Ғалымдардың соңғы зерттеулеріне қарағанда, жайылымдық жерлер шектен тыс пайдаланудан ғана емес, мүлдем пайдаланылмай бос жатқаннан да азып-тозады екен. Жан-жануарлардың тұяғы немесе шалғы тимеген шабындық-жайылымдықтардағы табиғи өсімдіктер тұқым шаша алмай, шашса да, жерге енгізе алмай, оның есесіне қажетсіз өсімдіктер өсіп шығып, жерге су сіңдірмей топырағының құнарлануына, өсімдіктер дүниесінің дамуына кері әсерін тигізетіндігі, әрі ол жерлер өртеніп кетуге де бейім тұратындығы әбден дәлелденген.
Қазақстан жер көлемі жағынан дүние жүзінде 9-шы орын алса, жайылымдық жері (118 млн. га) бойынша 5-ші орын алады және далалық экожүйесі сақталған санаулы елдердің қатарында. Сол «құлазыған иен далада не бар?» деген сұрақ көпшіліктің көкейінде жүреді. Ғалымдар зерттеуіне жүгінсек, көкорай шалғынды деген орман алқабының белгілі бір алаңында 50-ге тарта өсімдік түрі бар болса, дәл осындай далалық алаңқайда сирек болса да одан 2 есе көп 100 шақты өсімдік түрі кездеседі екен. Ең бастысы, ол өсімдіктер арасында емдік қасиеті барлары өте көп. Қарапайым ғана мысал: алдында мыңдаған жемге семірген жылқысы бар қаланың маңындағы қалталылар неге қысқы соғымын шалғайдағы Ырғыздан алдырады? Себебі түсінікті, сан алуан емдік қасиеті бар түрлі шөпті жеген малдың еті де дәмді, шипалы.
Жайылымдық жерлерде экологиялық тепе-теңдік бұзыла бастаса, оны қалпына келтіру қиынның қиыны екенін күнделікті өмірден көріп жүрміз. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, мал өнімдерінің 80%-ы жеке аулалардағы қосалқы шаруашылықтарда өндіріледі екен.