2022 жылғы атаулы күндер мен мерейтойлар Қаз дауысты Қазыбек бидің туғанына 355 жыл Қазыбек Келдібекұлы – қазақ халқының 17-18 ғасырда өмір сүрген үш биінің бірі, қоғам және мемлекет қайраткері. Қазыбек би 1667 жылы Сырдария өзенінің бойында туған. Орта жүздің арғын тайпасы, оның ішінде қаракесек руынан шыққан.
Табиғатынан зерек, алғыр бала білімді ортада кемелденген. Естігенін, көргенін зердесіне тоқып, шешендік қабілеті де ерте ашылған. Сол арқылы айналасындағыларды еріксіз елең еткізген. 17 ғасырдың 80-жылдары Қазыбектің есімі кеңінен тарай бастады. Уақыт өте келе Қазыбек би қазақ хандығының өміріне, ішкі-сыртқы саясатын анықтауға, қоғамның бейбіт дамуын қамтамасыз етуге зор ықпал етті. Тәуке хан тұсында "Жеті жарғыны" түзуге атсалысты. Төле би, Әйтеке би үшеуі "Жеті жарғыны" жазып, сол арқылы ел ішіндегі әдет-ғұрып нормалары, жер-су, қоныс иеліктерінің мөлшері, жесір дауы, құн төлеу, кек алу, ұрлық-қарлыққа тыйым салу, ағайын-туыс, ру арасындағы дау-дамай, ел бірлігі, мемлекет басқару, Отан қорғау, сыртқы жаулардың шабуылдарына тойтарыс беру, ұрпақ тәрбиесі секілді мәселелердің шешілу жүйесі жаңаша белгіленді.
Қаз дауысты Қазыбек бидің шешендік сөздері әлі күнге дейін мәнін жоғалтпаған. Соның бір мысалы ретінде "Кім жақын, не қымбат, не қиын?" деген сұраққа Орта жүздің биінің берген жауабын айтуға болады:
Қазыбек би 1764 жылы 97 жасында Семізбұғы тауының етегіндегі Теректі қыстағында дүние салды. Ұлының ұлылығын тереңнен түсінген замандастары оны киелі жер – Түркістандағы Қожа Ахет Ясауи кесенесіне жерледі.