Әуез Бердіұлы Абай өмірбаянын жазуға ұмтылған Ә. Ысқақов, С. Мұқанов еңбектеріне жазған арнайы пікірлерінде олардың Абай өмірбаянын көрсетуге арналған кейбір деректерді таңдап алудағы кемшіліктерін нақты көрсетіп береді. Тіпті Әрхам Ысқақовтың «Абай өмірі» деген қолжазбасына жазған сынында: «Өмірбаян ішінде ақын Абай мүлде жоқ деуге болады»[3], - деп Абайдың өмірі мен ақындық жолын көрсетуге тікелей қатысы жоқ деректерді тоғыта беруіне әрі ол деректер тобырын ескі дүниетаным шеңберінде баяндауына қатаң сын айтады. Абай өмірбаянының 1, 2-нұсқаларында ақын өмірін, не шығармаларын танып білуге, тереңірек түсінуге қатысы жоқ, тек жанама деректерде кейбір оқиғаларға байланысты аты аталатын көптеген кісілер ұшырасады. Соңғы нұсқаларда осыларға үлкен сұрыптау жүргізіліп, Абай өмірі мен шығармаларына тікелей қатысы барлары ғана іріктеліп алынды. Мыс., 1-нұсқада 106 адам аты аталса, 2- нұсқада оның 45-і қысқартылған. Ал 3-нұсқада 56, 4-нұсқада 47 адам аты түсіріліп отырған. Олардың орнына биографиялық жаңа деректер негізінде немесе Абай шығармаларының жаңа қырын ашып, ондағы ой сарынын тереңірек тануына байланысты аталатын тарихи кісі аттары ендіріліп отырады. Өмірбаянның алғашқы нұсқаларында ақынның орыс достары Е. П. Михаэлис, Н. И. Долгополов, С. С. Гросс, А. А. Леонтьев т. б. атқарған қызметін, ақын дүниетанымына әсерін бағалаудағы алғашқы танымдарының өз дәрежесінде болмауын биограф ерте сезініп, бұрынғы танымына батыл түзетулер ендіре бастады. Орыс достарының Абайды Россияның ішкі өмірімен, орыс классиктері шығармаларымен таныстырудағы қызметін әділ бағалай отырып, Абайдың идеялық-мәдени іздену жолында қол артқан тірегінің негізі орыс классиктері мен рев.-демократтар тобының озық идеясы болғандығына, әсіресе, 4-нұсқаны жазу үстінде ерекше тоқталды. Абайдың орыс достары жайлы абайтану саласында орын алған кемшін жайды: «1860-70 жылдардың айдалып келген төңкерісшілерімен танысуы. Бұрынғы зерттеулерде Долгополов, Гросс сияқты жалған төңкерісшілерді теріс түсіндірулер болған. Олардың Абайға әсері мол болды деп, дәріптеудің қателігі» - деп арнайы көрсетуінде көп мән бар. Шынында да көпке дейін абайтану саласындағы әдебиеттерде ақынның орыс достарының халықшылдық бағыты, олардың Абайға әсері асыра бағаланып келген еді. Ә. осы мәселеге байланысты езінің атақты тезистерінің 5-санында Шоқанның славянофилдерден, Абайдың халықшылдардан алыстығы туралы өзінің табан тірер танымының негізін атаса, 8-санында Л. Н. Толстойдың халықшылдарға жақындығын, Абайдың одан алыстығын атап өтеді. Халықшылдар селолық қауымды мадақтап, мұрат тұтып, оның мызғымауын, өзгермеуін қалады. Ал Абай езі жасап отырған қазақ қауымының феод.-патриарх. болмысын, оның күні еткен салт-санасын сынап, ағартушылық жолмен өзгертуді қалады. Сондықтан да: «Түзетпек едім заманды, Өзімді тым-ақ зор тұтып...», - дейді. Осы жолда идеялық сүйенер тірегі «Пушкин бастаған Белинский, Герцен, Чернышевский, Добролюбов, Некрасов, Салтыков-Щедрин еңбектерінің Абайға басшылық, ұстаздық әсері ерекше болған» деп арнайы көрсетті. Биограф Абай өмірбаянын жазуға даярлық барысында оған қажетті материал атаулының бәрін де ауызша сөйлесу, әңгімелесу, естеліктер жазып алу, жаздыру жолымен жиналуы себепті, Абай өміріндегі орын алған елеулі де өзекті кейбір оқиғалардың шын болмысын, болған уақытын анықтау үшін үздіксіз ізденген. Бір оқиғаның мерзімін дәл анықтаса, осыған сабақтас болып өткен оқиғалар мерзіміне салыстыра талдау жолымен сенімді болжамдар да жасап отырған. Мыс., зерттеуші Абайдың Қоңыр-Көкше болысын басқарған кезде үстінен жалған арыз түсіп, № 12 іспен тергеуге алыну фактісінің мерзімін анықтауда осы әдісті пайдаланып, көп тер төккен. Ақынның осы іспен тергелуін Абай өмірбаянының 1-нұсқасында 1869-70 ж. болған деген пікір білдірсе, 2-нұсқасында ел аузындағы әңгімелер сарынын таңдау арқылы оның уақытын 1872-73 жылдарға жылжытады. Кейін Алматы, Семей архивтерін жағалай қарастырып, Абайдың Қоңыр-Көкшеге болыс болған жылдарын нақтылы архив деректерімен дәл анықтады. Абайды ірі тергеуге ұрындырған арыздар мен 1877-78 ж. орыс-түрік