Байланысты: Апта 6. лек. Отбасы және қазіргі заман
Некенің маңызды принциптері бар. Олардың қатарына жар таңдау еркіндігі, сүйіспеншілік, өзара сыйластық, т.б. жатады.
Қоғам некелік байланыстардың нығаюына, отбасының тұрақтылығына мүдделі. Мемлекет отбасына өзінің отбасы және неке туралы заңдарымен ықпал етіп, отбасы мүшелерінің бір-бірімен және олардың коғаммен, мемлекетпен қарым-қатынастарын реттеп отырады.
Отбасы көптеген коғамдық ғылымдардың: әлеуметтанудың, экономиканың, құқықтанудың, этнографияның, психологияның, педагогиканың, саясаттанудың және демографияның зерттеу объектісі болып саналады. Олардың әрқайсысы өз пәндерінің ерекшеліктеріне орай отбасының өмір сүруі мен дамуының ерекше жақтарын жете зерттеп қарастырады. Мысалы, әлеуметтану отбасына талдау жасағанда ең алдымен оны некенің негізінде құрылған және белгілі бір әлеуметтік қызметтерді атқарушы әлеуметтік институт ретінде қарастырады, сөйтіп некенің тұрақты немесе тұрақсыздығының себептерін және отбасын нығайтудың жолдарын зерттеуге көңіл аударады. Осыдан келіп әлеуметтік институт пен шағын әлеуметтік топтың белгілерін әз төңірегіне жинақтаған отбасының пайда болуы, оның өмір сүруі мен дамуы заңдылықтарын зерттейтін әлеуметтанудың тағы бір саласы — отбасы әлеуметтануы қалыптасты.
Отбасы әлеуметтануы екі бағытта дамып келеді. Оның бірінші бағыты бойынша отбасының тарихы зерттеледі, оның шығуының әлеуметтік заңдылықтары талданады. Екінші бағыт әлеуметтік институт ретіндегі (отбасы мен қоғамның өзара әрекетін талдау) қазіргі отбасының қалпын және шағын әлеуметтік топ ретіндегі (отбасы ішіндегі қатынастарды зерттеу) жағдайын зерттейді.