ӨМІР СҮРГЕН КЕЗЕҢІ Асан Қайғы Сәбитұлы 1361-1470 жылдар аралығында туып ғұмыр кешкен, қазақтың данышпан ақылгөй жырауы, өз дәуірінің абызы, бас биі, Шоқан Уәлихановтың айтуы бойынша, қазақ халқының қамын, болашағын ойлаған "дала философы", осындай ойшыл, ел қамын жеп, қайғы - қасірет кешкен Асан атына кейін "қайғы" сөзі қосылып аңыздалып кеткен. Шежіре - аңыздардыңайтуынша, Асанның әкесі Сәбит ұзақ жасаған, он сегіз мың ғаламның, кұстың, жан-жануардың тілін білетін, өзі көріпкел әулие, атақты саятшы болса керек. Ол баласы Асанды ес білгеннен осындай қасиеттерге баулып өсіреді. Сондай өнегелі, ұлағатты тәрбие көрген Асан жас кезінен - ақ туған халқынын қамын, оның келешекте ірі де, іргелі ел болу жағын ойластыра бастайды. Сондықтан да ол жас болса да хан, сұлтан, би, бектермен бірге жүріп, оларға ақыл қосады. Ой - пікір жарыстырып, тайталасып ержетеді. Бозбала кезінен - ақ ол ақындық - жыраулық, шешендік, тапқырлык өнерді жете меңгереді. Ел дауын, жер дауын, әдет - ғұрып мәселесін шешерде оның ақылдылығы, алғырлығы, кесімді, шешімді билік сөздері өзге би, шешендерден үстем боп шыға береді.
Елі мен жұртының болашағы туралы қатты қайғырып толғанған абызды халық Асан Қайғы деп атаған. Ол өзінің толғауларында хандықты нығайту, елдің қорғаныс қабілетін арттыру қажеттігін насихаттайды. Асан Қайғы елінің сулы, нулы, шөбі шүйгін, құтты қоныс тауып «адамды жүзге келмей өлмейтін, қойы екі төлдейтін» мамыражай, еркін өмір сүруін аңсады. Бұл мұратын жырау «Жерұйық» деп атады.
Асан өмір сүрген XV ғасыр - Шығыс Европаның тарихында ұлы өзгерістер болып жатқан дәуір еді. Күні кеше Алтын Орданың тепкісінде жатқан орыс елі қайта көтерілді. Москва күшейе бастады, бірлі - жарым қақтығыста өз қаруының салмағын көрсетіп те қалды. Алтын Орда шылпара боп ыдырап, оның орнын өзара қырқыстан басқаны білмейтін ұсақ хандықтар басты. Ал орыс мемлекетінің қуаты күн сайын артып келе жатты.
Асан Қайғының өз дәуірінде болып жатқан өзгерістердің мәнін ұғып, байыбына жете түсінгендігі көрінеді. Бұл, әрине, Асанның үлкен ақыл иесі, ойшыл болғандығының тағы бір айғағы.
Ноғай, өзбек, түркімен, қырғыз, қарақалпақ халықтары арасында Асан Қайғы есімі ілтипатпен аталып, құрмет тұтылады.