– Грач! – деп Хмелевский артына бұрылмай, қалтасынан қолын шығармай айқай салды. Сахно түксиген қалың қастың астынан бәрін байқап отыр: Хмелевскийдің қолы қалтасында, Рысқұлов деп таныстырған дембелше жас жігіттің де оң қолы қалтасында. Ол қолдар, сөз жоқ, қару ұстап тұрған қолдар.
Есікті серпе ашып, штыкты винтовкасын ұмсына ұстап Грач пен екі солдат енді.
– Бұларыңыз зорлық, мырзалар... жолдастар, – деп Сахно дауысы бұрынғыдай барқырамай, күңкілдеп қалды.
– Революцияға қарсылық болған жерде, амалсыз зорлық та болады. Зорлық тудырып отырған өзіңіз ғой, – деп тұңғыш рет тіл қатты Рысқұлов. Көзілдірік киген қараторы қазақтың орысшаны мұншама мүдіріссіз сөйлегеніне Сахно таңданып, таңдайын тақ еткізіп, басын шайқап қойды да:
– Жарайды, жанжалдаспайық. Ташкенттен кімді шақыру керек? – деп телеграф аппаратына қарай қол соза берді.
– Ташкент совдепі! – деп Хмелевский енді Сахноға төніп келіп, келтектей кольтті Сахнодан алысқа ысырып қойды.
Морзе дыбыстары шиқ-шиқ етіп, аппарат тұмау тигендей біраз қақалып-шашалып барып, кенет сақылдап ала жөнелді. Аппараттан ақ лента атқылап шыға бастады.
Хмелевский лентаны ұшынан ұстай алып, жазуға үңілді. Тұрар да көзілдірігін нықтап қойып, жіп-жіңішке ақ лентаның жазуына телміре қарады.
...Ахат атасы айтар еді: «адамның пешенесінде жазуы болад. Әркімнің тағдыры анадан туасы, сонда жазылып қойылған. Оның атын – жазмыш дейді. Ал сондықтан: жазмыштан – озмыш жоқ, – деп. Бірақ ол не жазу екенін оқып білген ешкім жоқ. Пешенедегі жазуды күні бұрын оқып білу ешкімге де бұйырмаған».
Мына жіңішке ақ лента Ахат атасының айтқанын жартылай жоққа шығарып тұрғандай. Мұның пешенедегі жазудай екені рас, ал бірақ оны оқып-білуге болмайды деген тұжырымы бекер екен, оқуға болады екен.
– Мен – Першин, – деді лентадағы жазу. – Ташкент совдепінің мүшесімін. Сіз кімсіз? Не керек?
– Біз – Әулие-Ата совдепінің басшылары Хмелевский және Рысқұлов. Мемлекеттік телеграф жұмыс істемей тұр. Сондықтан темір жол телеграфымен жалғасуға мәжбүр болдық, – деді Хмелевский телеграфиске. Сахно оның айтқандарын телеграф тіліне аударып жатты. – Дүниеде не болып жатқанынан хабарсыз қалдық. Ташкентте не болып жатыр?
Сәл кідірістен кейін ақ лента тағы да аппараттың аузынан ирелеңдеп шыға бастады. Хмелевский жайшылықта сыр бермейтін Тұрардың алқына дем алғанын байқап қалды. Көзілдірігі түсіп қалатындай бір қолымен көзіне тақай ұстап алыпты. Телеграфист Сахно да лентада өз тағдыры жазылып жатқандай оны гүрілдек дауысымен ежіктеп оқи бастады:
– Ташкентте өкімет Кеңестер қолына көшті. Уақытша үкімет құлады. Жеті адамнан Бүкіл түркістандық атқару комитеті құрылды. Жұмысшы және солдат депутаттары Өлкелік Кеңесінен – үш адам, эсерлерден – бір адам, социал-демократтардан – бір адам. Петроградта да Уақытша үкімет құлады. Өкімет Кеңестердің қолында. Мәскеуде қарулы көтеріліс. Одан арғы жағдайды біз де білмейміз. Толық нұсқау алу үшін совдеп атқару комитетінің бір мүшесін Ташкентке жіберіңіздер...
Ақ лентаға одан әрі түсініксіз көп нүкте түсіп кетті де аппарат солқ етіп, ақырғы демі таусылғандай тым-тырыс бола қалды. Ә дегенде ешкім де тіл қатпады. Бәрі де әлгі хабардың әсерінен арыла алмай қалшиысып қалған. Қуанған да, қорыққан да бірдей. Бір адамның ғана емес, бүкіл ғаламның пешенесіндегі жазуды оқып қойған соң, естері шығып кеткендей бір заман.
Кенет Хмелевский үн-түн жоқ, жанындағы Тұрарды қапсағай денесімен бас салып, құшақтай алды да, сол құшағын жазбай теңселіп тұрып қалды. Солдаттар шыдай алмай «Ура!» деп айқайлап, олар да аймаласып жатты. Үстел үстінде жайында қалған кольтті Сахно кідіріссіз алып, қолымен салмақтап қойып, зымиян ойдың толғағында тұр. «Мына большевиктерді жайратып салсам ба екен?» – деген жаман ой сумаңдап көңілін бұза бергенде Хмелевский Тұрарды құшағынан босатып, Сахноға қарап:
– Ал, бауырым, құттықтаймын! Революция жеңді! Рақмет саған! – деп телеграфистке қолын соза берді.
Сахно большевиктерді атудың орнына, оларға еріксіз қол ұсынды. Бірақ әлі де түнеріп тұрып:
Достарыңызбен бөлісу: |