2-сурет. Жоғары тісжегі. сайт-http://www.ichilov.net/ Ж оғары тісжегі ақ немесе пигменттелген дақтар аймағында кіреукедегі құрылымдық өзгерістер нәтижесінде дамиды және кіреукенің бүтіндігі бұзылып, патологиялық үрдіс кіреуке-дентин шекарасына жетеді. Бұл кезде бұзылған тісте механикалық және химиялық тітіркендіргіштерден ауыру сезімі пайда болып, ықпал етуші әсер тоқтағаннан кейін тез басыла қояды. Ауыру сезімінің пайда болуын кіреуке-дентин шекарасындағы нерв ұштарының тітіркенуімен түсіндіріледі (бірақта соңғы уақытқа дейін кіреуке дентин шекарасында нервтік элементтер әлі анықталған жоқ).Тіс қатарын қарап тексергенде көбінесе азу тістердің шайнау бетерінде таяз тісжегі қуысы анықталады, көбінесе ас қалдықтарымен жабылған (2-сурет). Сүңгілеп байқағанда қуыс табанында ауыру сезімі тіс мойындарында орналасқан тісжегі қуыстарында күштірек сезіледі. Тіс ұлпасының электрқозғыштығы 2-6 мкА тең. Жоғары тісжегіні сына тәрізді ақаудан, тістер гипоплазиясының нүктелі, шәшкеге ұқсс түрлерінен, флюороздың эрозиялы түрлерінен ажырата білу керек.
Қоңыр және қара түсті тісжегі дақтары – патологиялық үрдістің тұрақтанғанының белгісі. Бұл кезде қайта минералдандырып емдеу шаралары ешқандай нәтиже бермейді. Мұндай жарақаттар ұзақ дамиды және тісжегі қуысына айналып, кіреуке-дентин шекарасының бұзылуымен аяқталады. Егер ошақ аймағы көлемді болса (2 мм² немесе одан үлкендеу), қуыстың пайда болуын күтпей-ақ жарақаттанған қатты тіндерді егеп алып тастап, пайда болған ақауды пломбылайды. Егер пигменттелген дақ көлемі 1,0 – 1,5 мм² аспаса, оның әрі қарай дамуын бақылап бағалау тактикасы қолданылады.
Тістердің тегіс беттерінде орналасқан жоғары тісжегіні емдеу әдістері туралы әртүрлі көзқарастар қалыптасқан. Сүт және жаңадан шыққан тұрақты тістер беттеріндегі жоғары тісжегі орналасқан аймақтарды көбіне егеп-тегістеп, арнаулы дәрілердің ертінділерімен қайта минералдандыруға болатыны дәлелденген.
Тістердің ерін және ұрт беттерінде орналасқан жоғары тісжегі кезінде жарақаттанған тіндерді егеп тазаламай-ақ композиттік материалдармен пломбылауға немесе ART (АРТ) техниканы қолданып емдеуге болады.