–Тоқта! – деген қатаң үн естілгенмен, қара көрінбеді. Тұрар селк етіп, қалт тоқтай қалды.
Қалтадағы қолы бесатардың суық дүмін қыса түсті.
– Кімсің?
– Өзіміз. Маған Хмелевский жолдас керек.
Қарауыл Тұрарды өз үйшігіне алып кіріп, фонардің жарығымен бас-аяғын шолып өтті де:
– Документ, – деді. – Осындай дауылда, түн ішінде кісі жүре ме екен? – деп қарауыл реніш білдірді.
– Осындай дауылда кісі деген қара басып, басын көрпеге тығып ұйықтап жата ма екен? – деді Тұрар қойнынан мандатын суырып ала беріп.
– Не боп қалды, жолдас Рысқұлов? – деп қартаң солдат Тұрардың бетіне бір, мандатқа бір үңілді.
– Танымай тұрсың ба?
– Таныдым, жолдас Рысқұлов. Бірақ бейуақыт жүргеніңіз түсініксіз.
– Бейуақыт емес, дәл уақыт. Дауылдан соң найзағай жарқылдайтынын, нөсерден соң жарқырап күн ашылатынын білмеуші ме ең?
– Ол рас. Бірақ қазір күз ғой, жолдас Рысқұлов. Күзде найзағай жарқылдай ма екен?
– Жарқылдайды! Мылтығың оқтаулы ма? Патроның мол болсын! Ұқтың ба?
* * *
Тұрар қуанып қалды: Степан Кнутович ояу екен. Мұны жақсы нышанға жорыды. Осындай жорықты жағдайда жайбарақат ұйықтап жатқан жаман ырым ғой. Балауыз шырағданның тұнжыр сәулесі бір парақ ақ қазға түсіп тұр. Қағаз бетінде түсініксіз шифрлар, Тұрардың таңырқаған түрін байқап, Хмелевский қою мұртын ширатып қойып:
– Қару-жарақтың қамы ғой. Аздау болып тұр, бауырым. Өте аз, – деді.
– Демек, сен біледі екенсің ғой?
– Нені, бауырым?
– «Нені-нені» деп мені баласына берме, жолдас төраға. Мен совдептің мүшесі екенім рас болса, шыныңды айт: не болып жатыр мына әлемде? Не хабар? Петербургте, Ташкентте?
Тұрардың қараторы реңі күреңіте бастағанын байқаған Хмелевский де енді салмақтана қалды. Езуіңдегі шала күлкі бірден лып етіп қою қара мұрттың астына тығылып қалғандай, өңі қатулана берді.
– Ешқандай хабар жоқ, бауырым. Тым-тырыс. Жаңа Ташкентпен хабарласпақ болып көрдім – тырс етпейді. Телеграфтың тілі байланып қалған сияқты.
– Телеграфтың тілі байланып қалған жоқ, үзіліп қалған, жолдас төраға.
– О не дегенің?
– Даладағы дауылды көрмейсің бе, сезбейсің бе? Телеграф бағаналары құлап жатыр.
Хмелевский Тұрардың бетіне ежірейе қарап қалды:
– Онда – шатақ, бауырым. Енді мүлде хабарсыз қаламыз.
– Түк те шатағы жоқ. Тек ат жеккіз. Станцияға жету керек. Темір жол телеграфы істеп тұруы мүмкін.
– А, бәлкім, таң атқанша күте тұрсақ қайтеді? Қалалық телеграф қалпына келгенше...
– Жоқ, жолдас төраға, дәл қазір жүрейік! – Тұрар үні қатаңырақ шықты да, басшы адамның алдында тым ірі кету артық екенін аңғарып қалып, жайлап қана:
– Степан Кнутович, жүрегі бар болғыр бірдеңені сезеді: осы түн тегін емес. Жүрейік, а, Степан Кнутович, – деп сөзін сыбырмен аяқтады.
Хмелевский тоқпақтай жуан жұдырығын мұртына еріксіз апара берді де:
– Дұрыс, бауырым. Мен де елегізіп, ұйықтай алған жоқпын. Жүргенге жөргем ілеседі, айда, кеттік! – деп Тұрардың жауырынынан жалпақ алақанымен сарт еткізіп салып қалды.
– Әйткенмен, сен бауырым, балуанға ұқсайсың, – деді Хмелевский өзінің әлуетті қолы тұтасқан тасқа тигендей болғанын сезіп. – Жотаң мықты екен.
– О, Степан Кнутович, менікі тек балуандықтың жұрнағы ғана ғой. Нағыз балуан менің әкем еді ғой, – деп Тұрар көзілдіріктің аржағынан қара барқын мұнарда жанары жасаурағандай болып көрінді.
Достарыңызбен бөлісу: |