25. Әл-Фараби ғылымдардың түрлері жайлы көзқарастары. Ғылымдардың жіктелуі Әл-Фарабидің ғылым мен білімді жіктеуін, көзқарасы мен ұстанымы оның «Ғылымдардың жіктелуі»



бет1/12
Дата12.04.2023
өлшемі57,45 Kb.
#174316
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Байланысты:
25. л-Фараби ылымдарды т рлері жайлы к з арастары. ылымдарды


25. Әл-Фараби ғылымдардың түрлері жайлы көзқарастары.
Ғылымдардың жіктелуі Әл-Фарабидің ғылым мен білімді жіктеуін, көзқарасы мен ұстанымы оның «Ғылымдардың жіктелуі» атты шығармасында анық баяндалған. Ғалым ғылымдарды негізгі бес бөлімге бөліп қарастырды: 
біріншісі- тіл білімі және оның бөлімдері;
екіншісі – логика және оның бөлімдері;
үшіншісі – «Ульум әт-та’алим» (математикалық ғылымдар). Бұлар: «әл-’адад» (арифметика), геометрия, «илм әл-маназыр» (оптика), тәлімдік астрономия, музыка ғылымы, салмақ туралы ғылым, механика;
Төртіншісі – физика және оның бөлімдері, «әл-’илм әл-иләһи» діни ілім және оның бөлімдері; бесіншісі–азаматтық ғылым және оның бөлімдері, фиқһ, кәләм.
Ғалымның білімдерді бұлай жіктеуі Аристотельдің ғылымдарды сыныптауынан біраз ерекшеленді, яғни ғалым антикалық грек ойшылын қайталамады. Ол өзінің ұстанымына сәйкес дұрыс деп тапқан тізбекті жасап, өзінен бұрынғылардан еткен ғылым тізбегін толықтырып, заманға сәйкес пішін берді. Оның бұлай жасауына оның білімімен бірге жасаған орта мәдениеті де ықпал етті. Мысалы, тіл білімімен фикһ пен кәләм білімдерінің ғылым сыныптамасына енгізілуі осыны көрсетсе керек. Сол сияқты Аристотель физика мен метафизиканы екі жеке ғылым ретінде жіктеді. Ал әл-Фарабидің жіктеуінде физика мен метафизика реттілігі жағынан математика ғылымынан кейін келіп, бір сырадағы екі негізгі теориялық ғылым ретінде баяндалады. Сөйтіп ғылымның жіктелуіне араб-мұсылмандық мәдениетіне сәйкес рең берді. Мұсылман ойшылы ғылым мен білімдерді мынадай реттілікпен жіктеді:
«Ильм әл-луға» (лингвистика): жалпы тілдің, ойлау және адамның күнделікті өмірде таптырмас мәнге ие болуына байланысты білімдердің жіктелуін тіл білімі бастайды. Мұнда әр тілдің негізгі екі бөлігі айтылады, сөз және оның мағынасы арасындағы байланыс мәселелеріне мысалдар беріледі. Сондай-ақ сөздерді пайдалану ережелерінің маңызы мен тіл біліміндегі орны да назардан таса қалмаған. Бір тіл бір ұлтқа тиесілі болғандықтан тіл әмбепатты бола алмайды. Өйткені әр халықтың, қауымның өзінің өміріне, салт-дәстүрі мен жағрафиялық орналасуына сәйкес өз тілі бар. Сондықтан да, тіл барлық халықтар үшін әмбепатты бола алмайды деген пікірді алға тартқан әл-Фараби тілдерге ортақ «әмбебап» заңдардың бар екенін және грамматика осы тіл ережелеріне сүйенетін, бірақ бұл ережелер де барлық тіл заңдылықтарын қамти алмайтынын айтады. Мысалы, жалпы ереже қандай өнерде болсын әмбебапты болып саналады. Ол сол белгілі ғылымды жан-жақты қамтитын ережелер жиынтығы. Әсілінде әрбір ереже өзіне қатысты өнердің көптеген жағдайын қамтиды деп ойлағанымен шын мәнінде олай толық қамтуы мүмкін емес. Ойшылдың мұнда айтпағы, әрбір тілдің өз тіл ережелері (грамматикасы) бар. Бір тілдің грамматикасы екінші бір тілге келмейді. Ғалым: «Әрбір халықтың тіл туралы ғылымы үлкен жеті бөлімге бөлінген», – деп тіл білімін әрі қарай былай етіп жіктейді: жай сөздер туралы ғылым, сөз оралымдары туралы ғылым, жай сөздердің ережелері туралы ғылым, сөз оралымдарының ережелері туралы ғылым, дұрыс жазу ережелері (орфография), дұрыс оқу (орфоэпия) ережелері және өлеңді дұрыс шығару ережелері.