соғысына байланысты Семей уезі болыстарының архивтен табылған үндеу хатына, әрі онда Абай Қоңыр-Көкше болысы атынан қол қойған деректерге сүйене отырып, ақын өмірбаянының 4-нұсқасында оның № 12 тергелген уақыты-1877- 78 ж. деген түпкілікті тұжырым жасайды Осындай аса ірі принциптік мәні бар мәселенің бірі - Абайдың ез елеңдерін топтастыруды тапсырған жолын анықтау болатын. Өмірбаянның алғашқы нұсқасында бұл мерзім 1898 ж. еді деп көрсетілген. Ғалым кейін бүл мерзімді 1891 ж. етіп өзгертті. Әуез қазақ жерінде Абайдай жаңа типтегі ойшыл қоғам қайраткерін тудырған қоғам өміріндегі экономикалық-әлеуметтік ерекшеліктерді еске ала отырып, ақынның ғылыми өмірбаянын жазуда өзі ұстанған, табан тірер методол. мәні бар танымын, езі сүйенген ой қорытындыларының басты негіздерін: «Абай өмірбаяны биографизмнің тар шеңберінен шығарылуы керек. Оның өмірлік, творчестволық жолы реформаға дейінгі әлеуметтік өмірдің нақтылы жағдайларымен анықталған болатын. Осы жағдай жазушының жаңа типін тудырды», - деп көрсетеді[6]. Қазақ әдебиетін зерттеу тарихында текстол. жұмыстар жүргізудің алғашқы қадамы Абай мұрасын зерттеу саласында жүргізілген жұмыстармен бірге туды. 1924 жылдан бастап Абай шығармаларының толық жинағын құрастыруды қолға алған Әуез ақын мұрасын тереңірек танып, түбегейлі меңгеру жолында сүйенер түпнұсқа дерек көздері мен текстологиялық жұмыстар жүргізу қажеттілігін кімнен болса да ерте сезінді. Тұңғыш толық, жинақты құрастыру барысында асыл түпнұсқа ретіндегі Мүрсейіт Бікеұлының қолжазба көшірмесінде хатқа түскен Абай өлеңдері мен әлі де хатқа түспей санаулы кісілер санасында жатқа сақталып келе жатқан, көпшілікке беймәлім шығармаларымен аса күрделі текстол. зерттеулер жүргізу қажеттілігі көлденең тұрды. Мұның үстіне Абай шығармалары әр түрлі жолдармен ел ішіне таралып, әр қилы деректер көзі қабаттасып жатты. Жақсылы-жаманды, ірілі-ұсақты деректер көп жинала келіп, текстол. зерттеулер жүргізуге негіз болатын деректер көзіне айналып та үлгірді. Әуез осы тұста-ақ ақын мұрасы жайлы источниковедение, текстол. жұмыстарымен қатар айналысты. Абай шығармаларын асыл түпнұсқа қалпына келтіру мақсатымен ғалым ақын мұрасын қамтыған деректер көзі мен текстол. зерттеулерді оның өмірі мен шығармалары жайлы ғылыми еңбектер жазу жұмысымен бірлікте жүргізді. Абай мұрасын зерттеген көптеген ғалымдарға қарағанда ол балалық шағында-ақ Абай өмір кешкен рухани ортамен, ондағы ақын өмірін жақсы біліп, шығармаларын жатқа айтатын адамдармен ерте араласты. Абай жайлы деректерді ерте баста меңгеруге әсері болған атасы Әуез жайлы: «Әр нәрсеге Абай үлгісімен, ақынша қарауға тырысушы еді. Абайдың сондайлық ұстаздық, үгітшілдік әсерін мен кішкентай бала кезімнен өз әкелерімнің қалпынан көруіме болушы еді... Сонымен бір қыс, бір жазда Абайды түгелге жақын жаттап шығып едім» - деген аса құнды дерек береді (ӘӘММ архиві, 382-п., 1-6.). Абай шығармаларының түпнұсқасы ретінде 1896 жылдан бастап көшіріліп, қолжазба ретінде тараған Мүрсейіт дәптерлерін Әуез: «Абайдың басылып жүрген таңдамалы өлеңдер жинағы немесе толық жинақтары болса, сол Мүрсейіттің көшірмелері»[7] екенін айта отырып, оның бірқатар кемшіліктерін де атап көрсетті. Олар, кейбір елеңдері орынсыз біріктіріліп, кейбіреулері ретсіз бөлек өлең ретінде берілген; Абай қаламынан тумаған беймәлім өлеңдер де орын алған; ақын шығармаларының жазылу мерзімі, жылдары көрсетілмеген. Әуез ақын елеңдерін жатқа білетін кісілерден 45 елеңді (1086 жол) хатқа түсіріп, қайта тірілтті. Ол Абай шығармаларының 1917 жылғы төңкеріске дейінгі таралу жолдарын да анықтады. Ол жол үшеу:
13 – дәріс. Абай кітапханасы Қ.Мұхамедханұлы зерттеулерінде.
Мұхамедханұлы Қайым (Ғабдұлқайым) (5.1.1916, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында 30.6.2004, сонда) - әдебиеттанушы ғалым, абайтанушы, жазушы, драматург. Қазақстанның тұңғыш әнұранының авторы. Әкесі Мұхамедхан Семейде шығатын «Сарыарқа» газетіне, «Абай» журналына меценаттық көмек жасап тұрған (осы журналдың 70 жылдан соң қайта жарық көруіне, Семейдегі «Алаш арыстары» мұражайының ашылуына Мұхамедханов көп еңбек сіңірді).
