Жобалау-зерттеу іс-әрекеті –жобалау бойынша мақсат пен мәселелерді анықтауға, әдістемелерді таңдау ұстанымдарын анықтауға, зерттеу барысын жоспарлауға, күтілетін нәтижені анықтауға, зерттеуді жүзеге асыруды бағалауға, керек ресурстарды анықтауға бағытталған іс-әрекет. Зерттеудің ұйымдастыру шеңбері болып табылады.
Оқу зерттеуі және ғылыми зерттеу. Білім саласындағы зерттеудің негізгі түйіні ол оқулық зерттеу болып табылады. Оқу зерттеуінің негізгі мақсаты «үлкен» ғылымдағыдай объективтік жаңа нәтиже алу емес, тұлғаларды дамыту болып табылады. Егер ғылымдағы негізгі мақсат жаңа білім өндіру болса, білім саласындаңы зерттеудің мақсаты - оқушылардың функционалдық дағдыларын жетілдіру, зерттеу түрінде ойлау қабілетін дамыту, субъективтік жаңа білімге (әр оқушыға маңызды да жаңа болып табылатын, өзіндік іс-әрекеттермен жинақталған білім) байланысты білім процесіндегі оқушылардың тұлғалық позициясын жандандыру.
Сондықтан зерттеу іс-әрекетінің негізінде білім беру процесін ұйымдастыруда бірінші орынға зерттеуді жобалау мәселесі шығады.
Оқушылардың зерттеу жұмысын жобалаудың негізіне соңғы жүздеген жылдарда қалыптасқан зерттеудің моделі мен әдіснамасы алынады. Бұл модельде кез келген зерттеуге тән бірнеше қалыптасқан кезеңдер бар. Алайда оқушылардың зерттеу жұмыстары оқулық зерттеу жұмыстарына ғана тән, ғылыми қоғам дайындаған дәстүрлер негізінде жүргізіледі және дамиды.
Оқу зерттеуі іс-әрекетіндегі субъект-субъект қатынасының дамуы. Қалыптасқан оқу процесінде стандарттық позициялық схема «мұғалім - оқушы» жүзеге асырылады. Мұғалім білім береді, оқушы білім алады, ол процесс қалыптасқан дәстүрлі сынып-сабақ тәсімі түрінде өткізіледі.
Зерттеу іс-әрекетін дамыту барысында аталған тәсімде қарама-қайшылықтар туады: сынып тақтасында көрсетіліп берілетін білімнің дайын эталоны жоқ, табиғатта көрінетін құбылыстар дайын тәсімдермен түсіндіруге жатпайды, нақты жағдайларға байланысты өзіндік талдауды қажет етеді. Бұл қоршаған ортадағы түсінудегі білім саласындағы объект-субъектілік парадигманың эволюциялық өзгеруіне, біртіндеп «әріптес-әріптес» бірлестігінің туындауына әкеліп тірейді.
Мұғалім «жетекші-кіші жолдас» жұбы тәсімі бойынша практикалық әрекеттегі дағдыларды оқушыларда қалыптастырады. Мұндай ұстаз бен шәкірт аралығындағы қатынас жетекшінің жоғары беделі арқылы жүзеге асырылады.
2. Зерттеу іс-әрекетінің жобалау мен конструктивтік іс-әрекеттерінен айырмашылығы.
Зерттеу іс-әрекетінің негізгі нәтижесі зерттеу рәсімінің негізінде әртүрлі шындықты анықтайтын интеллектуалдық өнім болып табылады. Зерттеудің негізгі жетістігі - шындықты анықтау екенін баса көрсету қажет. Конкурстар мен конференцияларда практикалық мәні бар талаптар, зерттеу нәтижесін практикалық жағдайда қолдану мүмкіндігі, зерттеудің әлеуметтік мәні (мысалы табиғатты қорғаудың мәні) ғана айтылады. Мұндай іс-әрекет (әрине, өзіндік мәні бар) зерттеу іс-әрекетінің құралымен әлеуметтік-практикалық атқарымдарды іске асыруды көздейді.
Зерттеу мәселелерін іске асырудың ерекшеліктері. Зерттеу тақырыбына жастардың жасына, психологиясына байланысты белгілі бір талаптар қойылады. Жасөспірімдердің білім деңгейінің әлі де жеткіліксіздігіне, көзқарастың толық қалыптаспағанына, өзіндік талдау деңгейлерінің толық дамымауына байланысты оларға зерттеу саласында көп тапсырма беру олардың жалпы білім деңгейіне, дамуына нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан ғылымның кейбір мәселелерін зерттеуді мектептерде жүргізу тиімді болмауы да мүмкін. Мұндай ғылыми мәселелер оқушылардың жобалау, зерттеу жұмыстарын жүргізудің жалпы талаптарын қанағаттандыруы қажет.
Күрделігі бойынша мәселелерді жіктеу. Мұндай мәселелерге қойылатын талаптарға эксперименттік материалдардың көлемінің, математикалық аппараттардың, пәнаралық талдаудың шектеулігі жатады. Эксперименттік деректерді талдау күрделігі бойынша мәселелер практикалық, зерттеулік және ғылыми болып бөлінеді.
Практикалық мәселелер нақты құбылысты суреттеу үшін қолданылады. Бұл жағдайда нақты параметрдің (мысалы, температураның) өзгеруі, соған байланысты басқа параметрдің (мысалы көлемнің) өзгеруі зерттеледі. Егер, нәтиже тұрақты болса, онда талдауды қажет етпейді.