Мұнан соң ойшыл тілді ортақ етіп қарастыратын пән, бұл – ойлау мен әмбебапты ережелерді белгілейтін логика өнері. Себебі грамматика білімі тілге қатысты болса, логика өнері сол тілдер үшін ортақ ережелерді қалыптастыруға көмек береді деп логика ғылымын екінші кезекке қояды. «Ильм әл-мантық» (логика ғылымы): әл-Фарабиге сәйкес логика өнері ақылды жетілдіруге бағытталған қағидаттар жиынтығын береді. Ол қатеге ұрыну мүмкіндігі бар ақыл нысандарын танудың барлық жағдайларында адамды дұрыс жолға, ақиқатқа бағдарлайды. «Ильм әл-мантық» ақыл белгілі бір нысандар жөнінде қателесуден, мүлт кетуден және адасудан сақтап, қорғайтын ережелерді үйретеді. Бұл ғылымның пайдасын ғалым: «Грамматика ғылымы бізге сөздер туралы барлық ережелерді ұсынса, дәл сондай логика ғылымы ақылмен танылатын нысандар туралы қағидаттарды ұсынады», – деп түйіндеген.
Логика ғылымының бөлімдері Ортағасыр мұсылман ғалымы логика ғылымын сегіз бөлімге бөліп зерттейді. Олар логикалық білім беру жүйесінің негізгі тараулары ретінде қарастырылды:
1. «Мақуләт» – сөздер және олармен байланысты мәселелерді зерттейтін бөлім;
2. «Ибара» – екі немесе одан да көп сөздерден құралған қарапайым сөйлем заңдылықтарын зерттейтін бөлім;
3. «Қияс» – сөйлемде, сөйлеу барысында қолданылған сөз тіркестерін және силлогизмді қолдануды мақсат ететін өнер түрлерін зерттейтін бөлім, олар бесеу;
4. «Әл-ақауил әл-бурһанийа» – дәлелдік пайымдаулар, логиканың ең маңызды тақырыбы және нақты білім шарттары. Әл-Фарабидің тілімен айтқанда, бұлар адам баласының білгісі келіп отырған нәрсесі жөнінде анық білім беру үшін айтылатын пайымдамалар. Сондықтан да бұл бөлім логиканың ең маңызды және жоғары бөлігі. Логиканың басқа бөлімдері осы бөлім үшін қажет әрі осыған қызмет етеді. Ғалымның айтуынша, жоғарыда атап көрсеткен алғашқы үш бөлігі осы – «әл-ақауил әл-бурһанийаға» дайындық болып табылады. Ал енді төменде келетін бөлімдер оған көмекші бөлімдер саналмақ. Бұл білім нақтылық пен айқылдылықты қажет етіп, мұнда адасушылық және одан шығатын қате түсінік болмауы тиіс.
5. «Әл-ақауил әл-джәдәлийа» – жадалдік пайымдаулар, жадал өнерінің сипаты мен негіздерін қарастырады. Әдетте адам бұл білімді нақты емес пікірді нақты деп ойлап, өзін немесе өзгені сендіру мақсатында оған салмақты болжам жасау үшін қолданады және т.б.
6. «Әл-ақауил әс-суфиста’ийа» – софистикалық пайымдаулар, муғалата адамды адастыру, жолдан тайдыру, алдау, өтірік нәрсені шындық сияқты, ал шынды өтірік етіп иландыру өнері.
7. «Әл-ақауил әл-хатабийа» – риторикалық пайымдаулар, шешендік өнердің мақсаты қандай пікір болмасын, адамды соған сендіре алатын және адам айтқанын бүкпесіз қабылдайтын пайымдаулар. Айтылған хабар әлсіз немесе күшті болса да, сол пікірді растап беретін сөздер.
8. «Әл-ақауил әш-ши’рийа» – адам поэтикалық пайымдауларды қолданған кезде, оның бойын жиіркеніш сезімі пайда болады. Ол осы сезімінің арқасында оны көзімен көрмесе де жек көре бастайды, мүмкін болса оған жолаудан қашқақтайды. Поэтикалық пайымдаулардың құдіреті осы, деп ойын топшылайды ғалым. Мұсылман ойшылы ғылымдарды жіктеуде терең кеткені сонша, әрбір бөлімді келесі бөлімшелерге таратып зерделейді. Мысалы, жоғарыда аталған дәл сол поэтикалық пайымдаулар, «логика ғылымында қарастырылатын нәрселер арқылы көркемделіп, әсемделіп, дараланып және тамаша сәулеттеніп кетеді» деп оларды – силлогизм мен силлогистік өнерлердің түрлеріне бөледі. Кез келген жағдайда қандай да бір нәрсені анықтау үшін қолданылатын сөйлемдегі пайымдама түрлері бесеу:
– анық пайымдар;
– жорамал пайымдар:
– қате пайымдар;
– нанымды пайымдар;
– қиялдағы пайымдар.
Ғалым осы бес өнердің әрқайсысына мысал келтіріп, олардың өзіне ғана тән және бәріне бірдей ортақ нәрселер бар екенін дәлдеуге тырысады. «Ульум әт-та’алим» (математикалық ғылымдар): арифметика, геометрия, оптика, тәлімдік астрономия, музыка ғылымы, салмақ туралы ғылым, механика түрінде жеті бөлімге бөлінген бұл білімдердің әрқайсысы теориялық және қолданысқа байланысты бөлімдерге ие. Әл-Фараби аталмыш ғылымдар мен оның бөлімдерінің әрбіріне әдетінше жеке тоқтап, ашықтайды. Ертедегі грек ойшылдары сияқты жалпылама сипаттамайды. Мысалы, ғалым геометрия ғылымына қатысты: «Бұл ғылым барлық ғылымдардың құрамына кіреді. Ол сызықтарды, бедерлерді және геометриялық денелерді абсолюттік мағынасында зерттейді. Олардың формалары, мөлшері, тепе-теңдігі мен тепе-тең еместігі, сондай-ақ олардың орналасу түрлері, тәртібі және соларға тән барлық қасиеттері қарастырылады...». Евклидте де геометрия мен арифметиканың бастамалары «Әл-Устуқусат»18 деген еңбегінде ықшамдап көрсетілген. Мұнда екі жол қарастырылады: анализ жолы және синтез жолы. Негізінде грек ғалымдарының ішінде синтездеу әдісін қолданған Евклид .
Физика ғылымының бөлімдері Әл-Фараби ғылымдарды жіктеуде төртінші кезекті «Әл-’илм ат-таби’и уә әл-’илм әл-иләһи» деп атайды. «Әл-’илм ат-таби’и уә әл-’илм әл-иләһи» – физика және метафизика (теология ғылымдары): Физика табиғи денелерді және сол денелерге тән акциденцияларды қарастырады. Олардың құрамын, құрылымын және не үшін бар болатынын айқындайтын заттарды зерттейді. Фараби денелердің жасанды және табиғи болатынын айтады: «Жасанды денелер: мысалы, шыны, семсер, төсек. Жалпы, болмысы өнердің арқасында және адам еркінен шыққан нәрселер. Ал табиғи денелер – олардың болмысына өнердің және адам еркінің қатысы жоқ нәрселер. Мысалы, аспан, Жер және осы екеуінің арасындағылар, өсімдіктер және хайуанаттар». Осылайша, жаратылыс ғылымын әл-Фараби ірі сегіз бөлімге бөледі:
– Физика кітабы барлық қарапайым және күрделі табиғи денелерді біріктіретін нәрселердің негіздері мен олардан туындайтын акциденцияларды зерттейді.
– Қарапайым денелер мен олардың сандары, сфералар мен олардың бөліктері, олардың сандары, аспан мен материясы, біріккен денелерді қарапайым денелермен салыстыру, жай денелер мен біріккен денелердің жалпы принциптері, аспан мен әлем қарастырылады.
– Табиғи денелердің пайда болуы мен жоғалуы, олармен байланысты принциптер зерттеліп, болмыс және ыдырау кітабы осындай тақырыптарға арналған.
– Акциденциялардың негіздерін және күрделі элементтерден шығатын күрделі денелерді емес, тек элементтерді сипаттайтын енжар қабылдаулардың негіздерін зерттейді. Тастар мен кеніштерді зерттеу «қазба байлықтар» кітабында қарастырылған. Бұл тастар және олардың түрлері сияқты минералды денелер және минералды заттардың түрлері мен осылардың әрбір түрін сипаттайтын денелер. Өсімдік түрлері, олардың ерекшеліктері мен принциптері осы өсімдіктер кітабында зерттеледі. Әл-Фараби бұл бөлімді әр түрлі бөліктерден құралатын күрделі денелерді зерттейтін екі бөлімнің біріншісіне жатқызады; Жануарлардың түрлерін, ерекшеліктерін жалпы сипаттарын зерттеу кітабы. Ғалым бұл бөлімді әр текті бөліктерден тұратын күрделі денелерді зерттейтін екінші бөлім деп санаған. Сол себепті әл-Фарабидің жануарлар туралы және жан туралы кітабы осы мәселелерді қамтиды.
Метафизиканың үш бөлімі Ортағасыр ғалымы әл-Фарабидің жаратылыстану ғылымындағы «әл-’илм әл-иләһи» метафизикасы үш бөлімнен құралады:
А) Дүниегі заттардың онтологиясын және солар арқылы көрініс табатын басқа заттар зерттеледі.
B) Теориялық жеке ғылымдардың мысалы, логика, геометрия, арифметика және тағы басқа осы секілді т.б. ғылымдардың негізгі дәлелдемелерін зерттейді.
C) Дүниеде бар, бірақ материя емес және денеге жатпайтын әрі дененің мәні саналмайтын нәрселерді зерделеді. Құдай мен оның есімдері және Оның әлеммен қарым-қатынасы және сол сияқты т. б. мәселелерді сараптайтын бөлім – теология. Осында аталған бөлімдердің барлығы метафизика кітабында зерттеледі. Ғалымның пікірінше, иләһи ғылым дүниедегі Бірінші Себепкердің бар екенін дәлелдейді: «Иләһи ғылым дүниедегі барлық нәрселер болмыста Содан кейін келеді деп сипаттайды. Ол өзінен басқа кез келген нәрсеге болмыс беретін Бірінші болмыс; Ол өзінен басқа келген нәрсеге бірлік беретін Әуелгі Бірегей».
Ортағасыр ғалымы ғылымдарды жіктеу реттілігінде бесінші орынға «әл-’илм әл-мәдәни» азаматтық саясат ғылымын орналастырды. «Әл-’илм әл-мәдәни» (азаматық саясат ғылымы) – амалды жүзеге асыратын мінез-құлық пен сипаттарды анықтап, олардың адам бойында көрініс табуы тиіс ерекшелігіне сәйкес орналасуын, тұрақтауын зерттейді. Әл-Фарабише, қала тұрғындары мен халықтардың бақытқа жетуі үшін әділ басшы қажет. Басқару дұрыс болған уақытта қалалар мен халықтар арасында ізгі әрекеттер, мінезқұлықтар, қасиеттер мен қылықтар көрініс табады. Билікке осы нәрсеге қол жеткізу үшін өнер мен қабілет қажет. Ал азаматтық саясат ғылымы осы өнердің негізі. Азаматтық ғылымда тұлғаның, қоғамның да бақытты болуы бір тақырып аясында зерделенеді. Әл-Фараби Аристотельдегі сияқты, мораль өнерін саяси ғылыммен бірге қарастырды. Өйткені ғалымның айтуынша мораль өнері қала тұрғындары мен халықтар арасындағы азаматтардың бір-бірімен қарымқатынасы моральмен біте қайнасқан. Сондықтан да қалалар мен халықтарды зерттейтін азаматтық саясат ғылымын моральдан ажыратып қарау мүмкін емес.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет