4. Коммерциялық банктердің депозиттік портфелі, оны қалыптастыру және басқару.
4.1 Банктің тартылған қаражаттары. Коммерциялық банктердің ресурстарының құрылымында тартылған қаражаттар үлесі өте жоғары. Нарықтық қатынастардың дамуына байланысты және ескі банктік жүйе үшін уақытша бос ақшалай қаражаттарды тартудың дәстүрлі емес тәсілдерінің болуы тартылатын қаражаттар құрылымын толығымен өзгертті десе де болады.
Банктік тәжірибеде барлық тартылатын қаражаттарды жинақтау тәсілдеріне байланысты үлкен екі топқа бөледі:
депозиттік қаражаттар;
депозиттік емес тартылған қаражаттар.
Тартылған қаражаттар ішінде ең көп бөлігін депозиттер құрайды.
Депозит – бұл клиенттердің (жеке және заңды тұлғалардың) банктегі белгілі бір шотқа салған және өздері пайдалана алатын қаражаттары болып табылады. Депозит ( латынша depositum – сақтауға берілген зат) – бұл клиент қаражатын банкке уақытша пайдалануға беру бойынша экономикалық қатынастар болып табылады.
4.2. Банктің депозиттік операциялары. Депозиттік портфель депозиттік операциялардың нақты нәтижесі және оларды ұйымдастырудың негізгі принциптері. Депозиттік операциялар – сырттан қаражат жинаудың негізгі әдісі және пассивтік операциялардың басты бағыты. Депозиттік операциялардың субъектілері мен объектілері. Депозиттердің банк ресурстарын құрау көздеріндегі алатын орны. Депозиттердің түрлері және оларға белгіленетін проценттік ставкалар. Депозиттерді мерзіміне, есеп шоттарға және субъектілеріне байланысты топтау. Заңды және жеке тұлғалардың депозиттері, «лоро» есеп шоттары.
Депозиттерді топқа бөлудің шетелдік тәжірибесі. Қазақстандық коммерциялық банктер кеңінен қолданып жүрген депозиттің түрлері. Депозиттік опреацияларды тиімді ұйымдастырудағы депозиттік саясаттың рөлі, депозиттік саясат туралы түсінік, оны қалыптастырудың және жүзеге асырудың макро және микро экономикалық факторлары. Депозиттік саясат және депозиттік нарық, оның атрибуттары, депозиттік саясаттың мақсаты, депозиттік портфельді диверсификациялау. Депозиттік портфельдің құрамы мен құрылымына ықпал ететін факторлар, депозиттік портфельдің, банктердің депозиттік базасының және тиімді депозиттік саясаттың өзара байланысы.
Депозиттік саясаттың құрамдас бөлігі – сыйақы саясаты, депозиттік проценттік ставкалардың ресми тілде банктер тарапынан «сыйақы» деп аталынуы. Депозиттік проценттік ставкалардың түрлері, есептеу тәсілдері, жай проценттік есептеу, күрделі проценттік есептеу, уақыт базасы, Қазақстандағы коммерциялық банктер ұсынып жүрген проценттік ставкалардың деңгейі. Депозиттік портфельдің диверсификациялану дәрежесі, оның депозиттердің түрлерімен тығыз байланысы. Депозиттерді классификациялаудың негізімен қатар мерзімді депозиттердің және қажет уақытында талап етілетін депозиттердің ерекшеліктері.
Чектік депозиттер мен депозиттік сертификаттардың ерекшеліктері. Қазақстанда коммерциялық банктердің депозиттік сертификатарды эмиссиялау ережесі, депозиттік сертификаттардың түрлері, оларға деген меншік құқығын басқаға ұсыну тәртібі (цессия). Атаулы депозиттік сертификаттар, атаусыз депозиттік сертификаттар. Қазақстанда екінші деңгейдегі банктердің депозиттік портфелінің құрамы мен құрылымының соңғы кездерде өзгеру заңдылықтары. Теңгемен және валютамен номинацияланған депозиттер. Депозиттік портфельдің долларизациялану проблемалары. Резиденттердің және резидент еместердің депозиттері. Жеке тұлғалардың және заңды тұлғалардың депозиттері.
Депозиттік операциялар активті және пассивті болып бөлінеді. Активті депозиттік операциялар – банктің уақытша бос ақша қаражаттарын басқа корреспондент-банктердегі шоттарда орналастырумен байланысты операциялар. Олар банктің өтімді активтері ретінде, яғни жалпы активтердің өте аз бөлігін алады.
Пассивті депозиттік операциялар – клиенттердің уақытша бос ақша қаражаттарын белгілі уақытқа және пайыз төлеу шартымен тартумен байланысты операциялар. Бұл операциялар көмегімен тартылған депозиттер пассив жағының көп бөлігін алады және банктік ресурстар қалыптастырудың негізгі көзі.
Экономикалық мазмұнына қарай депозиттерді мынадай топтарға бөледі:
талап етуіне дейінгі депозиттер;
мерзімді депозиттер;
жинақ салымдары;
бағалы қағаздар.
Сондай-ақ, оларды мынадай белгілеріне қарай жіктеуге болады:
мерзімдеріне қарай;
салым иелерінің категорияларына қарай;
қаражаттарды салу және қайтарып алу шартына қарай;
пайыз төлеу тәсіліне қарай;
банктің активтік операциялары бойынша жеңілдіктер алуына қарай т.б.
Салым иелерінің категорияларына байланысты депозиттік шоттар мынадай түрге бөлінеді:
жеке тұлғалардың шоттары;
кәсіпорындар мен акционерлік қоғамдардың шоттары;
жергілікті билік ұйымдарының шоттары;
қаржылық мекемелердің шоттары;
шетелдік азаматтардың шоттары.
Талап етуіне дейінгі депозиттер – салым иелерінің бастапқы талап етуіне байланысты әр түрлі төлем құжаттары арқылы қолма-қол ақшаларын алатын әр түрлі шоттардағы қаражаттар.
Қазақстан Республикасының банктік тәжірибесінде талап етуіне дейінгі депозиттерге келесілер жатады:
мемлекеттің, акционерлік кәсіпорындардың және әр түрлі шағын коммерциялық құрылымдардың ағымдық шоттарындағы сақталатын қаражаттар;
әр түрлі мақсаттарға тағайындалған қорлардың қаражаттары;
есеп айырысудағы қаражаттар;
жергілікті бюджеттер қаражаттары және олардың шоттарындағы қаражаттар;
жергілікті бюджеттер қаражаттары;
басқа банктердің корреспонденттік шоттарындағы қаражат қалдықтары.
Талап етуіне дейінгі депозиттік шоттардың артықшылығы олардың иелері үшін жоғарғы өтімділігіне байланысты сипатталады. Талап етуіне дейінгі депозиттік шоттарға қаражаттар, шаруашылық және басқа да операциялардың жүзеге асырылуы барысында түседі және пайдаланылады.
Кемшілігі – шот бойынша пайыз төленбейді немесе өте төмен мөлшерде төленеді. Осылайша, талап етуіне дейінгі шоттардың мынадай өзіндік ерекшеліктері қалыптасады:
1 ақша салу және оны алу кез келген уақытта ешқандай шектеусіз жүзеге
асырылады;
шот иесі банктен осы шотты пайдаланғаны үшін пайыз түрінде немесе
комиссиондық ақы алып отырады;
3 банктер талап етуіне дейінгі шоттарда ақшалай қаражаттарды сақтағаны
үшін өте төменгі деңгейде пайыз төлейді, кейде төлемеуі де мүмкін;
талап етуіне дейінгі депозиттер бойынша коммерциялық банк орталық
банкте сақталатын міндетті резервтерге жоғарғы мөлшерде аударымдар жасайды.
Мерзімді депозиттер дегеніміз – банктерде белгілі бір мерзімге және пайыз төлеу шартында орналастырылған клиенттердің уақытша бос ақша қаражаттары.
Бұл депозит түрі алдын ала хабарлаудан кейін немесе мерзім бойынша алынуы мүмкін. Мерзімді депозиттер чектің көмегімен пайдаланылмайды, бірақ қолма-қол ақша түрінде еркін аударылады. Егер мерзімге дейін бұл салымды алатын болса, онда шот иесі айыппұл төлеуге міндетті.
Мерзімді депозиттердің ерекшелігі – талап еткенге дейінгі депозитке қарағанда оларға міндетті резервтердің төменгі мөлшері белгіленеді.
Депозиттің бұл түрін алдын ала хабарлау негізінде немесе уақыты жеткен кезде салым иесі ала алады. Мерзімді депозиттерді чектер арқылы алуға болмайды. Мерзімді депозиттерді басқа шоттарға аударуға болады.
Мерзімді депозиттер мынадай түрлерге бөлінеді:
меншікті-мерзімді депозиттер;
алдын ала алуы ескерілетін мерзімді депозиттер.
Меншікті-мерзімді депозиттер сақталу мерзіміне қарай жіктеледі:
30 күнге дейінгі;
30-90 күнге дейінгі;
90-180 күнге дейінгі;
180-360 күнге дейінгі;
360 күннен жоғары.
Мерзімді депозиттердің мынадай ерекшеліктері болады:
есеп айырысу үшін пайдаланылмайды;
шоттағы қаражат баяу айналады;
тұрақты пайыз төленеді;
пайыз мөлшерінің ең жоғары деңгейі Ұлттық банк тарапынан реттеліп отырады;
ақшаны алу туралы салым иесінің алдын ала хабардар етуі талап етіледі;
бұл шоттағы қаражаттар бойынша ең төменгі мөлшерде резервтер белгіленеді.
Тағы бір кеңінен таралған депозиттердің түрі – жинақ салымдары. Олардың белгіленген мерзімі жоқ, қаражатын алуда ескертуін талап етпейді, салымның жоғарғы шегі шектелген, ақшаны салу және алу кезінде жинақ кітапшасын көрсетуі қажет.
Банктер үшін мұндай шоттар қосымша жұмыстарды талап етеді: операцияны ресімдеу қиынырақ, кітапшаны жоғалту және ұрлатып алу жағдайына сай екі жақты тіркеу енгізу қажет және т.б. Компьютердің көмегімен жасалған жеке бет шоты туралы көшірмесі негізінде жинақ салымдарымен басқа салымдарды ауыстыруға мүмкіндігі бар.
Мерзімді депозиттер және жинақ салымдары депозиттік ресурстардың біршама тұрақты бөлігін білдіреді.
Жинақ салымдарының тұрақты мерзімі болмайды. Бұл салымдардың түрі бойынша мерзімді депозиттерге қарағанда төменгі мөлшерде пайыз төленеді. Жинақ салымдары жинақ кітапшалары негізінде толтырылады.
Жинақ салымдарының мынадай ерекшеліктері болады:
ақшалай қаражаттар сақтауда тұрақты мерзімі болмайды;
шоттағы қаражатты алдын ала алу барысында ешқандай ескерті талап етілмейді;
ақшаны шотқа саларда немесе шоттан аларда міндетті түрде ақшалай қаражаттар қозғалысы көрсетілетін жинақ кітапшасының болуы талап етіледі.
Елімізде жинақ шоттары тек жеке тұлғаларға ғана ашылады. Шетел тәжірибесінде мұндай шоттар коммерциялық емес ұйымдарға және іскер фирмаларға ашыла береді.
Отандық банктік тәжірибеде жеке тұлғаларға ашылатын жинақ салымдары салым операцияларының мерзіміне және мазмұнына қарай мынадай түрлерге бөлінеді:
мерзімді жинақ салымдары;
қосымша жарна қосатын мерзімді жинақ салымдары;
ұтыс салымдары;
ақшалай-заттай ұтыс салымдары;
мақсатты және ағымдық салымдар;
алдын ала алуын хабарлайтын салымдар;
валюталық салымдар.
Мерзімді жинақ салымдарына тұрақты мерзімі белгіленетін және сол мерзім өткенше алуға мүмкін емес салымдар жатады. Мерзімді жинақ салымдарына басқа жинақ салымдарына қарағанда жоғарғы мөлшерде пайыз төленеді.
Қосымша жарна қосатын салымдар – бұл шоттағы қаражатқа алдын ала келісілген уәде бойынша үздіксіз ақшалай соманы қосып отыруға болатын салымда білдіреді. Бұл шотта жинақталынған сома белгілі бір күнде толық төленеді.
Ағымдық жинақ салымдары, негізінен, жалақы, зейнетақы, үздіксіз төлемдерді төлеу үшін жинақталатын және пайдаланылатын қаражаттарды білдіреді. Мұндай салымдар бойынша өте төменгі пайыз төленеді.
Мерзімді депозиттер мен жинақ салымдарының бір түріне депозиттік және жинақ сертификаттарын жатқызуға болады.
Депозиттік және жинақ сертификаттары – салым иесіне белгілі мерзім өткен соң тиісті қаражатты және оған есептелетін пайызды алуға құқық беретін және оның шотындағы ақшалай қаражатының барлығын куәландыратын банк-эмитенттің жазбаша куәлігі.
Депозиттік және жинақ сертификаттары иемденуіне қарай екі түрлі болып келеді:
атаулы сертификаттар;
мәлімдеуші сертификаттар.
