«5В050200» – «Филология: қазақ тілі» мамандығы үшін



бет8/10
Дата27.12.2016
өлшемі1,94 Mb.
#5620
түріЖұмыс бағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

$$$002-013-000$3.2.13 Дәріс №13.

Тақырыбы: Ана сынына қатысты қалыптасқан тұрақты тіркестердің этнолингвистикалық сипаты

Дәріс жоспары:

      1. Өз баласына сын көзімен қарап, даналықпен байымдау жасаған аналардың үлгі сөздері

      2. Айпара ананың балаларына арнаған сөз үлгілері

      3. Бес таңбалы қыпшақтың аналары айтқан сөз үлгілері мен Тоқмейіл (арғын) ананың балаларына арнаған сөз үлгілері

&&&

$$$002-013-001$3.2.13.1Өз баласына сын көзімен қарап, даналықпен байымдау жасаған аналардың үлгі сөздері

Қазақта «әке – балаға сыншы» деген сөз бар. Әкесінің немесе дуалы ауыз атақты адамның баланы балдырған кезінен қимыл-қозғалысынан, іс-әрекетінен, сөзінен, жалпы бала болмысынан кісіліктің, батырлықтың, даналықтың, ұлылықтың немесе, керісінше, ездіктің, жетесіздіктің, ынсапсыздықтың, керенау керліктің нышанын жеті қиырынан көріп, болжап, болашағына бал ашпай сәуегейлік айтатын әрі онысы бұлжымай келіп жататын «әке сыны», «ана сыны» дегенмен орайласып жататын жағдаяттар жетерлік. Біздің бүгінгі тақырыбымызда Шығыс Қазақстан аймағындағы ру-тайпалардың танымал адамдарының аналарының айтқан «сыны» бойынша ел ішінде белгілі әр ортада жиі қағида ретінде ауыздан-ауызға беріліп, таралып кеткен «ана сынының» қаншалықты шынайы болғандығы туралы қалыптасқан мағыналық бірліктерді қарастырамыз. Сын айту, көкейге қонымды болжам жасау көркем әдебиетте, шежірелерде жазылып және ел арасында ауызша айтылып, халық жадында сақталып келгені болмаса, ғылыми тұрғыдан қарастырылмаған мәселелердің бірі.



Сыншы – қазіргі тілімізде бұл сөздің мағынасы айқын: ол – бір нәрсені, көбінесе, жазылғанды танып, біліп, сынап, пікір айтушы адам. Сыншы сөзінің қазақ, қырғыз тілдерінде және бір мағынасы бар, ол: «атты жақсы танитын, оған баға бере алатын адам, эксперт». Тарихшылардың пікірінше, бұл сөз XV ғасырдағы Дешті Қыпшақта белгілі бір феодалдық категорияны білдірген термин сөз болған, яғни хан қасындағы сыншылар әскерді атпен жабдықтайтын хан кеңесшілері немесе инспекторлар болған болу керек. Бұл сөзді өткен ғасыр сөздіктері де көрсетеді. Н.Ильминский: «сыншы — исследователь, соглядатай» деп береді (Ильминский, 159). Бұл жерде исследовательдегені ғылым зерттеушісі емес, атты танып-білуші, соны бағалаушы деген мәнде [65, 113-114].Танымал ғалым Р. Сыздықова сыншы сөзінің қазаққа таныс тәмсіл – белгілі бір жағдайда адамға да қаратыла айтылатын, соның ішінде ұрпағына деген ата, ана сыны туралы, яғни сын айтушы, болашақ өмірге шолушы, болжаушы деген баламасы бар қырын таратуға мән бермеген сыңайлы.

&&&

$$$002-013-001$3.2.13.2Айпара ананың балаларына арнаған сөз үлгілері

Сонымен аналар сыны тақырыбына арқау болып отарған, тобықты келіні – Айпара ананың, «бес таңбалы» қыпшақ анасының, Шаншар Келдібектің бәйбішесі Тоқмейілдің және т.б. өз балаларының болмысына орай олардың болашағына болжау жасауы және сол болжаудың өмір шындығы қаншалықты деңгейде екенін қолда бар мәліметтер негізінде бажайлап көрейік.

Айдостың Айпара деген әйелінен төрт ұл туады. Бұлар: Ырғызбай, Көтібақ, Топай, Торғай. Айпара ер қайраты бар, есті, адуынды әйел болған. Өзінде бір жағынан тапқыр шешендік, бір жағынан бақсы құшнаштық сияқты сәуегейлік те болған. Айпараның өзінен қалған бір ауыз сөз – төрт баласына берген аналық сын сөзі осы уақытқа дейін ел аузында айтылып келеді. Өз баласына сын көзімен қарап, даналықпен байымдау жасаған адамның бірі осы – Айпара анамыз болыпты. Ол арнайы қой сойғызып, етін түгел асқызып, ұлдарының алдына тартып, бақыласа Ырғызбай салған жерден жамбасқа қол салады, Көтібақ тоқбас жілікке жармасады, ортан жілікті Топай иеленіп, Торғайдың біресе қабырғаларға, біресе омыртқаға ұмтылып, кәрі жілікті қанағат тұтқанын көріп:

Шынжыр балақ, шұбар төс Ырғызбайым,

Тоқпақ жалды торайғыр Көтібағым.

Әрі де кетпес, бері де кетпес Топайым,

Сірә да оңбас Торғайым (тобықты – Айдос), –

деген екен. Содан бері екі ғасыр жарымдай уақыт өтті. Өмір шындығы бұл болжағыштықтың дәлелсіз ақиқат екенін көрсетіп келеді әрі аталмыш сөздер ана қасиетінің, ана болжамының, ана сынының өмірде орындалып жататындығының бір үлгісі ретінде таралған [91, 39].

Олжай үшке бөлінгенде, Айдос, Қайдос, Жігітек боп тарайды. Қайдосы бүгінгі Бөкенші, Айдос болса, осы маңдағы Тобықты ішіне күші мәлім – Ырғызбай және Көтібақ, Топай, Торғай – төрт ата болды.

- Ырғызбай жайлы: «Шынжыр балақ, шұбар төс Ырғызбайым».

1750 жылы «Ақтабан шұбырындыдан» кейін Арқаға қарай сырғып ауған жолда, Ырғыз өзенінің жағасында туғандықтан Ырғызбай аталған. Көтімалды өзенінің жағасында Көтібақ, Торғай өзенінің жағасында Торғай туыпты. Ырғызбай ер жеткен кезде Тобықты осы күнгі Семей губерниясы, Семей уезінде Шыңғыс тауының батыс шетіне келіп ілініпті [127, 46].Ырғызбай Айдосұлы шамамен 1744 ж. Ырғыз өзенінің бойында туып, 1785 ж. Шыңғыстау баурайында дүние салған – Абайдың үшінші атасы. Шежіре деректеріне құлақ қояр болсақ, «Ақтабан шұбырынды» заманынан кейін Тобықты жұрты Сыр бойынан ауып, Ордың қара ағашыншан атақоныс Шыңғысқа қарай бет түзегенде, Ырғыз, Торғай, Кеңгір өзендері бойында біраз жылдар қыстап тұрып қалады. Міне, сол уақытта Ырғыз өзені бойында дүниеге келген перзенттің бірін – Ырғызбай деп ныспылапты. Айдос Олжайұлының Айпара есімді бәйбішесінен төрт ұл туады. Олар: Торғай, Топай, Көтібақ, Ырғызбай. Атақты Айпара ана: «Шынжыр балақ, шұбар төс Ырғызбайым» деп келешегінен үлкен дәме қылған Ырғызбай Мұхтар Әуезовтің жазуынша: «Өзге туысынан анық артық боп озып шығып, ортасы дәме қылған жігіт болады» [140, 63].Ырғазбайдың бойындағы ерекше қасиеттерді жете сезіп-байқаған Тобықтының сол замандағы теңдесі жоқ айтулы биі Кеңгірбай Жандосұлы оны өз қасына алып, ел сөзіне араластырып, дау- дамайға, бітім-билікке де жүргізіп, баулиды.

Ырғызбайдың өз қатарларымен салыстырғанда өзге бір ерекшелігі – жас кезінде үлкен ас, ұлы дүбір жиында күреске түсетін ірі балуан болған. М. Әуезов бұл турасында былай деп жазады: «Уақытында қазақтың көп руларының арасында зор лақап болып жайылған бір күресі бар. Ол: жиналған бір аста түйе балуанды жыққаны» [140, 27]. Ырғызбай батыр Тобықты елін аласапыран заманда Шыңғыстауға бастап, ие болысып келгендердің бірі [141, 78-79].

- Торғай жайлы: «Сірә да оңбас Торғайым». Айдостың төрт баласының үлкені Торғай. Торғай ұрпақтарының күш иесі болғандығы ерекше айтылады. «Абай» романының кейіпкері Құлыншақтың балаларының «бес қасқа» аталынғаны белгілі. Торғайдың «көрнекті ру басының бірі» болуымен қатар, бала-немерелерінің ірі батырлар болғандығы, әсіресе, немересі Қасымбайұлы Манастың қайраты ел ішінде әлі аңыз болып айтылады.

Торғай өзі де ірі денелі адам болса керек. Ырғызбай мен Көтібақ жылқыда жүрсе, көп жау жылқыларына тиіпті. Ұзақ соғыс болады. Ағайынды екеуі соғыса-соғыса жылқыны жауға бермей, жылқы қос үстіне келіпті. Қоста ағалары Торғай отыр екен. Көтібақ «соғыспасаң да қостың сыртына шықшы» деп жалынып, сыртқа шығарғанда Торғайдың алып тұлғасын көрген жаулар «мына дию өзімізді мерт қылар» деп қорқып, қашып кетіп қалыпты делінеді. Бұдан бұл кісінің тұлғалы, әлуетті болғанымен, жүрексіз екені көрінеді. Ал іске берекесіздігі анасы Айпараның айтқанындай болса керек. Өйткені анасы сыншы Айпара төрт ұлын сынамаққа, бір қойды сойып, тұтас етін алдарына қойғанда жасы үлкен бола тұра бас, жамбас секілді «кәделі мүшелерді емес, болмашы мүшелердің әрбіреуін бір ұстапты. Содан анасы «Сірә де оңбас Торғайым» деп сынапты деседі.

