Қорытынды.
Ондаған ұлттармен ұлыстардың басын күштеп бір ноқтаға теліген зорлықшыл тоталитарлық жүйе кезеңіндегі миллиондаған жазықсыз жандардың ғұмырын қыйған әкімшіл-әміршіл жүйедегі алпауыт империя ыдырап ,оның құрамындағы одақтас елдер бостандық алып ,құлдық қамытынан босанды.Міне еліміз тәуелсіздік алып,көк байрағын желбіреткелі де он жеті жылдан асты.
Осынша жыл өтсе де, соғыс басталған сәттегі сәтсіздікке байланысты шындық ақырына дейін әлі толық айтылған жоқ. Мәселен, соғыс басталған 4 айдың ішінде 4 миллионға жуық адам(анығы – 3 миллион 900 мың), ал бір жылдан соң тағы бір миллион, жалпы, соғыс барысында 5,5 миллион кеңес жауынгерлері тұтқынға түсіп, немістердің осынша адамды не істерін білмей қалғаны туралы дерек көздері әдейі тасада қалдырылып келді.
Ресейдің орталық басылым беттерінде екінші дүниежүзілік соғыс кезінде КСРО-ның №1 қас жауы атанған генерал-лейтенант, гитлерлік Германиямен ауыз жаласып, еріктілерден орыстың азаттық армиясын жасақтаған Андрей Власовты ақтап, оны сталиндік жүйемен күресуші, суперагент, батыр ретінде дәріптейтін мақалалар жиі жариялануда. Власов бұрын атын атауға тыйым салынған, отанына опаздық жасаған сілімтік болса, қазір Ресей халқын азат ету комитетінің аты шулы көсемі, соғыс тарихындағы сұрапыл тұлға ретінде суреттеле бастады.
Не керек, бұрынғы одақтас республикалардың бәрінде легионерлерді баяғы сталиндік тоқпаққа салып, отанын сатқан опасыз, сілімтік сатқындар емес, керісінше, ұлт патриоттары, сталиндік жүйенің қас жауы, тәуелсіздік үшін арпалысқан күрескерлер ретінде қарастыру басталды. Бұл үрдіс қолға түскен қазақ, қырғыз, ұйғыр, өзбек, түрікмен жауынгерлерінен құрылған «Түркістан» легионына да байланысты.
1941 жылы Үшінші рейхтың шығыс министрі Альфред Розенберг Түркістан мұсылмандарын Кеңес өкіметінен азат ету комитетін құруды ұсынды. Бұл идея Герман армиясының жоғары басшылығының көңілінен шықты. Сөйтіп, 1941 жылы күзде төрт ротадан тұратын «Түркістан полкі» құрылды. Фашистер оның басына беделді көсем ретінде қазақ Мұстафа Шоқай мен өзбек Вали Каюм ханды тартқаны мәлім. 1942 жылы осындай барлығы 24 батальон жасақталды. Бұдан бөлек, 1944 жылы «Жаңа Түркістан» СС дивизиясы және «Шығысмұсылман» СС полкі құрылды. Түркістан легионы бірінші рет 1942 жылы Астрахань бағытындағы соғысқа жіберілді, көпшілігі Паулюстің армиясында болды. Гитлершілдердің ойынша, олар ары қарай Қазақстанға көктей өтуі керек еді.Неміс армиясының қатарында Түркістан легионынан басқа, 11 мың татар еріктілерінен құралған 12 дала батальоны болған. Власовтың 130 мың адамдық армиясында 20 мың татар болғанын да айта кетелік. Сондай-ақ Кавказ легионы, әзірбайжан батальоны, грузин легионы жасақталған. «Давид Құрылысшы», «Тамара патшайым», «Георгий Саакадзе» деген атау берілген грузин батальондары болған. Бес мың адамдық қалмақ корпусы құрылған. Түркістандықтар мен кавказдықтар 150 мың адамды құраса, шығыс батальоны мен роталары 80 мың адамнан тұрды. «Ресейді тек орыстар ғана жеңуі мүмкін» деген Шиллердің сөзін бетке ұстады ма екен, гитлершілдер ең басты күшті қолдарына неміс қаруын алған орыстардан жасақтады. Оның басында орыс эмигранттары тұрды. 1945 жылы неміс әскери қызметіне жегілген орыстардың саны мынадай: вермахта – 600 мың адам, әскери әуе күштерінде – 60 мың, флотта – 15 мың. 1942 жылы Новочеркасскіде Дон казактарының жиыны өтіп, Қызыл Армияға қарсы казак бөлімдері құрылады. Сөйтіп, Еуропада әрқайсысы 1200 адамнан тұратын 11 казак полкі жасақталған. Ал генерал-лейтенант Власовтың орыс-азаттық армиясында 130 мың адамдық үш дивизия болды. Тарихшылардың есебінше, немістермен жалпы саны 1,5 миллион Кеңес солдаты ауыз жаласып, ерікті, полицей, т.б. болып шыбын жанын сақтаған.
Түркістан легионында «Біртұтас Түркістан» журналы, «Ұлт әдебиеті», «Жаңа Түркістан» газеті шығып тұрды. 1944 жылы Берлинде қырғыздың «Манас» эпосы басылған. «Болашақ үлкен Түркістан»-ның картасы жарық көрген. «Түркістан тарихы», «Түркістан проблемалары» атты еңбектер басылып шыққан. Осындай басылымдарда еңбек еткен қазақ зиялылары: Асан Қайғы (Мәулекеш Қайбалды), Қобызшы Қорқыт (Мәжит Айтбаев), Қанат Қарысбай, Сайран (ақын Хамза Абдуллин), Дәулет Тағыберлі, Таһир Шағатай, Абдулуаһап Оқтай, т.б. тәуелсіздік жолында қалам тербеді. Тарихты жаңғыртуға тырысты. Мәселен, бәрімізге таныс Абылай ханның кескіндеме-суреті бізге осылар арқылы жетті. Түркістан легионында немістер арнайы молдалық штат ашып, үгіт-насихат жұмысын білімді молдалар жүргізген. Легионерлердің оң жақ жеңінде «Аллаһ бізбен бірге», төменгі жағында «Түркістан» деген жазу болған және мешіттің суреті бейнеленген. Ал жарты ай мен жұлдыздың суреті бар Туының жоғары жағы қызыл түске, төменгі жағы жасыл түске суарылған. Легионерлер арасында орыс тілінде сөйлеуге тыйым салынған, өзара ана тілдерінде сөйлескен. Әскери бұйрық неміс тілінде берілген. Қолдарын жүрек тұсына қойып, ант берген. Орта Азия республикаларынан шыққан әскери тұтқындарды немістер іріктеп алып, топ-топқа бөліп, алдымен Люкенвальд, сонан соң Бранденбург лагерлерінде шпиондыққа дайындап, террорлық істерге тыңғылықты түрде оқытып, үйретіп отырды, әр топтан екі адам міндетті түрде Варшавадағы радистік курсты бітіріп шықты. Германияның осындай барлау мектептерінде неміс тұтқынындағы мың сан адам КСРО-ның тылдағы өнеркәсіп кәсіпорындарын, маңызды деген көпірлері мен мұнай құбырларын жаруға дайындалды. Немістер легионерлерді, негізінен, көпірлерді, қоймаларды, траншеяларды қорғау мен тыл жұмыстарына жеккен. Украина, Белоруссия, Италия, Францияда болған соғыстарға салған.
Ұлы Отан соғысы жылдарында фашистердің арнайы барлау қызметінің Орталық Азия елдеріне парашют арқылы агенттер мен терроршылар тастағаны және олардың тылда жасаған ойран-лаңы туралы кеңестік тарих жұмған аузын ашпай келді. Фашистердің «Цеппелин» атты диверсиялық барлау органының 1942-1944 жылдары Қазақстанға да әуеден кілең қазақтардан құралған бірнеше агенттік топтар түсіргенінен хабарсыз болып келдік.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағат-деректеріне сүйенсек, 1943 жылдың 2 маусымында Батыс Қазақстан облысының Урдинск ауданында сол кездегі қауіпсіздік қызметі немістер ұшақпен тастаған осындай жансыздар тобын қолға түсірген. Қазақ жеріне 5 мамыр күні парашютпен түсірілген тағы бір неміс барлауының агенттері Астрахань облысының жерінде ұсталған. Қызыл Армияның бұрынғы аға лейтенанты, 35 жастағы ұлты қазақ Әлихан Ағаев басқаратын 18 жау десантының парашютпен Солтүстік Қазақстанға түсірілген құпиясын білген республиканың мемлекеттік қауіпсіздік органы қызметкерлері тарапынан жерімізге ішкерілей енген жау десанттарын қырағылықпен аңду басталады. 24-26 тамыз күндері әрқайсысы 5 адамнан құралған 2 арандатушы топ ұсталады. Ары қарай фашистер дайындаған арандатушы топтардың Әлихан Ағаев басқарған 18 адамнан басқасы тегіс Гурьев облысының аумағында қолға түсіріледі және қарсылық білдіргендерінің көздері жойылады.
Қазақстандағы аса қауіпті әрі белсенді топ Қызыл Армияның бұрынғы аға лейтенанты, кейіннен вермахттың обер-лейтенанты, «Алаш» батальонының жетекшісі Әлихан Ағаев (соғысқа дейін Жилокосинск аудандық жер бөлімінде агроном болған, 1941 жылы атты әскер взводының командирі болып жүріп Мәскеу түбіндегі шайқастардың бірінде немістердің қолына түскен, кейіннен шын аты Әмірхан Тілеумағамбетов екені анықталған) басқарған топ болған. 1944 жылғы мамыр айының 19-ынан 20-сына қараған түні Ағаев басқарған бандылармен Ақшелек деген жерде қиян-кескі шайқас болып, жау тобының басым бөлігі тұтқынға алынады. Ал Әлихан Ағаев пен оның жақын серіктері ұрыс үстінде тиген оқтан өледі. Олардан 2 пулемет, 25 пистолет-автомат, граната, оқ-дәрі, 1 рация, 1 радиоқабылдағыш, әртүрлі әскери бөлімдердің мөрі мен штампы, Кеңес Одағының географиялық картасы, 737170 рубль, қазақ тілінде жазылған үнпарақтар мен басқа да заттай айғақтар жиналып алынған. Ағаевтың қалтасынан оның өз қолымен жазған 263 түркістандық легионердің тізімі табылған.
Соғыс аяқталған соң түркістандық легионерлерді Сталиннің бұйрығымен 25 жылдық лагерьдегі айдау күтіп тұрды. Олардың кейбіреулерін америкалық және ағылшын барлауы өз қызметтеріне алып қалса, біразы Түркия сияқты шет-елдерге бас сауғалап кетті. Соғыстан соң Алматыда 600 легионерге сот болды. Кейіннен КГБ қызметкері Серік Шәкібаевтің «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітабы жарық көрді. Онда М.Шоқай сатқын ретінде көрінді. 1987 жылы жазушы Әнуар Әлімжанов Г.Колбиннің алдына Түркістан легионының негізін салушы М.Шоқайды ақтау мәселесін көтерді. Колбин үндемей құтылды.Қалай десек те, тұтқындар проблемасы Ұлы Отан соғысының (егер осылай атауға болса) ең нәзік, шетін тұсы. Жарайды, М.Шоқай өзін-өзі ақтады. Қазіргідей ардагерлердің көзі тірі кезінде басқа соғыс тұтқындарын ақтап алу, бір жағынан, қисынсыз да болар. Есептесек, сол сұм соғыста 450 мың қазақ шейіт болыпты. Қазақстандықтардың 520-дан астамына Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Құдайға шүкір, ерлерден кенде емеспіз, батыр халық ретінде бетіміз жарық. Дегенмен қазақтың неміс жағында да соғысқанын жасырып-жабатын, ұялатын кез өтті. Әрине, Отанға қарсы шыққан кез келген қылмысты ақтауға болмайды. Бірақ Отан дегенде, тұтқындардың көз алдында не тұрды: 40 миллион малдың 4 миллионын қалдырып, қазақтың 40 пайызын қырған отызыншы жылдардың зобалаңы. Алашорда үкіметімен байланыста болған қазақтың бетке шыққан қаймағы – зиялы қауымын қойша қырған сталиндік зұлмат. Қытай, Ауғанстан, Иранға тоз-тозы шығып, ауып кеткен қазақтар... Жау қолына қапыда түсіп, санасы уланған бейбақтардың өз жеріне келген соң да көлеңкесінен қорқып, қайда тығыларын білмей, бастарын көз-көрекі құрбандыққа тіккендері де, (кездейсоқ жау тұтқынында болғандардың барлығын соғыс аяқталған соң жаппай жиырма бес жылға соттаған сталиндік жүйеге не дерсің), саналы түрде әрекет еткендері де болған шығар. Қалайық, қаламайық, бүгін болмаса да, уақыт өте келе кейінгі ұрпақтың оларды «тәуелсіздікті аңсаған ұлтшылдар еді, сталиндік жүйеге қарсы шыққан көтерілісшілер еді» деуіне негіз жоқ емес...
Пайдаланылған әдебиеттер.
1. Белан П.С. Правда о “Гростуркестане” и “Туркестанском легионе”:
История Казахстана белые пятна- Алматы 1991 – с 295-315.
2. Шанибаев С. Падение “Большого Туркестана” Алматы: жазушы
1972 – с. 73.
3. Мұстафа Шоқай. Таңдамалы – Алматы: Қайнар 1999.
4. Туркестан в начале ХХ века: к истории истоков национальной
независимости. Абдуллаев Р.М., Агзамходжаев С.С., Алимов И.А. и
др. -Ташкнт, 2000. с 95
5. Қойгелдиев М. Тұтас Түркістан идеасы және Мұстафа Шоқайұлы.
А., 1997.
6. Из историй Россиской эмиграций: Письма- А.З. Валидова и М.
Чокаева ( 1924- 1932 г) М., 1999.
7. Чокай Мария. “Я пишу Ван из ножана: Воспоминания письма,
документы” Алматы. Қайнар. 2001.
8. Большая Советская Энцикломедия М., 1938. с. 267-68.
9. Бакиров А. Операция “франц” - Қызылорда. 2000. с 24.
10. Какен А. “Түркістан легионы” Астана 2000.
11. Яш Туркестан. Париж 1949- 50 с. 8.
12. В составе германского вермахта // Родина 1999
13. Х. Әміров “Легионның күйреуі” А., 1971
14. Э. Хоскинс “История Советского Союза” М., 1989.
15. Бахыт Садыкова История Туркестанского легиона в документах.
А., 2002.
16. Гильязов “Пантюркизм, пантуранизм және Германия:
Этнографиялық шолу” А., 1989.
17.Кул – Мұхаммед М. Генезис и этапы становления партии Алаш. -
Алматы. 2000.
18.Бенингиен А., Лемерье -кельнешей Ш. преса и национальное
движения среди мусульман России до 1920 года. /Альманах. “Алем”
выпуск/ алматы 1990.
19.Дейтон Вторая мировая: Ошибки, промахи, патери// Деловая
неделья. М. 2000. №72
20.Судьба военнопленных и депортированных граждан СССР:
Материалы комисси по реоблитации жертв политических
репрессий // новая и новейшая история России 1996 № 2 с: 92.
21.Хамза Сайран Абдулла. Менің Мұстафа Шоқайды білетіндерім//
Жас Түркістан № 3. 2000. 8 бет.
22. Гильязов И. Восточные легионы: Тюрки в составе Германского
вермахта. // Родина 1999 № 7 с. 77.
23. Шелленберг В. Секретная служба Гитлера: Мемуары начальника
управления шпионата и диверский службы безопаснисти
СД/ Киев. 1994.
24. Әбжами Байшуақұлы “Түркістан легионы туралы шындық”/
Қазақ әдебиеті. 1997.
25. Бахыт Садыкова. “Түркістан легионы: Жазылмайтын жан жарасы”
Түркістан 1998. № 2 с 22
26. Гүлжауһар Көкебаева “Мұстафа Шоқай және Түркістандық соғыс
тұтқындары”// Қазақ тарихы. 1997. № 2 Наурыз сәуір.
27. Цит по: Верченов Л.Н. Закат тоталитаризация сумерни России
/Россия и современный мир. 1995. №3
28. Пономарев М.В. Смирнова С.Ю. Новая и Новейшая история стран
Европы и Америки. Учебное пособие: В. 3 частях М. 2004.
29. Новейшая история отчества: ХХ век. Учебник В 2 томах. / Под.
Ред. А.Ф. Кислева, Э.М. Щагина
Достарыңызбен бөлісу: |