Атаулы депозиттік және жинақ сертификаттары салым иелерінің атына толтырылады. Ал, мәлімдеуші сертификатта салым иесінің аты-жөні көрсетілмейді, яғни оны кім иеленсе, сол қаражаттың иесі болып саналады.
Депозиттік және жинақ сертификаттары сатылған тауарлар және көрсетілген қызметтер үшін төлеуге болатын төлем құралы немесе есеп айырысу қызметін атқара алады. Депозиттік сертификаттар көбіне ірі сомада шығарылатындықтан да, оларды заңды тұлғалар сатып алады.
Әлемдік банктік тәжірибеде депозиттік сертификаттардың мынадай екі түрі бар:
аударылатын;
аударылмайтын.
Аударылмайтын депозиттік сертификаттар салым иелерінің қолдарында болып, уақыты жеткен соң банкке ұсынылады.
Аударылатын депозиттік сертификаттар басқа бір тұлғаларға екінші нарықта сатып алу-сату арқылы өтеді.
Сонымен қатар, сертификаттарды басқа белгілеріне қарай да бөлуге болады:
1 бір рет шығарылатын;
сериялармен шығарылатын.
Айналым мерзімі бойынша:
1 мерзімді;
2 талап етуіне дейінгі.
Өтелу шартына қарай:
белгілі бір есеп кезеңі өткенге дейін біркелкі төленіп отыратын пайыздық
мөлшерлемесі бар сертификат;
пайызы сертификат мерзімі біткеннен кейін төленетін сертификат.
Сертификатты өтеу үш түрлі тәсілмен жүргізіледі:
сертификатты жаңадан шығару;
салымның басқа түрлеріне немесе талап етуіне деінгі депозитке қолма-қолсыз аудару арқылы;
қолма-қол ақша түрінде (жеке тұлғалар үшін).
Сертификатты шығаратын банк шығаарылу шарты мен айналымын өзі белгілейді. Өз сертификатын тиімді орналастыру үшін келесі шарттар қарастырылуы қажет:
инвестор үшін тиімді пайыздық мөлшерлеме;
салымшы үшін тиімді болатындай сертификаттың ең төменгі шегі;
пайыздық мөлшерлемені қайта қараудың икемді механизмі;
стандартты шығарылу шарттары;
номиналды төлеу мен пайыздың есептелуін сенімді етіп кепілдендіру;
потенциалды сатып алушыларды ақпараттандыру, яғни ірі жарнама.
Жинақ сертификаты жеке тұлғаларға арналып шығарылады. Жинақ сертификатының мерзімі 1-3 жылға дейінгі мерзім аралығын құрайды. Жинақ сертификаты тек жеке тұлғаларға беріледі.
Сертификат бланктары арнайы рұқсаты бар полиграфиялық кәсіпорындармен дайындалады. Сертификат бланкінде шығарылу шарттары мен басқа да мәліметтер орналасуы мүмкін, алайда келесі реквизиттардың болуы талап етіледі:
«депозиттік не жинақ сертификаты» атауы;
шығарылу себебіне нұсқау;
депозитті немесе салымды салу мерзімі;
сертификатты өтеу мерзімі;
депозиттің мөлшері;
салынған соманы банктің міндетті түрде қайтару міндеттемесі;
депозит немесе салым бойынша пайыз мөлшерлемесі;
тиісті пайыз сыйақысы;
эмитент банктің атауы мен мекен-жайы;
сертификаттың шығуына жауапты банктің екі тұлғасының қолдары және банк мөрі.
Егер сертификат бойынша салымды алу мерзімі өтіп кеткен болса, мұндай сертификат талап етуіне дейінгі құжат болып саналады және банк оны алғашқы талап етуінде өтеуге тиіс. Мерзімді депозиттік және жинақ сертификаттары мерзімінен бұрын төлеуге ұсынылуы мүмкін. Мұндай жағдайда банк сертификатты сатып алады, бірақ төменгі мөлшерде пайыз төлейді. Коммерциялық банктер үшін бұл сертификат ресурсты жинақтау тиімділігімен, яғни ірі соманың белгілі бір мерзімге түсуін сипаттайды.
Қарапайым депозиттік келісім-шартқа қарағанда сертификаттар келесідей артықщылыққа ие:
сертификаттардың таратылуы мен айналуында қаржы делдалдарының үлкен көлемінің арқасында потенциалды инвесторлардың саны артады.
қайталама нарық жағдайында сертификат басқа тұлғаға сатыла алады, бұл жерде оның иесі сақталған уақытына табыс алады және банк ешқандай ресурсты жоғалтпайды;
депозиттік сертификат иелері салық салу кезінде көп табыстан айрылмайды.
Жинақ сертификаттары бойынша табысқа басқа депозиттерге тәрізді салық салынбайды. Мерзімді депозиттерге қарағанда сертификаттардың кемшілігі – банктің оларды эмиссиялауымен байланысты үлкен шығындарының болуы.
Осындай жағдайда, коммерциялық банктердің активтік операцияларын қаржыландырудың басты көзі ретінде пайдаланылатын тартылған қаражаттарды жинақтауда, коммерциялық банктерден депозиттік саясатты белсенді түрде жүргізе отырып, депозиттік операцияларды ұлғайту талап етіледі. Депозиттік оперцияларды ұйымдастыру барысында коммерциялық банктер баланс өтімділігін сақтай отырып, мынадай талаптарды ескеруі керек:
депозиттік ресурстар қаржыландыратын активтік операциялардың мерзімдері мен сомасына сәйкес келуі;
депозиттік операциялар банк пайдасын ұлғайтуға немесе болашақта пайда лау үшін жұмыс жасауға тиіс;
депозиттік операцияларды ұйымдастыру процесінде мерзімді депозиттер мен мерзімді салымдардың көбірек тартылуына көңіл бөлу;
салым иелерінің санын өсіру мақсатында депозиттік операциялар түрлерін ұлғайтып, қосымша қызмет көрсетіп, жеңілдіктер жасауға тиіс.
Салым иелерінің категорияларына байланысты депозиттік шоттар мынадай түрлерге бөлеміз:
- жеке тұлғалардың шоттарына;
- кәсіпорындар және акционерлік қоғамдардың шоттарына;
- жергілікті билік ұйымдардың шоттарына;
- қаржылық мекемелердің шоттарына;
- шетелдік азаматтардың шоттарына.
Сурет 1- Салым иелерінің категориялары бойынша депозиттер.
Қазақстанда жеке тұлғалардың депозиттерін сақтандыру жүйесі құрылған, мұндағы «Қазақстанның жеке тұлғалардың депозиттеріне кепілдік беру қоры» (сақтандыру). Жеке тұлғалардың депозиттеріне кепілдік беру қоры (ЖАҚ) оның негізгі қызметі, құрылтайшысы Қордың банк-агент арқылы банкротқа ұшыраған немесе қызметі еріксіз тоқтатылған және «қорға» немесе «ұжымдық сақтандыру» жүйесіне мүше банктердің салымшыларының депозиттерін өтеу тәртібі.
Депозиттерді сақтандыру жүйесі және оның банктердегі жеке тұлғалардың салымдары бойынша міндеттемелерін қамсыздандырудағы рөлі. Депозиттерді сақтандыру жүйесі және клиенттердің банктің қаржылық жағдайына деген сенімінің артуы, депозиттерді сқтандырудың шетелдік тәжірибесі. Депозиттерді ерікті сақтандыру, міндетті түрде сақтандыру, мемлекеттік сақтандыру, жеке сақтандыру, аралас түрде сақтандыру. АҚШ-та, Ресейде депозиттерді сақтандыру жүйесінің құрылымы. Германиядағы, Ұлыбританиядағы депозиттерді сақтандыру жүйесінің ерекшеліктері. Қазақстанда жеке тұлғалардың депозиттерін сақтандыру жүйесінің құрылуы. «Қазақстанның жеке тұлғалардың депозиттеріне кепілдік беру (сақтандыру) қорын ЖАҚ, оның негізгі қызметі, құрылтайшысы». Қордың банк-агент арқылы банкротқа ұшыраған немесе қызметі еріксіз тоқтатылған және «қорға» немесе «ұжымдық сақтандыру» жүйесіне мүше банктердің салымшыларының депозиттерін өтеу тәртібі. Жеке тұлғалардың депозиттерін сақтандыру жүйесін құрғаннан кейін екінші деңгейдегі банктердің депозиттік портфеліндегі құрылымдық өзгерістер. Депозиттерді ұжымдық сақтандыру жүйесіне мүше банктер және олардың «қорға» сақтандыру жарнасын төлеу тәртібі. Депозиттік сыйақының шекті мөлшері және «қордың» ұжымдық сақтандыру кепілдігі.
Достарыңызбен бөлісу: |