3 1-тарау. МӘнерлеп оқУ



бет49/126
Дата29.11.2022
өлшемі5,95 Mb.
#160312
1   ...   45   46   47   48   49   50   51   52   ...   126
Байланысты:
Мәнерлеп оқу КІТАП

3.4. Жұмбақтар

Жұмбақтар және оның шешімін айту баланың ақыл есін дамытады, ойын шынықтыра түседі. Ойлауға, ойлаған ісінің үдесіне шығуға жаттықтырады. Жұмбақтардың шешімін табу баланың зейін ықыласын арттырады. Әр нәрсенің себебін іздестіріп табуға үйретеді. Жұмбақтар құпиясы баланы қызықтырып, әсерлендіре түседі, шешімін айтқызуға мәжбүр етеді. Баланың ұшқыр ойын іске – әрекетке қарай баулиды. Ой-санасының қызмет етуіне серпін береді. Жұмбақтар – жас буынның ақыл-есін дамытуға, шынықтыра беруге арналған халықтың ойлап тапқан асыл мұрасы.


Жұмбақты шешу үшін баланың айналадағы қоршаған өмір жайлы белгілі түсінігі, бақылауы, бір затты екінші бір затпен салыстыратындай, ұқсастығы мен айырымын байқайтындай түсінігі, тәжірибесі болуы тиіс.
Сондықтан тәрбиеші жұмбақты таңдағанда, оның бала түсінігіне сай келетінін ғана алады:
Қорада жаздай тұрады,
Далаға қыста шығады.
(Шана)

Бар екен он жұмысшы,


Бәрі де оңды күшті
(Он саусақ)

Өткірмін
Кескенді құп көрем.


Дем алсам,
Белімнен бүктелем.
(Бәкі)

Таң атқанша үй төбесіне бір уыс тары шаштым.


Таң атқан соң, жинап алдым.
(Жұлдыз)

Қап-қарамын,


Тәп-тәттімін.
Бетіңді талай сатпақ қылдым.
(Шоколад)

Жұмбақты балалардың көз алдында өтіп жататын нақты құбылыстарды байқауға жаттықтыру үшін де пайдалануға болады. Айталық қыс жайында:


Мамықтай ұлпа,
Қанттай ақ.
Қыста жер бетін басады
Жазда сайға қашады.
(Қар)

Аппақ-аппақ ақ мамық,


Жерде жатыр тапталып.
(Қар)

Көк жастығым сөгілді,


Ішінен мамық төгілді.
(Қар)

Аулада үйіліп жатыр,


Үйде құйылып жатыр.
(Мұз)

Шымшып алады қолсыз,


Сырғанақ жоқ онсыз.
(Аяз)

Сондай-ақ, табиғат құбылыстарын, жыл мезгілін байқатуға да жұмбақтарды пайдалну қажет.


Төбемізден төнеді,


Төбемізден төгеді.
Табиғаттың маржаны,
Тіпті неткен көп еді!
Табанымды жаралап,
Тердім жарды жағалап,
Тізер едім моншақ қып,
Еритіні жаман-ақ!
(Бұршақ)

Жардай дәулер соғысты,


Жарқ-жұрқ етіп оқ ұшты.
(Бұлт пен найзағай)

Көк кесенің түбінде, көп-көп алтын шашу жатыр.


Төңкеріліп төбеңде, ол көк кесе ашық жатыр.
(Түнгі аспан)

Сәулесімен күлдірген,


Көкке жүзін сүйдірген.
(Күн)

Сансыз менің малым бар,


Санап қана алыңдар.
Түнде ғана жаямын,
Күндіз қамап қоямын.
(Жұлдыз)

Әлемде қос аққу бар кідірмейтін,


Қанша ұшсын шаршағаны білінбетін.
Бір-бірін армандаған серік еді,
Екеуі екі мезгіл көрінеді.
(Ай мен Күн)

Жеті қыздай ай сұлу,


Бірден асқан қай сұлу?
Түнде серуен құрамыз,
Күндіз үйде тұрамыз
(Үркер)

Аяғы жоқ, қолы жоқ


Өзі сурет салады
(Аяз)

Жылыды көкте қайта күн,


Өргізді жерде көктерін.
«Егемін егін енді» деп,
Ұшырар диқан кептерін.
Бұл қай мезгіл?
(Көктем)

Сары алтын жерге шашылды,


Көктен күн жылу қашырды.
Қарағай - қыздар әзілкеш,
Ұйқыға қайта бас ұрды.
Бұл қай мезгіл?
(Күз)

Тәрбиеші жүргізетін сабағына байланысты жұмбақты баланың жас ерекшелігіне қарай олардың түсінігіне сай таңдап, өзі жатқа айтып, жетекші сұрақтарын жазып қойып, содан кейін балаға жұмбақтың шешуін тапқызып, оны түсіндіруін белгілеп алулары міндет.


Академик Мұхтар Омарқан ұлы Әуезов қазақтың әдет-ғұрып салтында, искусствосында жұмбақтың да ерекше орын алғанын айта келіп: «кейде бүкіл бір ертек жұмбақтан туады. Әңгімелі жыр, дастан атаулының талайының жұмбаққа соғып кететіні болады. Ертеде ердің даналығын, жүйріктігін жұмбақпен сынау машық болған», - дейді.
Жұмбақтар өмірде кездесетін, шаруашылық кәсіпке байланысты, тіршілік тірекке тиянақ болатын, адам көңілін аударатын қажетті заттардың бәрін қамтиды. Бәрін де алғаш жұмбақ етіп, соның сыр-сипатын, құпиясын ашып беруді қажет етеді. Бұл - іске, әрекетке баулудың, соған қызықтыра түсудің бір тәсілі.
Жұмбақтар баланы байқағыштық, әрнәрсеге зер салғыштық, ой-қиялға шоматын, ойландыратын жаққа қарай баулиды, жас буынға мұның ең пайдалы жақтары осында.
Жұмбақтардың айтылуы, сөз құрамы, әдемі ұйқасы, құрылысы, жинақтылығы, аз сөзбен көп нәрсені қамтитыны да балаға көп әсер береді.
Ойын жинақты, ықшам айтуға үйретеді. Сөзуар мылжың болудан, пәтуасыздықтан аулақтата береді.
Жұмбақтарда көбен көріп, қолмен ұстап, қажетіне асырып жүрген өз айналасындағы заттарды жұмбақтап айтудан, алғаш жеңіл-желпіден бастайды. Қыз-бозбала жиналып, ойын-сауықтарда ойларының жүйріктігі мен тапқырлығын сынға салады. Жұмбақ шешімін тез табуға асығып, қызыға түседі. Айтылған жұмбақты тез шеше алмағандарын қызартып ұялтады. Оған тағы да басқа жұмбақ жасырады. Жұмбақты тез шешкендерін мақтап, топ алдында оған сый құрмет көрсетеді. Жақсы қыз, жақсы жігіт атандырады.
«Қара сиырым қарап тұр, қызыл сиырым жалап тұр» - дегенге кейбіреулері шешімін тез айта алмай, жолдастары алдында қатты қысылып, терлеп-тепшіп абыржып қалады. Күнде көріп біліп жүрсе де соған зер салмайтынына, пайымдамайтынына қиналады. Көре жүріп ойланбайтынына өз-өзін кейді. Жұмбақтың мұндай сыры ақыл-ес тәрбиесінің жаттығуына жасалған халықтың ойлап тапқан асыл мұрасы делінеді. Бұл жұмбақтың шешімі «Қазан мен от» дегенде ғана, тіпті, оңай екен ғой деп өз ойының шама-шарқы тым тайыз екеніне, соны да шеше алмағанына пұшайман болады. «Осындай тағы біреуін айт, оны шеше алмасам болмағаным» - деп енді намысқа тырысады. Өмірден көріп білгенін топшылауға, соның нәтижесін көруге өзін-өзі қамшылай түседі. Мұнда баланы ұрмай-соқпай тәрбиелеудің, ақылға көндірудің бірден бір дұрыс бағыты, жақсы әдісі бар. Баланы ақыл парасатына қарай баули береді де, жастықтың даңғойлығынан арылта түседі.