Мұхамедхан ислам діни қозғалысының белсенді мүшесі деген айыппен 1937 жылы 2 желтоқсанда атылған. Сондай-ақ Қ.Мұхамедхановтың әкесі алашордашыларға тілеулес болып, оның үйінде ұлт зиялылары (Шәкәрім, Көкбай, Тұрағұл, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Мұхтар т.б.) жиі бас қосып, ел бостандығы жөнінде пікір алмасып тұрған. Қ.Мұхамедханов шаруа мектебінде білім алған. 1935-37 ж. республикалық екі жылдық мұғалімдер курсында оқыған. Семей педагогикалық институтының филологиялық факультетін бітірген (1941).
Семейдегі Абай әдеби мұражайының аға ғылыми қызметкері (1940-41, 1947-51 ж. оның директоры), Қазақстан Жазушылары одағының Семей облысындағы өкілі (1942-47), Семей педагогика институтының аға оқытушысы, доценті, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессоры (1955-90), 1991-95 ж. ҚР ҰҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Абайтану бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері болды.
Қ.Мұхамедханов саналы өмірін қазақ әдебиеттану ғылымының абайтану саласына арнады. 1939 жылдан Абайдың ақындық мектебі мәселесін зерттеп, «Абайдың әдебиет мектебі» деген еңбегін жариялады, осы тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады (1951).
Талқылау кезінде ғылыми жетекші М.Әуезов пен диссертантқа жала жабылып, саяси айыптар тағылған. Жас ғалымға Абай мектебі шәкірттерінің қатарында «ұлтшыл ақындарды» зерттегені үшін «панисламшыл, пантүркшіл» деген айып тағылып, 25 жылға сотталды.
Төрт жылдан кейін ақталып, 1958 жылы «Абай төңірегіндегі ақындар» деген тақырыпта екінші рет кандидаттық диссертация қорғады. Қ.Мұхамедханов Абай мектебінің ақындары мәселесін зерттеуді шығармашылық ізденіспен дамыта білді. Ақын шығармаларын зерттеу нәтижесінде Мұқамедханов Абайдың бұрын белгілі болып келген 7 өлеңін тауып, ақынның 1945 жылы шықан жинағына енгізді. 1959 жылы «Мағауия Абайұлы Құнанбаев», «Абай шығармаларының текстологиясы» монографиялық зерттеулері жеке кітап болып шықты.
«Абайдың ақын шәкірттері» атты төрт кітаптан тұратын жинақ ҚМұхамедхановтың қарастыруымен 1993-97 ж. жарық көрді. Оған Абай шәкірттері Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, Кәкітай, Көкбай, Уәйіс, Әріп, Әсет, Мұқа, Әубәкір, Иманбазар шығармалары мен олар туралы зерттеулер енді. Мұқамедхан Абайдың екі томдық академиялық шығармалары жинағының жаңа басылымын шығаруға (1995) үлес қосты.
1988-89 ж. мерзімді баспасөзде «Ә.Бөкейханов», «М. Жұмабаев», «А.Байтұрсынов», «Ж.Аймауытов», «М. Дулатов», «Шәкәрім» атты ғылыми мәні ерекше мақалалар жариялап, кейін осы зерттеулер негізінде «Абай мұрагерлері» жинағын (1995) жарыққа шығарды.
Мұхамедхан қазақ әдебиеттану ғылымының текстология саласының қалыптасуына ерекше еңбек сіңірді. Оның Махамбет, Шәкәрім поэзиялары текстологиясына арналған мақалалары, Бұқар жырау, Абай шығармаларының текстологиясын қарастырған мақалалары мен монографиясы жарық көрді.
Сондай-ақ ол қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу ісіне қомақты үлес қосты. Қазақ ауыз әдебиеті, ежелгі дәуір әдебиеті, жыраулық әдебиет өкілдерінің өмірі мен шығармашылығы, әдеби байланыстары туралы 300-ден астам ғылыми мақалалар жазды. Қ.Мұхамедханов шығармаларының тағы бір қыры оның поэзиясы. Драматургия саласында да қарымды еңбек етіп, көптеген пьесалар жазды. Қ.Мұхамедхановтың «Толқын» (1994), «Майданнан майданға» (1947), «Комиссар Ғаббасов» (1960), «Ер Білісай» (1974) пьесалары көркемдік және тарихи шындықты тұтастай алып, оқиға желісінің өткір құрылуымен ерекшеленеді.
Әзірбайжан драматургі У. Гаджибековтың «Аршин мал алан» (1941), татар жазушысы Ш. Камалдың «Қажы әпенді үйленеді» (1967) пьесаларын, орыс жазушысы Н. Карамзиннің «Бишара Лизасын» қазақ тіліне аударды. Қ.Мұқамедханов Семей қаласының және Абай, Аягөз, Жаңасемей аудандарының құрметті азаматы. Абайтану саласындағы қажырлы еңбегі үшін 1996 жылы Қ.Мұқамедхановқа ҚР Мемлекеттік сыйлығы берілді.
1916 жылдың қақаған қаңтар айының 5 күні Мұхамедхан отбасында дүниеге келген сәби Қайымның өмір жолында да қақаған кезеңдер аз болған жоқ. Барлық сын сағаттардан жігерлілік, шыдамдылық, көрегенділік, білімдарлық таныта жүріп, аман өтті. Қандай қиын қыстау кезеңде абайтану бағытынан айныған емес. Қазақтың көсемдері мен шешендерін орға айдаған 37-нің құрығы Қайым ағаны да аз әуреге салмаған еді. Теріс жала жабылып, жалындап тұрған шағында Қайым аға 25 жыл түрменің де дәмін татты.
Бірақ, оның бәрі Қайым Мұхамедханұлының өмірге деген көзқарасын, тарих, әдебиет саласындағы ұстанымын өзгерте алған жоқ.
Ол қазақтың Қайымы еді. Жастық шағының қызығы мен қиындығы, қуанышы мен күйініші кезектесіп, жазықсыздан жазықсыз жиырма бес жылға сотталып, алаңсыз әдеби еңбек ету егделік ғұмырының ғана еншісі болған соның өзінде артына аса мол мұра қалдырған ғұлама еді. Әдебиетші, зерттеуші, сыншы, аудармашы ретінде тындырып кеткені қыруар, әсіресе, абайтануды, сондай-ақ Мұхтар Әуезовтың бүкіл өмірін паш етуде төккен тері өлшеусіз. Абай шығармаларының текстологиясын жан-тәнімен тәптіштеп реттеуі, ұлы ақынның мұрагерлері туралы төрт кітап жазып шығаруы - небір үлкен ұжымның да қауқары жетпес шаруа.
Қазақ республикасының тұңғыш гимнің авторы болғаны - өз алдына зор мәртебе.
Қайым Мұхамедханұлы – түпнұсқа иесінің ойын тереңіне танып, тебіренге толғайтын шебер аудармашы.
Қайым Мұхамедханұлының ұзақ жылдар бойы ғылыми, әдеби шығармашылық және ұстаздық еңбегі жоғары бағаланып, ол КСРО медальдарымен «КСРО халыққа білім беру ісінің үздігі», «Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі» белгілерімен Құрмет грамоталарымен наградталған.
Семей қаласының, Абай, Жаңасемей аудандарының құрметті азаматы. Қайымның әдебиет тарихына қосқан үлесі де салмақты. Соның ішіндегі жыраулар әдебиеті жөніндегі өмірбаяндық зерттеулер мен текстологиялық салыстырулары бұл саладағы көптеген көмескі жайлардың бетін ашып, тың деректер мен соны пікірлер түйіндеуге негіз қалады.
Саналы ғұмырында атақ үшін емес, ұлы Абай үшін қатал заманның қағидаларына мойынсұнбай азаматтығын сақтай білген, өткен ғасырдың ары, бүгіннің заңына айналған адам Қайым Мұқамедханов.
Тағдырдың талай тар өткелдерінен сүрінбей өткен, әрбір әңгімесі бір-бір тарих, бар ғұмырын ғылымға арнаған, белгілі абайтанушы, көрнекті ғалым, ұстаз Қайым Мұхамедханұлының артына қалдырған мол мұрасы рухани қазынаға айналары ақиқат. Қайым Мұхамедханұлы өмір бойы Абай өлеңдерінің дәлдігін қадағалап, қолынан келгенше бір әріптің бұрмалануына жол бермеуге тырысты. Ал уақыт пен қоршаған орта өз таңбасын қалдырмай қойған жоқ. Абай тек ұлы ақын, ұлттық мақтанышымыз ғана емес. Абай – әлемдік тұлға, қайталанбас құбылыс, күллі адамзаттық цивилизацияға қосылған аса қомақты үлес. Мұндай толайым табыстың қазақтың пешенесіне жазылуы ұлттық руханият үшін мақтаныш. Абайды тану үшін Әуезовті қайта-қайта ой көзін салып оқу керек. Абай да, Әуезов те қатпар-қатпарына үңіліп оқымасаң бойыңа сіңбейді, жүрегіңе ұяламайды. Абайдың ақын шәкірттерінің өмірі мен шығармашылығын зерттеуге Қайым Мұхамедханұлы тікелей М.О. Әуезовтің ақыл-кеңесімен келген. Ғалымға Абайдың әдеби мектебіне ұлтшыл ақындарды енгізгені үшін «панисламшыл, пантүрікшіл» деген айып тағылып, сталиндік қуғын-сүргінге ұшырайды. Ақталып шыққаннан кейін зұлматқа ұшыраған «Абайдың ақын шәкірттерін» қолға алады. Өмірінің ең бір қиын сәтінен сүрінбей өтті. Бір үміт, бір қауіпте тағдыр таразысының сынында қасірет шегіп жүргендегі, жанына батқан қайғысы, жүректің қайғыға, жай ғана қайғы емес, отты қайғыға өртенуі, тірі жетім балаларын ойлап сағынып, қол ұшын беруге мүмкіндік жоқ дәрменсіздігі ақын Қайымның сезім сыры мен көңіл күйінің айғағындай. Оны «Балаларыма» өлеңінен байқадым:
Қайым Мұхамедханұлы өзінің зерттеулері арқылы «Абай және абайтану ұғымдарының бір-бірінен ажырамас тұтастық екенін жадымызға сіңірді.
Қайым Мұхамедханов қазақ халқы үшін ғылым-білімнің шамшырағы болған Абай Құнанбаевтың айналасындағы тәрбиеленуші ақын шәкірттерінің мол мұрасын, шығармаларын, өзінің білімділігінің, қайтпас қайсарлығының, қажырлы еңбегінің арқасында түбегейлі зерттеп, халыққа танытты. Бізге, болашақ ұрпаққа ғалымның жарты ғасырлық еңбегі үлгі-өнеге болып қалды. Біздің, жастардың алдындағы зор міндет – абайтанушы, ұлтын сүюдің үлгісін көрсетекен Ұлы ұстаздың еңбегін келешек ұрпаққа жеткізу.
