1920-шы жылдары Түркістан АКСР-ындағы билікті қорғау органдарын қайта ұйымдастыру
Бақторазов С.У.
Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 1(05)
Теги: басқармаға, саяси, мемлекеттік, Бірлескен, Президиумы, ОАК, КСРО, (МСБ), басқарма, саяси, Мемлекеттік, (БТК), комиссия, төтенше, Бүкілресейлік, (БМСБ), Қазақ, АКСР-і, Ішкі, Істер, Халық, Комиссариаты, (ІІХК).
Аннотация:
Зерттеліп отырған кезеңде халық шаруашылығында негізгі экономикалық мәселелер қалпына келтіріліп, техникалық реконструкция жасалынып, бейбіт құрылысқа көшу жағдайында мемлекеттік билікті қорғау органдарын қайта ұйымдастыру жүргізілді. 1922 жылдың 6 ақпанында Бүкілресейлік төтенше комиссия (БТК) Мемлекеттік саяси басқарма (МСБ) болып қайта ұйымдастырылып, ол Ішкі істер халық комиссариаты құрамына енгізілді, Революциялық трибуналдар жойылып, МСБ -ның өзі тергеу органына айналды, ол контрреволюцияға қарсы күрес істері жөніндегі алдын ала тергеу органы болды. Істерді қарау мен үкімдер шығару сот мекемелерінің компетенциясына берілді. Кейіннен, мемлекеттік құрылыс тұрғысынан алғанда әсерлі орталықтандырылған аппарат құралып, жазалау органдары күшейтілді. Мемлекеттік саяси басқарма (МСБ) КСРО ОАК Президиумының 1923 жылдың 2 қарашасындағы Қаулысымен КСРО ХКК жанындағы Бірлескен мемлекеттік саяси басқармаға (БМСБ) атын ауыстырған еді. Жүргізілген әкімшілік-территориялық реформалардың нәтижесінде қазақ жерлерінің Қазақ АКСР-не қайта қосылуынан кейін КСРО Халкомкеңесінің 1927 жылғы 5 маусымдағы № 33 Қаулысымен ҚазақАКСР –ы Ішкі Істер Халық Комиссариаты (ІІХК) ұйымдастырылды. Мақалада Оңтүстік Қазақстан өңірінде орын алған 1920-1930 -шы жылдардағы жаппай саяси қуғын – сүргін феноменінің әртүрлі қырлары нақты анықталған.
Мазмұны:
Жалпы алғанда, Қазақстанның Оңтүстік өңіріндегі жаңа экономикалық саясат салыстырмалы түрде тыныш өтті. Сонымен қатар, әлеуметтік-экономикалық және этносаяси қарама-қайшылықтар әлі де сақталған еді. БК(б)П көрсетілген кезеңде саяси тәжірибедегі сенімсіз қимылдары анықтағандай – қиынаморфтық (тұлғасыз, формасыз) жағдайда болды. Қазақстандық өлкелік партия ұйымының жай-күйі де осындай болатын. Халық шаруашылығындағы негізгі экономикалық мәселелерді қалпына келтіру және техникалық реконструкция жасау іс-шаралары қолға алынып, бейбіт құрылысқа көшу жағдайында, мемлекеттік билікті қорғау органдарын қайта ұйымдастыру жүргізілді. 1922 жылдың 6 ақпанында БТК Мемлекеттік саяси басқарма (МСБ) болып қайта ұйымдастырылып, ол Ішкі істер халық комиссариаты құрамына енгізілді, Революциялық трибуналдар жойылып, МСБ -ның өзі тергеу органына айналды, ол контрреволюцияға қарсы күрес істері жөніндегі алдын ала тергеу органы болды. Істерді қарау мен үкімдер шығару сот мекемелерінің компетенциясына берілді. Жалпы, бұл атаулардың өзгеруі нені білдірді? БТК төтенше комиссия болған еді, оның осы атының өзі-ақ оның өмір сүруінің уақытша мазмұнын көрсетіп тұрғандай болатын. МСБ болса мемлекеттің үнемі қырағылықтағы саяси бақылау және репрессиялар жүргізу институты болып табылатын еді. Олай болса аттардың өзгертілуінің астарында террорға үздіксіз статус беру арқылы мемлекет пен қоғам арасындағы кикілжіңдерді шешу мәселесі заңдастырылғаны көрініп тұр [1, с.141]. Сонымен қатар 1922 жылдың 19 мамырындағы Лениннің Дзержинскийге жазған хатынан кейін, сотсыз, тек МСБ-ның қаулысы бойынша «профессура, дәрігерлер, агрономдар, әдебиетшілер арасындағы белсенді контрреволюциялық элементтерді» жаппай Ресейдің Солтүстік губернияларына немесе шетелге жер аудару жүргізілді [1, с.142]. Әкімшілік жер аудару, осы арқылы, құқықтық іс-қимылдың нормасына айналды, мұның өзі бұдан да қатал соттан тыс іс-шараларға әкеліп соқтыруы әбден мүмкін еді. Осылай, Әулиеата уезі Таулы ауданының партия ұйымдастырушысы Чановтың №2 бөлімшесінің халық соты, ТКП мүшесі Артықбаев Қадырқұлдың үстінен жазған жасырын хатында (секретное донесение) оның Қаракөл болысында рулық дүрдараздық тудыра отырып,басбұзарларды біріктіріп,қолдарына сойыл алып,болыстың кеңсесін талқандамақ болғанын жазады.
Осыған байлансты ТКП Әулиеата уқалкомының шешімі мынадай болды:
Достарыңызбен бөлісу: |