Бірінші жұмбақты шеше алмай өкінішті болған балаға енді өзінің өтініші бойынша екінші жұмбақ айтып та сынап көреді. «Айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» - бұл не дейді. Әрине, жұмбақ шешімі бірден бірге қиындай бермек. Мұның шешімі де ойлануды, көріп-білген тәжірибенің барлығын қажет етеді. Өмір тіршілігіне араласы жоқ, «алма піс, аузыма түс» деп отыратын әрекеті жоқ, күйрек адамдар шеше алмайды. Жұмбақ құпиясының қызығы да, шыжығы да осында. «Айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» бұған ұқсас не бар деп дал болады. Қапелімде ойға түсу қиын-ақ, Мұның шешімі жұмыртқа екенін бірден айтып салу жас буынға оңай түспейді. Көбірек ойлануға міндеттейді. Тым алысқа бармай-ақ, жұмбақ шешімін қиындатпай-ақ, тіпті баланың өз мүшесінен құрастырып айтса да кейбіреулер осының байыбына бара алмайды. Тереңіне үңіле бермейді. «Қатар-қатар тас қойдым, жирен атты бос қойдым» дегенде осының шешімі «тіс пен тіл» екенін айта алмай қатты қысылады. Бірақ мұның өзі оң мен солын танымаған жас буынға зиянды нәрсе. Олардың өмірден көргені мен білгені аз, тәжірибесі жоқ. Олар осындайды естіп білу арқылы ғана өз ойларын шыңдай түседі. Балалар үшін жұмбақтың пайдасы сол.
Жұмбақтағы терең ой, терең мағанамен қатар ондағы көркемдік шеберлігі қиыннан қиыстырып келтіріледі. Бір затты екінші бір заттың түр-түсіне балап, салыстырып айту, соған қиыстыра білу, ұқсастығын тауып көрсете алу, ойдың ұшқырлығы мен зеректігін танытады. Баланы да қызықтыратын осы жағы.
«Ақ сандығым ашылды, ішінен жібек шашылды» - деп бұлттан шыққан күннің көзін ақ жібекке, бұлтты ақ сандыққа балап, соның толық мазмұнын аңғартатын адам сүйсінерлік әсерлі сөздерді іздеп табады.
Жұмбақтың шарты тек қана соның не екенін тауып айтуды ғана көздемейді, сонымен қатар бір-біріне баламалап айтылған екі заттың екеуінің де жаңашылық өзгешілігін, ұқсастығын байқауға үйретеді. Бір заттың не артық, не кемшілігін таныту үшін оны сол сияқты екінші бір затқа не теңеп, не балап салыстырып көрсете алуда үлкен шеберлікті, айтқыштық өнердің жетілген түрін байқатады.
Баланың ой көлемі кеңейіп, шыныққан сайын жас ерекшелігі мен білім ерекшелігіне қарай жұмбақтардың да шешімі қиындалып, мағынасы тереңдеп, бірден бірге күрделене береді. Жас, кәрінің ой өрісі мен білім көлеміне қарай әркімге лайықтала, өлшене айтылатын жұмбақтардың алуан түрі кездеседі. Жұмбақтың күрделенген түрі өлеңмен айтылады.

Бірнәрсе білмегенді білдіреді,


Өзіңді тұрсаң қарап күлдіреді.
Жалғанда әңгімесі сондай қызық
Жаныңды тыңдай берсең кіргізеді, -
деп, кітаптың пайдалы жақтарын айтып, оның не екенін оймен шешуге міндеттейді. Жұмбақты айтумен қатар, соған ынтықтырып, өнер-білімге үгіттеу де бар. Жұмбақтағанда сол заттың сыр-сипатын, түс-таңбасын, сапалық ерекшеліктерін, пайдалы жақтарын қажетті екенін түгел қамтиды.
Жұмбақтың балаларға тағы бір пайдалы жағы өз бойындағы құпияны шештіру, айтқызу арқылы оларға өмір танытады. Айнала төңіректе болып жатқан түрлі құбылысқа зер салуға, соның себебін іздестіруге үйретеді. Қайнаған өмірге араласып кетуге қол бұлғайды, соған қызықтыра, асыға шақырады. Осындай өзгешеліктері болғандықтан балалар жұмбақты құмарта тыңдайды. Соның шешімін өз жолдастарынан бұрынырақ табам деп өзін өзі іске, әрекетке, терең ойға, қабілеттілікке жұмылдыра түседі. Алғаш жұмбақ шешімін таба алмай біраз қиналатын болса да, соңынан оның қиын сырына жаттығып кетеді. Өзі де көрген-білгенін жұмбақ етіп айтуға, сол арқылы өз жолдасының қабілеттілігін арттыруға жәрдемдесіп, іскерлікке, ой қызметінің шеберлігіне төселе береді.

Ат басты,


Арқар мүйізді,
Бөрі кеуделі,
Бөкен санды, -

деп те айтылатын жұмбақтар бар. Жұмбақталған заттың барлық сипаты атқа да, арқарға да, бөрі мен бөкенге де баланып айтылып жатыр. Осы сипаттың барлығы да бір нәрседе болуға тиісті. Бала көп нәрсені көз алдына елестетіп, еске түсіреді, ойланады. Көп затта бар ұқсастықтарды, осы ерекшеліктерді бір нәрседен ғана табу керек. Оның жұмбақталған құпиясы осында деп біледі, ізденеді. Ұзақ ойланып, көп толғанған соң ғана осы өзгешеліктердің, осы тұлғалардың бәрі де жалғыз ғана шегірткеден табылғанына таң қалады.


Осының бәрін жинақтап, жұмбақтап айтуда да шеберлік бар. Көпті көрген, көп нәтсені ойға түйген байқағыштық қабілеті күшті адамдар ғана мұндайды жұмбақ етіп бере алады. Кейде жұмбақ айтушы кісі де бұдан да қызықтыра түсу үшін түс таңбасы белгісіз, қайдағы еске түспейтін, қаперіңе келмейтін жәйттерді көз алдында тұрған затты ойланып таба алмағанына пұшайман боласың. «Қуып едім, мойын бұрмады, ұстайын деп едім қолға тұрмады», - дейді. Бұл жаңағыдан да қиын. Қиын болатыны мұнда түс те, таңба да жоқ. Тіпті, белгісіз зат сияқты. Бұл жұмбақтың шешімі «көлеңке», дегенде ғана ғажап екен деп, таң қаласың. Түс таңбасы айтылмайтын жұмбақтардың күрделенген түрі бұдан да қызық, бұдан да әсерлі түрде айтыла береді. Жастардың ойлау қабілеттілігін шыңдай түседі.

Құлағы мен көзі жоқ,


Жоқ, тіпті, қол мен аяғы,
Бірақ, ғажап өнерпаз
Мәнерлеп ою ояды.

Айтылуда ешқандай түс-таңбасы жоқ мұндай өнерпазды бірден табу да сондай қиын. Мұның шешімі «Қырау» дегенде ғана тәжірибелі адамдардың көрген-білгенін өмірді танытарлықтай етіп, соншалық шебер айта білетініне жастар риза болады.


Жұмбақ – балалардың ойлау қабілеттілігін арттыра түсумен бірге, олардың көрген-білген нәрселерінің бәріне де ой жүгіртіп, себептерін, өзгешеліктерін айырып, ұқсастықтарын салыстырып, оны сондай бір екінші затқа теңеп отыратындай шеберлікке үйрету үшін қолданылған халықтың шебер, тапқыштық құралы болғанын білеміз. Бала тәрбиелеуде халықтың тапқырлығы мен даналығы осындай мұрасынан көрінеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   45   46   47   48   49   50   51   52   ...   126




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет