Большевиктік “Орал” газеті.
Бұл басылым 1907 жылдың 4-қаңтарынан 27 сәуіріне дейін Орынбор қаласында жарық көріп тұрды. 31-нһмері шыққанда патша үкіметі оның өмір сүруіне тыйым салды. Газеттің редакторы большевик Хусаин Ямашев болды. Оны “Пролетарий” газеті “ұлтшылдық дегенді білмейтін нағыз социал-демократ”,- деп бағалады. Газет ислам дініне қарсы атеистік көзқарас танытты.
Қолжазба “Садақ” журналы
1905-1907 жылдары Ресейде болған бірінші орыс буржуазиялық революциясы шығыс халықтарының да арасында ұлт-азаттық, мәдени-ағартушылық қозғалыс тудыруға әсер етті. Ресеймен және басқа елдермен ерте араласып, өнер мен білімге қазақтардан гөрі бір табан жақын тұрған татарлармен біздің бабаларымыздың қандас әрі аралас-құралас болуы Қазақстанда да мәдени-ағарту жұмыстарының жандануына белгілі дәрежеде септігін тигізді. Бұлай дейтініміз, сол кезеңде Қазан, Уфа, Троицкі баспаханаларында едәуір қазақ кітаптары басылып шықты. Сондай-ақ, мұғалімдер дайындайтын Уфадағы “Ғалия”, Троицкідегі “Расулия”, Орынбордағы “Хусаиния” семинарияларында және башқұрт, татар медреселерінде қазақ жастары оқыды.
Мысалы, 1906 жылы ашылған Ғалия медресесін 1916 жылға дейін 930 шәкірт аяқтаса, соның 154-і қазақ жастары болған. Онда тәрбиеленіп, білім алған жас мұғалімдер Қазақстанның Алматы, Қапал, Қызылжар, Семей, Өскемен, Зайсан және басқа уездерінде төте оқу мектептерін ашып, бала оқытуға кіріскен.
Кезінде Ғалия медресесінде оқыған башқұрттар “Парлақ”, татарлар “Аң”, черкестер “Ләгуә”, қазақтар “Садақ” деген қолжазба әдеби журналдар шығарып тұрған. Уфа қаласында 1915 жылдың 9 қарашасынан шыға бастаған бұл басылымның ұйымдастырушы, шығарушылары – Бейімбет Майлин мен Жиенғали Тлепбергеновтар болды. Бірақ Б. Майлиннің науқастанып еліне қайтып кетуіне байланысты “Садақты” 1915 жылғы 3-санынан бастап Ж.Тлепбергенов редакциялайды да, шығарушы міндетін “Қазақ ұйымы” атқарады. “Журналымыздың мақсаты – оқуға кеткен қазақ жастарына жол-жоба көрсетіп, қалам ұстауды сөз жазуды үйрету, өткендегі өмірдің жақсылық жағын өнеге етіп, жаманшылығынан безіндіру болып табылады”, - деп жазды редакция алқасы.
Шындығында “Садақтың” 1-санынан бастап, соңғы 15-санына дейінгі аралықта екі жыл қатарынан новелла тәрізді қысқа әңгімелер, көлемді повестер, очерктер, сықақ этюдтар, жас ақындардың өлеңдері, сын пікірлер, қазақтың ауыз әдебиетінің нұсқалары молынан жарияланған. Бұған себеп журнал редакторы Ж.Тлепбергенов авторларға талап қоя білгіш, іскер басшы болған. Ол материалдармен мұқият танысып шыққан соң, құнсыздарын ешкімнің көңілдеріне қарамай, авторларына қайтарып беріп отырған. Мысалы, ол бір авторға “көп ойланып жазсаңыз да, сөзіңізде көрініп тұрған кемшілік бар. Келісті сөздер жазсаңыз келешек санға кіргізерміз” десе, “Ертеңгі жазушыларға” да “Еріккенге ермек деп, елдегі жоқты жаза бермеңіз” – деп ескерту жасаған.
Бұл қолжазбаның қазақ елінде емес Уфа қаласында шығып тұруы, әрине, ондағы Ғалия медресесінде оқитын қазақ жастарына елдегі болып жатқан түрлі оқиғалардан толық мағлұмат бере алмады, алайда олар халықтық бағыт ұстанған партиялар мен осы партиялардың “Қазақ”, “Бірлік туы”, “Сарыарқа” сияқты органдарының оң істерінен хабардар етті. Бұл жөнінде Қ.Бекқожин кезінде “Оның үстіне ол дәуірде шығып тұрған, алашордашылардың “Қазақ” газеті және басқа сондай баспасөз органдары олардың басын ұлтшылдықпен уландырады. Жалпы ұлт-азаттық қозғалысымен рухтанған Ғалия шәкірттері қазақ ұлтшылдарының буржуазиялық ұлт автономиясын құрмақ болғанын жақтап қателесті”, - деп жазды.
Бүгінгі күн тұрғысынан қарасақ зерттеушінің бұлай деп жазу себебін ілгеріде айттық, енді қайталап жату артық болар. Шынтуайтына келгенде бұл редакция ұжымының ұлтжандылығын көрсететін ерекше қасиеті болатын. Мысалы, осыған байланысты “Садақтың” 1917 жылғы 18 қарашадағы 4-санының соңғы бетінде басылған бір хабарда Омбыда оқитын қазақ жастары “Бірлік” атты жаңа қауым ашыпты, басқармаға орысша басылған жарғысы келді, қауымның мақсаты халық арасында білім тарату, сонымен бірге халық әдебиетін жию екен деген делінген. Бұл қауымның жұмысына игі тілек білдіре келіп, басқарма “мұндағы шәкірттердің ағза (мүше) болып жазылуы оң, жарғыны оқып көруге береміз”, - деп мәлімдеген.
Кейіннен “Бірлік” ұйымы туралы С.Сейфуллин “Біздің программалық және көздеген мақсатымыз – қазақ арасында мәдени-ағарту жұмысын жүргізіп, қазақ әдебиеті арқылы патша өкіметінің қысымшылығына қарсы идея тарату еді”, - деп жазды. Шындығында Шәймерден Әлжанов белсене қатысқан бұл ұйым мүшелері кейіннен осылай етті де. Олар патша өкіметінің реакцияшыл саясатын әшкерелейтін листовкаларды кішкене пресс машинаға бастырып, қазақ арасына таратқан.
Міне, сөйтіп “Бірлік” ұйымының жарғысын бастырмай, басқармаға келіп танысыңдар деуінің өзі-ақ “Садақтың” оған іш тартып, тілектес болғанын көрсетеді.
Қолжазба бетінде жарияланған материалдар түрлі мәселені қамтыған. Мәселен, алдымен Ж.Тлепбергеновтың еңбегіне тоқталып көрсек. Себебі, Жиенғали өзінің тырнақалды өлең, әңгіме, мақалаларын осы журналда жариялап, ұстаздық, ақындық, жазушылық қызметін бастады. Мысалы, ол “Жазғы көш” деген әңгімесінде жайлауға көшу сәтін, жол бойғы қыз-жігіттердің ат жврыс, көкпар ойындарын, шырқаған әндерін нанымды суреттейді. Әсіресе, оның байдың жылқышыға ұрсып жатқан сәтін, жастар думанына торы шолақ атын тақымдай шаба жөнелген кедей баласының жақын қылығын бейнелеуі де сол кездегі ауыл бейнесін көз алдыңа айқын елестетеді.
Екінші мәселе Ж.Тлепбергеновтың сыншылығы туралы. “Садақтың” 1917-1918 жылдардағы оныншы санында қатарынан Халелидден Жүсіпұлы Сарталиевтің “Мақтым” деген ұзақ повесі жарияланған. Міне, Жиенғали осы шығармаға талдау жасап, сын жазу барысында оның кемшіліктерін, роман дәрежесіне жете алмағанын, егер қайта құрып өңдесе баспаға ұсынуға болатынын атап көрсеткен.
Журнал өз оқырмандарының деңгей-сипатын ескере отырып оқу-ағарту ісіне баса көңіл бөлген. Журналдың 1917 жылғы бес санында жарияланған “Мұғалімдік туралы” деген екінші бір үлкен мақаласында прогресшіл педагогиканы және озат ағартушылық идеяларды насихаттады. Алдымен ол медресе бітіріп шығатындарға “бұрынғы алдаушы, сатылғыш арамза молдалардың ізіне түсіп кетпеуді” айтады. Екіншіден, жаңа әліппемен төте оқытатын мұғалім балаларға мейірімді қарап, білім негіздерін және жазуды бірге үйретуге, жұрт алдына тәртіпті, ұстамды болуға тиістігін ескертеді. Сондай-ақ, Ж.Тлепбергенов мұғалім тек балаларды оқытумен тынбай, ел арасында мәдени-ағарту жұмыстарын, атап айтқанда сауаттандыру, газет, кітап оқып беру, мұғалімдер дайындайтын курстар ашу сияқты шараларды жүзеге асыруға тиіс екендігін, бұл жаңа, халықтық мұғалімдердің ардақты борышы екенін жазады.
“Садақта” қазақ халқының ұлы ақыны – Абайдың жастарға арналып жазылған бірнеше нақыл сөздерімен қатар, “Желсіз түнде жарық ай”, “Білімдіден шыққан сөз” сияқты махаббат, тәлім-тәрбие жөніндегі жыр жолдары да басылып тұрған.
“Садақ” материалдарын идеялық тұрғыдан қарағанда бірен-саран ала-құлалық болғанын да айтпай кетуге болмайды. Редакция ұжымындағы жастардың сол кездегі саяси өмірдегі өзгерістерді түгел жаңалық деп қуана қарсы алғаны да бар. Бұл кінәсі де, күнәсі де емес, саяси өрелерінің саясыздығы деп білу керек. Мәселен өзінің соңғы 1918 жылдың 10 ақпанында шыққан санында Орынборды большевиктер алғандығы туралы хабарда: “Бұл қадірлі жаңа жолда біздің қазақтан да жоқ емес еді. Ғалибек Жанкелдин деген кісі большевиктерді ертіп келіп “Қазақ” басқармасын жаптырды. Бұл уақытта ондағы мырзалар қазақ ішіне қашып кеткен еді. Ғалибек “Қазақ” басқармасын тінтіп, жаңа шыққан “Қазақтың” бір нөмір газетін “Баяғыдан бері сен біздің аяғымызға қандай тұсаулар салмадың!” – деп, қосқалдап тұрып айырып-айырып тастапты” деп қуана жазуы соның айғағы болса керек. Тегі, осы жолды жазып отырған редакция ұжымы бұл істің өз басына да төніп отырғанын түсіне білу үшін де саяси сауаттылық керек еді.
Сонымен қорыта айтқанда “Садақ” қолжазба күйінде болса да қазақ баспасөзі тарихынан өз орынын алатыны даусыз. Біріншіден, қалам ұстаған медресе жастарына жазу рөлін атқарады, екіншіден, қазақтың көркем әдебиеті кадрлерінің өсіп жетлуіне ықпал етті.
Достарыңызбен бөлісу: |