«№3 Қабанбай орта мектебі мектеп жасына дейінгі шағын орталыға бар» коммуналдық мемлекеттік мекемесі



бет3/3
Дата30.11.2016
өлшемі0,51 Mb.
#2854
1   2   3

Мінекей жасым асты елу бестен,

Өткіздім сауық-сайран мен бір десте.

Найманға келіп сәлем берейін деп -

Еліңді іздеп келдім Ешкіөлмеске.

Сөзіме қалың Матай құлағың сал,

Бұл күнде жасым озған жәй мен бір шал.

Бұрылдым танысқалы ұзын жолдан

Келгем жоқ олжа сұрай, алуға мал.

Ойда жоқ қуанышпен ғұмырымда,

Кез болдым Маман шалдың ұғылына.

Найманның бұлбұл құсын көрмек едім

Қондырған Қаптағайдың тұғырына.

Тұрысбек, Сара келсін шақыр бері,

Өзі естіп, көзбен көрсін Біржан сері.

Парасатты сөзі терең адам болса

Көңлімнің тарқаушы еді сонда шері.

Сайраған орта жүздің бұлбұлымын

Керейдің - Алтай қарпық ақтаңгері.

Қырандай аспандайтын желді күні,

Дауысым көтерілер шықса тері.

Алтын менен күмістің нақысындай

Міні жоқ бізден шығар сөз бедері.

Ақ иық мұз балықпын жерге түспес,

Кең қолтық арғымақпын алқымы іспес.

Он рет Орта жүзді орай шауып

Жүйрікпен талай-талай болдым істес.

Қыран ем қызыл түлкі өскен бағып,

Қарсы ұшқан дауылдарға қанат қағып.

Желғабыз, жез тағалы еңіреу ем

Қара тер шыққан сайын кетер ағып.

Бақ дәулет қонбағанмен Қожағұлға,

Ақымды жібергем жоқ қазақ ұлына.

Сайратқан орта жүзде бұлбұл болдым

Қызығып қыдырмаған алар пұлға.

Атадан Біржан сал боп тудым артық,

Самғайтын бәйге атындай артып, тартып.

Аққумен аспандағы ән қосушы ем

Қозғасам ащы күйді түптен тартып.

Көкшетау дуанына даңқым барған,

Мен Біржан Алатаудай айқындалған.

Елімде ешкім қақпас болдым ерке

Айтатын арызым жоқ, халқыма арман.

Жорғамын жолсызбенен самғайтұғын

Бәйге аты шылбырымнан шалмайтұғын.

Ежелден құлаш мойын көк айылмын

Лауға алты жұма талмайтұғын.

Ой желке, қамыс құлақ, теңбіл көкпін

Тұнықтан жүзіп ішпей қанбайтұғын.

Қырымға қарайтұғын қыран құспын

Аң алмай жерге бекер қонбайтұғын.

Айнымас қанды балақ ақ иықпын

Тұяғым тиген қасқыр оңбайтұғын.

Асылмын құс болғанда аспандағы

Қаңтарда қалшылдаған тоңбайтұғын.

Осындай бастан кешкен сырларым бар

Қазақ жоқ Біржан десе нанбайтұғын.

Жәйімді Ешкіөлмеске естірейін

Есінен өмір бойы қалдырмайтын...

Бұл өлеңдерін Біржан өзінің ақындық дарындылығымен таныстыру үшін айтқан. Негізгі мақсаты Сараның ақындығын байқап, оның арыз арманын жұрт алдында айтқызбақшы болып, Біржан Сараға былай деген:



Жақындап жаныма кел, жаным балам,

Найманда ұлдан озып туған данам.

Тыңдайын арманыңды айт халқыңа

Алдында Тұрысбек пен Біржан ағаң.

Білетіндердің айтуына қарағанда, Сара Біржанның алдына келгенде, оны Тұрысбектің төрт қызы бірдей қошаметтеп, қасына ере келген. Сараның Біржан мен Тұрысбек қажы алдарында отырғандағы айтқан өлеңдері мынадай:

Қызы едім Тастанбектің атым Сара,

Елінде ер Қаптағай шықтым дара.

Қолыма он үшімде домбыра алып

Келемін бір сүрінбей жеке дара.

Алдында сөз сөйлейтін Біржан аға,

Айтарсыз арызыма өзің баға.

Қамысты терең көлдің сұқсыры едім

Кез болдым қаңғырған бір қаршығаға.

Өлеңге мен жасымнан желді көрік,

Қуандым ақын ата сізді көріп.

Ағалық парызыңнан құтылайын

Алдыңда аз да болса сөйлеп беріп.

Өлеңмен арманымды ағытайын

Самарқан жібегіндей оннан өріп.

Ататай, өмірімше ризамын,

Мен үшін келгеніңе көңіл бөліп.

Арманнан арылғандай бір сергідім

Ризамын кетсем халқым бүгін өліп.

Көпке аян көңілімнің жарасы бар,

Жасымнан жаныштаған жерге көміп.

Бүгін күн тірілтер деп үміт етем

Жақсылар ел билейтін жөнге көніп.

Жалын ем жанып тұрған нөсерге өшпес,

Болат ем екі жүзді алмас кеспес.

Қор болып саз балшықтай қурай түстім

Құрбыма қосыла алмай өзім теңдес.

Еркек аз өз басыма теңгерілген,

Сөзіме он жасымнан өң берілген.

Нәп-нәзік көзге олқа көрінсем де

Сан мықты қойдан оңай өңгерілген.

Ұшырған тәрбиелеп ақ тұйғынмын

Алтынмен жібек бауым көмкерілген.

Әніме аспандағы құс айналар

Құбылып тоты құстай төңкерілген.

Сайраған Матай, Садыр бұлбұлымын

Қапаста жел тигізбей жем берілген.

Осындай ат басындай алтын басым

Аулымда көк есектен кем көрінген.

Қолдай көр ер Қаптағай ата-бабам,

Сөзімді тыңдатайын келсе шамам.

Қажыеке-ау, көптен батпай жүруші едім

Айтайын өз мұңымды сізге таман.

Қажыеке-ау күні құрсын ұрғашының,

Билігі болмаған соң бір басының.

Берген соң тері-терсек ит те алады

Бұлындай берекесіз арбашының.

Сіз мені ғайып етпе зарланғанға,

Тұңғиық сырым терең барлағанға.

Мінеки, он жетіге биыл шықтым

Сан жүйрік ерген емес самғағанда.

Хан, қара - калың топта сан сайрадым

Көз көрмей бәрі бекер нанбағанға.

Бермеген топтан торай екі саңлақ

Соларға жұрт таң қалған болмағанға.

Қажыеке-ау сізге айтарлық арызым сол -

Қапамын бас бостандық алмағанға.

Сараның бұл сөздерін тыңдағаннан кейін, Біржан ақын іле-шала мына өлеңдерді айтқан:

Жарайды, жаным Сара, осы сөзің,

Тас түлік тұрымтайдай екі көзің.

Арықтап арманыңнан жүргеніңде

Ауылыңа құдай айдап келді кезім.

Шіркін-ай, мұндай жүйрік туармысың

Сөйлейсің алтындай қып сөздің жезін.

Алдыңа ағайының әкеп қойған

Қисығын көріп тұрмын құрған тездің.

Қанатын күн шалмаған ақ тұйғынның

Қор қылған жапалаққа басқан ізін.

Қосқан ба қорлағалы бір қортыққа,

Қарайтып қарағымның жарқын жүзін.

Дені сау ел емес қой Тастемір де

Жүр екен тастай алмай отқа қызын.

Арманың анық болды енді маған,

Ашиды рас жаным Сара саған.

Алтынның қолда барда қадыры жоқ

Қор бопты бағалаусыз асыл бағаң.

Біліп ем Сара сенің сыңарыңды,

Баса алмай армандамын құмарыңды.

Әдеппен ақ домбыраңды алғаныңда-ақ

Көргенмін сөзге қайрат қыларыңды.

Есітіп ел шетінен келгеннен-ақ

Білгенмін арман айтып жыларыңды.

Бір сырлы, сегіз қырлы жүйрік Сара

Көрсеттің көзге тарта мұнарыңды.

Шақыртып күйеуінді осында алдыр

Көрейін таңдап қосқан сыңарыңды.

Тұрысбек риза болсын Сара саңлақ,

Күйеуін келтіріңдер қосқан таңдап.

Тең құрбы өзіменен адам болса

Көрінер көп көзіне келсе сонда-ақ.

Шыбықтай жігіт шығар өңі нұрлы,

Өнері Сара теңдес сегіз қырлы.

Шеберден мін табатын мініскердей

Ер шығар тоты құстай неше түрлі.

Жақсыны көрмек үшін деген Сара,

Ел қамын өзін қойып жеген Сара.

Қосқаны жаман болса қажы ұялсын

Сен оған ұяласың неден Сара.

Біржанның жақтап айтқан бұл өлеңдерінен қатты қуанған Сара мына өлеңдерді айтқан:

Ашылшы ауызым бір, сайрап тілім,

Құлпырар ма екен қайта қызыл гүлім.

Халқыма ұялғаннан айта алмаушы ем

Есекке қосақтаулы өтті күнім.

Өзі білер деуші едім жақсылардың,

Ойласам қате қылық екен мұным.

Бір жәрдем бермегенде Біржан атам,

Жоқ екен жүйрік иттей өлсем құным.

Сайрайтын сандуғаштай сорлы басым

Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім.

Бәрің де Женқұлды көріп едің,

Құдайдан қорықпай соған беріп едің.

Қорғауға жат алдында ел намысын

Бәріңе қыз болсам да серік едім.

Біржан-сал көрсін алдыр Жиенқұлды,

Ылайықтап елім мені берген ұлды.

Ұяттан кісі өлмейді сағы сынар

Қайтейін құдретімен ием қылды.

Жүрмесе Жиенқұлды келтір байлап,

Өлмейін зығырданым күнде қайнап.

Ағалар бұл сөзімді тыңдамасаң

Шақырам аруақты Қаптағайлап.

Қажыеке-ау көріп келдің хақтың үйін,

Мен түгіл өзгеге де зорлық қиын.

Алланың алдында да жылармын мен

Күнінде таңды махшар болса жиын.

Көзімді аш, көңілімді ала қылмай,

Күн сайын дұшпаныма таба қылмай.

Баруға Жиенқұлға риза емеспін

Кетсең де біржолата бала қылмай.

Қажыеке-ау кісі жібер балаңызға,

Айтылып аты түсті арамызға.

Еліне Біржан атам айта барсын

Көрсетпей жігітті ұрлап қаламыз ба.

Бар еді ұлы-қызың ей қажы аға,

Қорлықтан болдым заржақ беймазада.

Айтылды қарсылығым халық алдында

Ризамын бұйырсаңыз қай жазаға...

Біржаннан ұялғаннан Тұрысбек қажы Жиенқұлды келтіруге өзінің құла жорға атын жібереді. Екпінді және басы қатты құлажорға ат топқа жақындай бергенде елдің у-шу даусынан үркіп Жиенқұлға бой бермей алып қашып кетеді. Бір көзі соқыр, белі бүкір, ат басына ие бола алмаған дәрменсіз Жиенқұлды барлық жұрт көріп, ондай адамға Сараны қор қылмау керек деп шуылдасады. Жиенқұлды көре тұрып және халықтың Сараны жақтаған талабын ескеріп Біржан мынадай өлеңдер айтады:

Көлбесін көкті шарлай көне әнім,

Тыңдаңдар тірі Матай тегіс бәрің.

Әлек - деп атам қазақ босқа айтпаған

Кімде-кім білмейтұғын өзі әлін.

Көбіңе күмәнданар енді не бар

Көзіміз көріп отыр істің мәнін.

Қақ жолын қабыл тұтқан Қажы-ақ айтсын

Сараның арызына билік дәлін.

Шырағым Сара сендей тумас бала,

Шежіре туармысың мұндай дана.

Обалың ел ағасы Тұрысбекке

Қосқаны нашар екен, ей, бишара.

Ел-жұртың қорықса керек көз жасыңнан,

Қиып кеткім келмейді мен жасыңнан.

Мен қайран елің қалай кемітті деп

Адамзат озар емес өз басыңнан.

Дұшпаның жамандайды не деп сені,

Айбатың әлемге айқын ай бедерлі.

Садаға тырғаныңнан кетсін Сара

Сан жүйрік көріп едім мен нелерді.

Тұрысбек, той боп қайтсын осы жиын,

Берейін көкпарыңа мен-ақ тиын.

Азат ет халық алдында Сара қызды

Бір бата көп ұйғарса қанша қиын...

Біржаннан ұялғаннан және халық дабырынан қаймыққаннан Тұрысбек қажы осы жиында амалсыздан - «Сара Жиенқұлдан азат» - деп жариялаған. Бірақ, бірнеше шариғат заңдарын еске түсіре отырып, Сараның ендігі жерде Қаптағайдағы әмеңгер жігіттерінің ішінен біреуге өзі қалап тиюге тиісті екенін айтқан. Бұл жиынның арты шынында да той болып тарқаған. Бұл уақиғаны жергілікті ақындардың бірі былай көрсеткен:



...Мақұлдап жұрт қозғалып және шулап,

Бауыры «Ешкіөлместің» кетті дулап.

Қуанып халықты риза еткеніне

Біржан да боз баладай қалды қунап.

Көп тосқам жолыңызды көзім сүзіп,

Өмірден кетіп-ақ ем үміт үзіп.

Ататай, ескерткіш қып елге апар деп

Біржанға Сара берді алтын жүзік.

Ризамын Саражан деп Біржан күліп,

Көк торғын шапанының жеңін түріп.

Күлдәрий белбеуім - деп: «той жыртысы»

Жіберді суыртпақтап үлестіріп.

Бірі шал, бірі жас қыз екі саңлақ,

Баурында "Ешкіөлместің" әнмен самғап.

Тұңғыш рет азаттық деп ту көтерді,

Дабылын бүкіл қазақ естіп жан-жақ...

Жарты ғасырдан астам уақыттан бергі бүкіл қазақ халқына әйгілі Біржан-сал мен ақын-Сараның кездесуі осылай болған. Бұл тамаша кездесуді тарихта қалдыру үшін Әріп ақын Біржан мен Сараны әдейілеп айтысқан ақындар деп көрсеткен" (Ақын Сара туралы соны деректер. Жұлдыз. 1958 №4) . Міне, айтыстағы Біржан мен Сараның сөздері шамамен осылар.

Айтыспен салыстырып қараған адамға жоғарыдағы өлең жолдары Әріп шығарған айтыстың негізгі сұлбасы, Біржан мен Сараның айтқан кей өлең шумақтары еш өзгеріссіз айтысқа енген, автор өзгертуді жөн деп таппаған. Сондықтан да, көркем шығарма ретінде жазылған бұл айтыста Біржан мен Сараның да үлкен үлесі бар екенін ерекше айта кетуіміз керек.

Айтыстың толық нұсқасы деп танылып жүрген 1899 жылғы Зайсан нұсқасын негізге алсақ, Әріп Біржан мен Сараның кездесуін, ондағы өлең-сөздерін арқау ете отырып айтысты белгілі бір сюжеттік желіске құрылған көркем шығарма етіп жазған. Біржанның Ешкіөлмеске келуі, Сараның шешесімен, сіңілісімен айтысуы, Найман мен Арғын дәлірек айтқанда Әріпке жақын тақырып Сыбан-Тобықты арасындағы тартысты Сараның бас бостандығы сияқты тақырыпқа ұштастырып әкеп, әдемі сюжеттік желіс құрауы Әріптің толық авторлық құқығын айқындайды. «Біржан - Сара айтысының» Әріп Тәңірбергенұлы қолынан туған көркем туынды екендігін қуаттайтын негізгі деген мәселелер атап көрсетсек төмендегідей:

- «Біржан - Сара айтысын» Әріп жазған деген пікірлер төңкеріске дейін және одан кейінгі 30-жылдардың аяғына дейін талассыз түрде айтылып келді. Ж.Жабаев (ҚРҒА ОҒКҚ, 402-папка, 1-дәптер), І.Жансүгіров (Құнанбайұлы А. Толық жинақ. Қызылорда, 1933), Әрхам Ысқақов (Екпінді, 1940. 12 желтоқсан), М.Әуезов (Абай өмірбаянының алғашқы нұсқасында), С.Машақов, Қ.Мұхаметханұлы (Абайдың ақын шәкірттері. Алматы, 1995), Т.Қасенұлы (Социалистік Қазақстан. 1936. 11 қыркүйек), Тұрағұл Құнанбаев (Әкем Абай туралы. Алматы, 1993), Ж.Белослюдов (О киргизской поэзии//Сибирский студент. 1915. №3,4) т.б. Ал, «Біржан - Сара айтысы болған, ол ауыз әдебиетінің үлгісі» - деген пікір 30-жылдардың аяғынан бастау алды. Көшбасшысы С.Мұқановтың Айтыс және ақын (Әдебиет майданы. 1939. №1) мақаласы.

- Айтыстың көркем шығармаға тән белгілерін атасақ, біріншіден айтыс бас-аяғы жинақы оқиғасы бар белгілі сюжетке құрылған, екіншіден, жері шалғай екі өңір ақындарының сөз саптауы, өлең құрулары, бүгінгі тілмен айтқанда стилі бір. Осындай көркемдігі мінсіз айтыс құру үшін үлкен айтыс ақыны болуы шарт. Ал Біржан, ең алдымен, айтыс ақыны емес, Сараның да бізге жеткен айтыстары мұндай көркемдік биіктен көрінбейді.

- Айтыста өзін Арғынмын деген Біржан Арғын емес, Керей руынан. Сара да айтыста аталғандай Қаптағай руынан емес. Сара Матайдағы Кенже деген елдің Тастемір деген аз ғана руынан шыққан. Өз руының атынан сөйлемеу айтысқа, жалпы ақындар табиғатына жат нәрсе. Қалай десек те, Біржанды - Арғын, Сараны - Қаптағай етіп отырған Әріп.

- Айтыс Арғын мен Найман, оның ішінде Матай ақындарының арасында болды деген күнде де, екі ақынның ру жағын сөз еткенде Тобықты мен Сыбанға ауып кетуі тағы да Әріптің көркем туындының тартысына ыңғайлаған әдісі.

- Айтыстағы Абай мен Құнанбайға қатысты сөздер тағы да Әріпке қатысты. Әріптің «Зияда-Шаһмұрат» қиссасының Абай тарапынан сыналуы, Әріп соны кек көріп (бұл арада өнер адамдарының арасындағы шәкірттің ұстазға деген арты жоқ ашуы деп ұққан жөн) айтысқа Абайды жамандаған сөздер қосады. Бұл туралы Тұрағұл Абайұлының естелігінде де айтылған. Қуанышбай ақынмен айтысында да Әріп бұл құбылысты мойнына ала жауап қайырған.

«Біржан - Сара айтысындағы» адамдарға және кейбір оқиғаларға түсінік бере кетсек, Сара Матай руынан болғанмен, Матайдан Маман, Тұрысбек, Есімбектер ғана аталады. Онда да автор баяндауында. Матай елінің атақты бай, ел басқарған адамдары Маманов Тұрысбек Қаптағай оның ішінде Қыдыралыдан тарайды. Тұрысбек көп жылдар Қапал уезі Арасан болысын басқарған. Қажыға барған, 1904 жылы дүниеден өткен. Тәнекенің Есімбегі Көлдей-Жұмай аталатын болыстың болысы. Сараның:

Таласпас Тәнекемнің жан бағына,

Теңермін егер тартса іс ағына, - дегендегі

Тәнеке осы Есімбек байдың әкесі.

Сараның қалған аузына алып сиынары Қаракерей-Сыбанның қаракөктері. Мәселен:



Кеншімбай, Дулат, Сабыр, Сұртай, Жылтыр,

Жанұзақ қолда, дедім ақын Түбек, дейді.

Осында Сара сиынған ақындарға тоқталсақ, Кеншімбай Күшікұлы Матай руынан, оның ішінде Жарма Матайларына жататын Елқонды тармағынан. Кеншімбай 1846 жылы Тана мырзаға еріп барып Жетісуда Арғынның ақыны Орынбай Кертағыұлымен айтысып, бүкіл Найманның бағын асырды. Айтыста Сараның:

Орынбай іздеп келіп, кеткен қаңғып

Жеңген жоқ Кеншімбайды о да аңдып, - деуі содан.

Он тоғыз жасар Кеншімбайға көз тиіп, жанарынан айырылады. Үш жылдан соң қайтыс болған. Қ.Алтынбайұлының айтуынша Кеншімбай шамамен 1827-1849 жылдары өмір сүрген. Зираты Жарма ауданына қарасты Аюлы тауының етегінде.

Дулат, Сабырбай, Түбек - Сыбанның әйгілі ақындары. Сабырбай мен Түбек Байғарадан тарайтын әйгілі он жеті ақынға кіреді. Сабырбай жасында әйгілі Жанақты сүріндірген.



Жанақ қашан жол алды Сабырбайдан

Жаманын көтерді Арғын сән ғып, - дейді Сара.

Жылтыр ақын Бақайұлы - Жарма өңірінің ақыны. Найманның Бурасынан тарайды, оның ішінде Қаратаз. Жылтыр ақын Көкпекті округінің аға сұлтаны Әлімхан Тлеубердиннің сарай ақыны болған. Зираты Шар өңірінде Бес қарауыл төбесінде. Шамамен 1880 жылдары дүниеден өткен.

Жанұзақ Шынанұлы Байжігіттің Жұмық тармағынан, Тарбағатай өңірінің ақыны.

Сұртай Нұрашұлы Қыржы руының ақыны. Зираты Ақсуаттың Сұлутал елді мекенінде.

Сараның аузымен айтылатын:



Шерубай, Тана менен Ер Тәукебай

Қай қазақ сөз бастаған онан бұрын, - деген

өлең жолдарындағы адамдар кімдер? Ең алдымен, бұл адамдар орыс отаршылдығына қарсы наразылық білдірген халық қамқоршылары болған. Тана мырза Тілемісұлы Найманның Қаракерей - Мұрын тармағынан. Шамамен 1803-1868 жылдары өмір сүрген. Мұрағат құжаттарына сүйенсек, Назар-Мұрын болысының билеушісі, би болған. Мұрын жерінде үш бірдей мешіт, алғаш рет мектеп салдырған адам. Тана туралы деректер орыс зерттеушілері А.Янушкеевич, Г.Потанин, В.Маевский еңбектерінде кездеседі. Құнанбайдың әкесі Өскенбайдың асын басқарған үш адамның бірі осы Тана мырза.

Шерубай - Мұрынның Тоқабай тармағынан шыққан Құл баласы. Ұлы атасы Кегенбай би болған. Келгенбайдан кейін Мұрын елінде сөз ұстаған аузы дуалы би осы Шерубай. Орыстың өктемдігіне қарсы шыққан Мұрын батыры Қожагелдінің құнын жоқтан Петерборға барған ел жақсыларының ішінде Шерубай да болған.

Ер Тәукебай Жәкенұлы Әжіғұл ішінде Жауардан тарайды. Жоғарыда аты аталған Қожагелді батырмен ел тәуелсіздігі үшін патша үкіметіне қарсы шыққан ерлердің бірі. Н.Я.Коншиннің келтірген деректері бойынша 1844 жылдары Кенжемұрын елінің болысы болған. Қарашекпенділердің қоныстануына барынша кедергі жасап баққан Тәукебайды қастастары үзеңгісіне у жағып өлтіреді. Зираты Жарма ауданы, Әулие шоқы тауының етегінде.

Тегінен Қозыбайдың Тілеуберді

Әлихан оның ұлын әркім көрді.

Құдайдан қорыққан пенде осал демес

Қарадан хан боп шыққан Қисық ерді, - деген жолдардағы кісі есімдеріне тоқталсақ, Тілеуберді Көкпекті округінде тілмаштық қызмет атқарса, баласы Әлихан аға сұлтан болған. Саржомарт руынан.

Қисық Тезекұлы Найман елінің көрнекті тұлғасы. Руы - Мұрын. «Қарадан шыққан хан» деп дәріптелетін Қисық 1844-1850 жылдары Көкпекті округі бойынша аға сұлтан болған. Азан шақырып қойған аты - Салмақ. Орыстан шен-шекпен алған Қисық Тезекұлы бірбеткей, турашыл, ұрыны тыюға келгенде қатыгез адам болған.

Айтыста Сара аузымен:



Жан жетпес Батабайға, Салпы Жанақ

Аққожа би, Ақтайлақ асқан манап.

Ақтанберді, Алтыбай, Ер Еспенбет

Қалмақты қойдай қырды қолмен талап, - деген жолдардағы батыр-билер түгелдей Сыбанның атақтылары. Әр басылымда әртүрлі аталып жүрген ол Салпы Жанақ есімі. Ол «Жалбу Жанақ», «Жалпы Жанақ» немесе «және Жанақ» деп аталып, келтіріліп жүр. Тарихта бірнеше белгілі Жанақ болған соң, автор Салпы Жанақ деп оның арғы атасын (руын) қосақтап отыр. Салпы (Байгөбек) Сыбанның бір баласы. Салпы Жанақ та елдің бір белгілі адамы болған.

Айтыста Әріп Сара аузымен мыналарды атайды:

Кенжеғұл қазақ жетпес баласына

Төрт арыс билік айтқан арасына.

Байтоқа, Кеңесбай мен құт Данияр

Қоймаған сөйлер сөздің шамасына.

Бұлар да Сыбанның игі жақсылары. Әріп «Санабай қажы» деген жоқтау өлеңінде:

Арғын, Найман бұлбұлы

Кенжеғұл шешен ағасы, - дегендегі Кенжеғұл Сейтенұлы жасынан билікке араласқан Сыбанның белгілі қаракөктерінің бірі. Шамамен 1794-95 жылдары туған. Құнанбай заманындағы Сыбан-Тобықты арасындағы жер дауы, мал дауының бел ортасында жүрген аузы дуалы би, шешен адам болған.

Байтоқа - Сыбан, Салпы руының биі. Әріптің «Байтоқаның қызына» деген арнау өлеңі бар.

Кеңесбай би - атақты Ақтайлақ бидің баласы. Д.Бабатайұлының «Кеңесбайға» деген өлеңі бар. Кеңесбай да сөз ұстаған шешен, ел басқарған адам болған.

Сараның аузымен Қабанбай және оның ұрпақтары аталады. Қабанбайдың екі әйелінен жеті ұл. Әлі шала туған кенжесі. Әліден Жақаш, одан Әділбек. «Он жеті мың жылқы бар Жақаш  байда» деп Әсет ақын өлеңге қосқан Жақаш аса бай, елге беделді адам болған. Әділбек батыр болған. Қ.Халидтің «Тауарих хамса» кітабында Әділбек пен дүнген батыры Бор екеуінің Қытайларға қарсы ұлт-азаттық қозғалысын бастағаны айтылған. Әділбектен тарайтын Сүлеймен болыс ел басқарған ірі тұлға. Сүлеймен әкесі Әділбектің ұлы ас бергенде ат жарысында қырық атқа дейін бәйге тігілген. Осы үрдіс Сүлеймен асында да қайталанған.

Айтыстағы:



Ботабай, Байжігітте құт Шаянбай

Сасан би, шапты Кенже жауға аянбай, - дегендегі Сасан би Мыңбайұлы Байжігіттің Тоғас тармағынан тарайды. Ақтайлақпен тұрғылас. Найманға танымал ақпа би болған. «Сыбан қырылған» деген атпен елге аңыз болған Сыбан мен Байжігіт арасындағы дауды шешкен Сасан бидің бойындағы ерекше қасиеттері туралы да ел аузында көп әңгімелер бар. Қ.Алтынбайұлының мына бір әңгімесіне құлақ түрейік: «Көкпекті жақтағы Қарауыл - Жасық елі мен Жұмық елінің арасында қақтығыс болып, кісі өліп, екі жақ Сасаннан төрелік күтеді. Қарауыл - Жасықтың қояр шарты Жұмық жақтан бір адамды кепілге ұстау. Екі жақ бұған келісіп, Ұлтарақ бидің өзі ауру, нашар Шаянбай деген он үш жасар баласын кепілге беріпті. Құны сұраусыз деген шығар. Шаянбай сол күннен ауруынан айығып, адам қатарына қосылады. Сол даудан аттанарда Сасан би: -Маған ажал уақыты таяу. Екі бөрім ауру баланың жанында қалды. Маған ермеді. Енді Байжігіттің менен кейінгі билікті адамы сол болады, - депті». Айтыс жолдарындағы осы Шаянбай ірі би, Тәуке - Байжігіт елінде болыс болған. Әріп Санабай қажыны жоқтауында:



Тұлпар аттай қанатты

Тұла бойы құт болған.

