Лекция 4. Стандарттау әдістері
Стандарттау қызмет түрі ретінде жалпы ғылыми және арнаулы әдістерге сүйенеді. Бұл әдістер қайталанып кездесетін мәселелерді оңтайлы деңгейде шешу үшін қолданылады.
Мына әдістер стандарттау жұмыстарында жиі қолданылады:
стандарттау объектілерін ретке келтіру;
параметрлерді стандарттау;
унификаицялау;
агрегаттау;
кешенді стандарттау;
озық стандарттау.
Стандарттау объектілерін ретке келтіру алуан түрлі стандарттау объектілерін басқару болып табылады. Мысалы, жіктеугіштер, типтік конструкциялар, құрастырушы бұйымдар, процестер, ережелер, құжаттардың нұсқалары ретке келтіру жұмыстарының нәтижелері болып табылады.
Ретке келтіру стандарттау объектілерін жүйелеу, типтендіру, селекция, симплификация және оңтайлау арқылы жүзеге асырылады.
Жүйелеу – біртекті, өзара байланыстағы стандарттау объектілерін белгілі тізбекке келтіру болып табылады.
Объектілердің алуан түрлігін ескерсек, жүйелеудің маңызы өте зор болып табылады, өйткені оларды өзара байланыстырылған және өзара бағыныстағы топтарға біріктіруге, жіктеуге және ранжирлеуге мүмкіндік береді. Мысалы, Қазақстан Республикасының «Техника - экономикалық және әлеуметтік ақпарат жіктегіштері» жүйелеу нәтижесі болып табылады.
Типтендіру – стандарттау объектілерінің ортақ сипаттары негізінде типтік конструкциялық немесе технологиялық шешімдерді әзірлеу әрекеттері. Типтендіру нәтижелері: типтік конструкциялар, бұйымдар, ережелер, процестер, құжаттар формалары, есептер, жұмыс жүргізу тәртібі және т.б.
Селекция - ары қарай да өндіруге немесе қолдануға жарамды деп танылатын нақты стандарттау объектілерін іріктеп алу.
Симплификация – селекцияға кері - ары қарай да өндіруге немесе қолдануға жарамсыз деп танылатын нақты стандарттау объектілерін іріктеп алу. Басқа сөзбен айтқанда симплификация деп қолданылатын элементтердің санын оңтайлы минимумге дейін қысқартуды (мысалы, ыдыстың, киімнің, бекіту элементерінің типтерін азайтуды) айтады.
Оңтайлау – жиынтықтың ішінен ең жақсы (оңтайлы) стандарттау объектісін таңдап алу. Стандартталатын объекті параметрлерінің (арналуы, қауіпсіздігі, сапалық параметрлері, тұтыну қасиеттері және т.б.) оңтайлы мәндерін табуда негізделеді. Стандарттау объектілерін оңтайлау экономика-математикалық әдістер мен оңтайлы модельдерді қолдану арқылы жүзеге асырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |