Орта ғасыр – адамзат қоғамы дамуының он шақты ғасырын қамтитын және прогресс тұрғысынан алғанда әр тектес болып келетін күрделі де шытырманы көп дәуір.Еуропа тарихы тұрғысынан қарағанда бұл мезгілді үш кезеңге бөліп қарауға болады.
3-5 ғасырлар арасы. Бұл құлдық дәуірдің ыдырап, феодалдық қоғамның құрылсы бастаған кезеңі.
6-10 ғасырлар аралығы. Бұл феодалдық қатынастың әбден орнығып, гүлденген заманы.
11-16 ғасырлар аралығы. Бұл феодалдық қатынастың ыдырап, капиталистік қоғамның туа бастаған, тарихта қайта өркендеу деп аталатын кезең.
Орта ғасырдың өзіндік бір ерекшелігі әртүрлі діндердің туып, дүние жүзілік діндерге айналуы. Ондай діндер қатарына будда, ислам, христиан діндерін айтуымызға болады. Дүние жүзілік діндердің тарауымен қатар сол діндердің сүндет-парызын, шариғатын уағыздайтын жазбаларда тарады.
Бұл тіл лингвистикада канондық тіл деп аталады.Канондық тіл бірден-бір дұрыс тіл деп жарияланды. Жазба тіл, әдеби тіл деп саналатын да канондық тіл болды. Мысалы, түркі халықтары, сондай-ақ қазақ халқы үшін де қонандық тіл араб тілі, исламның ең қасиетті, киелі кітабы – құранның тілі болды. Европа халықтары үшін канондық тіл – латын тілі. Олар латын тілін жазу тілі, ғылым тілі ретінде пайдаланды. Бүкіл оқу орындарында ғылыми пән ретінде оқылатын да латын тілі грамматикасы болды. Жалпы халықтық сөйлеу тілі ескерілмеді. Сөйтіп, орта ғасырдаға грамматикалық ой-пікірдіқ мәнді жағы – ол кейінғі заманғы европалық лингвистиканың сол орта ғасыр топырағында тамырлана бастауы еді. Европа халықтарының бүкіл рухани мәдениетіне ұлы өзгерістер енгізген «қайта өркендеу дәуірінің» өзі орта ғасыр топырағында көктей бастаған болатын.
Еуропа тарихы тұрғысынан алғанда, Қайта өркендеу дәуірі 14-16 ғасырлар арасын қамтиды. Бұл- қоғам дамуында орта ғасырдың аяқталып, жаңа тарихтың, буржуазиялық қоғамның басталған кезі. Қайта өркендеу дәуірі бүкіл қоғам өмipiнiң басқа да салалары сияқты тiл ғылымы үшiн де жаңа, даму дәуiрi болған. Бұл дәуірдің лингвистикалық проблемасы: а) ұлттық тiлдердiң қалыптасып, дамуы; ә)бұрын белгісіз, жаңадан ашылған тілдерді үйрену, зерттеу; б)ежелгі дәуірдің лингвистикалық ой-пікірін көркейтіп қайта дамыту.
Жаңа жерлердің, елдердің ашылуы, сауданың дамуы, отаршылдық жорық – Еуропа тіл ғылымының дамуына қолайлы жағдай туғызды, бұрын белгісіз толып жатқан тілдердің бары айқындалды. Отарлау мүддесі ол тілдерді үйрену, зерттеу, түрлі сөздіктер жасау, грамматикалық мәліметтер жинау міндетін алға қойды. Азия, Африка, Америка халықтары тілдерінен жиналған орасан мол материалдарды бір-біріне салыстырып қарауға, сол арқылы олардың арасындағы ұқсастық, өзгешеліктерді айқындауға алғашқы қадамдар жасады. Зерттеудің сипаттама, салыстырма түрлері бой көрсете бастады.
Қайта өркендеу дәуірінде ерекше қолға алынған тағы бір мәселе - орта ғасырда жөнді мән берілмеген ежелгі грек, рим жазба нұсқаларын тауып жариялау, оларға филологиялық талдаулар жасау болды. Өз дәуірі үшін бұл саладағы күрделі істер қатарында И.Скалигердің 1540 жылы шыққан «Латын тілінің негіздері туралы», Р.Стефанустың 1553 жылы шыққан «Латын тілі қазынасы» және «Грек тілі қазынасы», П. де Алкаланның «Араб тілі грамматикасы», И.Рейхлиннің «Еврей тілі грамматикасы» (1505 жыл) атты еңбектерін атауға болады. Осылармен қатар 15-16 ғасырлар ішінде испан, корей, нидерланд, жапон, парсы, армян, венгер, ағылшын, француз, мексикан тіллерінің грамматикалары шығарылды. Сөйтіп бірінші орынға канондық тілдері емес, әр халықты, әр ұлттың өзіндік сөйлеу тілін, ана тілін қоюды, соны зерттеп, соның сырын ашуды көздеді. Осылардың нәтижесінде 17-18 ғасырларда жаңа үлгіде жазылған грамматикалық еңбектер әр елде, әр жерде шығып жатты.
Нормативтік, практикалық грамматикалармен қатар, нормативтік сөздіктер де жарық көре бастайды. Ондай сөздіктер қатарына 1612 жылы Италияда шығарылған «Круск академиясының сөздігі» деп аталатын түсіндірме сөздікті, 1694 жылы Францияда жарияланған «Француз академиясының сөздігін», 1726-1739 жылдары ішінде әзірленіп жарияланған «Россия академиясының сөздігін», түркі тілдерінің әр түрлі мақсатта жасалған бір, екі тілді сөздіктер жатады.
Әр тілден жиналған материалдарды салыстыра қарау олардың бір-бірінен өзгешеліктерімен қатар ұқсастығы, ортақ қасиеттері де болатынын байқатты. Бұл тілдер арасындағы жақындықты, ұқсастықты, универсалдық сипаттарды зерттеуге жол ашты.