Бағланым кетті сымбатты

Кер маралдай керілген

Құт Шаянбай нағашың, - деп өлеңге қосады.

Сараның аузынан айтылатын:



Қазыбек Құнанбайды найзалаған

Төре түгіл Төлеңгіт жорығында, - деген сөздер Тобықты мен Сыбан арасындағы рулық тартыстың бір көрінісін береді.

Сыбан ішіндегі Барақ төренің төлеңгіті Қазыбек батыр ел арасындағы бір барымтада Құнанбайды найзамен ат үстінен түсіріп кеткен. Бұл туралы М.Әуезов Мұсылманқұл Жиреншин дегеннің әңгімесін келтіреді: «Аз уақыт өтті, бір күні жылқыға жау тиді, бағанағы сөз қаперімде жоқ, белдеудегі Салпаңқұлаққа міне шаптым, - депті Құнанбай, - келсем жау жылқыны айдап жіберіп, жол тосып, жасанып тұрған екен. Салпаңқұлақ (Ағаныс биден қалап  алған аты) бой берместен келіп жауға кіріп кетіпті. Өзім білмей қалдым, қабырғамнан біреу найзамен салып кетіпті. Жығылып қалыппын, сүйтсем Барақ төренің төлеңгіті Қарақалпақ Қазбек деген батыр екен». Құнанбайға қатысты мұрағат құжаттарында айғақталғандай осы барымтаның дауы ұзаққа созылған. Біржанның Сараға жауабындағы:

Найманды хан жұртынан қуған шақта,

Мойынын Барақ қашқан бір бұра алмай, - немесе,

Қазыбек, Кенжеғұл мен Батыр Барақ,

Құнекем қараңғы үйге қойған қамап, - деген

сөздер екі ру арасында осы тартыстың тарихынан көп сыр береді.

Сондай-ақ: Шет елде Қанай, Түсіп, Боқанбайым,

Кетірген қатты сөйлеп Найман жайын.

Барақты хан жұртынан қуып тастап

Найманның мінгізбеген жалғыз тайын, - деген

жолдардың сырына үңілсек, Құнанбай Сыбанның жерін қарпып қалу үшін Тобықтының Сыбан жақ шекарасына ішкерілете Қанай сияқты батырын, Түсіп, Боқанбай сияқты басты адамдарын әдейі қоныстандырады. Осы оқиғаға байланысты Б.Исабаев төмендегідей әңгіме айтады: «... Жаз өтіп, ел күзеуге құлар кезде Барақ жылдағы әдетімен Саға бөктеріне қонуға келе жатыпты. Көш түйесін жетектеген Барақ бәйбішесі екен. Төре қолына құсын қондырған көш алдында екен. Қанай бір тар жерде тосып тұрып Бараққа көшін бұруды, жер өзінікі екенін айтса, төре көз салмапты да. Қанай Барақты қара балтаның сыртымен ұрғанда төренің аты соққыға шыдай алмай кері қайырылған екен. Барақ сол бетте қайырылмай көш басын бұрғызып көш ізімен кейін қайтқан екен. Барақтың бәйбішесі: - Құдайым-ай, Төренің Барағына бәйбіше болғанша, Есімнің Қанайына тоқал болмаған екенмін. Көшімнің бас бұрылды-ау! - деп ах ұрыпты». (Ұлылар мекені. Новосибирск, 2001. 371-372 беттер). Құнанбай мен Барақ арасындағы оқиғалар жайында М.Әуезов, М.Бейсенбаев, Б.Исабаев, Б.Сапаралы, Ф.Жұртбай еңбектерінде кеңінен сөз болған.

Сараның «Қайсы Арғын жетеді Аманкөшеріме» дегендегі Аманкөшер деген кісі есімі кей нұсқаларда бөлек жазылып жүр. Анығында Аманкөшер өрдегі Найманда аса бай адам болған. Ақтайлақ бидің баласы Түгелбай, одан Сыбанның ардақтысы Өзбехан болса, сол Өзбеханның әйелі атақты Мәнжан бибі - Аманкөшердің қызы. Әріптің Мәнжан өлгенде айтқан жоқтауы бар.

Сара аузымен айтылатын:



... Арғын жоқ мақтасаң да Тойғұлындай

Қор құйған қыдыр келіп сабасына.

... Асына Тойғұлының бәйге тікті

Тоғыз қыз Арғын берген жетімінен, - дегендегі

Тойғұлы - Сыбанның Жанкөбек тармағынан. Елінде беделді адам болған. Ол дүние салғанда бүкіл Орта жүзге сауын айтылған. Арғыннан келген кісілер аттың бәйгесіне тігуге тоғыз жетім қыз әкелген екен, Әріп соны айтып отыр.

Ал енді, Біржанды Арғын атынан айтыстырып отырғанмен Әріп сонау Біржан елі Көкше, Кереку маңының Есіл мен Нұра бойын жайлаған Арғынның Қаракесек, Шоң т.б. тармақтарының игі жақсыларын емес, өзіне жақын Қаракерей, оның ішінде Сыбан - Мұрынмен ауылы аралас бергі өңірдің Арғындарын атайды.



Кім жетер Жанайдарға Алтайдағы

Жеті жүз жас бота мен тайлағы бар, - дегендегі

Жанайдар Орынбайұлы Сүйіндік ішінде Төртуыл деген рудан. Кенесарының қол басшыларының бірі болған Жанайдар кейіннен Қарқаралы өңірінде болыс болып, өмірінің соңында қажыға барған адам.

Біржанның аузына алынған адамдардың бірі Итқұсты (кей нұсқада Итқосты деп қате берілген Б.Е.) шын аты Айтжан, руы Қыдырәлі, өз елінде болыс болған. 90-ға жеткен жасында Мекеге барып сонда қайтыс болады.



Шыныбай асып еді өз шағында

Кім жетер ер Қазекем аруағына.

Жамантай, Құсбек, Шыңғыс, Сартай төрем

Ілінген талай Найман қармағына.

Арғынның ақсақалы өтті Алшынбай

Өр Найман таласқан жоқ ер бағына.

Осындағы аты аталғандардың бәрі дерлік бергі өңірдің игі жақсылары. Шыныбай қажы Тарақты руынан. Қарқаралы дуанында белгілі билердің бірі болса, Жамантай, Құсбектер Құнанбаймен аға сұлтандыққа таласқан адамдар. Алшынбай би Құнанбайдың құдасы. «Абай жолынан» белгілі Қарқаралы елінде атақты адам болған. Біржан атайтын әйгілі Тәттімбет күйші де осы өңірдің адамы.

Айтыстағы негізгі тақырыптардың бірі - Абай. Айтыста Әріп айтыста  Сара аузымен Абайды жамандап, Біржан аузымен ақтап алады. Бұл туралы М.Әуезов, Тұрағұл Абайұлы бастап зерттеуші ғалымдар айтып та, жазып та келеді. М.Әуезов Абайдың өмірбаянының алғашқы нұсқасында (1927-1933) Абайдың шәкірттеріне арнаған өлең-сынына тоқтала келіп: «Осы сөздер ақындардың барлығына да ауыр тиген шығар. Бірақ іштерінде, әсіресе Әріп қатты намыс қылып кектеніп, Абайдан есесін қайырмақ болып, «Біржан - Сара» айтысын шығарған. Сонда Сара айтты қылып Абайдағы кегін шынымен-ақ алғандай болады. Біржан - Сара Әріпке әншейін ойдан шығарған геройлар есепті ғана керек. Сондықтан Біржанның Арғын емес, Керей екендігін де ескермеген...» - деген әлі социалистік идеологияның қысымына ұшырап, өзгеріске түсе қоймаған алғашқы айтқан пікірі айтыстағы Абайға қатысты сөздерге анықтама болып тұр. Бұл мәселе Әріптің Қуанышбаймен айтысында да сөз болады. Жоғарыда айтылғандай Әріп тек Абайды жамандады десек ол біржақты болар еді. Өмірде ұстаз тұтып, көп өнеге алған ақынды Әріп Біржан аузымен асқақтатып, ақтап алып отырды. Бұл айтыстың, яғни шығарманың шынайы тартысқа құрылып, шебер шарықтауларға жетуіне септігін тигізген.

Ең алдымен Әріп Абайды өз елінің биі Серікбаймен салыстыра сөйлейді. Бұл айтыс үшін керек дүние. Ал, негізінде Әріп «Серікбай қажыға» деген өлеңінде қажының кемшіліктерін де бетіне басқан. Осы Серікбайдың інісі Есікбай Әріпті Лепсі түрмесіне жазықсыз қаматқан да. Айтыста Сара «Бағланы Жігітектің кетті қайда» деп Базаралыға жоқшы болса, Біржан Абайды қорғай кеп:                                    

 

Дос көрген әулет заһит ғылымдарды,

Алдында атасынан тағлым бар-ды

Момынға жәбір-жапа қылмасын деп

Жіберген жер аударып залымдарды, - деп оңтайлы

жауап  қайтарады. Қалай десек те айтыста сөз болған оқиғалардың қай-қайсысы да тарихтан алшақ кетпейді. Әріп Тобықты мен Сыбан-Мұрын арасындағы сол кездегі рулық қақтығыстарды екі ақын арасындағы сөз қағысына, яғни, айтыстың табиғатына шебер пайдаланған.



Сөз соңында тағы да айтарымыз бұл пікірлер жаздым болды, кестім үзілді деген үкім емес. Ғасырға созылған айтыстың нүктесін біз қоймаспыз, сірә, біздің тараптан айтылған ой айтыс ақиқатын тануға септігін тигізеді деген сенімдеміз.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет