Форманы жүзеге асыру тапсырмаларды шешу тәсілдерін, яғни белгілі бір әдістерді қолдануды талап етеді.
Іс-әрекет форма арқылы жүзеге асады. Формаларға сабақ, семинар, конкурс жатады.
Педагогикалық үдерістің мақсаты мен міндеттері іс-әрекеттің таңдалған мазмұнын да анықтайды.
Сонымен, педагогикалық үдерісті интегративті және біртұтас даму үстіндегі динамикалық жүйе ретінде зерттеу өте маңызды.
2. Қарама-қайшылықтар – біртұтас педагогикалық үдерістің қозғаушы күші Педагогикалық үдерісте әртүрлі қарама-қайшылықтар бар, мәселен – дамып келе жатқан тұлғаның қайшылықтары, балалар ұжымының даму қайшылықтары. Бұрын оларды ғалым-педагогтар М.А. Данилов, Г.К. Костюк, Ю.К. Бабанский, В.С. Ильин, М.Н. Скаткин, Л.И. Новикова анықтады.
Мәселен, ғалым- дидакт М.А. Данилов оқу-тәрбие үдерісінің негізгі қайшылығын оқыту барысында алға қойылған оқу-тәжірибелік міндеттер мен қазіргі білім, білік және психикалық даму деңгейі арасындағы қайшылық деп тұжырымдады. Ол, сондай-ақ, негізгі қайшылықтың шын мәнінде қозғаушы күш болып табылатын шарттарын негіздеді.
Мұғалім өзінің практикалық жұмысында оқушының дамып келе жатқан тұлғасының басқа да қарама-қайшылықтарына тап болады. Бұл қайшылықтар:
жаңа қажеттіліктер, сұраныстар, ұмтылыстар және жеке тұлғаның мүмкіндіктерін дамытудың қол жеткізілген деңгейі арасында;
жаңа танымдық міндеттер мен бұрын қалыптасқан іс-әрекет тәсілдері арасында;
өзін-өзі жүзеге асыру, өзін-өзі нақтылау қажеттілігі мен оқу-танымдық іс-әрекеттің жеткіліксіз хабардарлығы арасында;
адамның қол жеткізген даму деңгейі мен оның өмір салты, қоғамдағы орны, атқаратын қызметі арасында;
позитивті жетістікке ұмтылу мен қиындықтарды жеңе алмаудан қорқу арасында;
өздігінен жұмыстануға ұмтылу мен жеке тәжірибенің болмауы арасындағы қарама-қайшылық.
Мұғалім өзінің педагогикалық іс-әрекетінде оқушылар ұжымында туындайтын қарама-қайшылықтарға тап болады. Бұл қайшылықтар:
ұжым мүдделері мен оқушылардың жеке мүдделері арасында;
жеке бас бостандығы мен ұжым тәртібіне бағыну қажеттілігі арасындағы;
ұжым талаптары мен жеке тұлғаның қалауы арасында;
жеке тұлғаның жекелендіру қажеттілігі мен осы тұлғаға арналған анықтамалық топтың немесе ұжымның сипаттамалары арасында.