Тақырыбы. Көкөніс дақылдарының сыртқы орта жағдайларына қоятын талаптары. Су, ауа-газ және қоректік түзімдері.
Мақсаты. Көкөніс дақылдарының өсіп-өнуіне қажетті сыртқы орта жағдайларының маңызын анықтау, су, ауа-газ және қоректік түзімдеріне қатынасын зерделеу.
Дәріс жоспары: Көкөніс дақылдарының сыртқы орта жағдайларына қоятын талаптары. Су түзімі.
Ауа-газ түзімі.
Қоректік түзімдер.
1. Су түзімі. Су өсімдіктің қалыпты өсуі және дамуына қажетті маңызды факторлардың бірі. Су өсімдік ұлпасының құрамына кіреді, қоректік элементтерді тасымалдауға, барлық физиологиялық және биохимиялық үрдістерге қатысады және жапырақтың температурасын реттейді. Көкөніс дақылдары сумен қажетті мөлшерде қамтамасыз етілмеген жағдайда ұлпалары қатқылданып, тауарлық және дәмдік сапасын жоғалтады немесе шамадан тыс ылғалдан су татып, қант пен тұз мөлшері төмендейді.Көптеген аурулар мен зиянкестердің таралуы, олардың өсімдіктерді зақымдау деңгейі де топырақ пен ауаның ылғалдылығына байланысты.
Өсімдік тұтынатын судың басым бөлігі транспирацияға жұмсалады, 2 % -ы ғана өсімдік биомассасында қалады. Транспирация, булану, топырақ бетінен ағып кететін су, өсімдік биомассасындағы су - дақылдың бір аудан бірлігінен суды тұтынуын (жалпы сутұтыну) м3/га құрайды. (10 м3/га 1 мм жауын-шашын мөлшеріне тең).
Өнімнің бір өлшем бірлігін (м3/т) алуға жұмсалатын су мөлшері – сутұтыну коэфиценті (KW).
Транпирацияға жұмсалатын су шығынының көрсеткіші транспирация коэфиценті дегеніміз - өсімдіктің құрғақ зат бірлігін қалыптастыруға жұмсайтын су көлемі. Ол көкөніс дақылдары үшін 400-ден 850-ге дейін ауытқиды (ылғалды жақсы көретін капустада ол 500-550, құрғақшылыққа төзімді асқабақ үшін – 800-ге тең).
Жалпы сутұтыну және транспирация коэфиценті көкөніс дақылының түріне және сортына байланысты. Оның өлшемі көкөніс дақылдарында 25-тен 300 м3 дейін ауытқиды. (егер су тұтыну коэфиценті 130 м3 тең болса, 40 т/га орташа өнім үшін 5200 м3 су қажет. Бұл 520 мм жылдық орташа жауын-шашын мөлшеріне сәйкес келеді, алайда мұндай өнімді 400-420 мм жауын-шашын мөлшері болғанда да алуға болады.Өйткені өсімдіктер топырақ асытнда жинақталған суды пайдаланады.). Ол өсіру жағдайы, биомасса және фотосинтездің өнімділігіне байланысты.
Көкөністердің топырақтың және ауаның ылғалдылығына қоятын талабы жоғары. Көкөніс өсімдіктерінің топырақ пен ауаның ылғалдылығына талабы олардың тамыр жүйесінің көлемі мен таралуы және жер үсті бөлігінің құрылымына байланысты.
Көкөніс өсімдіктерінің топырақтың және ауаның ылғалдылығына қоятын талабын анықтауда булану жүретін беткі бөліктерінің көлемі мен құрылымының да маңызы зор. Қызылша, саумалдық, салат, капустаның ірі жапырақтарына қарағанда, балдыркөктілердің қиықталған немесе балауызбен қалың жабылған пияз бен сарымсақтың жіңішке жапырақтарынан судың булануы баяу жүреді. Асқабақ, қауын, қарбыздың жапырақ беті үлкен, бірақ олар ыстыққа төзімді (жапырақтарында тікенектері бар), өйткені күшті тамыр жүйесі өсімдікті ылғалмен және қоректік элементтермен қамтамасыз етеді.
Бір дақылдың ішінде әртүрлі сорттардың да ылғалға талабы әртүрлі болып келеді. Ерте пісетін сорттардың ылғалға талабы жоғары, өйткені тамыр жүйесі нашар дамыған.
Е.Г. Петров көкөніс дақылдарын тамыр жүйесі және жер үсті бөлігінің көлемі, құрылымы, оның орналасуын ескере отырып ылғалға қатынасына байланысты оларды төрт топқа бөледі:
1. Ылғалды жақсы сіңіретін және оны булануға қарқынды жұмсайтын – қызылша.
2. Ылғалды жақсы сіңіретін, бірақ булануға үнемді жұмсайтын – қарбыз, қауын, асқабақ, жүгері, сәбіз, ақжелкен, қызанақ, бұрыш, үрме бұршақ.
3. Ылғалды баяу сіңіретін және оны булануға қарқынды жұмсайтын – капуста, қияр, баклажан, шалғам, шомыр, тарна, шалқан, салат, саумалдық, аскөк, балдыркөк.
4. Ылғалды баяу сіңіретін және оны булануға үнемді жұмсайтын – пияз, сарымсақ.
Көкөніс дақылдарының суды тұтынуы онтогенезде өзгеріп отырады. Тұқым өну кезеңінде суды көп қажет етеді. Топырақ ылғалдылығының оптималды көрсеткіштен төмендеуінен тұқым өну уақыты ұзарады немесе баяу өсетін тұқымдар өнбей қалады. Жеміс беретін мүшелерін қалыптастырғанда суды тұтынуы артады. Жемістері, тұқымы, пиязшығы пісе бастаған мезгілде суды тұтыну баяулайды, бұл кезде артық ылғал кері әсер етеді.
Көптеген көкөніс дақылдары үшін топырақтың оптималды ылғалдылығы 70-80 % (НВ-төменгі ылғал сиымдылық), тамыржемістілер үшін – 60-70 %, қияр үшін 80-100 %. Қорғалған топырақта қыс мезгілінде жылыжайлық топырақтың ылғалдылығы 50-60 % болу керек. Көкөніс дақылдарының ерте пісетін сорттары, кеш пісетіндермен салыстырғанда суға қажеттілігі жоғары. Капусталылар азықтық мүшесін (қаудан, тамыржеміс), тамыржемістілер вегетацияның алғашқы бөлігінде, жемістілер – жеміс беру, пияздар – жапырақтарының өсуі кезінде суды көп қажет етеді. Пияздыларды суғаруды өнімді жинаудан 3-4 апта бұрын тоқтатады.
Көкөніс өсімдіктерінің тамыр жүйесі (Е.Г. Петров бойынша)