3- Зертханалық жұмыс. Шартты операторлар және шартты операция Программалау барысында белгілі бір шарт аясында таңдау жасауға тура келетін тармақталу алгоритмдері шартты операторлар арқылы жүзеге асады. Жалпы тармақталу алгоритмдері екі түрде кездеседі, олар "таңдау" және "аттап өту" мүмкіндіктері болып бөлінеді.
"Таңдау" жолымен тармақталуда берілген шарт тексеріледі (2.1-сурет), егер ол шарт орындалса (орындалуы ақиқат болса), онда 1-амал жүзеге асырылып, содан кейін келесі 3-амалға көшеміз. Ал, егерде шарт орындалмаса, яғни оның орындалу мүмкіндігі жалған болса, онда 2-амал атқарылып, содан кейін 3-амал атқарылады. Сонымен, шарттың ақиқат немесе жалған болуына байланысты 1-амал немесе 2-амал орындалады.
"Аттап өту" (2.2-сурет) алгоритмінде шарт орындалмаса (жоқ), 1-амалды аттап өтіп, бірден 2-амалды, содан кейін 3-амалды орындаймыз. Ал шарт ақиқат болса, онда 1-амал міндетті түрде орындалып, одан кейін 2- және 3-амалдар жүзеге асырылады. Тармақталу кезеңінде шартты тексеру блогы орындалуы барысында, алгоритмнің екі мүмкіндігінің тек біреуі ғана таңдап алынып жүзеге асырылады да, ал екінші таңдап алынбаған тармақ біріктіру нүктесіне дейін орындалмай қалады. Енді осыған нақты мысалдар келтірейік.
Яғни тармақталған операторлар тізбегінен берілген шарт бойынша бір тармақтың нәтижесін алу үшін шартты операторлар қолданылады. Мұнда берілген шарт тексеріледі, егер ол ақиқат болса, онда бірінші оператор, ал жалған болса екінші оператор орындалады. Шартты операторлар if түйінді сөзінен басталады. Жалпы if шартты операторының толық түрінің жазылу формасы (2.1-сурет) келесідей:
if (шарт) 1-оператор; else 2-оператор; Ал енді аттап өту алгоритмін орындау кезінде оң жақтағы операторды жазбай кетуге болады (2.2-сурет). Бұл else бөлігі жазылмаған жағдайға сәйкес келеді, орындалатын 1-оператор ғана жазылып – шартты оператордың қысқаша түрі қолданылады. Операторды орындау барысында шарт мәні тексеріледі. Егер оның мәні «ақиқат» («иә») болса, онда 1-оператор орындалады. Егер шарт «жалған» («жоқ») болса, онда 1-оператор атталып өтіледі де, бірден 3-оператор атқарылады (2.2-сурет). Сонымен, if шартты операторының қысқаша түрінің жазылу формасы: