық советі екеуімен февраль басына
дейін арбасты.
Январьдің ортасында облыс земствосы ашылып, тарау-тарау жұрт шаруасы жайынан
сөйлесіп, жоба құрып, жол салмақ болып жатыр еді. Халықтың қалап, сайлап жіберген
өкілдері іс басына мінгенін қызғанды ма, жоқ басқа облыс пен гүбірнелердегі серіктерінің
қимылдары қыздырды ма, жанталасып, Семейдің 2 жарым мың жұмыскерлері мен
солдаттары сайлаған совет миллионная астам халықтың билігі қолымда деп февраль
басында жария қылды. Оған жұрт сайлаған өкілдер жеке өзің болсаң, танымаймыз деп
облыстағы хәкімшілік жобасын көрсетті. Большевиктер мөңкіп көнбеді. Өкімдігін ептеп
ете бастады. Бірақ қазақ пен мұжық қысылып кіріп кетпеген соң Земствоны қойып,
бұрынғыдай қазақ комитеті, мұжық советі һәм жұмыскерлер мен солдаттар советі осы
ұйымнан бірдей кісі кірген хәкімшілік жасауға келісті. Сөз байласып уағдаласты.
Большевик хүкіметінің жарамды жарлықтарын жұрт жақтырса, халық шаруасына
қолайлы, пайдалы болса, орындамақ болысты.
Уағда уағда күйінше қалды. Большевиктер өз бетімен білгенін істей берді: таза қазақ
пұлына салынған, уақытша земствоға берілген «Бостандық үйі» аталған бұрынғы
жандарал үйін иемденді; обласной баспахананы мүліктенді. Земствоның шығармақшы
болған газетін өзінікі қылды. Земство қолына көшпекші обласной азық-түлік комитетіне
комиссар қойып, земстводан шығарды. Осылайша Семейдің өз большевиктері қимыл сала
бастағанда кімді мұқатуға келгені белгісіз, Омбыдан қару-жарағын тиеген, қызыл гвардия
(атарман әскер) келді. Большевиктер рухтанды. Қайраты тасып, Петроград, Мәскеудегі
большевиктер не қылса, қандай тон пішсе, мұндағы жұртқа жайлы ма, бойына шақ па,
олпы-солпы емес пе — оларын ойламай, бұлжытпастан мұндағы жұрт мойнына тақпақ
болды. Іске кірісті, жайлы-жайсыз болғанын уақыт өзі көрсетер.
Бөктершегі қомақты, желқомын жаңалап, нығаймақ үшін большевиктер сиез шақырды. 5
дуаннан 10 шақты кісі келді. Коп болса 3 мың жанның өкілдері болып келген шығар.
Сол 3 мыңның өкілдері келіп, миллионная астам қазақ пен мұжық, қазақ облысына
хәкімшілік жүргізу жайынан кеңеспекші болды. Бірақ тым шолтитып, кісі аз
болғандықтан кезі бір келген мұжық сиезімен қоса сиез құрды. Мұжық өкілдері
солдаттықтан жаңа қайтқандар еді. Олар мұрнын тескен өгіздей қақпалағанға көнді.
Үйезный, обласной земстволар таза мұжық пен қазақтың қамын ойлап, қызметін қылатын
мекемелер екенін естен шығарды. Патшалық заманынан қалған жұрнақ деп земство деген
аты үшін жоғалтпақ болды. Олардың орнына үйезный, обласной совет жасағалы тұр.
Санға қарай әр таптан кісі кіру жолы ұмытылды. Үйезный советке мұжықтан 5, қазақтан 5
депутат кірсін дейді. Обласной советке бір талай керістен соң қазақтан 5, мұжықтан 6,
85
солдаттар мен жұмыскерлерден 5, казактан 3 депутат кірсін дегенге большевиктер
алпарысып әрең көнді. Бұл жасалған совет уақытша құрылады, соң қазақ, мұжық, казак,
солдаттар мен жұмыскерлер сиезі шақырылады. Тағы өзгеріс болмаса, сол жалпы сиез
түпкілікті хәкімшілікті жасайды.
Достарыңызбен бөлісу: |