Шынында, Торғай үш Олжай балаларының ішінде ең өспегені. Тіпті, бүгінде Абай ауданында бұл атадан саусақпен санарлық қана жанұя бар [91, 172].

- Топай жайлы: «Әрі де кетпес, бері де кетпес Топайым». Топайдан тараған Медғат Мұқашұлы: «Топай ұлдары, шынында да, ешкімнен кеммін, ешкімнен артықпын демей қатарымен күн кешті», – десе, сол шаңырақтың тағы бір төлі Ораз Жұмағалиұлы өз естелігінде: «...кенже ағам (Тәшпық Құтжанұлы) М. Әуезовпен дос болған. Екеуі де бір ауылдан. Кенже ағам Мұхаңның романына Топай руынан бір адам қосу керек дейді, бірақ Мұхтар Омарханұлы оны орындамаса керек. Сол себепті ол кісі «Абай» романының бірінші кітабы шыққанда: «Інім Тәшпыққа Топайсыз «Абайды» арнаймын деп қолтаңба жазып беріпті» [ 91, 187 ].

- Көтібақ жайлы: «Тоқпақ жалды торайғыр Көтібағым». Айдос бидің баласы Көтібақ, Олжайдың немересі. Тобықты елі «Ақтабан шұбырынды» кезінде Арқада ауып, көшіп жүргенде Көтімалды деген өзеннің бойында туған. Қапталынан мал үзілмейтін, жері от, құты мол осы өзен бойында туған баласының атын Көтібақ деп қойған екен деген үлкендердің сөзі бар. Көтібақ ұрпағы Шыңғыстың Тоқпанбет өзені бойын, Еділдің қойтасы, Бәжіғұл, Борлы, Қаражартас, Қыдырдың оңтүстік тұмсығы – Мұздыбай бұлағы, Кіші Ақшоқыдағы Берікқара, Доғалаң ішінен орын тепкен. М.Әуезовтің «Абай жолы» романында да: «Көтібақ қонысы – Тоқпамбет қалың шалғынды, мол тоғайлы, ең бір құйқалы қыстау» делінген. Ұрпақ сабақтастығынан байқайтынымыз, Айпара анамыздың айтқанындай «Тоқпақ жалды торы айғырдай Көтібақ» және оның ұрпақтары «Абай жолы» эпопеясында аталы сөз, байлаулы шешім төңірегінде кездесіп отырады. Тобықты ішіндегі жер, су, ел жайлы ақсақалдар алқасы отырысында, шешімді әңгіме үстінде Құнанбай бастаған топ ішінде Көтібақ Байсал отырса, Абай қасында Жиренше сияқты ата баласы болады. Тіпті Абай дәуірінде Қажы Күреңше, шешен Құлке (Құлсүлеймен), би Боранбай, даугер Қазыбек және Пұшарбай, Мұздыбай, Қашқынбайлардың билік басын ұстап, келелі істер атқарып, ұтымды сөздер айтқаны жайлы әңгімелер көп [91, 215].

&&&

$$$002-013-001$3.2.13.3Бес таңбалы қыпшақтың аналары айтқан сөз үлгілері мен Тоқмейіл (арғын) ананың балаларына арнаған сөз үлгілері

Мәшһүр Жүсіп, Қойшығара Салғарин және т.б. деректері негізінде қыпшақ анасының сынына тоқталайық: «Бес таңбалы Қыпшақтың аналары айтқан екен» – деседі:

- Ұзын бітті бойыма, ерлік, батырлық толды үйіме; Бұлтың бітті бойыма, көптік толды үйіме; Торы бітті бойыма, кемшілік толды үйіме; балық бітті бойыма, байлық толды үйіме; көлденең бітті бойыма, сауда кірді ойыма [122, 33],– деп айтыпты-мыс дейтін аңыз-әңгіме бар. Бұл аңыз-әңгіме шамасы Ор, Аят, Тобыл, Торғай, Қабырға өзендерінің бойын мекендеген қыпшақ руларының кейінгі тірлік-болмысынан алынған тәрізді. Шындығында да, ұзын қыпшақтар арасынан батырлар мен алып күш иелері көп шыққан. Бұрынғыларын айтпағанның өзінде, кешегі Амангелді Иманов, күш атасы Қажымұқан осы Ұзынның ұрпақтары. Торының ұрпағы көп болған. Көлеміне сенген елдің көршісіне зорлық көрсететіні ерте кезде болып тұрғанын тарихтан да, тарихи әдебиеттерден де кездестіруге болады. Осыны дәлелдегендей, ел ішінде Торымын, Құдайдан басқаның зорымын деген сөз де бар.

Бұлтыңдар мен Көлденеңдер орыстармен ертерек араласқан. Заң-зәкүнді біліп, сауда-саттықпен айналысқан. Ішінен елге танылған есті азаматтар шыққан. Ел аузында өнегелі сөздері қалған атақты Мұғал би осы бұлтыңнан.

М.Тынышпаев еңбегінде берілген кесте бойынша Көлденеңнен Қарааспан және Шуманақ, Қарабалық жөнінде анасы: «Қарабалық бітті бойыма, байлық кірді ойыма» деп айтыпты десе, енді біреулер оны: «Қарабалық бітті бойыма, ойын-сауық кірді ойыма» деп айтыпты деп түзейді. Қайсысы дұрыс, оған төрелік айту қиын. Ойын-сауық жөніне келсек, үлкендердің айтуынша, қарабалықта өнерпаздар көп болған. Атақты Өске ақын, сауықшыл Наурызбай билер осы Қарабалықтың Танабұға деген атасынан[142, 48].

- Шаншар Келдібектің бәйбішесі Тоқмейілден алты ұл туыпты. Оларды жұрт «ақсақтың алтауы» деп атап кетіпті. Келдібек 30 жасқа дейін үйленбей бойдақ жүріпті. Себебі, Келдібектің үшінші атасы Бұлбұл деген кісі: – Сен ешбір әйелге көзіңді салмайсың. Алатын әйелің ұзын бойлы сары қыз, оң жақ аяғының азырақ ақсағы, оң жақ бетінің құлағының түбінде танадай меңі, екі емшектің арасында алақандай қалы болады. «Ә» деп көзіңе түскенде самалдан жел соққандай көзің мен көңілің үйіріле түседі. Осы қыз кездескенше, ешкімге қарамайсың! – деп аян беріпті-мыс.

Бірінші Қазыбек туғанда анасы: Айналып-толғанып өсірсем, Ақ сүтімді кешірсем, Адалдан болар нәсібің, Тіліңнен болар кәсібің!; екінші ұлы Сәдімбек туғанда анасы: Осы, шіркін, ызақор болар, бір емшегімді еміп отырып, көңіліне бір нәрсе ұнамаса, екінші емшегімді тырнап тастайды. Анасының осы айтқаны айнымай келіп, кейін қуандық, қаракесек болып Нұра өзеніне таласыпты. Даудың дерегі ретінде сол жердегі бейітті тілге тиек етіпті. Сол бейітті ертеңінде Омбыдан келген жандарал келіп көрмек болады. Сонда бейіттің басында қонып отырған Сәдімбектің ауылы сол бейітті бұзып, кірпішін бір сайға тастап, орнын тегістеп қой түнетіп жіберіпті. Сондықтан жандарал қуандық пен қаракесекті Нұраның суына ортақ қылып, бөліп беріпті. Содан ел «мола бұзған Сәдімбек» деп атап кетіпті. Ел адамдары анасының айтқаны айнымай келді дейді. Үшінші баласы Асан туғанда: Осы шіркін даңғой болады-ау! Олай-бұлай жүгіріп, отқа, суға да түсе береді, – депті. Бір күні ауылда жайбарақат қымыз ішіп отырғанда, ауылдың үстінен құйын жүріп кетеді. Сонда қымыз ішіп отырған Асан ауылының жігіттері «аттан» салып, жау қаптап кетті деп жабыла шауып, ел қырылып қала жаздапты. Кейін оның ұрпақтарын «Құйынға шапқан Асан» анасының айтқаны айнымай келді деп, күлкіге айналдырып жүреді. Төртінші баласы Балапан туғанда анасы: Осы шіркін шешен болады-ау! – депті. Жылағанда таңдайынан мөр көрінеді екен. Балапан шешендікпен 18 жасында би болыпты. Бесінші баласы Үсенге анасы: Осы шіркін кербез болар, – депті. Үсен қолына күйе жұқса қолын шошайтып, денесіне жуытпай кешке дейін жылайды. Мұның кейінгі ұрпақтары кірпігіне кір жуытпайтын шытырайған сәнқой болады. Бұған да анасының айтқаны келді дейді кейінгі жұрт. Алтыншы баласы Бөденеге анасы: осы шіркін батыр болады! Емшегімді сорғанда сүйек-сүйегімді солқылдатады, – дейді екен. Бір жастан асқан соң, бұлқынып жылағанда өгіздің терісінен істелген қол бау шыдамай үзіліп қала береді екен. Кейін ол Қазыбектің жан шақ келтірмейтін батыры болыпты. Бір кіндіктен тараған ұлдардың ел ішінде танымал болғандығына байланысты айтылады [102, 45-46]. Жоғарыда айтылған ана сынына қоса ертеден келе жатқан ескі әңгіменің бірінде қазақтың ортаншы ұлы Бекарыстың бәйбішесі алты баласына сипаттама берген:



Арғын бітті бойыма, кісілік кірді ойыма.

Қыпшақ бітті бойыма, ән-жыр кірді ойыма.

Найман бітті бойыма, батырлық кірді ойыма.

Қоңырат бітті бойыма, сахилық кірді ойыма.

Уақ бітті бойыма, сауап кірді ойыма.

Тарақты бітті бойыма, тауап кірді ойыма [143, 49], –деп бағаберген екен әрі бұл сөз дүние есігін ашқан әр пенденің бойына жазған өз несібесі бар деген мағынаны береді.

Жалпы қазақ халқы болашақ ұрпағын дүниеге әкелер әйел баласын – тұтасқан қазақы таным, тағылым, болмыс негізін сарқылмас қуатты арнасының рухани тіні ретінде қалар әз ана деп бағалаған. Тарих беттерін аударыстыра отырса, ғибраты мол дүниелер кезігері иланарлық. Мысалы, Арғын бүлінсе Әйбикеден, Найман бүлінсе Жәмбикеден, Үйсін бүлінсе Күнбикеден–бұл осы үш қыздың жатыры аса текті болғандықтан, осы үшеуінен тараған ұрпақтың нағашысына тартып кетпесе деген қауіптен туған тіркес. Қызылбас деген елдің ханы Қатағанның ордасын Назар (Найман) батыр талқан етеді. Осы ерлігі үшін оған Қатағанның Жәмбике атты сұлу қызы беріледі. Қатағанның Айбике атты бір қызы Арғын еліне, Күнбике атты үшінші қызы Ұлы жүзге ұзатылады. Осы оқиғаға байланысты қазақтың үш жүзіне кең тараған сөз қалған [144, 15].Қатаған елінің қыздары жайлы М.Тынышпаевта: «...аргынские батыры после одного набега на народ катаган делили между собой пленных дев, которых было сорок; при этом Чанчар взял Нурбике, Карпык – Дәулетбике, Байборе – Оразбике, а род Тобыкты – Конырбике. Это были дочери вожаков народа «катаган» [96, 158].Ал Шәкәрім шежіресінде атамыз Сарымен бір туысқан Әлі деген: «...Есім хан қатаған елінің ханы Тұрсынды өлтіріп, Айбике, Нұрбике, Қоңырбике деген Тұрсын ханның қыздарын, қанша нөкер һәм жасау, жолдастарыменен алып келген соң, ағасы Сарыға Қоңырбикені беріпті. Сол Қоңырбикеден біздің сегізінші атамыз Кішік және Мәмбетсопы туыпты» [90, 78], – деп көрсетуі жоғарыда аталған тұрақты тіркестің негізінде болған оқиғаның жұқанағы жатқанын бажайласақ және қатаған елінің қыздарының екіден-үштен емес, ондап қазаққа ақ некелі жар болғанын көруімізге болады. Сонымен қатар, замана ағымына қарай сол дәуір қыздарына тән қасиет – қай жерден дәм-тұз бұйырып, тағдыр-талайына жазған жерді – алтын босағасына балап, өзі келін болған әулетке елін, жерін ада қылып, ақ ниетімен келетін болғаны – сол заманалардың ардақ тұтар асыл, киелі қасиеттерінің бірі, яғни ағайын арасының татулығы, көп жағдайда, әйел адамның парасаттылығына да байланысты екенінін тағылым ететін сөз.



Еліміздің егемендікке қолы жетіп, рухани өмірінде ұлттық үлгі түлеп, өрістей бастаған сәтте ол жаңаша мазмұн, мән тауып байи түсуде. Саяси шектеу кезінде жойылуға айналған асыл мұралар айқындалып, аяулы есімдер құрметпен атала бастады. Ұрпақтары өз ата-анасын мақтанышпен атап, олардың өнегелі үлгісіне ұқсауды мұрат етуі – ұрпақ жалғастығының бір дәргейі және ұлттық тұтастықтың бөлінбес бөлшегі – салт-дәстүр, тарих қойнауынан үзілмей келе жатқан сөздік қордың уызды мәйегі – ру-тайпа, оның табы, танымал адамдарына қатысты қалыптасқан тұрақты тіркестер де қасиетті мүддеден шығар асыл мұраның бірі.Халқының тағдыры үшін қашан да қаймықпай сөз бастаған шешен, жалтақтамай жол бастаған көсем, көрегендікпен ел бастаған дана осындай сұңғыла аналардан өмірге келгені жалтармас шындық және рухы қазақы топырақтан жаралған аналар әлі де талай сын айта отырып, баласының болашағын болжай отырып, дүниеге ұлтының намысын ту ететін кемеңгер әкелері хақ.

&&&

$$$002-013-100$Дәріс №13.Өзін-өзі тексеру сұрақтары немесе тестер

        1. Сыншы сөзінің мәнін түсіндіріңіз?

        2. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» мақалының мәнін қалай түсінесіз?

        3. Қазақ арасындағы аналардың, әйелдердің, қыздардың ерліктері көрінген тарихи оқиғаларды атаңыз?

&&&

$$$002-014-000$3.2.14 Дәріс №14

Тақырыбы: Барымтаға қатысты қалыптасқан тұрақты тіркестердің этнолингвистикалық сипаты

Дәріс жоспары:

  1. «Барымта» сөзінің этимологиясы

  2. «Барымтаға» қатысты қалыптасқан тұрақты тіркестер

  3. Барымта – қазақ руларының дау-дамайының реттегіш құралы


&&&

$$$002-014-001$3.2.14.1 «Барымта» сөзінің этимологиясы

Барымта – қазақ халқының дәстүрлі құқықтық мәдениетінде ерте замандарда қалыптасқан ұғым. Барымта бастапқы кезде прогрессивті рөл атқарған, қанға – қан, жанға – жан дәстүрі адам мен адам, ру мен ру арасындағы қастықты күшейте түсетіндіктен, кек қайтаруды құн төлеумен алмастыру, егер де кінәлі жақ әртүрлі себептермен белгіленген құн мөлшерін өтей алмаса, немесе, бұлтарса, ақсақалдар алқасының, билер сотының кесімімен барымта жасауға, яки оның өрістегі малын айдап алып кетуге рұқсат етілген. Сондықтан барымтаны ұрлықпен, тонаушылықпен, шапқыншылықпен шатастыруға болмайды. Кезінде барымтаны кегі қайтпаған, есесі кеткен жақ жариялы түрде жасаған. Оған біреудің ақ баталы жесірін не некелі әйелін азғырып әкету, кісі өлтірген жақтың кесімді малды төлей алмауы, біреудің қорық жеріне мал жайып, қыс қыстауына, жаз жайлауына рұқсатсыз қону, ортаға түскен олжадан тиісті үлес-сыбаға бермеу, тойға шақырмай елеусіз қалтыру т.с.с. дала заңына, салт-санасына қайшы келетін жағдаяттар себеп болған. Сондықтан барымталаушының ісі заңды әрекет саналған. Егер барымта шектеулі мөлшерден артық жасалса, онда жапа шеккен жақ қарымта қайтарған. «Барымтаға – қарымта» деген мәтел содан шыққан. Екі жақтың дауы біткен кезде барымталанған мал-мүлік түгелдей есепке алынған. Ал санаққа ілінбей, білінбей қалғандары сырымта ретінде сіңіп кеткен. «Білсе – барымта, білмесе – сырымта» деген сөз де содан қалған. Тәуке ханның тұсында құн төлеу институтының тәртіптелуіне байланысты, барымта дала қоғамындағы заңдылық пен реттілікті сақтаудың бірден-бір құралына айналды. XYIII ғ. аяғы мен XIX ғ. басында құн төлеу амалы – барымта – мал ұрлау мен талан-тараж, шапқыншылық ретінде айыпталды. Мысалы, 1822 жылғы 22 маусымдағы «Сібір қазақтары туралы жарғының» 202 бабында «барымта – қылмыстық іс деп саналсын» деп атап көрсетілген. Содан бастап, қазақ жерінің әр тарабында билер соты барымтаны ұрлыққа жатқызып, барымташыларды қатаң жазалау туралы үкімдер шығара бастады [10, 159].Барымта – «кектеніп жауласқан екі рудың бірінің-бірі мал-мүлкін күшпен тартып алуы» [145, 109]. Бұл түсіндірме дәл емес. Біріншіден, барымтаға кектеніп жауласқан сайын бара бермейді, екіншіден, барымта – рулар арасында ғана емес, жеке адамдар арасында да болатын акт. Барымта сөзінің мағынасын өткен ғасырдағы қазақшаорысша сөздіктер дәлірек көрсетеді. Мысалы, 1897 жылы Орынборда шыққан қазақша-орысша сөздікте: «Барымта (баранта) – зорлап алынған не ұрланған малдың немесе басқа да бір көрсетілген жәбірдің есесін алу үшін жәбірленушінің қарсы жақтың малын өз ұйғарымымен айдап алып кетуі» деп берсе, Л. Будагов бұл іс-әрекеттің ертеректегі мәнін аша түседі: «Баранта в прежнее время (демек, XIX ғасырға дейін – Р.С.) совершалась вследствие междоусобий, происходивших обыкновенно от нежелания одной из спорящих сторон покоряться приговору старшин. В таком случае, обиженная сторона имела законное право добиться удовлетворения силою, т.е. делала нападение на скот захватывала людей» (Будагов, I, 224).Демек, дауласқан екі жақтың айыптысы билікке көнбей, кесілген құнды, айыпты т.т. төлемесе немесе түгел төлемесе, даулаушы жақ оны күшпен төлету шарасын істейді. Ол шара – барымталау актісі. Барымта – би кескен үкімді жазықты жақтың дұрыс орындамағанын даулаушы жақтың дәлелдеу актісі. Барымта сөзінің төркіні моңғолдың барымт сөзімен мағыналас деп есептейміз. Моңғолша барымт 1) «негіз, дәлел, аргумент», 2) «факт, жағдай», 3) «есеп» деген мағыналарды білдіреді. Қазақтағы барымта о баста құр тартып алу, талау емес, өзіне билікпен кесілген айып, құн сияқтылардың тиісті екендігін дәлелдеудің әрекеті. Сондықтан ертеректе тек мал-мүлік емес, адамдар да барымтаға ілігетін болған (мысалы, қанға қан, жанға жан сұрайтын сәттерде). Әрине, барымтаға алынған зат (көбінесе, мал, оның ішінде жылқы) даулаушыға тиісті мөлшерден артық болып кетеді (немесе айыпты жаққа солай болып көрінеді), сондықтан барымтаға қарымты қайтарылуы мүмкін. Қарымты-қарымта сөзі де моңғолдың хариу сөзімен түбірлес, бұл сөздің мағынасы – «қайтару, жауап, есені қайтару». Осы мағынадағы қарусөзі қазақта да қолданылады: бір нәрсенің (іс-әрекеттің) қаруын қайтару – белгілі бір іс-әрекетке жауап ретінде, оның есесін қайтаратын әрекет істеу. Сірә, барымта, қарымты дегендер ертеден келе жатқан, түркі-моңғол тайпаларының көпшілігінде орын алған жөн-жосық болу керек. Сол себептен қазақ тіліндегі барымта, қарымты сөздері моңғол тілінен соңғы дәуірлерде енген сөз емес, өте ертеден бар ортақ сөздер деп есептейміз. Ал әр кезеңде барымтаның сипаты өзгеруіне байланысты, бұл сөздің беретін мағынасы да өзгеріп отырған. Соңғы кезеңдерде Л. Будаговтың айтуына қарағаңда, барымта сөзі жай «тонау, талау» дегенді білдіруге көшкен тәрізді [65, 45-46]. Себебі, барымта сөзі осы мағынада В.В.Радловта да беріледі: Барымта (кір.) – барамта, баранта – разбойничий набег; барымтала – добывать барантою; барімта (Sart.) – залогъ, закладъ [10, 1482]

&&&

$$$002-014-002$3.2.14.2«Барымтаға» қатысты қалыптасқан тұрақты тіркестер

«Білсең – барымта, білмесең – қарымта» деген тәмсіл қазақы ортада дүниеге келген тумаға түсінікті, яғни өзара келісім кезіндегі шарт баптарының кейбіреуінің аяқ асты болуына қатысты барымталаушы жақтың өзі дұрыс, орынды, дәстүрге сай әрекеттенгендігін, ал мал алдырушы жақты ол іс-әрекеттің жұмбағын шешуіне, тиісті жөн-жосығын жасауына мәжбүрлеу деп санаған даланың жазылмаған заңына лайық деп саналған жолы. Бүгінгі күнмен өлшесек «сот орындаушысының» рөлін атқарған сыңайлы, әрине, барымталауға дейін жеткізгеннен кейін құныкер жақ та, дау даулаушы жақ та әдет-ғұрып, жөн-жоралғы, қалыптасқан дәстүр, кісілік, адамгершілік қалыбын нәзіктікпен сақтай білгенде ғана «барымта», «қарымта», «сырымта» болып, ел ішінің берекесін ұзақ уақытқа алатын актіге ұласпай, екі жақты ризашылық бітіммен тоқтайды. Барымта да қазақтың өмір-тіршілігінде өзіндік атқарар рөлі бар, қанға сіңісті сөз болғандықтан, ру-тайпа, оның табы, танымал адамдар есімінен қалыптасқан тұрақты тіркестердің болуы да заңды. Атап айтқанда,

- мен шормын, шормын, Құдайдан да зормын ( арғын – қамбар). Қамбар руы Шор елінен Сәтбек деген батыр шығып, Тобықтының жылқысына дүркін-дүркін тиіп, әбден мазасын алады. Олар жылқыға тигенде «Мен шормын, шормын, Құдайдан да зормын» деп ұрандап шабады екен. Шордың әлегі лаңға айналып, бұдан қалай құтылуды ойлаған Кеңгірбай айласын асырып, түнде қаперсіз жатқан ұрылардың атын айдатып тастап, өздерін қолға түсіреді.Тек атын жібермей қасында ұстаған Сәтбек қана құтылады. Осы Шорды қуған қоңыр адыр «Шор қашқан» аталады. Қолға түскен көп жаяу ұрыны түгелдей шешіндіріп, табандарын тілдіріп, Көксеңгірдегі «Ащы қақ» дейтін көлден өткізеді. Ұрылар жаяу жалдап өткен көл суына аяқтан аққан қан араласып қып-қызыл болады. Бұл көл бұдан былай «Қанды қақ» деп аталады [91, 58-59];



- Қара Шормыз, жаратқаннан да зормыз(Арғын – Болатқожа – Қаракесек – Бөтей) – өз ортасынан билік, батырлық, барымташылық т.б. қасиеттерімен аты шыққан, көптігімен де танымал әулеттен қайтсең де ығасың дегенді білдіреді. Бөтейден – Бәтішор, Қалыңшор (Қарашор), Дәулетшор, Ақсақшор. Бәті ұрпақтары молайып өскен соң, әрі ірілігін, күштілігін даралау үшін, өзін зормыз деп жариялаған қалың шор Қара Шор атанған. «Қара Шормыз, жаратқаннан да зормыз» деген сөз содан қалған. Бөтей Тымырсқаұлының ұрпақтарынан аузы уәлі би, алғыр шешендер шыққан (Кенже би, Ақберген би, Биұзақ Иманұлы, Әміре Ыспанұлы, Матайдың Кәрібайы, Ыспатай Райымбекұлы т.б.) [146, 181];

- Аңда түз жыртқышы – қасқырдан, адамда жортуылшы – Тоқтағұлдан сақта!–(найман-назар). Тоқтағұл сол кезде бүкіл наймандағы ең ірі бай болса керек. Жылқысын басқа ұрып санауға келмейтін болған соң, бір үлкен сайды өлшем ғып, сол сай толса, түгел деп есептейді екен. Тоқтағұлдың қалай байығаны туралы ел аузында аңыз-әңгімелер баршылық. Тоқтағұл жасында кісі есігінде малай болып жүруді намыс көреді де, жортуылшылық жолға түседі. Тоқтағұлдың осы жолдағы ерлігі мен ептілігі бірталай елге мәлім болса керек. Қуса жетіп, қашса құтылатын жақсы ат – жортуылшының өмір серігі. Бірде Тоқтағұл өз елінен шалғай жатқан елдегі бір адамның жанына өлшеген жақсы сәйгүлігін алып келуге аттанады. Бірнеше күн жол жүріп, діттеген жеріне жетеді. Кеш бата атын кісендеген мал иесі екі қолын жайып жіберіп құбылаға қарап тізерлеп отыра қалып: «Я, Алла, бүгін жаныма балаған осы атымды аңда түз жыртқышы – қасқырдан, адамда жортуылшы – Тоқтағұлдан сақта!» – деп, тілек тілейді. Мына сөз намысты Тоқтағұлдың шымбайына мықтап жетсе керек. Сонда Тоқтағұл: «Менің жаман атым осыншама алысқа жайылған екен, енді аштан өлсем де осы абыройсыз кәсіппен қош айтысайын!» – депті. Сәйгүліктің иесіне жөнін айтып, екеуі дос болады. Осы үйден аттанатын күні таңға таяу түсінде бір ақ сақалды адам келіп Тоқтағұлға бата беріп: «Жортуылшы деген жаман атақтан бас тартып, адал кәсіпке көшкенің жөн болған. Енді дәулетің судай тасиды. Алтай тауының пәленбай деген жерінде қалмақ байының бөлініп қалған жүзден аса жылқысы жүр. Соның ендігі иесі сен!», – деп аян береді. Осы жылқы тез өсіп, тұқымы да ерекше болып, неше түрлі сәйгүліктер шығады. Тоқтағұл әр жылдары Қабанбай мен Боранбайдың жасақтарына сәйгүлік аттар беріп отырған [89, 46-47].



&&&

$$$002-014-002$3.2.14.3Барымта – қазақ руларының дау-дамайының реттегіш құралы

Қазақ даласындағы дау-дамайды реттестіріп отыратын көптеген жол-жоралғының бірі – барымтаның да өзіндік тетіктері, сүйенер негізі болғаны аян. Оны қазақ топырағында туып, иірім оралымдарын жаза білетін адам ғана, оның құқықтық актінің бірі екенін түсіне алады. Ал сырттан бақылаған адам, оның мәнісін еш уақытта түсіне де алмайды, түсінуі де мүмкін емес. Ұшқары пікір айтуы да сондықтан. Мысалы, 1785 жылдан 1790 жылдар аралығында шығыстану тұрғысынан ғылыми еңбек ретінде жазылған, қыр қазағының алдында өзіндік беделі болған капитан Г.И. Андреевтің еңбегінен де ондай ойлардың сорабын көреміз: «... но укравший почитает себя смелым и храбрым, считает сие себе за возможное, а обиженный по томуж стараться должен отмщать таким же образом, что называется баранта, из чего бывают такие следствия, что они барантуются, или друг у друга воруют весьма долго, и продолжается сие лет до десяти и более без всякой просьбы. Но напоследок одна сторона другую до того доводит, что уже все табуны у нее отгонят и приведена будет в крайнее разорение и бедность. Тогда разоренный едет к своим султанам с просьбою, взяв с собою велеречивых и памятных людей; и тогда уже бывает великий съезд» [147, 58].

Бір руға әлеуметтік негіз болып отырған ақтылы қой, алалы жылқысын барымталап кету былай тұрсын, жалғыз ғана түлігін ұрлаған адам қатаң жазаға тартылатын болған... Қысқасы, халықтың болмысына баға беруде беріден қайтаратын келте байлам сол халықтың тарихи шын қалпына айғақ бола алмайды [148, 139], –деп Ақселеу Сейдімбек айтқандай, барымта сөзі қазақ тілінің сөздік қорында бар сөз болғандықтан, ол сөз де белгілі бір мағынаны білдіре отырып, өзіндік құны, өзіндік бағасы, осы сөзге тиесілі атқарар жүгі бар. Сондықтан барымта сөзі де – белгілі бір кезеңдерде өзіне тиісті міндетін абыроймен атқара білген сөздің бірі.

&&&

$$$002-014-100$Дәріс №14.Өзін-өзі тексеру сұрақтары


    1. «Барымта» сөзінің түп-төркіні қандай мағынаға саяды?

    2. Қазақ даласындағы барымтаның рөлі

&&&



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет