Осы арада «Айтыс» кiтабына еңбей қалған қолжазбалар қорындағы Төребай мен Сара айтысының мына бiр шумақтарына түсiнiк iздеудi жөн көрдiк. Сөз кезегi келгенде Төребай Сараға:
...Келсе де жауап сөзiм саған қырын,
Неге айтпай өтемiн Бiржан жырын.
Сенiмен Бiржан өзiн айтыстырғаны
Көп елге мәлiм болған бұдан бұрын.
Айтысты Бiржан өзi шығарғаны,
Ол жырдың елге сонша ұнағыны.
Адам түгіл Аллаға аян шығар
Iнжуден Бiржан қисса құрағаны.
Құдаша бұған жауап қайтармассың
Бiржанмен айтыстым деп айта алмассың
Аузыңа жүн тығылар кезек келдi
Аулыңа масаттанып қайта алмассың,-
деп шүйлiгедi. Төребайдың айтқаның мойнына алған Сара:
Шығарған рас Бiржан атымды елге
Бiржанға тең ақын жоқ бiздiн елде
Сен екеумiз сал Бiржан бола алмаймыз
Бiржанды сөзге қосып керегi не? -
деп тоқырайды (ҚРҰҒА ӘӨИ қолжазбалар қоры. 766-бума).
Бұл арада Әрiптi қыстырудан аулақпыз. Төребайдың сөзiне сенсек, Сара Бiржанмен тiптi де айтыспаған, жырды, яғни айтысты Бiржан шығарған болып шығады. Қалай болғанмен де айтыстың әлi де даулы бола түсуiне осы жолдар да тiкелей қатысты болғандықтан шығар сiрә, қолжазбадағы осы шумақтар (осы мағынадағы Төребай аузынан айтылған тағы екi шумақ және Құнанбай ұрпақтары - Шәке, Ақылбай, Ыбырай, Шәкәрiм, Халиолла, Ысқақ, Оспан, Смағұл, Әбдiрахман, Мағауия, Тұрағұлдар мақталатын жолдар) қара қарындашпен «керегi жоқ» делiнiп, белінен тартылып, сызылып тасталған да «Айтыс» жинағына енбей қалған. Құнанбай ұрпақтарының айтыс өлеңдерiнiң алынып тасталуы сол кезде әлi де жiбiмей тұрған идиология кесiрiнен десек, Бiржан мен Сара айтысына қатысты шумақтардың баспаға жiберiлмеуiн онсыз да шытырманы көп айтыстың дауын одан әрi ушықтырмауға жасалған әрекет деп түйдiк. Алайда, тарихи жолдарды бүркемеленгенмен ақиқат анықталмайды. Сондықтан, аталмыш тармақтар қаншалықты кереғарлық туғызғанымен айтыстың келер басылымдарында өз орнын алуы тиiс.
Осы арада «Төребай мен Сара» айтысындағы мына бір жолдарға назар салып көрейікші:
Он төрт жас Әсет ақын сенен кіші,
Сонда да сары алтын ғой оның іші,-
немесе,
Әсетпен сен айтыстың сиыр жылы,
Жүсіпбек келіп кетті барыс жылы,-
немесе,
Қырықтың сегізіне сен де келсең,
Елудің жетеуіне мен де келгем.
Осылайша тәптіштеп жыл санау, жас санау, яғни уақытты нақтылау сол кездегі айтыстардың қайсысына тән болып еді. Болған күннің өзінде Әсетпен қай жылы айтысқаны, Жүсіпбектің қашан келгені, екеуінің ежіктеп жас салыстыруы сияқты айтысқа еш қатысы жоқ жолдар Сараның жасын өсіру үшін жолдан қосылған жасанды тармақтарға ұқсайды. Айта кетуіміз керек, «Төребай мен Сара» айтысын іздеп тауып, «қажеттісін» жариялап, керексізін алып тастап жүрген адам - Сегіз Сері дауының көш басында тұрған Қаратай Биғожин...
«Айтыс Бiржан мен Сараның ғана шығармасы, оған Әрiптiң еш қатысы жоқ»,- деген пiкiрдiң бiржақтылығын тағы мына құбылыстар толығымен қуаттай алады.
Бiржанның Керей екендiгiн, ескермегеннiң өзiнде, Сара мен Бiржанның Найман мен Арғын емес, оның iшiндегi кiшi аталары Қаракерей-Сыбан мен Тобықты руларының атынан сөйлегенi айтысты оқыған адамға бадырайып-ақ тұр. Сара да айтыста аталғандай Қаптағай руынан емес, Матайдың Кенже деген тармағынан тарайды. Айтысқа Сыбан-Әрiптiң тiкелей қатыстылығын ескерсек, айтыста аттары аталатын Байғара, Ақтайлақ, Сабырбай, Түбек - Әрiптiң арғы аталары, әйгiлi Сыбанның он жетi ақынына кiретiн арқарлылар. Сондай-ақ, Сыбан атадан тарайтын Ақтамбердi жырау, Бабатай, Дулат ақын, Аққожа би, Алтыбай батыр, Ер Еспенбет, Кенжеғұл би, Байтоқа би, Кеңесбай би, Данияр, Тойғұлы, Қапан, Салпы Жанақ есiмдерi қазiргi Аякөз, Жарма өңiрiнiң белгiлерi. Ал, бұл адамдарды анау Жетiсудың 18 жасар қызы қанша «шежiрешi» болса да бiледi деу қиын. Бiлген күннiң өзiнде Сыбанның мықтыларын атайтындай Сараның жөнi жоқ, өз руы Матай тұрғанда. Матай қызы тағы кiмдердi атайды десек, Сыбанға жақын Қаракерейден Жолымбет, Қожағұл, оның ұлы Қабанбай, одан әлi, әлiден Жақас бай, оның баласы Әдiлбек батыр, одан Сүлеймен болыс, сондай-ақ, Тана мырза, ер Тәукебай, Тiлеуберлi, Әлихан, Қисық хан, Шаянбай батыр, Сасан би, Кенже, Қазыбек батыр, Садырбай, Жаманбала тағы басқалар. Осыншама Қаракерей мен Сыбанды адақтаған ақын Сараның өз елi Матайдың манаптарынан Маман, Тұрысбек, Есiмбек сияқты өз туыстарын атап, қалғанына келгенде «тiлi таңдайына жабысып қалады». Осы арада Қ.Мұхамедханұлының мына бiр пiкiрi орынды айтылған: «Лепсi, Зайсан, Семей уездерiне қарайтын Қаракерейдiң белгiлi адамдарының аты аталмай қалғандары жоқ. Осылардың бәрi, Матай қызы Сараның аузынан мақталады. Ал, Матайдың бұлар қатарлы атақты адамдары, мысалы, Бұғыбай батыр, Жапалақ би, Садыр Сиқымбай, Қызай Балапан би тағы басқалар Сараның аузына да алынбай қалады. Сол сияқты Қаракерей ақыны Түбекпен, Маман алдында үш күн, үш түн айтысқан дейтiн Матайдың атақты ақыны Толғанбай да Сараның аузына алынбай қалған»,-деген сөзiнде (Абайдың ақын шәкiрттерi. 3-к., -Алматы: Дәуiр, 1995. 33-бет) шындықтың бiр ұшығы жатыр. Аты аталғандар Сараға емес, Әрiпке туыс, аталас әрi жерлес адамдар. Бұлардың атақ-даңқы мен беделiн Әрiп өте жақсы бiлген. Матайдың Сарасы:
Кеншiмбай, Дулат, Сабыр, Сұртай, Жылтыр,
Жанұзақ, қолда,- дедiм ақын Түбек,-
деп, аруақ шақыра сөз бастайды. Осындағы Сара сиынған Дулат, Сабырбай, Түбек Әрiптiң аталары, қалғанына келсек, Кеншiмбай Матай руынан болғанымен, Жарма Матайларына жататын Елқонды тармағынан тарайды. Сұртай ақынның руы Қыржы, Зираты Ақсуат ауданының Сұлутал кеңшарында, Жылтыр - Бураның Қаратаз тармағынан, атақты Қоянды жәрмеңкесі өтетін Шар өңiрiнен шыққан. Жанұзақ - Тарбағатай өңiрiнiң ақыны. Бұл ақындар Әрiпке қарағанда Сараға алыстау өңiрден. Осы арада Сара аузынан айтылатын мына бiр жолдарға үңiлсек:
... Арғын жоқ мақтағанмен Тойғұлындай,
Қор құйған қыдыр келiп сабасына.
... Тойғұлының асында бәйге тiктi
Тоғыз қыз Арғын берген жетiмiнен,-
деген жолдардың тарихи сырына тоқтала келiп, Қ.Алтынбаев: «Тойғұлы Сыбанның Жанкөбек тармағынан шығады. Ол дүние салғанда бүкiл Орта жүзге сауын айтыпты. Арғыннан келген кiсiлер аттың бәйгесiне тiгуге тоғыз жетiм қыз әкелiптi»,- деген дерегi (қараңыз: Аңызға айналған он жетi //Абай.1998. №4) Сараның емес, өз атасының асын асыра мақтаған Әрiптiң сөздерiне әбден жақын. Сондай-ақ, Сараның аузымен аталатын Кенжеғұл, Байтоқа, Шаянбай, Серiкбай сияқты Қаракерей - Сыбан елiнiң жақсыларына Әрiптiң арнаулары да бар. Ал, өзi Керей, бiрақ Арғын атынан сөйлеген Бiржан кiмдердi атайды? Бiржанның атаған 25 шақты адамының жетi-сегiзi ат төбелiндей Тобықты руынан. Қалғаны Арғын ғой деп көңiл семiрткенмен, Қаракерей, Сыбан-Мұрынмен ауылы аралас, қойы қоралас бергi өңiрдiң Арғындары ғана аттары аталып, ал сонау Бiржанға жақын Көкше, Кереку маңының, Есiл мен Нұра бойының Арғын тармақтарынан танымалдардың есiмдерi кездеспейдi. Айтыстың әлпетiне көз тоқтатсақ, Жанайдар батыр, ер Жәнiбек, Шыныбай қажы, Құсбек сұлтан, Тәттiмбет күйшi сияқты Арғын ақиықтарының қасиеттерiн бiр-ақ ауыз сөзбен сомдап келе жатқан Бiржан Құнанбай мен жас Ыбырайдың мәртебесiн көтеруде бiраз сөзiн жұмсаған. Бiржанға берген жауабында Сара да Арғынның атақтыларын аттап өтiп, тек Құнанбай мен Абайдан бар кемшiлiктi табады. Құнанбайдың Қазыбектiң найзасына iлiнгенiн, iстi болып Омбыда жатқанын тiлге тиек еткен Сара, ендi Абайға шүйiледi:
Ел аспас Серiкбайдың жарлығынан,
Құт болды бас қадiрi барлығынан
Мақтаған Ыбырайың дәнеме емес,
Бүлiндi бар Тобықты паңдығынан.
Осы арада Сарадан Әрiптiң тасы тағы салмақтылау. Осындағы Серiкбай, Найман Серiкбай қажы - Әрiп елiнiң биi. Әрiптiң «Серiкбай қажыға» деген арнау өлеңi де бар. Олай болса, Абайдың сынына кектенген Әрiп оны өз ауылының ауқаттысы - Серiкбаймен иықтастыруы әбден ықтимал. Сара тағы да:
Наймандай Арғын қайда қоңыр майда,
Ел тоқтар бiр мiнез жоқ Ыбырайда
Қазақтан өнерi асқан ер болғанда,
Бағланы Жiгiтектiң кеттi қайда,-
деп Құнанбайлар Сiбiрге айдатқан Базаралыға жоқшы болады.
Быт-шыт қып Тобықтыны тентiреттi
Түбiне аяғында түгел жеттi.
Елге құт-берекелi кiсi болса,
Маңғазы Жiгiтектiң қайда кеттi?,-
деп Бiржанды тақымдай түседi. Әрине, Базаралыны бас қылып Жiгiтектiң он жетi адамын Сiбiрге Құнанбай балаларының айдатқанын Сараға қарағанда Тобықты iшiнде жиен болып жүрген Әрiп әлдеқайда жақсы бiлген. Базаралы айдаудан қайтқан кезде қарсы алып, қасында болған да Әрiп. Бұл кездесу М.Әуезовтың эпопеясында тартымды суреттелген. Әрiптiң «Базаралыға» деп аталатын арнау өлеңi де осы кездесу оқиғасына орайлас туған.
Байқасаңыз, айтыс Тобықтыны айналып шықпай отыр. Айтыстың негiзгi сөз шеңберi де Құнанбай мен Абай маңында түйiсуде. Сара күллi Арғынның кемшiлiгiн аз ғана Тобықтыдан, оның iшiнде Құнанбай мен Абай басынан табады. Бұл құбылыс Сараның емес, тағы да, Әрiптiң жағдайына дөп келедi. Зайсаннан жiберiлген айтыс нұсқасының аяғында:
Бiрi әйел, бiреуi әншi өлең айтқан,
Бiледi жат елдердiң жайын қалай,-
деп жоғарыдағы құбылыстарды бармақпен басқандай етiп көрсетiп бередi емес пе? Мiне, бұл жайлар «Бiржан-Сара айтысына» Әрiп ақынның тiкелей қатысын айғақтай алады.
Енді, айтыстың жалпы ішкі құрылымдық, сюжеттік желісіне келер болсақ, «Біржан-Сара» - оқиғалы сюжетке құрылған көркем туындыға келеді. Бүгінгі күнде айтыстың 1898,1899 жылдардағы екі нұсқасы және осы нұсқалардан көп өзгешелігі жоқ ел аузында айтылып жүрген нұсқалары бар. Бірақ, бәрінің оқиға желісі бар. Оқиға былай: Біржан алты жолдасымен (кей нұсқаларда он бір) ақын Сараны іздеп Жетісуға келгені баяндалады. Яғни, әдеби терминмен айтсақ, айтушының сөзі арқылы оқиғаның басталуы - тура экспозиция. Біржан тобы ауылға кіргенде, ауыл жігіттері оларды өлеңмен қарсы алады, арада аздаған қағысулар болады. Біржан Сараның шешесімен, одан Сараның сіңілісімен айтысып қап, олардың өзін зорға тоқтатады. Бұл арада, атағы жер жарған сал Біржанға қыз бен шешесін автор әдейі қарсы қойып, айтыстырып отыр. Бұлар Сараның образын сомдап, шыңдау үшін ойдан жасалған кейіпкерлер. Автордың айтары «сенің асқақтаған Біржан атың болса, Сара да осалың емес». Автор баяндауындағы:
Сал Біржан құп болар деп аттан түсті
Жауапқа көрінеді қатын күшті.
Өзі мұндай, қызы бір қу шығар деп,
Жолдасының алты бірдей зәресі ұшты,-
деген жолдар шығармадағы сюжеттік байланыстың туғанынан хабардар етеді. Екі ақынды кездестірмес бұрын автор Тұрысбек қажыға мұның айтқызу арқылы Сараны, оның жәйін оқырманға таныстырып алады. Бұл да бір сюжеттік тартыс тудырудың нәзік тәсәлі. «Алтай-Қарпық» деп аттандаған Біржанға Сара бірден суырылып, атойламайды. Автор оқиғаны ширықтыра түседі. Бүкіл ел демін ішіне тартып, Тұрысбек, Есімбектер қыпылықтап қалады. Сосын Сараны қуаттандыру үшін қажы бата береді. Осының бәрі көркем шығармаға тән оқиғалар, ситуациялар емес пе?! «Кел, Сара амандасайық» деген Біржанға, Сара «Қисасұл әнбиені» алға тартып оңтайлы жауаппен қарсыласын омақастырғанынан оқиғаның дамып, нағыз ситуациялық шиеленістерге ұласқанын байқау қиын емес. Осындай композициялық сатыларда автор өз баяндауымен оқиғаны ары қарай өрбіте жалғап отырады:
Көтерді домбырасын көкке сермеп,
Салады түрлендіріп әнмен өрнек.
Бұл сөзге ызаланып алғаннан соң
Дауысқа салды Біржан аспанға өрлеп.
Оқиға қимылы күшейіп, тартыс тақымы тарыла түскендей. Бірі - сал, екіншісі - әнші. Екуі де өз бастарының атақ-даңқын асыруда бірінен-бірі өтіп, түрленген теңеу мен астары мол асыл сөзге көмілді, ұтымды ұқсатулар мен бағалы баламалар тіпті қалмады. Енді екі ақын да өз елдерінің бетке ұстарларын асыра мақтауға көшті. Байқасаңыз, оқиға жүйелі бір тәртіппен дамып отырады. Біржан Арғынды адақтаса, Сара Найманды асырды. Әрине, оқиға бөгетсіз дами бермейді. Бұл сюжеттік дамудың ситуациядан шиеленіске көшкен түрі. Енді қаһармандар арасында қақтығыстар басталды. Біржан Құнанбай мен Абайды асыра мақтаса, Сара Құнанбайды Қазыбекке найзалатып, Абайды жерден алып, жерге салды. Демек, тартыс - өмірдегі қайшылықтардың өнердегі көрінісі, адам тіршілігіндегі түрліше қарама-қарсылықтардың өнер туындысындағы жинақталуы, суреттелуі, яғни, оқиғаның барынша шиеленісе түскендігі аңғарылады. Біржан Құнанбайдың Найманға қылған ерлігімен тамсанады. Ақыр соңында Сара қыздың Жиенқұлдай нашарға қосылғанын айтып, сол жаманды көргісі кеп, құмарта, құтырынған Біржан Сараны сүріндіріп тынады. Міне, дарадан күрделіге қарай дамыған қым-қуат ширыққан шиеліністер шоғыры оқиғаның шарықтануына да жеткізді. Автордың сөзіне бақсақ:
Тұрысбек Біржан салға атан берді,
Маман құтып тай-тұяқ шапан берді,
Естуші ек дабылынды сыртыңыздан
Жарайсыз өнеріңді көзім көрді.
Сараға ер Есімбек берді жорға,
Ұялып бергеннен соң алды зорға.
Тұрысбек ақ жібектен койлек беріп,
Жылатпаспың,- деді, енді сені қорға.
Бұл - шығарманың мақсатын айқындар автордың үкімі, тартыстан туған соңғы нәтиже, көркем туындының шешімі. Ал, шығарманың прологы - соңғы сөзіне Сара мен Біржанның қоштасуы мен автордың соңғы сөзі кіреді. Шым-шытырық оқиғалар, тартыс таразысымен шиелінісе барып шешілген көрініс аяқталды. Біздің түйген ойымыз - Сара ақындық өнері мен сөз қуатының арқасында бас бостатандығына қол жеткізді, ал Біржан Сараның сөз қуатын шынықтыра шындаған, сөйтіп, ақындық дәрежесін үлкен биікке көтеруші, Сара қыздың бас бостандығына кепілдік әперуші. Бір сөзбен айтқанда, жоғарыдағы талдаулар айтыстың бастан-аяқ белгілі бір сюжетке құрылған көркем шығарма екенін танытып тұр. Осы тұста Ахмет Байтұрсынұлының мына бір пікірін келтіре кетуді жөн көрдік: «Айтыс бастапқы кезде шын екі ақының айтысқаны болса да соңғы кезде ақындар айтысты өз жанынан шығаратын болған. Яғни, екі ақының айтысқаны қылып,екі жағының да сөзін өзі шығаратын болған. Сойтіп, «айтыс» шын айтыс емес, тек шығарманың түрі болуға айналған. Адамның, елдің яки бүкіл жұрттың келіссіз істерің, мінездерің,пиғылдарын айтқысы келсе, ақындар өз атынан айтпай, айтысқан ақындардың сөзі қылып шығаратын болған»,- деген пікірі (Шығармалары. -Алматы: Жазушы, 1989. 227-бет) «Біржан-Сара айтысының» тарихын тап басып тұрғандай.
Демек, келтірілген дәлелдеулер Әріптің Біржан мен Сара арасындағы болған айтысты елеулі өндеуден өткізіп толықтырып көркем туындыға тән оқиғалы дүние жасағандығын көрсете алады.
Дәлелдерімізді бекіте түсу үшін Әріптің «Тәуке мен Ұрқия айтысы» шығармасын «Біржан-Сара айтысымен» салыстырып, екі айтыстың идеялық мазмұнына, оқиға орайластығына, сөз салымдарына үңіліп байқайық. Екі айтысты салыстырмас бұрын, алдымен, ақынның «Тәуке-Ұрқия айтысына» түсінік беріп кетейік. Шығарманың басты кейіпкерлері Тәуке мен Ұрқия. Ұрқия - Әріпке туыс. Жанкөбек, Ақтайлақтан тарайды. Ал, Тәуке - Тобықты, Мәмбетей елінің батыры. Тәуке жайында Уәйіс Шондыбайұлы «Тәуке-Жікібай» дастанын жазған. Бұл туралы?. Мұхамедханұлы өз еңбегінде кеңінен түсінік берген (қараңыз: Абайдың ақын шәкірттері. К. 2. -Алматы: Дәуір, 1995). Тәуке 1912 жылдары тұтқындалып, Сергиополь түрмесінде отырғанда Ұрқиямен кездесіп айтысқан. Қ.Мұхамедханұлы осы жайында: «Тәуке-Ұрқия айтысы» - өмірде болған шын оқиғаны айтыс түрінде жазған Әріп ақынның көркем шығармасы»,- дейді. (Абайдың ақын шәкірттері. К. 3. -Алматы: Дәуір, 1995, 162-бет). Болған айтысты көркем шығарма етіп, өңдеп жазу Әріптің ақындық өнеріне машық құбылыс екендігін «Тәуке-Ұрқия» шығармасы дәлелдей түседі.
Енді екі айтыстың табиғатын таразылар болсақ, әкесінің төрт түлігі сай, дүниеге мұқтажсыз Сара айтыста қажы ағасына мұның шағып, бас бостандығын аңсаған жан болса, Ұрқия да Жұмақандай мырзаның қарындасы, еріксіз аз ауыл Ақымбетке ұзатылып, Аякөзде тезек арқалап, су тасыған күйге түседі.
Сара: Сіздерден ұялғаннан үндемеуші ем
Есекке қосақталуы өтті-ау күнім,-
деп ашынса, Ұрқия «Ақ ноқта басқа киіп қатын болдық»,- деп мойынсұнады. Екі айтыстың да негізі желісі Сыбан мен Тобықты елі төңірегінде өрбиді. Сара да, Ұрқия да Тобықтының бүлігін қарсыластарының бетіне басады.
Мәселен, Ұрқия: Ұрысын Тобықтының қойдай тізіп,
Еліне намыс қылар бар ма кісі.
...Батырым мейлін мақта, мейлің боқта
Тобықты кигізіпті шынжыр ноқта,-
десе, Сарада: Мақтанған Ыбырайың дәнеме емес,
Бүлінді бар Тобықты пандығынан
...Елге құт берекелі кісі болса,
Маңғазы Жігітектің қайда кетті?
Ал, қарсыластары - Тәуке мен Біржан Тобықтының тұлымын көтереді.
Тәуке: Адам жоқ бақыты асқан Құнанбайдан
Үлгілі Орта жүзге өнер жайған.
Біржан: Құтыма тіл тигізбе ер Құнанбай,
Алашқа даңқы шыққан кер бұландай,-
деп асқақтатады. Екі айтыстың сөз салымына көз салсақ,
Біржан: Үш жүзге даңқым шықты өлең жаттап,
Қысқартам адымыңды бір-ақ аттап,-
десе, Ұрқия Тәукеге:
Болсаң да қанша жүйрік тоқтатармың,
Қысқартып адымыңды бір-ақ аттап,-
дегені сияқты сабақтастықтар екі айтыста да молынан кездеседі. Айтыстағы Сара да, Тәуке де өз қарсыластарынан ақындық қуатының кемдігінен немесе ұрымталда сөз таппағаннан жеңілген жоқ. Елінің айнасы болған ақынның ең осал тұсы да - сол елдің, өз елінің міні. Сараны Жиенқұлға қосақтаған да, Тәукеге шынжыр ноқта кигізіп, абақтыға жапқан да ел-жұрты, дәлірек айтқанда өз елінің игі-жақсылары.
Жеңілдім рақымсыз елім үшін,
Кетіп тұр бүгін менің қайрат күшім.
Сиық жоқ қазір менде Тәуке дерлік
Азғындап, қан азайып, тұрған пішін,-
деп ер Тәуке ақындық қуатын елінің жамандығына құрбандық етсе, Сара:
Адамға жол бермеген есіл тілім
Күн өтпей қурап ұшқан қызыл гүлім.
...Өзі білер деуші едім жақсылардың
Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім,-
деп, ел жуандарының рақымсыздығынан Біржан алдында шырмалады. Екі айтыста да әлеуметтік ой-түйіндер осылайша бір араға түйсуде. Екуіндегі осыншалық ұқсастықтарды елемеу мүмкін емес.
«Біржан-Сара айтысына» Әріп қатыстырғысы келмейтін зерттеушілер тобының ұстанар дәлеледерінің ең салмақтысы - Әріп шығармалары мен айтыс табиғатыңдағы сөз қолдану, стиль алшақтықтары. Мәселен, Е.Ысмайловтың: «Біз әуелі Біржан мен Сара айтысының Әріп өлеңдерімен үндестігі, ақындық өнер жағынан қайталанып келетін тамырластығы бар ма деп қарастырдық, бірақ ондай үндестік байқалмайды»,- деп:
Ақ қағаз тәштит етпе хат жазарға
Түскен соң мағлұм болды сөз базарға...
Жаһил көп тілін тіске құр жаныған
Не пысық сәел қылсаң иманыңнан,-
деген сияқты Әріптің бірнеше осы сипаттас өлеңдерінен үзінділер тере келіп: «Әріптің мұндай өлең, сөз өрнектерінен Біржан мен Сара айтысындағы ақындық өнер үлгісі байқалмайды. Әріп оқыған
Сөзді қысқа қайырғанда Біржан мен Сара кездескен. Жиенқұл дауына байланысты кездескен екі ақынды көруге көп жұрт жиналып, Біржан мен Сара солардың алдында өз өнерлерін көрсетіп өлең айтып, Ешкіөлмес бауырын әнге бөлейді. Бірақ екі ақын айтыспаған. Жиенқұл тақырыбындағы екі ақынның сөзін Әріп айтысқа арқау еткен. Дәлірек айтқанда көп өзгеріссіз енгізе отырып, әрі Тобықты мен Сыбан арасындағы ру тартысын негізгі тақырып етіп, бас-аяғы белгілі бір сюжетке құрылған айтыс жазады.
Төңкеріске дейін айтыс Қазан қаласында екі нұсқада бірнеше рет жарық көрді. Е.Мырзахметұлының үшінші нұсқа деп отырған Зайсан нұсқасы екінші нұсқа. Менің білуімше айтыстың екі-ақ нұсқасы бар.
Ең алғаш рет 1898 жылы айтыстың бірінші нұсқасы басылым көрді. Оны бастырған Ж.Шайхысламұлы. «Қисса-и Біржан сал менен Сара қыздың айтысқаны. Бастырған Шамсуддин Хұсайн ұғлының балалары. Қазан, Университет баспаханасы, 19 б.» Бұл нұсқа дүркін-дүркін 1900, 1901, 1907, 1913, 1914 жылдары басылып шықты. Екінші нұсқа алғашқы нұсқадан кейін іле-шала 1899 жылы төмендегідей атпен шықты. «Қисса-и Біржан сал менен ақын Сараның айтысқаны. Бастырған ағайынды Кәримовтар. Қазан, М.А.Чиркова балаларының баспаханасы, 1899. 24 б. Редакциясын басқарған Абу-Ғабдулуахид Шәкиржан Әл-Хамиди-т-Тәкәви». Бұл нұсқа Зайсан қаласынан жіберілген нұсқа делінеді.
Аталған екі нұсқаның негізгі оқиға желісінде үлкен өзгерістер жоқ. Екі ақынның айтысы кейбір шумақтардың бірінде болып екіншісінде болмай қалуы, сондай-ақ синонимдік өзгеріске түскен сөздердің айырмашылықтарын ескермегенде екі нұсқаның жалпы сұлбасы, сюжеттік желісі бір.
Негізгі өзгешелік айтыстың басталуы мен аяқталуы және айтушының сөздерінің қосылуы. Көлемі жағынан толығырақ екінші, яғни Зайсан нұсқасы болып табылады. Екі нұсқадағы елеулі деген өзгешеліктерге тоқталсақ:
Бірінші нұсқадағы: «Қызы екен Тастанбектік ақын Сара» деп басталып, «Құдайым қуат берсе енді сізге» деген аралықтағы шығарманың алғы сөзі (елу жол өлең) екінші нұсқада басқаша өрілген. Екінші нұсқадағы «Жарандар, құлағың сал, келді кеңес» деп басталып, «Қажыға мұңын айтқан сонда отырып» деген аралықтағы 172 жол өлең жолы айтыстың көркем шығармалық құрылымын анықтап оқиғалық желіспен берілген. Оқиға желісі былай: Біржан алты жолдасымен ақын Сараны іздеп Жетісуға келеді. Алдымен Сараның шешесімен, одан Сараның сіңілісімен айтысады. Арасында айтушының, яки автордың және Жүнісбектің сөзі бар.
Шығарманың соңында бірінші нұсқада «Жиылған жұрттың бұларға берген сыйы» (20 жол), «Сараның сонда жұртқа айтқаны» (16 жол), «Айтушының сөзі» (26 жол) сияқты екінші нұсқада кездесетін өлең жолдары жоқ. Есесіне, екінші нұсқада соңғы Біржанның айтқан сөздерінің кей тұстары (30 жол) сондай-ақ, Сараның Біржанмен қоштасу сөзі (20 жол) сәл өзгешелеу келеді. Алайда екі нұсқаның аяқталуындағы Біржан мен Сара сөздерінің мағынасы бір.
Бірінші нұсқада жоқ Біржанның «Ыбырайға тамам елің Найман жетпес» деп басталып, «Барыңды өз қолымнан таратайын» деген 60 жол өлең екінші нұсқада бар. Онда Ыбырайға (Абайға), Құнанбайға қатысты мадақ сөздер айтылған. Осындай өзгешеліктердің өзі екі нұсқаны бір-бірінен алшақтата алмайды. Демек, түбі бір шығарма бастырушылар тарапынан немесе бастыруға ұсынушы тарапынан өзгеріске түскен.
Ендігі жерде «Біржан мен Сара айтысқан ба, әлде оны Әріп ақын шығарған ба?» - деген екіұшты пікір жөнінде қысқаша тоқталып өтейік. Бұл жөнінде толығырақ «Әріп ақын» монографиясында (авт. Б.А.Ердембеков. -Алматы, 2001) айтылған.
Біржан сал жетісуға бірнеше рет келген. Соңғы бір сапарында әдейілеп Сарамен кездеседі.Бұл кездесу шамамен 1895-96 жылдар. Сараның Жиенқұлға айттырылған аянышты тағдыры Біржанды бей-жай қалдырмаған. Әдейі іздеп келген Біржан алдында Сараның Тұрысбек қажыға айтқан арызы, Біржанның Сараны қорғап сөйлеген сөзі Әріптің айтыс жазуына негізгі арқау болған. Біржан мен Сараның айтқан өлеңдері көп өзгеріссіз айтысқа енген. Ел аузында сақталған өлеңдерді кезінде Сара Тастанбекқызы өмірін терең зерттеген. Т.Қалилахановтың арнайы мақаласында (қараңыз: «Ақын Сара туралы соны деректер. //Жұлдыз. 1958.№4,5»), І.Омаровтың еңбектерінде (қараңыз: Ақын Сараның әдебиетіміздегі үлесі. //Қазақ әдебиеті. 17 шілде, 1959., Әдеби толғамдар. Алматы, 1988) келтірілген. Айтысқа Біржан мен Сараның нақты қай сөздер қандай өзгерістермен енді деген сауалға жауап ретінде Т.Қалилаханов мақаласындағы ел аузынан сақталып жеткен өлең жолдарын айтыс мәтінімен салыстыру мақсатында толығырақ келтірейік:
«Тұрысбек ауылы Біржанды сый-құрмет көрсетіп қарсы алған. «Ешкіөлместің» бөктерінде көк майсаға шатыр тіктіріп Біржан салдың өлеңдері мен әндерін тыңдаған. Біржан өзінің келген жәйітін, Найманның ақын қызы Сараны көргісі келетінін білдіріп, оны шақырыңдар деп көп өлең айтқан. Біржанның сондағы өлеңдерін ұғып, бұл оқиғаны өздері де өлеңмен бейнелемекші болған жергілікті ақындар Біржанды былай суреттейді.
Әдейі Біржанға арнап тіккен шатыр,
Алдында қызыл-жасыл кілем жатыр.
Айнала алқа-қотан отырған ел
Тыңдауда салдың алуан сөзін нақыл.
Таңырқап жұрт тыңдаған сол Біржан-сал,
Ол күнде алпыстарға тақаған шал.
Қара-сұр адам еді онша өңді емес
Қыр мұрын, түлкі мұртты, шоқша сақал.
Сол күні Тұрысбектің ауылында,
Үлгі айтты Қаптағайдың қауымына.
Біржанның төңкерілген әнін естіп
Ешкіөлмес ел жиналды бауырына.
Біржанның өз айтқан өлеңдерінен мына сияқты өлеңдер ел аузында қалған.
Достарыңызбен бөлісу: |