14 – дәріс. Абай және Алаш әдебиеті.
«Абай – қазақ руханиятындағы аса айрықша тұлға. Ол – алаштың рухани жетілуінің (кемел адам) рәмізі». Белгілі әдебиеттанушы, алаш зиялылары туралы кӛптеген ғылыми зерттеулер авторы Д.Қамзабекұлының осы тұжырымы кӛп мәселеден хабар береді, Абай мен алаш зиялылары кӛзқарасындағы рухани-танымдық сабақтастыққа сілтейді. Абай – қазақ рухани ӛміріндегі ірі Тұлға, ұлттық философиялық ойлаудың үлгісі. Абай – қазақ әдебиетінің асқар биігі, ол қазақ әдеби тілін дамытуға ӛлшеусіз үлес қосады. Оның шығармалары сол кездің де, бүгіннің де биігінен қарағанда, рух бостандығына, қазақ қоғамының ӛркендеуіне бағытталғаны аян.
Ә.Бӛкейхан «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы» мақаласында былай деп жазады: «Оның ӛлеңі – қазақ мақтанышы. Алашта рухани шығармашылықты мұншама асқақтатқан Абайға дейін ақын болған емес». Бұл алаш зиялылары Абай ақын творчествосынан ӛздеріне рухани күш алғанын танытады. Абай «Сӛз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деп әдебиетті жаңа бағытқа бастады. Алаш зиялылары Абай ӛлеңдері мен Қарасӛздеріндегі оқу-ағарту, білім, еңбек тақырыбынан ӛз кӛзқарастарына сәйкесетін идея, ой түйеді. Сӛйтіп Абай жаңа таныла бастаса да, елге қажет сӛзді айтты және әдеби туындыларын кӛзі ашық оқығандар ел арасына тарата бастады. Алаш зиялылары әдебиеттің ағартушылық функциясын елді тәрбиелеу үшін пайдаланғаны белгілі. Алаш кӛсемдерінің бірі А.Байтұрсынұлы ӛз зерттеуінде Абайдың әдебиетте жаңа ой айтқан ақындығын, жаңа бағыттағы жаңа әдебиетті бастаған жаңашылдығын кӛрсетеді
А.Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында Абайдың ӛз халқы үшін биік тұлға екенін атап кӛрсетеді. «Абай сӛздері дүниеде қалғаны қазаққа зор бақ» - деген бағасы ұлы ақынның ұлттың рухани әлемін жетілдірудегі еңбегін ерте бағамдай алған кӛрегендігін танытса керек .
Алаштың қайраткері М.Дулатұлы Абайды ұлт мүддесі үшін қызмет ететін қайраткер деп бағалайды. «Әдебиетіміздің негізін қалаған бірінші кірпіш – Абай сӛзі. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып жоқ болады. Қай жұрттың болса да –жаны әдебиет» (8, 250) – деп Абай сияқты тұлғасы бар әдебиет пен халық ӛлмейді деген байлам жасайды, ӛзінің ақындық декларациясын білдіреді. Ұлы Әуезов сӛзімен айтқанда: «Ӛзі сыншыл қайраткер болғандықтан... ...ендігі сӛзі қоғамды, халықты түзейтін үлкен күш деп түсінеді ...ӛз заманындағы барлық мінді, сорақылықты сол тура жолдағы жақсы ӛлең-ӛсиетпен түгел жойып, жоғалтуға болады»,- деп иланады. Басқаша айтқанда, адамгершілік, ар, ақтық деген сияқты қасиеттерді тәрбиемен кӛпке жайса, ӛмір де, қоғам да, халық тағдыры да ӛзгеріп, түзеліп кететіндей кӛрінді (4, 132). ...»Ӛзінің барлық шыншыл, әділетшіл қажырлы еңбегімен, ӛлең ұстаздығымен заманын түзеп алады екенмін деп түсінеді».Бұл, қоғамшыл, халықшыл Абайдың «пассионарлық идеясы», «рухани сілкініске құштарлығы» деуге болады. Адамгершілік түзелумен тарих түзеледі деген кӛзқарас дүниежүзілік ұлы адамдардың бәрі де ден қойған наным болатын
15 – дәріс. Абай кітапханасы бүгінгі ғалымдар зерттеулерінде.
Бас-аяғы үш беттік (М.Мырзахметұлы, "Түркістан-Тараз арасы". Астана, 2002 ж. 359-361-беттер) пікірінде белгілі әдебиетші ғалым Тұрсынбек Кәкішев М.Мырзахметұлын "Қазақ үшін, ел үшін жаны ауыратын қайраткер" деп бағалай келіп: "Абайдың діншілдігін, ұлы ойшылдың шығыспен байланысын Мекемтастан артық зерттеген ешкім болған жоқ. Өйткені, оның діншілдігі де, шығыс ғұламаларының жасап кеткен еңбектерін зерттеуі де көбімізден көш ілгері", деп ғалым еңбегінің өзгелерден артықшылығын ағынан жарыла атап өтеді.
Бұдан ертерек (1989 ж.) академик Зәки Ахметов "Хауас", "Жауанмәртлік", "Имангүл" (бұл ұғымдар М.Мырзахметұлының зерттеулерінен кейін ғана қазақтың ғылыми ортасына белгілі болған - Е.Ә.) туралы айта беретін М.Мырзахметұлын "қисық жігіт" деп ойлағанын, бірақ оның айтқандарының бәрі ақиқат болып шыққандығын, сондықтан да ғылымға осындай азаматтық позициясы берік ғалымдар керек екенін мойындаған еді.
Бұл күнде бір нәрсенің басы ашық. М.Мырзахметұлы Абайтануға ересек еңбек сіңірген ғалым. Оның бұл саладағы еңбегі ескерусіз қалған жоқ, Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Сонымен бірге ғалымның көптеген зерттеулері исі түркі тілді ғылыми ортаға жақсы таныс. Ол - халықаралық "Түрік дүниесіне қызмет" сыйлығын алған санаулы қазақтың бірі.
Ғалымның бірсыпыра кітаптары орыс тілінде жарық көрген. Сол арқылы көптеген елдердің ғалымдары оның Абай және Әуезов туралы зерттеулерімен танысқаны ақиқат.
Жалпы, М.Мырзахметұлының зерттеулері мен мақалалары сонау кеңестік кезеңнің өзінде де ғылыми ортаны, әдеби жұртшылықты, оқу орындарының ұстаздары мен шәкірттерін бей-жай қалдырып көрген емес. Абыз ақынымыз Әбділда Тәжібаевтан бастап, М.Мырзахметұлының еңбектеріне сүйсіне пікір білдіргендер мен мақала, зерттеу, өлең арнағандардың жалпы саны 700-дей екен.
Бұл күнде ғалым Әлімғазы Дәулетхан қазақ әдебиеттану ғылымында мекемтастану деген жаңа бір сала ашатын уақыт жетті деп мәселе көтеріп жүр. Бұл, ең алдымен, абайтану мен мұхтартануды одан әрі жемісті жүргізу үшін керек екен. Неге? Өйткені, абайтануға М.Мырзахметұлының өзі әуезовтану арқылы келген. Ол Ғылым академиясында абайтану бөлімін ашып, басқарғанға дейін ұзақ жыл "М.Әуезов музей-үйінде" ғылыми қызметкер болып, "архив кемірген". Жазушының қолжазбаларын сүзіп, Абай туралы әркезде, әр қилы жағдайда жазып, ретке келтірмей, жарыққа шығармай тезис түрінде қалдырған жазбаларының бірсыпырасын Л.Әуезовамен бірге кітап етіп жариялады да.
Абай мен Әуезов ғалымға мынаны ұқтырған. Ұлы адам өзіне дейінгі ұлылардың еңбегін бойына сіңіріп барып ұлы болады екен. Ендеше, Абайды да, Әуезовті де ашу үшін олар бойына сіңірген ұлыларды білмек керек. Ол осылай Әуезов арқылы Абайға, одан әрі Шығыстың, оның ішінде түрік, араб, парсы әлемінің ұлы ғұламаларын тануға құлаш ұрады. Бүгінге дейін 45 кітап, 700-дей мақала жариялаған ғалымның зерттеу көкжиегінің барған сайын кеңіп келе жатқандығының сыры сонда. Әуезов пен Абай оны әлемнің не бір ойшылдарының өрісіне жетектеп кіргізді. Ғалым өзі кіре алмаған өрістерге бұл күнде шәкірттерін бағыттауда.
Енді осы айтылғандарды нақтылы мысалдармен дәлелдеп көрелік. Білетін, адам болатын баланы бір ауыз сөзінен-ақ таниды. Бауыржан Момышұлы да М.Мырзахметұлынан нағыз "архив ақтарғыш" шығатынын бірер күн пікірлескеннен білсе керек. Өзбекстанда оқытушы болып жүрген жерінен ҚазПИ-дің сол кездегі ректоры Мәлік Ғабдуллинге айтып, аспирантураға алғызады. Академик Қажым Жұмалиев оған "Абай мұраларының зерттелу жайы" деген тақырып ұсынады.
Міне, осы жұмыстың үстінде-ақ ол еңбекқор зерттеуші екенін танытады. Ғасырға жуық мерзімде Абай туралы қандай еңбек, қай жерде, қандай басылымда, қай күні жарық көрді, түп-түгел түгендеп, тұңғыш рет хронологиялық библиографиялық көрсеткіш жасап жарыққа шығарды (1965 ж.). Кейін оны тақырыпқа бөліп те жасайды. Сөйтіп, ол ендігі абайтанушылар мен жалпы зерттеушілердің жолын ашып, жұмысын жеңілдетіп берді. Сонымен бірге сол зерттеулер үстінде Абай ақиқатына апарар жол М.Әуезов еңбектері екенін де ұқты.
Бірнеше жылдан кейін оған ұлы жазушының жарияланбаған жазбаларына жақындаудың сәті түсті. Әуезов музей-үйі ашылғанда Ләйла Мұхтарқызы іріктеген ғылыми қызметкердің бірі - М.Мырзахметұлы болды. Сөйтіп, ол Бауыржан Момышұлының үйінде жүріп, кандидаттық жұмысын жазған болса, енді Әуезовтің музей-үйінде докторлық диссертациясын даярлады. "Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары" атты монографиясын Ләйла Мұхтарқызының көмегімен жарыққа шығарды. М.Мырзахметұлы осылай ұлылардың назарына түскен, олардың отбасымен етене араласып, тәлім-тәрбиесін көрген ғалым.
Жас ғалымды қиынға сала отырып, қолтығынан демеген халқымыздың аяулы азаматтарының үміті ақталды. М.Мырзахметұлы өктем саясаттың, өткінші идеологияның қиғаштығына қарамастан, Абай туралы қалыптасқан түсінікті түзетті. Абайды Абай еткен тек орыс мәдениеті емес, ең алдымен исламдық қазақ пен шығыс мәдениеті екенін, батысқа содан кейін барып бет бұрғанын дәлелдеп берді.
Мәселен, Абай өлеңдері мен қарасөздерінде араб, парсы сөздері көп. Бірақ бұл арабша-қазақша сөздіктен қарай салып, аударумен шектеле қоятын сөздер емес екен (мұтакалинмин, мантикин, т.б. ). Бұлар ислам философиясындағы бүтін бір ағымдар болып шықты. Енді Абайды білу үшін сол ағымдарды білмек керек. Абай заманында қазақ даласына еркін жеткен ондай әдебиеттер кеңестік кезеңде сап тыйылған. Мұсылман медресесінде оқыған Абайдың кез келген замандасы түсінетін ұғымдарды кеңестік Қазақстанның академигі де түсіне алмайтын болған. Өйткені, ол шығыстық ислам философиясынан хабарсыз, араб, парсы тілдерін білмейді. Ал, Абай орыс тілін ғана емес, араб, парсы тілдерін де білген. Сөйтіп, үш қайнардан (қазақ, шығыс, батыс мәдениеті) сусындап, іс жүзінде бүкіл әлемдік ой-сананың жетістігін бойына сіңірген десек, Абайдың философиялық көзқарастарының қалыптасуында ең алдымен исламдық философияның әсері мол екен.
Мекемтас Мырзахметұлы барлық көне, қазіргі түрік және славян тілдеріндегі ислам философиясына қатысты әдебиеттерді ақтарып, осындай қорытындыға келді. Ол қорытындысын кезінде Абай пайдаланған әдебиеттерді нақты анықтау арқылы дәлелдеді.
Сонымен қазіргі қазақтар Абай дүниетанымының қайнары ислам философиясындағы хауас (Абайда үш түрлі мағынада қолданылады: біріншісі - адамның сыртқы бес, ішкі бес сезімдері, екіншісі - Алланың он сипаты; үшіншісі - Алла тағала мағынасында), иманигүл (үш сүю: Алланы, адамзатты және әділетті сүю), жәуанмартлік (ізгілікті үш қасиет: ақыл, рахым, әділет) танымдары екенін білді. Жалпы М.Мырзахметұлы зерттеулерінен кейін Абай шығармаларындағы саны 180-дей ұғымдар мен терминдердің астары ашылып, ғылыми айналымға түсті.
М.Мырзахметұлының зерттеулері бізге тағы мынаны айтты. Сонау әл-Фараби заманынан бері исламдық ізгілік философиясының ең пісіп-жетілген жері түркілер мекені екен. Әл-Фараби бабамыз "Ізгі қала тұрғындары туралы" трактатын жазып (батыстың социал-утопистерінен бірнеше ғасыр бұрын), ізгі қоғамның үлгісін берсе, Жүсіп Баласағұн бабамыз "Құтты білігінде" әділетті, ізгі ел билеушісінің көркем бейнесін жасапты, ал Қожа Ахмет Ясауи бабамыз Хал ілімі арқылы адам жанына тереңдеп бойлапты. Абайдың толық адам туралы ілімі солардың заңды жалғасы екен. Жалғасы болғанда, Абай жасаған үлгінің әркім-ақ сондай болсам екен деп ұмтылып, ұстануға болатын практикалық мәні зор екен.
М.Мырзахметұлы еңбектерінің актуальдылығы, оның халқымызға қажеттігі қазір өте-мөте көрініп тұр. Өйткені, бүгінде біздің қоғамымызда түрлі діни ағымдар ойқастап жүр. Олардың бұлайша басынуының басты себебі - біздің дінді, сонымен бірге ұлттық тамырымызды әлсіретіп алғанымыздан. Оның үстіне отарлық идеология қазаққа ғасырлар бойы жақсыны жаттан іздеу психологиясын сіңіріп қойған. Одан бұқара халық түгілі, зиялыларымыздың өзі арыла алмай келе жатыр. Әйтпесе, өзгелер қызыға қарайтын бабаларымыздың, оның ішінде Абайдың толық адам туралы ілімдері исі түрік халықтары моральдік кодексінің іргетасы бола алатынын М.Мырзахметұлы жазып жүргелі қашан.
Ғалым әнебір жылдары энтузиаст жас ғалымдардың басын қосып, ата-бабамыздың ойма (сына) жазуы негізінде қазіргі түрік халықтарының ортақ жазуын жасауға да әрекет етіпті. Өкінішке қарай, бір қаладан екінші қалаға көше берудің кесірі оған жұмысын аяқтауға мүмкіндік бермеген.
Есесіне Мекең бірсыпыра жас ғалымдардың күшін жұмылдырып, тұңғыш рет түрік халықтары әдебиетінің оқулығын, хрестоматиясын, бағдарламасын, әдебиеттердің библиографиялық көрсеткіштерін кешенді түрде жасап шығарды. Оған басшылық жасап қана отырмай, негізгі тарауларын өзі жазды. Жұмыс халықаралық қазақ-түрік университетінің Тараз институында жүзеге асырылды. Бір кезде бөлшектеп билеу саясатымен жазулары күштеп өзгертіліп, бір-бірінен алшақтап кеткен түбі бір түркі халықтарын жақындастырудың осындай үш амалын егемендіктің елең-алаңынан бері қарастырып келе жатқан ғалымның хам-қаракетінің текке еместігін Елбасымыздың Орталық Азия мемлекеттерінің жаңа сипаттағы одағын құру туралы идеясы көрсетті. Сөйтіп, М.Мырзахметұлы осы еңбектерімен өз халқының ділін, дінін, тілін нығайтып, өз мемлекеті - Қазақстанның іргетасын бекемдей түсуге орасан үлес қосып келеді.
Сонымен қатар ғалым бұрындары жасалған қазақ әдебиеті тарихын қайта жазу керек деп есептейді. Өзі соған мұрындық болу мақсатымен қазақ әдебиетінің тарихын тәуелсіздік тұрғысынан қайта дәуірлеп шықты. Ол қазақ әдебиетінің бастауы Алып Ер Тоңа туралы жырда жатыр деп тұжырымдайды. Мұны бұдан 2700 жыл бұрын өмір сүрген Тұран билеушісі Алып Ер Тоңа туралы Махмуд Қашқари сөздігінде берілген жыр жолдары мен Дулат, Абай өлеңдерінің көне түркілік "көг" ұйқас үлгісімен жазылғандығы арқылы дәлелдейді.
Ал оның шәкірттері сол дәуірлердің бірсыпырасының тарихын жазып беруге кірісіп те кетті. Бір қызығы, олардың біразы жұмыстарын М.Мырзахметұлының кеңесшілігімен филология ғылымы бойынша жалғастыруға келісім берген тарихшылар. Мәселен, Қытайда туып-өскен Әлімғазы Дәулетхан Шығыс Түркістан (Қытай) қазақтары әдебиетін, Ираннан келген Ислам Жеменей М.Хайдар Дулаттың әдеби мұраларын, Түркияда ұзақ жыл оқыған философия докторы Дархан Қыдырәлі түрік халықтары әдебиетіндегі жадидизмнің бейнеленуін, тағы бір шәкірті Саттар Өмірзақ Қоқан хандығы тұсындағы қазақ әдебиетін докторлық жұмыстарына арқау етіп алды. Ал, Мақсат Әліпхан Жүсіп Баласағұнның "Құтты білігіндегі" ізгілік мұраттардың Абайдың толық адам туралы идеяларына ұласуын, Имамғазы Нұрахметұлы сақтардан Абылай хан кезеңіне дейінгі қазақ әдебиетін дәуірлеуді кандидаттық жұмыстарының негізі етті.
Рас, әзірге ғалымның ойлағанының бәрі іске асып жатқан жоқ. Дулаттану ғылыми-зерттеу орталығын құрып, қазақтың тұңғыш тарихшысы еңбектерінің сөздігін, одан әрі энциклопедиясын жасап, ғылымға күңгірттеу бір дәуірді ашып беру жөніндегі ұсыныстары Білім және ғылым министрлігі тарапынан қолдау таппады. Ол аз десеңіз, М.Х.Дулати бабамыздың есімін еншілеген университеттің өзі қаржыландыруды тоқтатып тастады.
Бұдан кейін ғалым Жамбыл облысына Серік Үмбетов әкім болып тұрған тұста "Бауыржантану" ғылыми-зерттеу орталығын ашты. Баукеңнен орасан зор эпистолярлық архив қалған. Қазір оның бәрі жинастырылып, іріктелуде. Баукең шығармаларының кезінде цензура өткізбей қойған жолдары қалпына келтірілуде, бұрын-соңды жазылған еңбектері түгенделуде. Орталық Баукеңнің 100 жылдығына дейін 30 томдық шығармалар жинағын және энциклопедиясын әзірлемек.
М.Мырзахметұлының ғылыми еңбектермен қатар оның қоғамдық белсенділігін де айтқанымыз жөн.
Ол сонау 1980 жылдардың ортасынан-ақ Қазақстанның азаттығын алып, іргетасын бекітуге ұлтты бағыттаған қыруар мақала жазғаны өз алдына, сол сексенінші жылдардың аяғында "Қазақ қалай орыстандырылды?" атты монографиясын шығарған. Ономастика, топономика, қазақ тілінің халі, қазақтардың тағдыры, фамилиясы, шоқындырылуы тағы басқа толып жатқан тақырыптарға да қалам тербеді. Оларды егемендікпен бірге өріп шыққан жаңа басылымдар жарыса жариялап, жатты.
М.Мырзахметұлы мақалаларының санаға қона кететіндігінің сыры - үнемі нақты, тың деректер ұсынып отыратындығында. Ол өмірінің көп бөлігін архив ақтарумен өткізген ғалым. Сол әдетінен күні бүгінге дейін тайған емес. Достарының және шығыс тілдерін жетік білетін шәкірттерінің көмегімен Таразда отырып-ақ Ресей, Қытай, Өзбекстан архивтерінен, парсы тіліндегі тарихи әдебиеттерден қазаққа, одан әрі түрік әлеміне қатысты деректерді алдырып, қазақшаға аударып бастыруда. Мұның алғашқысы М.Хайдар Дулаттың "Тарих-и Рашидиі" мен парсы деректері бойынша жазылған "Көне Тараз" кітабы болды. Кезек күтіп жатқандарының ішінен әсіресе, Шайх Құдайдат Таразидің (XІV-XV ғ.ғ.) кітабын айрықша атап өтпеске болмайды. Ғалымның айтуынша, жарыққа шыққан соң бұл еңбек әдебиет теориясының әлемде тұңғыш рет түрік топырағында туғандығын дәлелдемек. Ал оның авторы тараздық болғандығы мақтаныш сезімін тудырумен бірге жаңа зерттеулерге жетелейді.
Осылай сан-салалы еңбек етіп жатқан ғалымның бір-ақ мақсаты бар. Ол - халқының ұмыт болған өз жақсысын өзіне қайтару арқылы әлемдік деңгейдегі лайықты орнына ие болуына ықпал ету.
Достарыңызбен бөлісу: |