«№3 Қабанбай орта мектебі мектеп жасына дейінгі шағын орталыға бар» коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Ғылими зерттеу жұмысы:
Біржан-Сара айтысы болмаған ба?
Қазақ тілі пен әдебиет пәнінің мұғалімі:
Төлеуханова Сажида Қанатқызы
2015 жыл
Елді аузына қаратқан Біржан-Сара айтысына мектепте бірсыдыртып қана тоқталғаннан болар, сөз сайысының, шындығында, өмірде болғандығына сенетінбіз. Жақында «Абай» журналының 1992 жылғы №3 нөмірін оқып отырып, Мұхтар Әуезовтің бұл айтыс үлгісін Абайдың ақын шәкірті Әріптің шығарғандығы туралы мақаласын оқып, таңғалдым. Не де болса, тарихи шындыққа көз жеткізбек мақсатта айтысты оқып шығып, ол туралы жазылған зерттеулерді ақтаруды жөн көрдім.
Әдебиет тарихын зерттеген ғалымдардың басым бөлігі бұл тақырыпты айналып өтпеген. «Анау айтыпты, мынау былай жазыпты» дегеннен гөрі, айтысты басынан аяғына дейін оқып шыққан адам мәселенің ақ-қарасына өзі-ақ көз жеткізеді. Мұхтар Омарханұлы «Абайдың туысы мен өмірі» атты мақаласында Абай өлеңге қатаң талап қойғандықтан, шәкірттерін қатты сынап, міндерін өлеңге қосып та жібергендігін айтады:
«Мәселен, Көкбай, Әріп, Шәкерім үшеуінің үш түрлі өлеңдерін еске алып:
Хат жаздым Әзірет Әлі айдаһарсыз,
Бізде жоқ алтын иек, сары ала қыз.
Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,
Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз, - дейді. ...Алғашқы жолдағы - «Әзірет Әлі айдаһарды» Көкбайдың қыса жазғыш болғандығын айтты. «Алтын иек, сары ала қыз» деп сыбан Әріп деген ақын «Зияда» деген қысасында сұлу қызды сипаттаймын деп, иегі алтын, көзі гәуһар деп мақтауын асырып, түсіне қарамай, асыл тастарды сынай берсе керек. Соған айтылған. Соңғы екі ауыз кәрілікті жамандап айтқан Шәкерім өлеңіне арналған.
Осы сөздер ақындардың барлығына да ауыр тиген шығар. Бірақ іштерінде, әсіресе Әріп қатты намыс қылып кектеніп, Абайдан есесін қайырмақ болып, «Біржан-Сараның айтысын» шығарған. Сонда Сара айтты қылып Абайдағы кегін, шынымен-ақ, алғандай болады. Біржан-Сара Әріпке, әшейін ойдан шығарған «геройлар» есепті ғана керек. Сондықтан Біржанның арғын емес, керей екенін де ескермеген. Мүмкін, ол кезде Біржанның руын білмеген де шығар».
Айтыстан арғын мен найманның рулық сөз қағысы көрініп тұр. Әсіресе айтыстағы Сараның сөздерінен тобықтының ірі тұлғалары Құнанбай мен Абайға қатты наразы екендігін байқаймыз. Сара, айтыста аталғандай, қаптағай руынан емес, матайдың кенже деген тармағынан. Ал айтыста Сара бірыңғай сыбаннан шыққан 17 ақын мен беделді би-болыстарын, Жарма өңіріне мәшһүр адамдарының есімдерін жіпке тізгендей айтып береді. Абайтанушы Қайым Мұхамедханұлы «Абайдың ақын шәкірттері» атты кітабында Жетісудың 18 жастағы қызы қанша жерден «шежіреші» десек те, сыбанның адамдарын білуі қиын дейді. Қайым атаның:«Лепсі, Зайсан, Семей уездеріне қарайтын қаракерейдің белгілі адамдарының аты аталмай қалғандары жоқ. Осылардың бәрі матай қызы Сараның аузынан мақталады. Ал матайдың бұлар қатарлы атақты адамдары, мысалы, Бұғыбай батыр, Жапалақ би, Садыр Сиқымбай, Қызай балапан би тағы басқалар Сараның аузына да алынбай қалады. Сол сияқты «қаракерей ақыны Түбекпен Маман алдында үш күн, үш түн айтысқан» дейтін матайдың атақты ақыны Толғанбай да Сараның аузына алынбай қалған», - деген сөзінде көре білгенге астарлы ақиқат жатыр. Б.Ердембеков те аты аталған адамдардың Сараға емес, Әріпке туыс, жерлес екендігін және олардың беделін Әріптің жақсы білгендігін айтады (Бауыржан Ердембеков «...Бұл өлең шыққан екен бірталайдан» /«Біржан-Сара айтысын» зерттеудегі көкейкесті мәселелер/. Мақаланың толық нұсқасын газетіміздің сайтынан оқи аласыздар).
Бауыржан ЕРДЕМБЕКОВ, филология ғылымының докторы, Абайдың ақындық ортасын зерттеуші:
- Айтыстың толық нұсқасы деп танылып жүрген 1899 жылғы Зайсан нұсқасын негізге алсақ, Әріп Біржан мен Сараның кездесуін, ондағы өлең-сөздерін арқау ете отырып, айтысты белгілі бір сюжеттік желіске құрылған көркем шығарма етіп жазған. Біржанның Ешкіөлмеске келуі, Сараның шешесімен, сіңлісімен айтысуы, найман мен арғын, дәлірек айтқанда, Әріпке жақын тақырып - сыбан-тобықты арасындағы тартысты Сараның бас бостандығы сияқты тақырыпқа ұштастырып әкеп, әдемі сюжеттік желіс құрауы Әріптің толық авторлық құқығын айқындайды.
«Біржан - Сара айтысының» Әріп Тәңірбергенұлы қолынан туған көркем туынды екендігін қуаттайтын негізгі деген мәселелер:
- «Біржан - Сара айтысын» Әріп жазған деген пікірлер төңкеріске дейін және одан кейінгі 30-жылдардың аяғына дейін талассыз түрде айтылып келді; - айтыстың көркем шығармаға тән белгілерін атасақ, біріншіден, айтыс бас-аяғы жинақы, оқиғасы бар, белгілі сюжетке құрылған, екіншіден, жері шалғай екі өңір ақындарының сөз саптауы, өлең құрулары, бүгінгі тілмен айтқанда, стилі бір. Осындай көркемдігі мінсіз айтыс құру үшін үлкен айтыс ақыны болу шарт. Ал Біржан, ең алдымен, айтыс ақыны емес, Сараның да бізге жеткен айтыстары мұндай көркемдік биіктен көрінбейді;
- айтыста өзін арғынмын деген Біржан - арғын емес, керей руынан. Сара да, айтыста аталғандай, қаптағай руынан емес. Сара матайдағы кенже деген елдің тастемір деген аз ғана руынан шыққан. Өз руының атынан сөйлемеу - айтысқа, жалпы, ақындар табиғатына жат нәрсе. Қалай десек те, Біржанды - арғын, Сараны қаптағай етіп отырған - Әріп;
- айтыс арғын мен найман, оның ішінде матай ақындарының арасында болды деген күнде де, екі ақынның ру жағын сөз еткенде тобықты мен сыбанға ауып кетуі - тағы да Әріптің көркем туындының тартысына ыңғайлаған әдісі;
- айтыстағы Абай мен Құнанбайға қатысты сөздер тағы да Әріпке қатысты. Әріптің «Зияда-Шаһмұрат» қиссасының Абай тарапынан сыналуы, Әріп соны кек көріп (бұл арада өнер адамдарының арасындағы шәкірттің ұстазға деген арты жоқ ашуы деп ұққан жөн), айтысқа Абайды жамандаған сөздер қосады. Бұл туралы Тұрағұл Абайұлының естелігінде де айтылған. Қуанышбай ақынмен айтысында да Әріп бұл құбылысты мойнына ала жауап қайырған.
Ақиқатты ақтарамын деген адамға Қайым атаның кітабында дәлел жетерлік. Көзкөрген адамдардың нақты пікірі көңілімізді көншітеді. Әріпті көрген атақты халық ақыны Нұрлыбек Баймұратов естелігінде Семейде Абайдың ұлы Тұрағұл үйге Көкбай, Әріптер келді деген соң, солармен танысуға барып, қонақтардың ішіндегі Қаныштың ағасы Әбікей Сәтпаев Әріптен «Біржан-Сара айтысын» сіз шығардыңыз ба?» деп сұрағандығын айтыпты. Сонда Әріп: «Иә, бұл айтысты бірер себеппен мен жазып едім. Бұл сөзде қанша кінәнің бар екенін өзім де білмеймін, әйтеуір, «Біржан - Сара айтысы» деп жаздым», - деген екен.
Бұл айтысты барынша зерттеген Ілияс Жансүгіровтің жасы елулердегі Сарамен кездесіп, арнайы сұрағанында: «Оны шығарып жүрген Әріп қу ғой», - дегені де бар.
1936 жылы Жамбылдың мерекесін тойлауға Алматыға келген халық ақындарының бір отырыста айтысты сөз қылғанын Сәду Машақовтың естелігінен байқадық. Сонда Ілияс: «Айтыс ақындары қолма-қол суырып салып айтады. Ал бірден мұндай мазмұнды, көркем өлең шықпайды. Бұл көп ойланып, толғанып жазған бір ақынның ғана өлеңі болуы керек», - деген екен.
ТҮЙІН
Тарих бетінде көркем сюжетті шығарма болып қалған «Біржан-Сара айтысын» жазып, Абайдың сынауымен құнды мұра қалдырған Әріп Тәңірбергенұлына ұрпақтың алғыстан басқа айтары жоқ. Әріп тек Біржан мен Сараны ғана сөз қағыстыртып қоймай, «Тәуке мен Ұрқия айтысы» сынды қазынаны шығарып, қазақ әдебиетінің тозбайтын жауһарына айналдырды. Әрине, ауадан алынған ақпар емес, расында, тарихта болған Біржан сал мен ақын Сараның кездесуінен туған түйткілді ой еді. Жиенқұлдай жаманға айттырылған Сараның тағдырына алаңдаған Біржанның әдейілеп Жетісуға іздеп барып, Тұрысбек қажыға арыз айтқанын Сара Тастанбекқызының өмірін терең зерттеген Т.Қалилаханов тәптіштеп жазған. Демек, Біржан мен Сара арасындағы әңгіме тарихта болған, Біржан мен Сара бір-біріне қаншама өлең арнағанына қарап, бұл айтысқа негізгі тұлғалардың да үлесі бар екендігін ұмытпаған жөн. Арнайы сөз қағыстырып айтыспаса да, өмірде болған кездесуді қағаз бетіне түсіруді, қоғамның әйел затымен санаспайтын мәселесін өрнектеуді қолға алған Әріп ақынның еңбегі ерлікке татиды. Ол - шындық.
Жадыра Жұмакүлбаева
...Бұл өлең шыққан екен бірталайдан
(«Біржан-Сара айтысын» зерттеудегі көкейкесті мәселелер)
«Бiржан-Сара айтысының» ақиқатын анықтау ғасырға жуық уақытты ұттырған-ды. Олай дейтiнiмiз - қазақ әдебиетiнде бұл туындыға пiкiр бiлдiрмеген әдебиеттанушы кемде-кем десек, ұзақ-сонарға созылған пiкiрлер, ойлар, дәлелдеулер, шешiмдер тiзбектелгенмен, аталмыш айтыс әлi күнге ақырғы нүктесiне жетпедi. Алдымен дау екiге жарылды: бiрi - айтыс болған, екiншiсi - айтысты шығарушы Ә.Тәңiрбергенұлы. Келе-келе осы екi пiкiрден үшiншi бiр тұжырым туындады: Сара мен Бiржан кездесiп айтысқан, бiрақ айтыс сол қалпында сақталмай, кейiннен Әрiп ақын осы айтысты өзiнше жырлаған.
Өткен ғасырдың басынан бастап осы өнер туындысы жайында пiкiр бiлдiрмеген зерттеушi, әдебиетшiлер кемде-кем. Басы Жамбыл ақыннан бастап Қ.Жансүгiров, М.Әуезов, С.Мұқанов, С.Машақов, Қ.Мұхамедханов, Н.Баймұратов, Т.Қалилаханов, С.Қайнарбаев, Ө.Есназаров, Ш.Ахметов, Е.Ысмайлов, М.Имашев, Н.Айтов тағы басқа әдебиет қайраткерлерi айтысқа қатысты әр ұдай пiкiрлер бiлдiргенi белгiлi. Бiз бұл арада ол пiкiрлердi талдап оларға баға берудi мақсат етпедiк. Бұл жайында «Әріп ақын» атты монографиямда (Алматы: «Информ-Арна», 2001) жан-жақты тоқталғанмын.
«Бiржан-Сара айтысының» жылдар бойы (әсiресе, тарихи деректердiң шиеленiскен соңғы жылдарда) зерттелу сүрлеуiн сүзген адамға көзге бадырайып байқалатын бiр нәрсенi айта кетуiмiз керек. Айтысқа байланысты екiге жарылған, бiр-бiрiн жоққа шығарар кереғар дәлел-деректер келтiрiп жүрген зерттеушiлердiң ғылыми пiкiрлерi ұдайы бiржақтылықтан құтыла алмай келедi. Мәселен, айтысты «болды» деп дәлелдеушi ғалымдар «Әрiп шығарды» деген дәлдi деректерге тоқталмай, айналсоқтап кетедi. Ал, Әрiптiң авторлығын қуаттайтындар Бiржан мен Сараның кездесiп, айтысқанын беретiн фактiлерге көзжұмбайлық танытады. Қысқасы, әркiм өзi айтқан пiкiрлерiн күйттеуден әрi аспайды. Аталмыш айтыстың әлi күнге нақты бiр тоқтамға келмей, бiрiн-бiрi жоққа шығарған дау-дамайдың өрши түсуiнiң негiзгi себебi де осында. Сондықтан да, ғасырға созылған әдеби даудың әдiлдiгiне жету үшiн, әркiм өз пiкiрiн қорғап, қолдағаннан гөрi, айтыс турасындағы дәлдi фактiлер мен тарихи деректердi жан-жақты салғастыра қарап, ортақ бiр тұжырымға келген жөн.
Аталмыш айтыстың тыныс-тылсымына үңiлсек, әлi көптеген жайлардың көлеңкелi жақтары көрiнiс берiп жатыр. Сондықтан да, «Бiржан - Сара айтысының» табиғатын тануда осындай көкейкестi мәселелердiң тамырын басып, оған Әрiп ақынның тiкелей қатыстылығын дәлелдеу мақсатында өз ойымызды ортаға салуды қажет iс деп санадық.
«Бiржан-Сара» туралы даудың ушығып, тарихи деректердiң өзi бiрiн-бiрi жоққа шығарып, қайшылыққа ұрынып жатқанын есте ұстай отырып, бiз бұл арада, анау атты, мынау айтты деген көнекөз қариялардан, Сараны, Бiржанды, Әрiптi көзi көрдi дегендерден жиналған нақты тарихи дәлелдерсiз естелiк, әңгiмелердi келтiруден бойымызды алшақ ұстадық. Сондай-ақ, айтыс жайында бүгiнгi күнге дейiн айтылып, ұдайы қарама-қарсылықтан құтыла алмай келе жатқан ғалымдарымыздың, зерттеушiлерiмiздiң, және жалпы әдебиет маңында жүргендердiң ой-пiкiрлерiне жығыла жүгiнбей, айтыс ақиқатын айтыстың өзiнен, сондай-ақ, «Бiржан-Сара айтысына» қатысты айтылған ақындардың мұраларынан, дәлiрек айтқанда өлең-жырларынан табуға тырыстық.
«Айтыс» болды деушiлер алдымен Сараны 1878 жылы туғызып, артынан 1854 жылға iлгерiлеттi, «айтыс» уақытын да 1895-тен 1871-жылға ауыстырды. Сонымен, «Төребай мен Сара айтысы» сынды тарихи дерек ақын Сараның бiр емес екi өлеңдер жинағындағы «Сара 1878 жылы туды, 1895 жылы Бiржанмен айтысты»,- деген деректердi жоққа шығарды (қараңыз: Тастанбекқызы С.Тордағы тоты. - Алматы: Жазушы, 1980. -120 бет., Ақын Сара. -Алматы: Жазушы, 1985.-144 бет). Көп жылдар бойы тiрi куәлардың естелiктерiн жиып, Сара өмiрiн сарыла iздеген Т.Қалилаханов пен С.Қайнарбаевтың еңбектерiндегi Сара өмiрi жайындағы, Бiржанмен 1895 жылдары айтысы жөнiндегi деректер жалған болып шықты. 1977 жылы жарық көрген Қазақ совет энциклопедиясындағы «Сара 1878 жылы туып, 1916 жылы өлген»,- деген дерек, кейiнгi -1989 жылғы Қазақ ССР қысқаша энциклопедиясында «1853-1907 жылдары өмiр сүрген»,- деген деректермен ауыстырылды. Демек, тарихи дерекке саналатын «Төребай мен Сара айтысы» Сара өмiрiнiң ақиқатын танытқандай болды дегенiмiзбен, тарихи тармақтар шешiлудiң орнына шиырлана түстi. Төребаймен айтысында Сараның:
Қырықтың сегiзiне жасым келдi,
Екпiнiм өзге ақыннан басым келдi,-
деген сөздерi оның өз өлеңдерiндегi:
Мүшелге отыз жетi ажал жетiп,
Таусылып ырыздығым, бiттi демiм.
немесе:
Дүниеге келiп-кетер әркiм қонақ,
Солардың бiреуi мен өмiрi шолақ,-
деген тарихи тармақтармен бiр-бiрiне қайшы келiп жатыр.
Ендi мына бiр өлең жолдарына үңiлейiк. Бiржан мен Сараның кездесуiне куәгер болған ақындардың бiрi:
Таңырқап жұрт тыңдаған сол Бiржан сал,
Ол күнде алпыстарға тақаған шал.
Қарасұр адам едi онша өңдi емес
Қыр мұрын, түлкi мұртты шоқша сақал,-
деген өлең жолдары, сондай-ақ, Бiржанның Сарамен кездескендегi өлеңiнен ел аузында қалған:
Мiнекей жасым асты елу бестен,
Өткiздiк сауық-сайран мен бiр десте.
Найманға келiп сәлем берейiн деп
Елiңдi iздеп келдiм Ешкiөлмеске.
Сөзiме қалың Матай құлағың сал,
Бұл күнде жасым озған жай бiр мен шал.
Бұрылдым танысқалы ұзын жолдан
Келгем жоқ олжа сұрай, алуға мал,-
деген (қараңыз: Қалилаханов Т. Ақын Сара туралы соны деректер //Жұлдыз, 1958. №4) өлең жолдар Сара мен Бiржанның кездескен уақытын күрмелей түседi.
Осы өлең жолдарындағы қайшылықтардан қашып, бiр туындының салмағын арттырып, екiншiсiне келгенде үстiрттiкке басып, көзжұмбайлық танытқанымыз - өлең мұрасына қиянат. Демек, келтірген тармақтардағы қайшылықтар Сара өмiрiнiң және айтыстың болған уақытының әлi ақырына жетiп анықтала қоймағандығын аңғартады. Әйтеуiр, әдеби дауды тоқтату үшiн бiр жағына қисая кету ғылым үшiн қажетсiз құбылыс.
Бiржанның Жетiсуда болғанына оның «Талай заман», «Жетiсу» өлеңдерi куә. Сондай-ақ, Бiржанның «Мұра» атты өлеңiндегi:
Бәйге алдым жiгiттiке өлең-жырдан
Асырдым асқақ әндi алты қырдан
Кешегi қырық жетi кәмiл жаста,
Өнермен әрбiр iске құлаш ұрғам.
Салдым мен ою-өрнек асыл жырдан,
Тайдырмай аяғымды жалғыз қылдан
Кездесiп Наймандағы Сара қызбен
Өзiмдi айтыстырып, қисса қылғам,-
деген (Сүлейменов Т. Бiржан мен Сара қашан кездескен? //Еңбек таңы. 1989 №7) жолдардағы Салдың «айтыстым» демей, «өзiмдi айтыстырып, қисса қылғам» деуi тек ұйқас үшiн айтылған сөздер ме? Осы арада айтыстың қисса болып жазылуын Бiржан өзi меңзеп тұр.
«Айтыс Әрiптiкi, Бiржан мен Сара айтыспаған» деген тарихи деректiң бiрi - «Әрiп пен Қуанышбайдың айтысы». Осы айтыстың мына бiр тұстарына назар салайық. Қуанышбай:
Әрiпке сәлем айттым үш қайтара,
Айтысты деп оттапсың Бiржан - Сара,-
деп шүйiледi, Бiржан-Сара айтысында Сара аузымен жамандалған Құнанбай мен Абайды ақтап сөйлейдi. Ғылым академиясы кiтапханасының қолжазбалар қорындағы Ф.Ғабитова тапсырған нұсқада жоқ (қараңыз: Қуанышбай ақынның Әрiпке шығарған өлеңi. ҚРҰҒА ОҒКҚ. 463- бума) тек Семей қаласындағы Абайдың мемлекеттiк мұражайының қолжазбалар қорына Ғаббас Шөкiмұлының тапсырған нұсқасында бiраз нәрсенiң басын аша түсетiн Әрiптiң жауабында мынандай шумақ кездеседi:
Адамнан артық туған Сара саңлақ,
Сарадай оңай емес ақын болмақ.
Өнерi қашан кем едi Бiржан салдан
Екеуiн айтыстырдым әдейi арбап,-
дейдi (қараңыз: 69-қор.181- папка) Әрiп Қуанышбайға. Бұл жолдар Қ.Мұхамедханұлының «Абайдың ақын шәкірттері» кітабында да түсіп қалған. Қарап отырсаңыз, тарихи тармақтардың өзiнде бiрiздiлiк жоқ.
Кейiнгi зерттеушiлердiң Сараны 1853 жылы туған деген пiкiрлерi Әрiп пен Сара арасында таныстық, ғашықтық болды дегендi жоққа шығарып жүр. Осы арада бiз бүгiнде даулы болып жүрген Әрiптiң «Сараға» деген ғашықтық толғауына түсiнiк берудi қажет деп санадық. Баспасөз беттерiнде: «Бұл толғау Ақан серiнiң «Тағырыпың» өлеңiнiң көшiрмесi»,- деген пiкiр айтылып жүр. Алдымен, Әрiптiң осы өлеңiне берiлген түсiнiкке үңiлейiк: «Сараға» (Жар тұттым әуелден-ақ өзiме арнап) - Орталық кiтапхананың қолжазба қорындағы нұсқа бойынша берiлдi. Жазылған жылы белгiсiз, кейбiр деректерге қарағанда, тегi 1895-1900 жылдары шығарылса керек. Бұл өлең Ақан серiнiң «Тағырыпың» деп аталатын өлеңiмен ұқсас, бiрқатар жерлерi сөзбе-сөз келiп отырады. «Тағырыпың» Ақанның 1935 жылы басылған өлеңдер жинағына енген. Ал, өлгiндей ұқсас жерлердiң кiмнен-кiмге қаншалықты ауысқандығын дәл айту да қиын. Көптеген мағлұматтарға қарағанда Әрiптiң осы өлеңi атақты Сара қызға арнап, ғашықтық хат ретiнде жазғандығы анық... Сондай-ақ, Әрiптiң осы хатына Сараның ұзақ жауап хаты болған, бiрақ ол әзiрге қолда жоқ»,- делiнген (ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындарының шығамалары. Хрестоматия. - Алматы: Қаз.ССРҒА бас, 1963. 343-бет). Осы жайға байланысты Ө.Ақыпбекұлының «Әрiп ақын Сараға ғашық болған ба?» деген мақаласы жарық көрдi. Мақалада: «Әрiп Тәңiрбергенұлы пен ақын Сара арасында сүйiспеншiлiк, ғашықтық хикаялары болды деуге негiз жоқ деген болжамды батыл айтып, осы ой-пiкiрiмiздi дәлелдеуге көшейiк»,- деп, жоғарыда айтылған екi ақынның егiз өлеңiн, сондай-ақ Ақан серiнiң «Шамсиқамар» өлеңдерiн жолма-жол салыстырады. «Сарағаның» «Тағырыпың» мен «Шамсиқамардан» алынғанын айта келiп автор: «Мұны ұқсастық деймiз бе, елде бiр ақынның өлеңiн үзiп-жұлып, жамап-жасқап екiншi ақынға телу деймiз бе», - деп (Қазақ әдебиетi. 1996. 19 қараша) Әрiп пен Сара арасындағы ғашықтықты жоққа шығарады. Осы арада ескеретiн бiр жай, Ақанның да, Әрiптiң де осы өлеңнен төл қолжазбалары қалмағаннан кейiн, «бұл - Ақанның өлеңi» деп нақты айту асығыстық болар. Шындықты өлеңнiң өзiнен iздесек, бiрiншiден, өлең тiлi араб-парсы сөздерiмен көмкерiлген. Мысалы: уажып, мехкат, меһман, махбуб, бәлә, ғайри, базарған... тiзе берсек көп. Бұл Әрiпке жақындау құбылыс. Өйткенi, жасынан араб, парсы, қытай тiлдерiн жетiк бiлген Әрiп өз шығармаларында бұл тiлдегi сөздердi еркiн қолданған да. Ақынның қисса-дастандарындағы араб-парсы сөз қолданыстарын айтпағанның өзiнде, Абайға елiктеп жазған "Әліп-би" тағы басқа өлеңдерiнде көптеген араб-парсы сөздерi кездеседi. Ал, мұндай сөз қолданыстары Ақан серi шығармаларында аса сирек. Бұр бiр, екiншiден, егiз өлеңдегi:
Iзденiп Баһрам да Күләндамды
Мехнатпен ақырында сөйтiп алған,-
деген жолдардағы Баһрам мен оның сүйгенi Күләндам Әрiптiң «Қисса-и Баһрам» (Қазан,1908,1912) атты шығыстық сюжетке құрылған дастанының басты кейiпкерлерi. Сондай-ақ, екi өлеңдегi:
