3-сурет. Орта тісжегі. сайт-http://www.colgate.ru/ Т ісжегінің бұл түрінде кіреуке-дентин шекарасының бүтіндігі бұзылып, патологиялық үрдіс жабынды дентин қабатында дамиды. Орта тісжегі кезінде науқас ешқандай шағым айтпауы мүмкін. Себебі біртіндеп пайда болған жылтыр дентин және үшіншілік дентин қабаттары ұлпаның әртүрлі тітіркендіргіштерге жауабын төмендетеді. Ал қарқынды дамыған түрінде ауыру сезімі көбінесе механикалық,температуралық тітіркендіргіштерден тез пайда болып, тез басылады. Тіс қатарын тексеріп қарағанда бұзылған тісте орта тереңдіктегі тісжегі қуысы анықталады. Тісжегі қарқынды дамыған кезде қуыстың кірер ауызы тар (көбінесе І – кластық тісжегі қуыстары кезінде), іші ақ түсті ыдыраған дентинге және ас қалдықтарына толған, қабырғасында ақшыл-сұр түсті оңай аршылатын жұмсарған дентин қабаты бар. Сүңгілеп тексергенде кіреуке-дентин шекарасында ауыру сезімі бар. Тісжегі баяу дамыған кезде қуыстың аузы үлкендеу болады, ішінде ыдыраған дентин аз мөлшерде кездеседі, көбіне қабырғаларында сары, сары-қоңыр түсті жұмсарған дентиннің қалың қабаты анықталады және оңайлықпен аршыла қоймайды (3-cурет). Сүңгілеп байқағанда кіреуке-дентин шекарасында, табанында ауыру сезімі болмайды. Ауыру сезімі кіреуке-дентин шекарасында қуысты егеп-тазалап жатқанда немесе тазалағаннан кейін сүңгілеп тексергенде байқалуы мүмкін. Тазаланған қуыстың табаны пигменттелген, өте қатты және жылтыр.
Ас қалдықтарынан, ыдыраған және жұмсарған дентиннен тазаланбаған қуыстың тереңдігін көрер көзбен немесе сүңгілеп анықтау қиын. Кейде жұмсарған дентиннің қалыңдығы соншалық, орта тісжегіге санап тұрған қуыс тазалағаннан кейін терең тісжегі қуысына айналады және жұмсарған қалың детин қабаты да тітіркендіргіштер әсерін ұлпаға өткізбейді.
Тісжегі қуысын егеп-тазалаған кезде де ауыру сезімі көп болмайды, сирек жағдайда қабырғаларында кіреуке-дентин шекарасына жақын аймақта ауыру сезімі пайда болуы мүмкін. Тістің электр қозғыштығы 2-6 мкА тең.
Орта тісжегіні сынаға ұқсас ақаудан, кіреуке эрозиясынан, терең тісжегіден және периодонттың созылмалы қабынуынан ажыратады (сауыт қуысы ашыылмаған жағдайда). Сынаға ұқсас ақау мен кіреуке эрозиясы кезінде жарақат ошақтары олардың тек өздеріне тән аймақтарында дамиды және қабырғалары қатты, тісжегімен асқынбаса жұмсарған дентин болмайды.
Терең тісжегіден науқастың шағымы және объективтік белгілері бойынша ажыратады.
Орта тісжегінің периодонттың созылмалы қабынуымен ұқсастығы – тісжегі қуыстары бола тұрса да ауыру сезімінің болмауы. Периодонттың созылмалы қабынуы кезінде сауыт қуысы кейде жабық болғанымен, егеп-тазалаған кезде оңай ашылады және тазалау кезінде, сауыт қуысы ашылған кезде де ауыру сезімі болмайды. Перидонттың қабынуы кезінде ешқандай тітіркендіргіштер ауыру сезімін туындатпайды және тіс ұлпасының электрқозғыштығы 100 мка жоғары.