Бақылау сұрақтары:
1.Тіл мәдениеті туралы А.Байтұрсынов,М.Балақаев,Р.Сыздықов,Р.Әміров т.б. ғалымдардың ғылыми пікірлері.
2.Тіл мәдениетінің салалары.
3.Тіл мәдениеті және тілдік норма.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Баялиева Д. Қазіргі қазақ баспасөзіндегі ұлттық, мәдениет, салт-дәстүр және тіл мен стиль мәселелері. Қарағанды, 1999.
2.Әміров Р.Газет тілінде ұсырасатын кейбір сөз тіркестері жөнінде. 114-б.
Тіл мәдениеті және баспасөз. А., 2002.
7 Дәріс. Стиль түрлерінің баспасөздегі көріністері.
Ауызекі сөйлеу стилі, кітаби-жазба, ісқағаздары, ғылыми, публицистикалық, көркем-әдеби стильдер. Ауызекі сөйлеу тілінің өзіндік ерекшеліктерін жасай алатын айрықша белгісі – жағдайға байланысты сөйлеу мәнері, эмоцияға қарай тілдік бірліктерді қолдану өзгешелігі. Кітаби-жазба стильдердің әр салада атқаратын қызметіне қарай іс-қағаздары мен ресми, публицистикалық, ғылыми және көркем-әдеби стильге жіктелуі. Кітаби-жазба стильдердің бір-бірінене ажыратып бөліне бастауы қоғамдық ой-саланың жоғарлылығынан болуы. Қоғамдық ойдың жоғарлауының ұлт тілінің маңызын арттыру. Іс-қағаздары мен ресми құжат тілінде факт дәл көрсетіліп, бір ізбен жүйелі жазылуы. Іс-қағаздары мен ресми құжаттардың ерекше қатынас жасау құралдары болып саналуы. Ғылыми стильдің зерттеу объектісін ғылыми тұрғыдан сипаттап,дәлелдеп түсіндіру.Пікір дұрыстығын дәлелдеу үшін логика заңына, яғни дұрыс ойлау заңына сүйену керектігі.
Бақылау сұрақтары:
1.Ауызекі сөйлеу стилі.
2.Кітаби-жазба стиль.
3.Ғылыми, публицистикалық стиль.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Баялиева Д. Қазіргі қазақ баспасөзіндегі ұлттық, мәдениет, салт-дәстүр және тіл мен стиль мәселелері. Қарағанды, 1999.
2.Әміров Р.Газет тілінде ұсырасатын кейбір сөз тіркестері жөнінде. 114-б.
Тіл мәдениеті және баспасөз. А., 2002.
8 Дәріс. Баспасөздегі жарнама материалдарының тілі мен стилі.
Жарнама және оның қазақ баспасөзіндегі көрінісі.Жарнама материалдарының тілдік, стильдік айшықтары. Жарнаманың түрлері, стильдік, тілдік қызметі және берілу түрлері.. Жарнамалық материалдарға қойылатын тілдік, стильдік талаптар. Жарнама тақырыптарындағы тілдің қызметі.
Бақылау сұрақтары:
1.Жарнама және оның қазақ баспасөзіндегі көрінісі.
2.Жарнама материалдарының тілдік, стильдік айшықтары.
3.Жарнама тақырыптарындағы тілдің қызметі.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Баялиева Д. Қазіргі қазақ баспасөзіндегі ұлттық, мәдениет, салт-дәстүр және тіл мен стиль мәселелері. Қарағанды, 1999.
2.Әміров Р.Газет тілінде ұсырасатын кейбір сөз тіркестері жөнінде. 114-б.
Тіл мәдениеті және баспасөз. А., 2002.
9 Дәріс. Телехабардың тілі.
Теледидар шығармашылықтың бір түрі ретінде өзіндік көркем тілі болады. Оның тілі кинодан мұра етіп алынған. Ол құрамдас үш бөліктен тұрады. Сол тететіл құрамдастарының қалыптасуы кино жасау тарихымен байланысты, ал дамуы телевизияның өз тарихымен астасып жататыны нақты мысалдармен түсіндіріледі.
Телетіл құрамдасының біріншісі- «экран» тілі. Оның өз құрамдастары бар. Негізгісі кино және бейнекамера арқылы алынатын-кадр, план, ракус деп аталатын тәсілдер.
Екіншісі-монтаж. Ол студиядағы технологиялық құралдар арқылы алынады. Монтаж-құрастыру деген ұғымды білдіреді. Телевизия өнерінде монтаждау ісінің де алар орны айтарлықтай. Ол туралы зерттеуші-ғалым Клара Қабылғазинаның оқулығы ғасыр тоғысында Қазақстанда жарық көрген. Монтаждаудың да өзіндік сатылары мен әдеттегі жалғаулары, қараңғылық жасау, сіңіру, перделеу секілді арнайы тәсілдері баршылық.
Телехабар даярлау ісін негізгі үш сатыға бөлуге болады. Атап айтқанда, өндірістен бұрынғы, өндіріс барысындағы және өндірістен кейінгі. Бұл үшеуінің әрбірінде атқарылатын технологиялық және техникалық, шығармашылық және ізденістік қыруар шаруалар бар.
Оқиғаны өтіп жатқан ыстық ошағынан дер кезінде жеткізуге міндетті телевизия журналистері үшін өздерінің әр қадамдарына мұқият болу талап етіледі. Кассета, батарея жеткілікті ме, микрофон дұрыс істеп тұр ма дегенді тексеруден бастап, телехабар - ұжымдық туынды болып табылатындықтан түсіру тобының әр мүшесі, әсіресе, оператор мақсатын нақты түсінген редактормен ақылдасқан болуы шарт. Оқиғаға іскерлікпен, шығармашылықпен, тың бастамамен белсенді қатысу талап етіледі. «Көңілдегі көрікті ойдың» бәрі телевизияда техникалық мүмкіндік арқылы ғана жүзеге аспақ. Қыл аяғы микрофонды дұрыс орналастырудың өзінің айтарлықтай рөлі бар. Тілші мен режиссер оқиға орнынан оралған соң монтаждың үстеліне жайғасқанда оның «жамау-жасқауына» жарататын қосымша бейнелерінің де алдын ала түсіріліп алынған болуын ұмытпаған абзал.
Телевизияға арналып жазылатын мәтіннің өзіндік құрылымы, ерекшелігі, арнайы формасы болады. Жалпы, телевизия бейнелік қозғалыстардан, дыбыс-дауыстардан тұратын жиынтық (синтез) өнер болғанымен бәрібір алдымен қағаз бетіне мәтін жазудан іс басталады. Бірақ, телевизия туындысының тілі мен стилінде мерзімді баспасөз жазбасынан айтарлықтай өзгешелік бар. Сондықтан, газет-журналға тән кейбір ұзын сонар әңгімеден, сала құлаш құрамалас сабақтас күрделі сөйлемдерден бойды аулақ салу телемәтінге қойылатын негізгі талап болмақ. Алайда, солай екен деп ауызекі тұрмыстық сөздермен қарабайырландыруға болмайды. Бос әрі тым әсіре қызыл сөздерден де аулақ болған жөн. Қарапайым әрі түсінікті, нақты анық жазу, сөз атауларды қысқартпау, тырнақша мен сілтемені өз мәтінінде қолданудан қашу, үтір, нүктелердің өзіне мән беру, сандарды қолданғанда шұбыртпай қысқартып мазмұнын жоймай жеткізу, адамдардың аты-жөндерін толықтай дұрыс атау, есімдіктерді жөнімен қолдану, мейлінше көрермендерге тікелей қайырылу, қазақ тілінің құнарлы нәрін толық пайдалана білу тележурналистің парызы.
Телевизияға арналып жазылатын туындының басты ерекшелігі - сөз бен бейнесюжет бір-бірін толықтырады және сол арқылы екеуі өзара сіңісіп жататындығы. Мұндайда көп сөзділіктің салдарынан тамаша бейнесюжеттің құны түсіп қалатындығын да ұмытпауға тиіспіз. Айталық, телетуындының құрылымын лайықты ету үшін мына мысалға назар аударайық. Тележурналист сіз немесе хабарыңыздың кейіпкері «батыс өңірде ауа райы аптап ыстық» деп эфирде айтты делік. Осы сәтте көлеңке жерге жатып алып, тілін салақтата ентіккен итті «крупный планда» көрсеткеніңіз абзал. Сонда ғана бейне мен мәтін үйлесім таппақ
Сәулетті құрылыс салу үшін оның тағаны мен едені, төбесі мен қабырғалары қандай маңызды болса, телетуындының да өзіндік құрылымдары бар. Шығарма дегеніміз ішкі көңіл күйдің, рухани ой мен қажырлы еңбектің сәулетті құрылысы іспетті. Туындының іргетасы автордың идеясы арқылы қаланса, оның қабырғасы кірпішпен емес, айналып келгенде, құдіретті сөзбен ғана тұрғызылмақ. Олай болса, «сөз өнері дертпен тең» деп ұлы Абай тегін айтпаса керек. Оның кино өндірісіндегі классикалық үлгісі негіз ретінде алынады. Ал, қазіргі электронды құралдардың дамыған кезіндегі монтаж мүмкіндіктері, бүгінгі дамудың нәтижесі. Осы мүмкіндіктерді түсініп,оларды орнымен қолдану- телетілді көркемдеудің жаңа да озық түрі. Бұл орайда,көркемдікке қол жеткізудің әдіс-тәсілдерін ұғыну үшін көркем-публицистикалық хабарлар мен телефильмдер пайдаланылады.
Экран тілінің пішіні, стилі әрбір хабардың жанрына қарай белгіленеді.Яғни, ақпараттық бағдарламаларда кадрларды қысқа, оның есесіне план алмасу салыстырмалы түрде көптеу, ал монтаж келте түрде кесіп жалғауға негізделеді. Мұны жазба тілдегі тәсілдермен салыстыратын болсақ, стенографиялық тіл деуге болады. Өйткені тек ақпарат беретін кадрлар ғана қысқа да дәл етіп беріледі.
Репортаждың экран тілін ауызекі сөйлеумен теңдеуге; телеэтюд, очерк, публицистиканы экран тілін көркемдейтін әдеби тіл деп салыстыруға болады.
Бақылау сұрақтары:
1.Телехабардың тілі
2.Тележүргізушінің тіл шеберлігі.
3.Телетуындыдағы журналистің қолтаңбасы.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1.Зарва М. Произведение в радио и телевизионной речи.- М., 2006.
10.Омашов Н. Қазақ радиожурналистикасы. А., 1993.
11.Тұрсынов Қ. Көгілдір экран құпиялары. А., 1998.
12.Әбжанов Қ. Телевизиялық фильмдер. А.,2003.
10 Дәріс. Радиодағы фразеология, мақал-мәтел, қанатты сөздердің рөлі
Фразеология – лингвистика ғылымының айрықша бір сөз құрамын, тіркесін, оралымын қарастырады. Фразеологиялық тіркестер халықтың ауызша, жазбаша тілінде қалыптасып, тұрақты формада көрініс береді. Ондай тіркестер көбіне тілде дайын күйінде, аса көп өзгермейтін түрде кездеседі. Аталған тіркестер екі немесе одан да көп сөздерден құралуы мүмкін. Фразеологиялық оралымдар өз құрамындағы сөздерді өзгертпей әрі орын ауыстырмай қолдануды қажет етеді. Халықтық немесе жеке адамдардың сан ғасырлар қалыптастырған сөз тіркестері адамның ауызша сөзіне немесе жазбаша сөзге ерекше әсер береді. Ол бейнелеу сияқты көркемдік рөл де атқарады, астарлы мағына да береді. Экспрессивті түрде айтылады, көңіл-күйге әсер береді. Фразеологиялық тіркестердің өз алдына бүгін мағынасы болады. Сөйлемдер ішінде ерекше мәнімен көрінеді.
Мысалы: «Көзді ашып жұмғанша», «қас пен көздің арасында», «тайға таңба басқандай», «тонның ішкі бауындай», «жұмған аузын ашпады», «мұртын балта шаппайды», «көзге түртсе көргісіз», «жер-жебіріне жетті», «әліпті таяқ деп білмейді»...
Мұндай сөздер әдебиетте, публицистикада жиі қолданылады. Жазушылар мен журналистер әртүрлі жанрларда пайдаланып отырады. Радиохабарларда фразеологиялық тіркестерді ауызша сөздер мен тіркестерді әрлеу үшін, мәнерлу үшін енгізеді.
Келесі бір халық жасаған көркем сөздер мақал-мәтелдер болып табылады. Алдымен мақалдарға тоқталатын болсақ, бұл да фразеология қатарына жататын оралымдар. Себебі, мұнда да тұрақты тіркестер болғанмен, өзіндік құрылысы мен мағынасы жағынан фразалық тіркестер ерекшелігі де бар. Мақалдар бір немесе бірнеше жол болып та, өлең секілді шағын бір оралдымды қамтуы мүмкін. Мұндай сөздер де халықтың ауызша тілі арқылы, ауыз әдебиеті арқылы дүниеге келіп қалыптасқан. Мақалдарда халықтың өмір тәжірибесінен туған, замандар бойы елеп-екшелген даналық, өсиет-өнегеге толы мән-мазмұн жатады. Онда әртүрлі толымды ойлар, терең де, жан-жақты ұлағаттық, тәрбиелік астарлар байқалады, қорытындылар жасалады. Мақалдар ұйқасқа да құрылады. Бас-аяғы бүтын бір ойды білдіреді. Мақалдар – көркем сөздер болып табылады. Ол мәдени сөздер болумен бірге, эстетикалық толғамды білдіретін мағыналы сөздер. Аз сөзбен көп мағына берудің үлгісі осы мақалдардан танылады.
Мысалы: «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Тұз астың дәмін келтірер, мақал сөздің сәнін келтірер», т.б.
Мақалдар айтуға ықшам, жеңіл болумен бірге, адамның көкейінде бірден жатталып қалуға ыңғайлы болып келеді. Оның астарлы да, ауыспалы мағынасы болуы мүмкін. Жазушылар мен журналистер мақалдарды өз материалдарында көп пайдаланады. Ол көркем ой беруге таптырмайтын сөздер. Кейде ол тиянақтау мен тірек, қорытынды жасау үшін публицистикада қолданылады. Мақалдар радиода сөзге ерекше мән-мағына беру үшін, хабардың тартымды болуы үшін енгізіледі. әсіресе, мақалдардың радиохабарларының сөз сазын, әуенін, әуезін келтіру үшін және ырғақ, екпін секілді сөздің айтылу мәнерін арттыруға үлкен себі бар. Мақал өз-өзінен құйылып тұрған сөздер, халық арасына кең тараған әрі үнемі айтылып жүретін сөздер. Мақалдарда ой кесімді түрде, нақты айтылады. Енді мәтелдерге келсек, бұл да әрі ықшам, нақыл сөздер болып келеді. Мұнда ой айтылып, тілде өзіндік орны бар сөз тіркестері қалыптасқан. Мәтелдер де көркем, нақышты құрылады. Мақалдан ерекшелігі мәтелдерде ой кесіп айтылмай, жанама түрде келеді. Мысалы: «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда», «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады», «Баяғы жартас – бір жартас», «Кең болсаң, кем болмайсың», «Әзілін айтсаң да, әділін айт», «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» т.б.
Тағы бір айтар нәрсе – қанатты сөздер. Бұл сөздер де тапқыр, өткір, дәл, анық сөздер. Қанатты сөздер екпінді әрі ұшқыр ойлы болып келеді. Оны да халық дүниеге келтіреді. Сонымен бірге жекелеген творчество адамдары да қанатты сөздерді табуы мүмкін. Мысалы: «Қанат ұшса қатаяр», «Адам деген – ардақты ат», «Керек тастың ауырлығы жоқ»...
Журналистикада мәтелдер де, қанатты сөздер де кездеседі. Радиохабарларда мұндай сөздердің айрықша қызмет сипаты бар. Бұлар хабарлардың тілін көріктендіреді, мазмұнын күшейтеді. Сөзге, текстке салмақты мағына береді. Тыңдаушыға ой салады. Ойға, сезімге әсер етеді. Сөздің ішкі қуатын ашады.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1.Зарва М. Произведение в радио и телевизионной речи.- М., 2006.
2.Омашов Н. Қазақ радиожурналистикасы. А., 1993.
3.Тұрсынов Қ. Көгілдір экран құпиялары. А., 1998.
4.Әбжанов Қ. Телевизиялық фильмдер. А.,2003.
11 Дәріс. Радиохабарларының стиль мәселесі.
Стиль – гректің жазу құралы деген сөзінен шыққан термин. Ертедегі римдіктер бір үшін сүйір, бір ұшы қалақша кішкене таяқшаны тақтаға сөз жазу үшін қолданып, оны стиль деп атаған. Стиль тіл ғылымына, лингвистикаға сүйенеді. Яғни, тілді қолдану сипатына қарай стиль туып, қалыптасады. Стиль тіл біліміне қатысты бола отырып, өз алдына мақсат-міндеті бар пән ретінде қарастырылады.
Тілдің көркемдегіш, бейнелігіш, мәнерлі, әсерлі мен беретін құралдарын стилистика дейміз. Стиль – көркемдеп сөйлеудің, ойды айтудың мақсатына қарай әсерлі, мәнерлі жеткізудің тілдік амал-тәсілдерінің жиынтығы. Тілдік дыбыстардың, грамматикалық тұлғалардың, сөздердің, сөз тіркестерінің, сөйлемдердің қалыптасқан жүйесі. Стиль – творчестволық ерекшелікті білдіреді.
Әдетте сөйлеу тілінің стилі болады және жазба тілдің стилі болады. Стиль түрлері: 1. Әдеби стиль 2. Ғылыми стиль 3. Публицистикалық стиль 4. Ресми стиль болып бөлінеді.
Стиль туралы ғалымдар әр кезде пікірлер айтқан. Мысалы, Бюффон: «Стиль дегеніміз - адам», дейді. Ал ертедегі ойшыл Платон болса: «Мінез қандай болса, стиль де сондай», - деген. Орыс академигі Винорадов пен қазақ академигі Қ.Жұмалиев стиль туралы көп зерттеген. Винорадовтың: «Авторлық проблема және стильдер теориясы» деген, Қ.Жұмалиевтің: «Стиль - өнер ерекшелігі» деген еңбектері құнды зерттеулер.
Стиль бірден қалыптаспайды. Оның бастауы, дамуы, қалыптасуы сияқты кезеңдері болуы заңды. Стиль көбіне жазушы, журналистерде айқын көрінеді. Көркем шығарма мен публицистикадағы стильдің өзіндік айырмашылығы бар.
Публицистикалық стильге баспасөздің, радио мен телевидениенің, яғни, бұқаралық ақпарат құралдарының тілдерін жатқызуға болады. Бірақ бұлардың өзінде стиль әрқайсына тән белгілермен, сипатымен ерекшеленіп қолданылады.
Сондай-ақ, ұлттың тілінде өзіндік стиль өрнектері жүйеленеді. Ал үлкен масштабта әдеби ағымдар мен әдістерде де стиль қалыптасады. Сонымен бірге әрбір жеке творчество иесінің басқаға ұқсамайтын жеке стилді кездесуі мүмкін. Олардың өздерінің дара қолтаңбасы болады.
Қазақ тілінің қазіргі стильдік тармақтары ауыз әдебиетінен басталып, әсіресе, ХІХ ғасырда қазақ баспасөзінің пайда болуына байланысты жазба түрдегі стильдер қоғамдық әртүрлі салалар бойынша дами бастады. Сол кезде қазақ тілінде мерзімді баспасөздің шығуы публицистикалық стильді өмірге әкелді. Шоқан, Абай, Ыбырай шығармаларындағы публицистикалық стиль де белгілі.
Публицистиканың стилін оның жанрларынан де көруге болады. Демек, әр жанрдың өзіндік стилі бар. Мәселен очерк пен фельетон стилі бірдей емес. Онда қолданылатын сөздер де, сөйлемдер де өзінше. Фельетонда сатиралық уытты сөздер мен тіл қолданылса, очеркте жағымды, ұнамды жайларға байланысты көркем сөз бен тіл қолданылады.
Радиохабарлар стилінде сөйлеу тіліне сай екшелген, сұрыпталған әуезді, әуенді, сазды, интонациялы, мәнерлі, айшықты фразалар, сөз тіркестері пайдаланылады.
Сонымен бірге фразалардың ұзын-қысқалығын байқап, сөздердің ретімен құрастырылуы қажет. Лексиканы дұрыс пайдалануы мен дұрыс бейнелеуге назар аударған жөн. Әрбір аудиторияға терминнің түсінікті түрін ескеру мен фразалардың түсінуге қолайлығы мен айтуға қолайлығын ескеру – стильді радиоға бейімдейді. Цифрларды түсіндіре білу қажет.
Радиостильге қатысы бар, көңіл күйге әсер ететін факторлар қатарында айтылар сөздің көңіл-күйге әсер ететін бояуларын, лиризмді байқау керек. Сондай-ақ, ауызша және жазбаша сөздің арақатынасын аңғару жөн. Сөз нешінші жақта айтылмақ? (І-ІІ-ІІІ – жақтарда ). Монолог немесе диалог түріндегі сөздер ме? Бұлардың да стильге әсер ететінін ұмытпау лазым.
Радиодағы стильдің өзіндік ерекшелігін айқындайтын тағы бір сипаттарға мыналарды жатқызуға болады; хабардың түрлері қалай берілуі тиіс?
Айталық, оның жүргізілуі, жеткізілу бағыты қандай? Мысалы үгіттік мақсатта ма, түсінушілік мақсатта ма, баяндау мақсатында ма, нұсқау мақсатында ма, хабарлау мақсатында ма? бұлардың да бір-біріне ұқсамайтын ішкі стильдік айырмашылықтары бар. Көркем радиохабарлар мен жаңалықтар немесе соңғы хабарлар стилі де бірдей болмайды. Мұны радиожурналистер жіті ажырата білулері тиіс.
Бақылау сұрақтары:
1. Публицистикалық стиль.
2. Лексиканы дұрыс пайдалануы.
3. Қазақ тілінің қазіргі стильдік тармақтары.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1.Зарва М. Произведение в радио и телевизионной речи.- М., 2006.
2.Омашов Н. Қазақ радиожурналистикасы. А., 1993.
3.Тұрсынов Қ. Көгілдір экран құпиялары. А., 1998.
4.Әбжанов Қ. Телевизиялық фильмдер. А.,2003.
12 Дәріс. Радио тілі, стилінің зерттелуі.
Радионың тілі мен стилі туралы ХХ ғасырдың 20-30 жылдары алғашқы зерттеулер пайда бола бастады. Бұл кезде жекелеген шағын еңбектер, мақалалар жарияланды. Бірақ мұндай зерттеулерде көбіне алғашқы байқаулар мен тұжырымдар жасалды. Сондай-ақ сол кездегі зерттеулерде көбінесе мәселені терең әрі жан-жақты қамти алмаушылық кездесті. Алайда сол кездің өзінде-ақ қайсыбір проблемалардың көтерілуі құптарлық еді. Алғашқы еңбектер «Говорит СССР», «Советское радио и телевидение» деген басылымдарда жарияланды. Ой-пікірлер айтылды. Бұл – алғашқы ізденістер еді. әлі анықталмаған мәселелерді қозғау, жаңадан теория мен практика жайын жолға қою ісі қолға алынды. Сөйтіп біріншілердің қатарында Бернштейн сияқты ғалымдар зерттеу жұмыстарымен айналысты. Сонымен бірге М.Зарва, В.Вакуров, В.Ружников, Ю.Гальперин, И.Анрдоников сияқты ғалымдар шықты. Бұлардың еңбектерінде радиодағы хабарға байланысты тақырыптар зерттелді. Одан соң да зерттеу аясы бірте-бірте кеңейіп, басқа да тақырыптар бойынша концепциялар қарастырылды. Бұл орайда радио тілі біржақты қарастырылмай, әдеби тілге және жалпы тіл заңдылықтарына байланысты алынды. Осы ретте орыстың атақты ғалымы, академик Виноградовтың әдеби тіл мен оның стилі туралы және теориясы туралы еңбектері пайдаланылды. Басқа да көптеген орыс ғалымдарының лингвистикалық еңбектеріне назар аударылды. Ал қазақ зерттеушілерінің еңбектеріне келетін болсақ, бастапқы кезде қазақ тілін жан-жақты зерттеген Ахмет Байтұрсынов еңбектерін айту керек. Байтұрсынов тілдік нормалардың жасалуы және заңдылықтары жөнінде еңбектер қалдырған. Сондай-ақ «Әдебиет танытқыш» деген еңбегінде тілдің тазалығына және анықтығына, дәлдігі мен әуезділігіне байланысты пайымдаулар мен ғылыми қорытындылар жасаған. Сонымен бірге сөздің дыбыстылуы мен айтылу мәнері туралы тоқталған. Ал осы айтылған жайлар – радио тілі мен стиліне байланысты алып қарауға болатын мәселелер. Келесі бір қазақтың академик-ғалымы Қажым Жұмалиев «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі» деген еңбегінде, сондай-ақ «Стиль - өнер ерекшелігі» деген еңбегінде тіл, стильге орай ғылыми пікірлер айтқан. Сондай ғалымдар қатарында С.Аманжоловты, Н.Сауранбаевты, І.Кеңесбаевты, Ә.Хайдаровты, Р.Сыздықоваларды атауға болады. Осы секілді ғалымдар қазақ тілінің көптеген проблемаларын зерттеді. Сондықтан олардың еңбектерін де радионың тіл, стиліне қатысты түрде пайдалану керек. Журналистика саласында қазақша арнайы, дербес зерттелген еңбек жоқ деуге болады. Бірақ арғы-бергі зерттеушілер: Х.Бекхожиннің, Т.Амандосовтың, Т.Қожакеевтің, Н.Омашевтің, Р.Сағымбековтің еңбектерінде қосымша тіл-стильге байланысты айтылатын мәселелерді пайдаланған жөн. Бір айта кететін нәрсе – радионың тілі, стилі туралы қазақша еңбектер жазып зерттеу алдағы уақыттың ісі.
Бақылау сұрақтары:
1.Радиотілінің алғашқы зерттелуі.
2.Радиожурналистика тілінің зерттеушілері.
3.М.Зарва зерттеулері.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1.Зарва М. Произведение в радио и телевизионной речи.- М., 2006.
2.Омашов Н. Қазақ радиожурналистикасы. А., 1993.
3.Тұрсынов Қ. Көгілдір экран құпиялары. А., 1998.
4.Әбжанов Қ. Телевизиялық фильмдер. А.,2003.
13 Дәріс. Сөйлеу тілі мен радио тілінің ерекшелігі.
Радио тілі – қарапайым, түсінікті, тапқыр, бейнелі, мәнерлі, әуезді, әсерлі болуы керек. Сонымен бірге радио тілін зерттеушілердің пікірлеріне назар аударсақ, қосымша мына жайларды аңғаруға болады. Мәселен ғалым А.Шнейдер өз еңбегінде: «Кітаптың тілі емес, газеттің тілі емес, сөйлеу тілі ғана радио тілі болу керек», - дейді. Ал зерттеуші Ю.Гальперин болса: «Радионың табиғатының өзі сөйлеу тілін қажет етеді», - деген пікір айтады. Сондай-ақ Б.Михайлов: «Радиохабар тілі - әдеби тілдің сөйлеу түрлеріне жатады», - дейді. Тағы бір пікірді А.Фриш былай деп түйеді: «...оның (яғни, радионың) сапасы сөйлеуге байланысты».
Демек, осы пікірлердің бәрін қорыта келгенде, үлкен ұғымдағы «радио тілі» дегеніміз – сөзден, сөйлеуден, әңгімелесуден келіп құлады екен. Сол сөйлесудің бәрі жай ғана айтыла салмай, радионың, яғни, ақпарат құралының мақсатын орындауы керек. Сонда ғана сөйленген сөздер «радио тіліне» айнала алады.
Тіл қолданудың өзіндік сырлары, жұмбақтары жетерлік.
Радионың ерекшелігіне байланысты дыбыс айрықша рөл атқарады. Радиодағы ауызша сөз бен сөйлеу тілінің өзіндік мәні бар.
Сондықтан сөйлегенде дауысты жоғарылату мен төмендетудің ыстың қандай дәрежеде болуының өзі адамға әртүрлі әсер етеді. Дұрыс акцентпен айтылған сөз көңілге қонымды шығады. Естуге де жағымды.
Немесе тез сөйлеу мен баяу сөйлеудің де әсері өзінше.
Осының бәрі сөздің бейнелілігін, мәнерін, ұғымды жақсартатын құралдар.
Тілді радиохабарларда орнымен, өзінің заңдылығымен қолдану тыңдаушыға оңды әсер етсе, керісінше дұрыс қолдана білмеу көңіл-күйге ыңғайсыз әсер беретіні белгілі.
Дауыс тербелісі сөз бояуын арттырады. Осылайша радиодан берілетін материалдар мен хабарларда белгілі бір ырғақпен сөйлеуші адамның информациясы тыңдарманға әсерлі де, сенімді жеткізіледі.
Радио пайда бола бастаған уақыттардан бері радио тілі өз орнын иелену үстінде.
Радиода сөз сөйлеу монолог, диалог түрінде келуі мүмкін. Ал монолог дегеніміз не және ол радиода қалай беріледі?
Мысалы, монолог түрінде микрофон алдындағы әңгіменің, комментарийдің, сөз сөйлеудің және корреспондент әңгімесінің көп бөлігі өтеді. Тіпті, кейде репортаждың өзі монолог түрінде беріледі. Монолог – жеке адамның өз сөзі, ойы болып табылады. Ол ешкіммен әңгімелеспей, көз алдында көрінбейтін, өзімен бірге отырған ішкі ойларына қасында қолма-қол жауап беріп, сөзге араласушы немесе жауап беруші болмайды. Сондықтан монологты сұрау салу, жауап беру сияқты нәрселер бір адамның өз сөзімен ғана шектеліп, тиісті ой мақсаты орындалып барып аяқталып отыруға тиіс.
Монолог – радионовелла, радиохат сияқты хабар түрлерінде қолданылады.
Монологтың сөз сөйлеушінің өзінің көңіл-күйі мен ішкі толғаныстарынан басқаша келетін түрі де бар. Ол хабарлау, баяндау тұрғысындағы монолог. Мұнда оқиғаға сендіру мақсатында оның жай-күйін логикалық тұрғыда дамыта мазмұндау қажет. Яғни, үгіттік сипаты бар болуы мүмкін. Бұл орайда субъекті мен объекті юөлініп, сөйлеуші сөзі өзіне байланысты емес, керісінше басқа біреуге арналғандай болады. Оның өз адресі бар деген сөз. Монологты бір адам жүргізетін болғандықтан, көбіне-көп ол шешендікті, сөз тапқырлықты тілейді.
Бұған керісінше диолог – екі немесе одан да көп адамның микрофон алдында сөйлесуі, әңгімелесуі.
Радио тілінен жай сөйлесу тілін қалай айыруға болады? Радио тілі деңгейіне көтерілмеген сөйлесу сөздері ресми емес, дайындықсыз болып келеді. Онда сөз қалай айтылса да ерікті, ал тілдік бейнелеу құралдары әбден сұрыпталмаған, сөздің дәлдігі мен толықтығы қажет бола бермейді. Сөйлесушілер сөз аяғын бітірмей-ақ, бір-бірін екпін, қимыл арқылы түсініп аяқтай береді. Яғни, жартыкеш, аяқталмаған ойлар, сөйлемдер орын алуы мүмкін. Оның үстіне түсінбеген жайларды, сөздерді қайталап айтуға, түзетуге болады, басқа сөздермен ауыстыруға болады. өйткені, ол сөздер эфирге айтылып жатқан жоқ. Ал радио тілін дұрыс қолданамын деген радиожурналист немесе басқа да микрофон алдында сөйлеушілер бұл секілді жауапсыздықты, орынсыз сөйлеп, артық-ауыс әңгіме айтуды қаламайды. Күнделілікті өмірдегі сөйлесу сөздерінде айтылатын әдеби, мәдени нормаға жатпайтын сөздер радио тілінде қолданылмайтыны түсінікті.
Радиомәтінді тыңдаушы ретінде ой елегінен өткізбеген сөйлеуші сөздің интонациялық нормаларынан жиі ауытқиды. Кідіріс болатын жерді шатастырады, интонацияның көтерілетін, бәсеңдейтін тұстарын ажырата алмай жатады, екі сөздің бірінде мүдіріп, кідіріс жасай береді. Қажетсіз тұста сөзді ерекше қарқынмен айтады. Сондай-ақ жай ғана бірқалыпты айтылатын мәтінді ерекше салтанатты үнмен айтып, мәтін мазмұнынан ауытқиды. Міне, бұл айтылғандардың бәрі эфирдегі сөздің коммуникативтік сапасын күрт төмендетіп, мәтін қабылдаушыға кері әсерін тигізетін, радиомәтіннің интонациялық нормасынан қажетсіз ауытқуға жатады.
Радиосөзде [билемай отыр], [келемай қалды], [барамай жүр], балдар, баллар т.б. тєрізді сөйлеу тіліне тән элементтерді уәжсіз қолдану радиомәтіннің нормасына жат болып есептеледі. Өйткені, радиосөз әлеуметтік бағдарды негізге алған қарым-қатынастың түріне жатады. Ал әлгіндей, жоғарыда айтылғандай деген сияқты элементтер сөйлеу тілі нормасына қайшы келмейді. Себебі сөйлеу тілі жеке тұлғалар арасындағы бейресми қатынасты бағдарға алған сөздің функционалдық типіне жатады.
Радиосөздің әлеуметтік бағдарды ұстану қағидаты (принципі) бұзылмауға тиіс. Әдеби тілдің қойнауындағы лексико-фразеологиялық байлығын талғап, таңдап алуда, интонацияны пайдалануда радиожурналист алдымен эфирдегі сөздің әлеуметтік сипатын сақтау қағидатын ұстануға тиіс. Бұлай болмаған жағдайда журналист тілдің басқа бір жүйесінен, мысалы сөйлеу тілінің ыңғайына қарай ауытқуы мүмкін.
Көптеген адамға дәріс оқу, жұртшылық алдында сөйлеу, пресс-конференцияға қатысу радиодан интервью беру, ресми мәлімдеме жасау т.б. үшін телекамера немесе микрофон алдында сөйлеуге тура келеді. Мұндай құралдардың сөйлеушіге мүмкіндік беретін артықшылығы да, біраз мүмкіндігін шектеп отыратын қиындығы да бар. Мұның өзі радиохабардағы сөздің әдеттегі шаршысөздегі принципті айырмасын білуді қажет етеді.
Осы принципті айырманы бағдарға алу қажет. Радио аудиториясының ерекшелігі – коммуникатор өзінің аудиториясын көрмейді. Тыңдаушының көрермендерге тікелей әсер етуді реттеп отыратын мүмкіндігі болмайды, олардың реакциясынан бейхабар болады.
Радиоаудиторияның адамдары кездейсоқ басы қосылғандар, белгілі бір себептермен, белгілі бір мүдделермен, белгілі бір мақсатпен бастары қосылған жандар емес. Егер шешеннің алдына жиналған шаршы топқа белгілі бір мақсат-мүдде, себеп, қызығушылық т.б. жайттар себеп болса, микрофон, камера алдындағы шешенге радиоаудитория назарын өзіне аудару қызықтыру үшін күш салуға тура келеді.
Микрофон, камера алдында сөйлеуші тек тыңдарман мен көрерменнің назарын аударып қана қоймайды, ең алдымен олардың өзін жібермей «ұстап» тұруға тиіс. Ал шешеннің көз алдындағы шаршытоптағы адамдар сөйлеушінің сөзі ұнаса да, ұнамаса да, пәлендей қатты қызықтыра қоймаса да, тыңдауға мәжбүр болып отырады.
Радио аудиториясы, шаршытопқа қарағанда әр алуан, әрқилы, әртүрлі. Сондықтан сөйлеуші олардың әрқилы деңгейімен де санасуға тиіс.
Әдетте аудитория сөйлеушінің не айтып отырғанына, қалай айтып отырғанына, сөйлеушінің қандай екеніне баға беріп отырады. Сын көзімен қарайды. Коммуникатор айтып отырған ақпаратты коммуниканттың қалай қабылдайтыны осы бағалауға байланысты.
Коммуникатордың дұрыс сөйлеуі, жақсы сөйлеуі, мүмкін, сондай-ақ ақпараттарының да мәнді болуы ықтимал, бірақ тыңдаушылармен, көрермендермен жақсы байланыс орната алмауы мүмкін. Бұл жерде көрермендерге ақпаратпен қоса кәдімгі өмірдегідей «тілдесетін», «пікірлесетін» «әріптестік» керек. Әріптестік аудиторияда коммуникатордың жағымды бейнесін қалыптастырады. Жағымды бейнесі қалыптасқан коммуникатордың ақпараты аудиторияда жақсы қабылданады.
Ол үшін, біріншіден, коммуникатор өзі айтып тұрған жайды жетік білуге, ағынан жарылып сөйлеуге және өзі айтып отырған нәрсесіне сенімді болуға тиіс.
Екіншіден, аудиториясын құрметтеу, аудиториясымен есептесу, оны қарым-қатынаста «әріптес» деп қарау. Коммуникатордың құзыреттілік, беделділік сапасы ақпараттың мәнділігі негізінде аудиторияның көз алдында қалыптасады. Адам «бер жағынан» сөйлеп отыр ма, әлде әйтеуір құлықсыз сөйлеп отыр ма, оны сол адамның дауысынан аудитория жазбай таниды.
Тілдік қатынастың әлеуметтік және индивидуальды сипаты, яғни қарым-қатынастың бір жағында жеке адам, екінші жағында әлеуметтік жұртшылықтың болуы тілдік тұлғаға тән элемент пен әлеуметтік элементтердің дұрыс үйлесім табуын қажет етеді. Әрине, коммуникатордың сөзі әуелден нобайы, әзірленген, алдын ала азды-көпті ой елегінен өткен сөз. Бұл жерде коммуникатор сөзді осы дайындаған формада аудитория алдында сөйлесе, сөзі тым кітаби, жасанды болып шығар еді. Біздіңше, коммуникатор мұндай қиын тұста дайындалған, алдын ала кесіп-пішкен сөзін алдын ала дайындамаған, табан астынан айтылған, тіл ұшына келген сөз тәрізді етіп жеткізеді. Сөйтіп, екеуара айтылатын сөз бейресми сипатталады, яғни сөйлеу тілінің «формасы» тәрізді болады. Бірақ сөз мазмұны ресми қатысындағы байланыс күшейе түседі. Аудитория коммуникаторды қарым-қатынастағы әріптесі ретінде қарайды, онымен ой жарыстырып отырады, мақұлдаған не терістеген, келіскен не келіспеген сыңай танытып отырады. Айтылған ақпаратқа бей-жай қарай алмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |