Дәрісті бекіту сұрақтары:
Байрон өмір сүрген жылдарды айт.
Байронның поэтикалық жаңашылдығы.
Ақын туралы Белинскийдің пікірі.
Байронның алғашқы туындылары.
Байронның күрескерлік жырлары.
«Чайлд Гарольдтың сапары» туындысындағы романтикалық ойлар.
Ақынның шығыстық поэмаларын ата.
Байронның өлеңмен жазылған романы.
Байронды аударған қазақ ақындары.
Байрон шығармашылығының идеялық-эстетикалық және тарихи маңызы.
Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 9, 10, 11, 12, 13, 14, 15, 16, 17, 18.
Дәріс 7. Перси Биши Шелли
Дәрістің мақсаты: Студенттерді П.Б.Шелли шығармашылығымен таныстыру.
Тірек сөздер: лирик, «Ертеңгі күн келеді», ақсүйектер, материалистер, трактат, протестант, Прометей.
Дәрістің жоспары:
П.Шеллидің өмірі мен шығармашылығына шолу.
Шелли шығармаларының негізгі идеясы.
Лиро-эпикалық, дидактикалық поэмалары.
Саяси-әлеуметтік, пәлсапалық туындылары.
«Маб ханшайым» туындысындағы лирикалық қаһарман.
Шеллидің эстетикалық көзқарастары.
Перси Биши Шелли (1792-1822) ағылшын романтизмінің көрнекті тұлғасы ғана емес, ойшыл да күрескер ақындардың бірі ретінде танымал. Шелли поэзиясы негізінен оптимистік идеялармен сусындаған. Тіпті оның ең көңілсіз деген өлеңінің өзінде, ертеңгі өмірге деген үміт бар. Сондықтан «Ертеңгі күн келеді»,-деген қанатты сөзі ақынның басты-басты шығармаларында эпиграф болып қолданылған.
Перси Биши Шелли 1792 жылы Сассекс графтығындағы ағылшын ақсүйегі жанұясында дүниеге келген. Жастық шағын ата-анасының қонысында өткізген Перси, он екі жасқа келгенде сол кездегі ақсүйектердің балалары оқыған Итондық колледжге түседі. Алғашқы сәттен білімге деген ынтасы зор Шелли, осында өзінің тұңғыш өлеңдерін де жаза бастайды. Бұл өлеңдерінде оның сол кездегі танымал ақын Саутиге еліктеушілігі аңғарылады.
Жас талапкердің ең жақын қамқоршысы және бағыт-бағдар берушісі – жаратылыстану ғылымдарының докторы, сол колледжде дәріс оқыған профессор Линд деген болады. Линд өз шәкіртіне қоршаған ортаның, қоғам өмірінің қыр-сыры мен нақты шындығын дұрыс танып, түсінуге көмектеседі. Соның ішінде Шеллиді Уильям Годвиннің «Саяси әділдік» («Политическая справедливость») атты шығармасымен таныстырған еді. Линдтің түсіндіруінше Годвин қоғамдағы келеңсіздік атаулының түп-тамыры теңсіздікте жатқандығын ашып берген. Теңсіздік – бай монополистердің кедей шаруаның еңбегін қанауынан туындап отырғанын айтады.
Шелли сол кезде Жан Жак Руссоның «биліктің бүкілхалықтық» идеясымен, Гельвеций, Гольбах, Дидролардың атеистік көзқарастарымен танысады. Ал оның аса ынтамен оқығаны – Вольтер шығармалары болды.
Француз ағартушыларының тамаша ойларынан алған әсерімен Шелли, бірнеше өлең мен «Агасфер» поэмасын (1809) және екі романын жазып, баспаға бастырады. Бұл шығармаларының басты кейіпкерлері – дін мен құдайды мүлдем мойындамайтын атеистер.
1810 жылы Шелли колледжді аяқтап, Оксфорд университетіне түседі. Ол бостандық жолындағы күреске нақты қолқабысын тигізуді армандайды. Осы жылдары ақын өзінің антимонархиялық өлеңдерімен таныла бастайды. Соның ішінде 1810 жылы жарық көрген «Патша өлтірушінің жазбалары» («Записки цареубийцы») атты саяси өлеңдер топтамасы автордың қоғамдық көзқарасының әлі де толыса қоймағанын аңғартса да, біршама өзіндік құнды ойларымен ерекшеленді.
Шелли бұл туындысында соғыс жағдайындағы Англияның мүшкіл халін бейнелеу арқылы барша Европаны бейбітшілікке шақырады. «Құдіреті күшті» европалық монархтардың барша адамзат алдында жасаған қылмыстарын әшекерелеп, бейбітшілікті дәріптеу сол кезеңде көзсіз батылдықты қажет ететін.
Біраз уақыт өте ХҮІІ ғасырдағы француз материалистерінің еңбегі Шеллидің атеистік көзқарасын қалыптастырады. Университетте жүріп «Атеизмнің керектігі» («О необходимости атеизма») атты кітапшасын бастырып, оны жасырын түрде ғылыми кеңес мүшелеріне таратады. Бұл еңбектен олардың көпшілігі Шеллидің авторлық қолтаңбасын танып, бірден оқудан шығарылады. Сөйтіп әкесі армандаған парламенттік мәнсап жолы орындалмай қалады. Ұлының бұл қылығына қатты күйінген әкесі қарғысын жаудыра, үйінен біржола қуып шығады.
Шелли Лондон қаласына қоныстанып Уильям Годвиннің саяси-экономикалық және әлеуметтік-утопиялық идеяларын тереңірек оқумен айналысады. Лондонға оның қарындасы Элизавета құрбысы он алты жастағы Герриэт Вестбрук деген қызбен жасырын келіп, кездесіп тұратын. Гарриэт те өз әкесінің қатыгездігін көп көрген бақытсыз жан болатын-ды. Шеллидің оған қатты жаны ашып, соңынан өзіне әйелдікке алады. Сөйтіп жұбайы екеуі Шотландиядағы Эдимбург қаласына қоныс аударады.
Ақынның ата-анасы қыздың ұлына тең әулеттен еместігіне зығырдары қайнап, Шелли әулетінен қалған мол мұрадан бас тартуын талап етеді. Бұдан соң Шеллидің жеке басында тұрмыстық өте ауыр кезең басталады. Бірақ өмір ауыртпашылығына мойымаған талантты жас, өзінің ақындық өнерін одан әрі шыңдай түседі.
Соның нәтижесі ретінде 1813 жылы тұңғыш көлемді туындысы болып табылатын – лиро-эпикалық поэмасы «Маб ханшайымды» («Королева Маб») жарыққа шығарады. Бұл шығармасында автор тек монархтар мен аристократтарды құртып-жоюға шақырған жоқ, адамзат арасындағы қарым-қатынастарды бұзатын тойымсыздық, пайдакүнемдік атаулыға қарғысын жолдағандай.
Әйтсе де, Шелли осы алғашқы туындысына кейіннен сын көзімен қарап, ХҮІІІ ғасыр әдебиетінің мұрасы іспетті дидактикалық элементтерді жиі қолданғанына қынжылады.
Дегенмен «Маб ханшайым» – өз қоғамының ең өзекті мәселелеріне жауап бере алған, жоғары деңгейде жазылған көркем туынды ретінде танылды. Көп ұзамай Англиядан өзге елдерге тарап, ақын есімін басқа еуропалықтар біле бастайды.
«Маб ханшайым» поэмасы – романтикалық шығарма болып табылады. Соңынан автор, өз поэмасын Саутидің «Талабысы» мен Байронның «Чайльд Гарольдының» лирикалық мақамына барынша ұқсатуға тырысқанын ашық жазады. Алайда, бұл туындысында Шелли өзін шәкірт ретінде емес, толық қалыптасқан шебер ақын ретінде көрсеткісі келген.
Поэманың басты кейіпкері – бойжеткен қыз Ианте, шығарма-ның композициялық құрылымына тірек бола, үйлестіріп тұрған образ. Ианте өмірден бақыт іздеген тұлға. Поэманың қысқаша союжетіне тоқталар болсақ, ұйқы құшағындағы Иантеге түсінде, бақытқа барар жолды көрсетуге сиқырлы ару – Маб ханшайым келеді. Ол өз сиқырының көмегімен ұйқыда жатқан қыздың рухын шақырып, сиқырлы күймеге отырғызып, әсем де әдемі гүлдермен көмкерілген кемпірқосақ үстімен көкке, күнге қарай алып ұшады. Ианте мен Маб аспан әлемінің қақ ортасында тұрған, «жарқыраған сансыз жауһарлары» көз қарықтырар сиқырлы сарайға келеді. Ханшайым үлкен сиқырлы айнадан қонағына адамзат тарихының өткені мен бүгінін, болашағын ғажайып суреттер арқылы көрсетеді.
Шелли поэмасының бірінші және үшінші өлеңдерінде кейбір романтиктер жырлағандай бұрын ешқандай бақытты күндердің болмағандығын дәлелдей түседі. Ал поэманың төртінші өлеңінде, монархтар мен аристократтарға ашық қарсы шығып, оларды «халық денесін құрттатқан жалтырауық көк шыбынға» теңейді.
Негізінде автор бұл тундысында билеуші топтың қанауындағы езілген халықтың жиынтық образын сомдаған. Әлеуметтік теңсіздік мәселесі Шеллиде өз кезеңінің романтиктеріне қарағанда әлдеқайда тереңірек сипатталады. Ол саяси шиленістердің барлығы экономикалық тәуелділікке байланысты туындайтындығын ашып көрсетті.
Поэманың бесінші өлеңінде ақын аса пайдакүнемдік пен тойымсыздықтың адамгершілік қасиеттер – аброй, ар-ұждан, адалдық, асқақтық, сұлулық және білімге деген құштарлықтан жұрдай қылып, қайрымсыздыққа апаратынындығын ескертеді.
Ал соңғы, тоғызыншы өлеңінде болашақтың тапсыз қоғамы өзінің жарқын көріністерімен бейнеленеді. Адам баласы мүлдем басқа қырынан көрінеді. Тек қана жақсы қасиеттерді ғана бойына жинақтап, жаманшылық пен қылмыс атаулыдан мүлдем ада жұмақ қоғам мүшелері бақытты өмір сүргендей. Бұл өлеңінде Шелли адамгершілікті сүйетін нағыз гуманист ретінде, барлық моральдық, тұрмыстық-әлеуметтік келеңсіздікке қарсы тұрады.
«Маб ханшайым» поэмасының басқалардан өзгешелігі – оптимистік рухының басым болуында. Алдағы өмірден зор үміт күтетін автор, әлем жұртшылығының зорлық-зомбылық пен қанаушылықтан түбінде бір құтылатындығына сенімі мол. Сол үшін ақын оптимизмді өзінің басты қаруы етіп алады.
Шеллидің бұл туындысы халық арасында үлкен сұранысқа ие болды. Бар-жоғы 200 данасы ғана жарық көрген кітабын, сатылмай жатып талап алады. Соңынан қолжазба күйінде ғана тараса да, лезде барша еуропалық оқырманға танылады. Дегенмен туындының көркемдігі жағынан солғындау тартып жатқан жерлері де баршылық. Себебі кей тұста автор тарапынан әдемі, асқақ сөздер мен романтикалық символикалар тым асыра қолданылған еді.
Осы кезеңде оның жаулары көбейе бастайды. Монархия, парламент, шіркеуге ашық қарсы шыққаны үшін Англияның билеуші топтары оған «крест» жорығын жариялағандай болады. Оның атының өзі оларға көзге шыққан сүйелдей көрінеді. Еріксіз Шелли Англиядан Ирландияға кетуге мәжбүр болады. Жанұясымен де ұрыс-керісі ұлғайып, ақыры әйелімен айрылысып тынады.
Екінші рет Годвиннің қызы Мэриге үйленеді. Соңынан Мэри белгілі жазушы және әдебиет сыншысы болып, Шелли мұрасының жарық көруіне көп еңбек сіңіреді.
1816 жылы ақын жас жұбайымен Швейцарияға кетіп, сонда Байронмен алғаш танысады. Осы жылы ол біршама философиялық мақамдағы, рухани-әлеуметтік тақырыптағы туындыларын жазады. Соның ішінде «Интеллектуальдық әдемілік әнұраны» («Гимн интеллектуальной красоте»), «Аластор, немесе жалғыздық Рухы» («Аластор, или Дух одиночество») туындыларын атауға болады.
1816 жылы Англиядағы жұмысшылар қозғалысы күшейіп, демократиялық-радикалдық партиялар өз күресін жандандырады. Осы бағыттағы газет-журналдар көбейіп, жұмысшылардың жасырын одақтары халық арасында белсенді үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Шелли де бұл тарихи оқиғадан тысқары қалмай, бел шеше араласады. Қоғамдық қозғалыс әсіресе оның шығармашылығынан айқын көрініс табады. 1818 жылы жазған «Ислам көтерілісі» («Восстание Ислама») атты екінші лиро-эпикалық поэмасы, демократиялық күштердің белсенді күресіне ризашылығынан туындаған тамаша шығарма. Өзінің алғы сөзінде автор былай деп жазады: «Маған адамзат қоғамы өзінің мешеулік ұйқысынан ояна бастағандай көрінеді. Енді қазір бүтіндей бір ұрпақ бұрынғыдай надандық пен жоқшылық тудырған қырсыққа төзушілікке сенбейді». Сөйтіп, езілген халықтың ашу-ызасы ақын қолына қалам ұстатады.
Поэма кіріспесінде Шелли Француз революциясына баға бере келе, революциядан ол «болашақ бостандықтағы қоғамды» әкелген кереметтей жетістікті көреді. Автор көтерілістің «феодальдық жабайылық» пен «орасан зор езгіден» құтқарған құбылыс болғанын айтады.
«Ислам көтерілісінде» суреткер өмірге бұрынғыдай философиялық тұрғыдан қарамай, қоғам келеңсіздігін сатиралық мысқылмен сынауға көшеді. Билеуші топты келемеждей отырып, «халық және революция» тақырыбын асқақтата, көркем бейнелеген. Сондықтан Шелли поэмасынан біз халық революциясының нақты романтикалық бейнесін аңғарамыз.
Ақын оқырмандарға бостандық жолындағы күрескерлер: Лаон мен сүйген қызы Цитна, Белгісіз бозбала, Кезбе және т.б. кейіпкерлердің жағымды қырларын үлгі еткендей. Лаон мен Цитнаның алға қойған мақсаттары асқақ та өте тамаша. Олар қатыгез де нақұрыс қоғамды түбегейлі өзгертуге тырысқандары сондай, «билеуші тақ мүлдем жойылып, алтын өзінің қанды құдыретінен» айрылса деп армандайды. Осы жолда күресті де. Алайда көтерілісшілер ұйымсыздықтың, сатқындықтың кеселінен өз мақсаттарына жете алмай қолға түсіп, отқа өртеледі. Дегенмен де халықтың көзін ашқан революцияға бастаушылардың ерлік істері зая кетпейді. Олардың ізбасарлары шығып, күрес жолын жалғастыра жеңіске жетеді.
Шеллидің бұл поэмасы оптимизмге толы, өлеңдерінен жігер оты шашады. Сондықтан 30-40 жылдары Англияның қоғамдық өміріне өзіндік ықпалын тигізді. Атап айтсақ, Чартистер туындыны жоғары бағалып, кейбір үзінділерін баспасөз беттерінде қайта-қайта бастырып пайдаланған. Оларды поэмадағы бостандық идеясы, әділдік қасиеттер мен терең де көркем лирика баурап алады. Англияның реалист жазушысы Теккерей жас кезінде «Ислам көтерілісін» бірнеше қайтара оқып, тамсанғанын айтады. Американдық ақын Уолт Уитмен поэманы ағылшын лирикалық поэзиясының ең озық үлгісі ретінде бағалайды.
Монархия мен шіркеуге ашық қарсы шыққаны үшін Англия билігінің басындағылар ақынды тағы да қуғындай бастайды. «Ислам көтерілісі» тағы басқа мемлекетке қарсы памфлеттері үшін Шеллидің олармен шиеленісі ұлғая түседі. Тіпті жанұясына, өз өміріне қауып төне бастағаннан соң елінен біржолата кетіп, әйелімен Италияға қоныс аударады. Италияда ескі досы, өзі секілді елінен қуылған Байронмен кездесіп, шығармашылық байланыста-рын одан әрі дамытады. Ақын Италияның біршама қаласын аралап өмірлік, ақындық тәжірибе жинақтайды.
Шелли көптеген тамаша туындыларын осы Италияда жүргенде жазады. Ақын шеберлігі оның лирикасынан танылатын. Әсіресе табиғатты жырлағанда онымен етене сырласқандай тіптен шабыттана түседі. Өлеңдеріндегі сезім иірімдері көркем бояулар-мен астаса келе, оқырманға ерекше бір ләззат силағандай. Кейде ақын жүрегінен еліне деген сағыныш сәулесі есіп, бір уақ мұңға да батқандай болады:
Мен сүйемін аязбенен қарды,
Боран және жауын-шашынды,
Жағаны соққан толқынды
Табиғат сенің өзіңді.
Табиғат суреттері көбінесе терең философиямен астасады. Бұл «Құбылмалылық» («Изменчивость») деп ортақ атаумен жазылған өлеңдер топтамасында, «Бұлт» («Облака») т.б. өлеңдерінде анық байқалады. Ақын табиғаттың мәңгілік екендігін, оның үнемі жаңғырып, жаңарып отыратындығын айта келе, қоғамды да сонымен салыстырады. Оның ұқсастығына баса назар аудартады. Халықты қанаған өз қоғамының да түбінде бір өзгеретіндігін ескерткендей.
Шелли балалық шағынан сүйікті образына айналған ежелгі грек әдебиетінің кейіпкері, барша адамзатқа жақсылық жасаған Прометейді үлгі тұтатын. Түрік басқыншыларына қарсы Греция халқының күресі ақынға шабыт бітіреді. Қазіргі гректіктер де осындай ата-бабаларының талантын, батылдығын мұра қылып алғанына сенім білдіреді. Сондықтан Зевске қарсы шыққан Прометейдей бостандық үшін аянбай күресуге шақырады. Осы әсермен ақын 1820 жылы «Азат болған Прометей» («Освобожденный Прометей») атты лирикалық драмасын жазады. Кейін, қайтыс болғаннан соң жарық көрген шығармалар жинағының түсіндірмесінде сүйікті әйелі Мэри: «Прометей» – Шелли поэзиясының жаны болатын»,- деп жазады. Шындығында туынды өзінің лирикалық ерекшелігімен, өзгеше стилімен ағылшын поэзиясының биік шыңына шықты.
Шелли сондай-ақ қоғамдық күресті суреттеген «Ченчи» /1820/ трагедиясын, «Карл І» /1822/атты тарихи драмасын т.б. көптеген туындыларын жазады.
Күрескер ақын өзінің аз ғана ғұмырында соңынан мол мұра қалдырған талант иесі. Өмірі мен шығармашылығын халқына, азаттық үшін күреске арнаған Шелли бар-жоғы отыз жасында қайтыс болды. Ол 1822 жылы Ливорнода аяқ астынан болған дауылдан теңізге суға кетіп, содан он күннен соң денесін жағадан тауып алады. Байрон және басқа да достары ақынның денесін жаққызып, Рим қаласына жерлейді. Құлыптасына «Перси Биши Шелли – жүректердің жүрегі» деп жазыпты.
Сонымен Шеллидің лирикасында келешек жарқын өмір үшін күрес, тапсыз қоғам, бейбіт заман т.б. өзекті мәселелердің шынайы көрініс тапқанын аңғардық. Суреткер поэзиясынан революциялық мазмұндағы жаңа романтикалық форма қалыптасты. Ол жаңашыл ақын. Шелли Байронмен бірге ағылшын поэзиясының жаңа дәуіріне жол ашты.
Дәрісті бекіту сұрақтары:
Шелли өмір сүрген жылдар.
Ақынның қандай дидактикалық поэмалары бар?
Шелли лирикасының басты бағыты.
«Ислам көтеріліс» туындысының мәні.
Шеллидің пәлсапалық көзқарастары қандай болған?
«Азат етілген Прометей» поэмасының тақырып ерекшелігі.
Шеллидің эстетикалық ойлары.
Әдебиеттер: 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 9, 10, 11, 12, 13, 14, 15.
ДӘРІС 8. ВАЛЬТЕР СКОТТЫҢ
ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ МҰРАСЫ
Дәрістің мақсаты: Шотландиялық Вальтер Скоттың әдеби мұрасын оқыту.
Тірек сөздер: тарихи роман, «Шотландиялық сиқыршы», якобиттер, пуритандар, либретто, анархия.
Дәрістің жоспары:
В.Скотт – тарихи-роман жанрын қалыптастырушы.
Скоттың алғашқы туындылары.
Скотт – ақын.
Скоттың романтикалық поэмалары.
Тарихи қақтығыстар аясындағы халықтық жеке бейнелерді мүсіндеуі.
Скоттың ағылшын романтикалық әдебиетіндегі орны.
Шотландтық Вальтер Скотт (1771-1832) – тарихи роман жанрын қалыптастырушы тұлға ретінде танымал. 1790-1800 жылдарда В.Скотт журналист, аудармашы, фольклор жинаушысы, романтикалық поэмалар мен балладалардың авторы болды. Сондай-ақ, Гетенің «Гец фон Берлихинген» атты тарихи драмасын аударады.
Жас кезінен Скотт өзінің туған өңірі таулы Шотландияға жиі саяхат жасап, оның көптеген көрікті жерлерімен, тарихымен, көне ескерткіштерімен жете танысады. Ал көрнекті шотландық ақын Роберт Бернспен профессор Фергюссонның үйіндегі кезесуі, талантты жасқа кереметтей әсер етеді. Содан кейін Бернс поэзиясы Скоттың өмірлік бойтұмарындай болады. Бенстің гумманизм мен өміршең пафосқа толы шығармалары арқылы шотланд ұлтын асқақтата көтергені – жазушыны қатты сүйсіндіре, патриоттық рухын оятады. Ол да осы жолдан таймай адам рухының мәңгілік бай қазына екендігін дәріптеп, оны бағаламағандарға төзбеушілігін танытады.
Вальтер Скоттың 1802 жылы «Шотландық шекара әні» («Песен шотландской границы») атты екі томдығы жарық көргеннен соң, елге аты танылды. Алғашқы кітаптары халықтың оң бағасын алып, үлкен сұранысқа ие болғандықтан, автор 1803 жылы үшінші томын өз оқырмандарына ұсынады.
Осындай үлкен жетістіктен кейін В.Скотт өзінің «Соңғы менестрелдің жыры »(Песень последнего менестреля») /1805/, «Мармион» /1808/, «Қыз Көл» («Дева Озера») /1810/ атты поэтикалық туындыларын жазады. Бұл поэмаларын да көпшілік жылы қабылдайды.
Бір айтатыны, автор өзінің жаңа қалам ұстап жүрген жастығынан қысылып жүрсе, керісінше оқырман қауым оны «көпті көрген, тәжірибелі суреткер болар» деп бағалаған екен. Шындығында, «Мармион» туындысының басты кейіпкері шотланд королі ІV Яковтің бейнесі аса жарқын да асқақ, шынайы да көркем түрде сомдалған еді. Ал, автордың осы образы «Қыз көл», «Рокби» шығармаларында нағыз шындыққа негізделе одан да шебер ашылған.
Дегенмен бұл В.Скоттың романшы-қаламгер болып қалыптасуына барар жолдың алғашқы қадамдары болатын. Жазушының шығармашылығын жан-жақты зерттеген ғалым Б.Г.Реизов: «Скоттың басты жетістіктері алғашында баллада мен поэма жанрынан көрінді. Поэма өзінің эпикалық табиғаты жағынан романға жақынырақ тұрады. Сондықтан «шотландиялық сиқыршы» романға бірден бармай, осы баспалдақтар арқылы биікке шыға алды»,- деп атап көрсетеді.
1814 жылы «Уэверли» атты алғашқы романы жарық көргеннен соң В.Скоттың есімі бүкіл әлем жұртшылығына танылады. Осы бір тамаша туындыдан кейін жазушы 25 роман, бірнеше әңгімелер жинағын, пьесалар, поэмалар, «Шотландия тарихы» («История Шотландии») атты екітомдық, «Наполеон Бонапарттың өмірі» («Жизнь Наполеона Бонопарта») атты көптомдығын тағы басқа шығармаларын бас-аяғы он жеті жылдың ішінде (1814-1831 жылдар) жазып, дүние жүзі оқырмандарына аса бағалы тарту жасайды. Бұл классикалық туындылардағы аса мол көркем образдар галереясы өзінің поэтикалығымен, қоғам мен халық өмірін бейнелеуде жан-жақтылығымен, шынайлығымен барша жұртты баурап алды.
Суреткердің қай туындысы болмасын жарық көре салысымен бірден басқа тілдерге аударылып, оқырман жүрегіне жол тауып жатты. Әсіресе еуропаның тарихи тынысына, әдебиеті мен өнеріне әсері айрықша болды. Осы тұрғыда атақты сыншы В.Г.Белинский: «Скоттың жаңашылдығы – өз кезеңінің замандастарына терең әсер еткені, өзіне дейін «бұрын соңды болмаған» тарихи роман жанрын жасауында», - деген пікірін білдіреді.
Скоттың өмірлік көзқарасы мен шығармашылық қалыптасуы-ның басты негізі Шотландия халқының аса бай саяси-әлеуметтік, рухани тәжірибесінде жатыр. Ол Англияның ғасырлар бойғы езгісіне қарсы ұлт-азаттық күреспен тығыз байланысты еді.
В.Скотт тарихи романға оның эстетикалық табиғатын әбден елеп-екшеп алып қана қалам тартты. Бұрынғы готикалық және антикварлық романдардан өзгеше, ұлттық колоритке негіздеп, өткенді қатесіз, нақты қылпында беруге тырысты. Тарихи оқиғаны өз заманына лайықтап оның рухани-әлеуметтік негізін шынайы көзқараспен ұштастырады. «Романшының басты мақсаты – қолыңда нақты заттары болмаса да, қиял арқылы өткеннен оқырманға толық және нақты түсініктер бере алуы керек. Оның қарауында тек тамаша идеялар мен образдар әлемі ғана. Міне, осында ғана оның мықтылығы мен әлсіздігі, оның кедейлігі мен байлығы көрінеді... Романның авторында сахна да жоқ, безендіруші де, актерлар группасы да, суретші де, костюмдер де жоқ; тек сөз ғана, соны өз мүмкіндігі мен өресіне қарай аталғандардың барлығының орнына шебер қолдана білуі қажет»,- деген Скотт тамаша пікір білдіреді.
Белинский Скотты – «жаңашыл-суреткер» десе, Бальзак: «Вальтер Скотт тарихи романды философиялық тұрғыдан жоғары деңгейге көтере отырып, оған өткеннің рухын дарытып, оған драманы, диалогты, портретті, пейзажды, суреттемені қосып, асқақтық пен күнделікті тіршілікті шебер астастыра білген», - деген ойын айтады.
Жазушы өз шығармаларында сол кезеңнің жаңалығы болып саналған барша халықтың, халық қозғалысының қоғам өміріндегі орнын тарихи жағдайларға байланыстыра суреттеген. Тарихи өзгерістерге орай бүтіндей бір ұлттың мүддесі үшін күрестегі кейіпкерлерін ол халық ортасынан алып – халық қорғаушылары мен солар үшін кек алушылардың патриоттық бейнелерін сомдады (Роб Рой, Меррилиз, Робин Гуд).
Скоттың тарихи романдарының композициясы сол тарихи оқиғаларды өзіндік мақамда саралай отырып құрылған. Автор кейіпкерлері көбінесе ірі тарихи құбылыстардың (революцияның, көтерілістің, бүліктің) төңірегінен табылып, соның қайнаған ортасында жүре шытырман оқиғаларды тудырады.
В.Скотт шығармаларының көркемдік құрылымы көбінесе романтизм идеяларымен сусындағаны анық. Олар күрделі авантюралы-романтикалық сюжеттерден құрылып, көптеген құбылмалы кезейсоқ оқиғаларға орын беріледі. Онда тіпті «халық нанымы» ретінде фантастика да кездеседі. Бірақ соның барлығы тарихи жайыттардың шеңберінде реалистік образдармен астаса, шебер құрылған. Сондықтан болар, оның кез-келген жаңа туындысын халық қызыға қабылдады.
Жазушының өзі былай деп жиі айтқан екен: «Шын суреткер тек тарихи фактілермен ғана шектелмеуі керек. Ол тарихи шындықты өзіндік өткір ойымен, ұшқыр қиялымен ұштастыра білуі қажет, тіпті міндетті. Себебі, оқырманды бірден баурап алып толғанысқа түсуіне, роман кейіпкерімен бірге қайғыра білуіне, олармен барлық қуаныш пен қызықты бірге бөлісуге мәжбүр етуіне тамаша мүмкіндігі бар».
Өзінің көтерген тақырыбы мен проблемаларына байланысты Скоттың прозалық туындыларын екі топқа бөлуге болады:
Шотландиялық романдары – 1820 жылға дейін жазылған;
Орта ғасырдағы Англия мен Европа тарихы бойынша жазылған романдары.
Ол тек бірақ рет қана өзінің «Сент-Ронанский сулары» («Сент-Ронанские воды») /1824/ атты романын жаңа өмірге арнап жазды. Қалған шығармаларының барлығының сюжеті өткен тарихи оқиғалардың төңірегінде құрылған.
Соның ішінде «Роб Рой» романы 1818 жылы жазылған. Бұл туындысында В.Скотт 18 ғасырда Стюарттықтар жасаған якобиттер көтерлісінің (1715ж.) тарихына назар аударады. Жазушы якобиттердің аяусыз жеңіліске ұшырауына, олардың нашар қаруланып, өзара ұйымшылдықтың жоқтығы мен соғыс тактикаларын жете меңгермегендіктері себеп болғандығын атайды. Дегенмен көтеріліске дайындық барысында роман кейіпкерлері көптеген шытырман оқиғалардың ортасынан көрінеді. Романдағы Роб Ройдың жарқын да өзіндік образы, нағыз шотландық Робин Гудтай. Ол қайрымсыз байларды тонай жүріп, кедей-жарлыларға барынша көмектеседі. Сондықтан қара халық оны өздеріне нағыз қамқоршы-жанашыр ретінде санап, қатты құрметтейді. Шығармадағы Рой бейнесінен романтикалық және реалистік ойлардың астасып жатқан арнасын көреміз.
«Пуритане» (1816) романында автор 1779 жылы Сюарттарға қарсы пуритандардың басшылығымен болған шаруалардың қарулы көтерілісін суреттейді. Скотт бұл туындысында Байроннан соң батысеуропалық әдебиетте алғаш қолдарына қару алып күреске шыққан халықтың жиынтық образын жасады. Халық пуритандарға сеніп соңдарынан ереді. Алайда ұйымшылдықтың, қатаң тәртіптің жоқтығынан көтеріліс жеңіліске ұшырайды. Басшылар арасындағы алауыздық, жігерсіздіктің салдары қара халықтың жазалануына әкеліп соқты. Бұл жерде автордың басты мақсаты пуритандарды дәріптеу емес, шотланд халықының күші басым жауына қарсы тұрған қайыспас күресін, олардың патриоттық сезім-күйін көрсету болатын.
«Эдинбург абақтысы, немесе орталық Лотианның Жүрегі» («Эдинбургская темница, или Сердце среднего Лотиана») /1818/ атты әлеуметтік романындағы шаруа қызы Джини Динстің образы, Скот армандаған эстетикалық идеалдың барлық қадір-қасиетін бір бойына жинақтаған. Кейіпкердің өзгелерден бөлек тұлғасы, асқан адалдығы, ерекше ақылы, арының тазалығы, өзгеше күш-жігері автордың өзін шабыттандырғандай. Джини қайтпас қайсарлығы арқасында сіңілісі Эффиге жабылған жалаға қарсы шығады. Оның бұл әрекеті бүкіл сол қайрымсыз қоғамға, оның басшыларына қарсы әрекет ретінде қабылданды. Замандастар арасында Джини Динстің образы үлкен жетістікке жетіп, оны тіпті өз ұлтының батыр қызына балады.
«Айвенго» (1819) романы Скоттың шығармашылық өміріндегі ең маңызды орынды алады. Жазушы есімінің әлем жұртшылығына танылуына көп септігі болған классикалық туындылардың бірі ретінде бағаланады.
Роман үш айдың көлемінде ғана жазылған. Оның басқа романдардан өзгешелігі Англияның өте ертедегі тарихына үңілуінде болатын. Шығарманың сюжетіне Орта ғасырдағы (1194ж.ж.) норман басқыншылығы кезеңіндегі Англия өмірі арқау болған.
«Айвенгода» әр түрлі саяси, қоғамдық ұлттық және әлеуметтік қарама-қайшы мүдделердің жиынтығы топтасқан. Соның ішінде Король Ричард пен оның туыс ағасы Джон арасындағы таққа талас үлкен тартысқа құрылған. Австриялықтардың тұтқынында жүргенде Ричардтың корольдығын заңсыз иемденген Джон халыққа қадірсіз болады. Бұл жерде автор тақ үшін теке-тіресті ғана суреттеуді басты нысаны етіп алмаған. Жылдар бойғы норман езгісіне қарсы сакстардың ұлт-азаттық, әлеуметтік күресін көрсете отырып, сол қоғамның көлеңкелі тұстарына сын көзімен қарау. Нормандықтардың көрсеткен тұрмыстық ауыртпашылықтары сакс ақсүйектеріне ұнамайды. Себебі олардың билігі мен бар байлығын басқыншылар тартып алған болатын. Бірақ олардың мақсаты халықты езгіден құтқару емес, жеке бастарының қамын ойлап, өз биліктерін қайта орнату жолында күресу еді.
Автор бұл жерде ойдан алынған тамаша әдеби персонаж, ержүрек рыцарь Айвенгога жүгініп, қара халық пен ел қамын жеген ақсүйектер арасын барынша жақындастыруға тырысады. Ричардтай бекзат, батыл да әділетті король ғана өз халқын екі жақты езгіден құтқара алатындығын көрсеткендей.
Романнның басты тартымды тұстары оның үсті-үстіне туындап отыратын қызықты оқиғалар желісінде жатыр. Орта ғасырдың тұрмыс пен дәстүріндегі, қарым-қатынасындағы, тіпті адамдарының сөз сөйлеу, киім кию ерекшеліктерін дәл бейнеленіп, сан қилы оқиғалармен астастыруы шығарманы көркемдік-эстетикалық тұрғыдан жоғары деңгейде көрсетеді.
В.Скотт ағылшын және әлем әдебиетінің тарихына өлшеусіз үлес қосқан жазушы. Ол тек тарихи роман жанрын ашып қойған жоқ, әдебиетке жаңа бір леп, жаңа тип, жаңа образ әкелді. Өмір шындығын, әсіресе ауыл өмірін жергілікті колоритке негіздей, шынайы суреттеп, оны жаңа қоғаммен жақындастыра білген. Оның бұл дәстүрін кейінгі толқын Булвер-Литтон, У.Эйнсуорт, Э.Гаскелл, Бронте, Элиот т.б. жалғастырды.
Достарыңызбен бөлісу: |