Зияда, Қорлы, Ғайын, Фархат - Шырын
Бұл күнде хабарым бар сондай жолдан,-
деген Әрiптегi жолдар, Ақанның «Тағырыпың» өлеңiнде:
Зияда-Қорлығайын, Фархат - Шырын,
Бұл күнде хабарлармын осылардан,-
деген өзгерiске түскен. Осы жолдардың iшкi сырына үңiлсек, бiрiншiден, Қорлы және Ғайын екi адамның аты. Зияда, Қорлы, Ғайын - Әрiптiң «Зияда-Шаһмұрат» дастанының (Қазан, 1890, 1892, 1896, 1912) басты кейiпкерлерi. Қиссадағы Бағдат патшасы Мұхтардың ұлы - Зияда, Мысыр патшасы Заданың қос сұлу қызы - Қорлы мен Ғайын, Зияда мен Қорлы бiр-бiрiн сүйiп қосылған ғашықтар. Жоғарыдағы тармақтар ортақ өлеңнiң негiзгi салмағын тағы да Әрiпке аударып отыр. Мақалада сондай-ақ, Әрiптiң осы хатына жазылған Сараның жауабы болып табылатын «Қарлығаш» өлеңiндегi:
Толғанып терең ойға баттым ағай,
Бiр таңда көз iле алмай жаттым ағай,
Жайдары жүрегiме от боп түстi
Әр сөзi сiздiң жазған хаттың ағай,-
деген өлең жолдары «Гүлхасима Секербайқызының Жаяу Мұсаға арнаған өлеңiнiң көшiрмесi» - деген тұжырым жасайды Ө.Ақыпбекұлы. Осы арада тағы да айтарымыз, аталмыш өлеңдердi жазып қалдырған Ақанның да, Әрiптiң де, Сара мен Гүлхасиманың да бiзге дейiн жеткен қолжазбалары жоқ. Сондықтан да, өлеңнiң шығу тарихына, iшкi табиғатына жете мән берiп тексермей, «ана ақынның өлеңi мына ақынға таңылып кеткен» деген пiкiрлер мен бiржақты болжамдар ғылыми тұрғыдан алғанда негiзсiз. Аталмыш мақаладағы автордың «Сара 1853 жылы туған, он бес баланың анасы болған, Әрiп Сараға ғашық болған уақытын ескерсек, Сара 8-9 баланың анасы», - деген пiкiрлерi (Ақын Сараға соқтыға баремiз бе? //Жас алаш. 1996. 8, 10, 12 қазан) жоғарыда келтiрген тарихи жолдардан-ақ байқағаныңыздай қайшылыққа ұрынып жатыр. Әлi толық ақиқаты ашыла қоймаған Сараның өмiр сүрген уақытына арқа сүйеп, Әрiптiң «Сараға», сондай-ақ, Сараның «Қарлығаш» өлеңдерiн басқа ақындардың туындыларына телу асығыстық болады. Әрiп пен Сара арасындағы ғашықтықты айғақтайтын мына бiр сөз қағысының шығу тарихына үңiлiп көрейiк: «Абай, Шәкәрiм, Көкбай үшеуi келiскендей, бiр күнi Сәуiрбектi жұмсап: Әуелi нағашы жұртқа асып кет, қайтарда Әрiптiң үйiнiң сыртына келiп дауыста. Шыға келген Әрiпке мына сөздi айта ғой, - дейдi. Айтқанындай үйден шыға келген Әрiпке,
Ассалаумағалейкум, Әрiбiмiз!
Тараған қазағыма дәрiбiмiз.
Аспандағы жұлдызды аламын деп,
Бiр күнi болма ғарiбiмiз? -
деп өлеңдетiп жiбередi. Аспандағы жұлдызы - ақын Сара ... Алыстан келген бiреу ме деп үйден Әрiп шыға келсе, өлеңдетiп тұрған Сәуiрбектi көредi. Бұл iстiң Абай мен Көкбайдан келгенiн сезген Әрiп:
Уағалейкумассалам, Сәуiрбегiм,
Атауға арғы атаңды ауыр көрдiм.
Қылша мойын көктердiң бәрi қалып
Бәйгеден сен келдiң бе, жауырбегiм,-
деп, бәрiне бiр жауап қайырған екен» (Абай әзiлдерi. - Алматы: ғылым, 1995. 69-70-бет). Бұл сөз қағыстары Әрiп пен Сара арасындағы сүйiспеншiлiк сезiмнiң болғандығын қуаттайды және мұндай деректер жетерлік те.
Ендiгi жерде Ө.Ақыпбекұлының «Ақын Сараға соқтыға беремiз бе?» мақаласындағы мына бiр жайларға назар салуды жөн көрдiк. Автор: «Даулы мәселелердiң бiрi - айтысты хатқа түсiрген кiм деген сұрақ төңiрегiнде өрбiп, көбiне-көп Әрiп Тәңiрбергеновтiң есiмi аталып келдi... Осы өлең жолдарынан... айтысты қазанға жiберушi Әмiрхан екендiгi айқын көрiнiс бередi»,-дей келiп, «Айтыс» кiтабына енбей қалған қазiрде Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында сақтаулы төмендегi жолдарды келтiредi:
Айтысып Бiржан екеуiң болған шақта,
Ер Әмiрхан түсiрген оны хатқа.
Серiлiкпен күн өткiзген өнерпаздар,
Қолжазбамен таратқан әрбiр жаққа.
Дәм тартып ер Әмiрхан Зайсан барған,
Болысқа қызмет қып сайран салған.
Төртуыл Наймандарда бес жыл тұрып,
Алтай мен Шәуешекке даңқы барған.
Жаласы өлген солдат жабылған соң,
Елiне ұлықтан қашып қайта алмаған.
Қазанға айтыс-қисса жiберсе де,
Өз атын сақтық қылып айта алмаған.
Шәкiртi Әмiрханның Жорға Жақып,
Жасынан хатқа жүйрiк молда Жақып.
...Керейден ашамайлы арғы жаты,
Бижiгiттiң баласы Жақып аты,-
делiнген (ҚРҰҒА ӘӨИ қолжазбалар қоры. 766-бума) «Төребай мен Сара айтысында». Автордың айтуынша: «Бiржан салдың бас шәкiртi Әмiрхан Сүйiнұлы (1836-1901) өзi палуан, өзi ақын, әрi әншi екен... Солтүстiк Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Благовещничный кеңшарына қарасты Гүлтөбе деген жердi мекен еткен... ән-күй шығарған, айтыс ақыны болған, дастандар мен қиссалар жазған. Әмiрхан қазанға айтыс, қиссаларын «Жақып Бижiгiтұлы» деп өзiнiң өкiл баласының атынан жiберiп тұрған». Жоғарыдағы айтыс жолдарынан Әмiрхан Сүйiнұлының айтысты бiрiншi боп таратқанын байқаймыз. Дегенмен, осы шумақтар бiздi шытырманы көп жайларға жетелейдi. Олай дейтiнiмiз, осындағы сөз болып отырған ақиық Әмiрхан ақынның атын, не қалдырған мұрасының жұрнағын қазақ әдебиетi, дәлiрек айтсақ, ХIХ, ХХ ғасыр басындағы әдеби-зерттеулерден, не бiр қисса-дастандар, айтыс жинақтарынан, ән-күйге байланысты зерттеу еңбектерден, ел аузынан жиналған жинақтардан кездестiре алмадық. Егер Әмiрхан, Ө.Ақыпбекұлы айтқандай, сегiз қырлы, бiр сырлы, әншi, айтыскер, қиссашыл атақты ақын болса, өз ауылының ақыны туралы ғалым С.Мұқанов неге ештеңе айтпайды. С.Мұқанов «Қазақтың ХVIII-ХIХ ғасырдағы әдебиетiнiң тарихынан очерктер» деген еңбегiнде (Алматы: 1942) сол кезеңнiң белгiлi-белгiсiз ақындарына тоқталғанда да Ә.Сүйiнұлының атын, не бiр еңбегiн атамайды. Әмiрханның «Бiржан-Сара айтысын» хатқа түсiргенi жайын, айтысты ұзақ уақыт зерттеп, ғылыми тұжырымдар жасап жүрген ғалымның бiлмеуi мүмкiн емес. Әрине, Әмiрхан деген атағы ауыл арасынан аспаған ақынның болуы да мүмкiн. Ал, жоғарыдағы Әмiрхан өмiрiнен келтiрген өлең жолдары бiраз нәрсенiң сырын да аңғартады. Әмiрханның болысқа қызмет қылуы, Шәуешекте болып, әр-түрлi жала жабылуы сияқты құбылыстар Әрiптiң өмiр жолына дөп келедi. Бұны жай ғана кездейсоқтық дейiк. Екiншiден, Әрiп өз қисса-дастандарын үнемi өз атынан емес, бүркенiш атпен Қазан қаласына жiберiп отырған. «Зияда-Шаһмұрат» қиссасын Әрiп Жақып Бижiгiтұлы деген бүркеншiк атпен жiбергені әдеби қауымға аян болар. Сонымен, «Төребай мен Сара айтысындағы» Әмiрхан мен Жақып жайын аңғартар тарихи тармақтардың өзi айналып кеп Әрiп ақынның «Бiржан-Сара айтысына» тiкелей қатыстылығына әкеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |