В6- дәрумені (пиридоксин). Қосылыстардың жақын тектес тобын – пиридоксин, пиридоксаль және пиридоксаминді біріктіреді. Олардың бәрі ағзада пиридоксальфосфат түзіп, фосфорланады. Пиридоксальфосфат трансаминазалардың және басқа да амин қышқылы алмасуын іске асыратын, атап айтқанда, амин қышқылдарын декарбоксильдеуді және қайта аминдеуді, оксиаминқышқылының және цистейінің дезаминделуін, триптофанның ниацинге айналуын және глютамин қышқылының алмасуын іске асыратын ферменттердің коферменті қызметін атқарады.
В6 дәрумені линоль қышқылынан биологиялық тұрғыдан белсенділігі жоғары арахидон қышқылының түзілуіне қатысады, липотропты әсер етеді және склерозға қарсы белсенділік қасиеті бар.
Қан түзілу үрдісінде пиридоксин үлкен роль атқарады. Оның жетіспеушілігі кезінде, лейкопоэздің төмендеуі мен анемия дамуы мүмкін.
В6 дәруменіне тәуліктік қажеттілігі ақуызға байланысты. Емізулі балаларда - 0,4 мг, 14-17 жаста - 2 мг дейін, үлкен адамдар үшін - 2 мг құрайды (8.11.- кесте).
Пиридоксин әр түрлі тағамдарда кең таралғандықтан, бұл дәруменнің толық жеткіліксіздігі өте сирек кездеседі. Гиподәрумендік белгілері балаларды жасанды тамақпен тамақтандырғанда, қызба мен инфекциясы бар науқастарда, асқазан-ішек жолдарының созылмалы ауруларында, пиридоксин-антогонистерімен (фтивазид, тубазид, т.б.) емдегенде байқалады.
Пиридоксиннің жетіспеушілігі, орталық жүйке жүйесінің бұзылуын (ашушаңдық, ұйқышылдық, полиневрит), тері мен шырышты қабықтардың зақымдануын (себореялық дерматит, ангулярлы стоматит, глоссит, хейлоз, конъюнктивит) тудырады, балаларда сіңір тартылуы, эпилептикалық конвульсия, гипохромды анемия болуы мүмкін.
Пиридоксиннің көздері -өсімдік және жануар өнімдері болып табылады, оларда бұл дәруменнің мөлшері көп болмаса да, ағзаға қажеттілігін қамтамасыз етуге жеткілікті (8.11.- кесте).
Фолацин (фоль қышқылы). Тетрагидрофоль қышқылы гистидин, метионин, т.б. амин қышқылдарының айналуларға түсуі кезінде, пуриндік және пиримидиндік нуклеотидтердің биосинтезі кезіндегі біркөміртекті топтарды тасымалдау үрдістерінде кофермент ретінде қатысады. Ол гем мен порфириннің түзілуін реттейді және белсенді етеді.
Фолацин жетіспегенде, балаларда мегалобласты анемия, алиментарлық макроцитарлық анемия, тропикалық спрудамуы мүмкін. Көбінесе, оның жетіспеушілігінің себебі, тамақ құрамында аз кездесуі мен сіңірілуінің бұзылуынан болады. Сонымен қоса, бұндай жағдайлар фолациннің сіңірілуін төмендететін дәрі-дәрмекті (бисептол, метотрексат, т.б.) көп қолданғанда, дәруменнің эндогенді синтезінің белсенділігін төмендететін бауыр ауруларында, фолациннің қажеттілігі жоғары болатын сәби жасындағы балаларда және қатерлі ісіктер кезінде пайда болады.
Балаларда тәуліктік қажеттілік- 40-200 мкг, ересектер үшін - 200 мкг құрайды (8.11.- кесте). Фоль қышқылы салыстырмалы түрде жапырақты дақылдарда (петрушкада- 117 мкг%, шпинатта - 53 мг%, бауырда -160 мг%, ашытқыда - 1470 мкг% көп, ал басқа өнімдерде оның үлесі аз. Ұзақ кулинариялық өңдеу фолациннің бұзылуына әкеледі.
Кобаламиндер (В12 дәрумендер). В12 дәруменінің барлық белгілі биохимиялық қасиеттері кофермент қызметін атқаратын метилкобаламин және аденозинкобаламин арқылы жүзеге асады.
Біріншісі, нуклеин қышқылдарының метаболизміне, екіншісі пропионаттың алдынғы өнімінің ыдырау жүйесіне қатысады.
В12 дәруменінің аш ішекте сіңірілуі үшін Кастл деп аталатын ішкі фактордың болуы керек. Оны асқазанның шырышты қабықшасының париетальді жасушалары бөледі, ол дәруменді ішектің шырышты қабықшасы арқылы тасымалдайды.
В12 дәрумені жетіспеушілігі кезінде, пернициозды анемия және жұлынның артқы бүйір бағаналарының склерозы және дегенерациясымен байланысты неврологиялық бұзылыстар дамиды.
В12 дәрумені тапшылығы, көбінесе ащы (жіңішке) ішек ауруларында ( целиакия, спру, қатерлі ісіктер) сіңірілудің бұзылуымен, құрт (гельминт) ауруларында ішкі фактордың бұзылуымен, эндокринопатия мен гастроэктомия кезіндегі ішкі фактор бөлінуі төмендеуімен, т.б. байланысты. В12 дәруменінің жетіспеушілігі, вегетерианецтерде көп кездеседі, себебі, бұл дәрумен тек жануар өнімдерінде ғана кездеседі.
В12 дәруменінің тәуліктік қажеттілігі, емізулі жаста -0,3-0,5 мкг, 11-17 жаста- 3 мкг дейін, үлкен адамдарда қажеттілігі - 3 мкг.
В12 дәрумені құрамында көп болуымен ерекшеленетіндер, сиыр бауыры (60 мкг%), бүйрек (25 мкг%), шошқа бауыры (30 мкг%). Басқа өнімдерде оның үлесі аз: етте 2-6 мкг%, балықта 1-3 мкг%, сүтте 0,4 мкг%, сүзбеде 1-2 мкг%.
Достарыңызбен бөлісу: |