6-дәріс. Махамбет Өтемісовтің патриоттық өлеңдері



бет2/4
Дата09.10.2023
өлшемі31,21 Kb.
#184331
1   2   3   4
Байланысты:
file-9647 3

2. Махамбет Өтемісұлы өмірі. Махамбеттің кейбір өлеңдері ХХ ғасыр басында қазақ ақындарының жинақтарына енді. 1908 жылы «Мұрат ақынның Ғұмар қажыға айтқаны» деген жинаққа (Қазан) Махамбеттің жүз жолдан астам өлеңі енген. Махамбет толғауларының кейбір үзінділері 1910 жылы «Шайыр» (1910) жинағында да басылған. 1925 жылы «Исатай-Махамбет кітабында (Ташкент), 1926 жылы «Аламан» жинағында, «Жаңа мектеп», «Сәуле» журналдарында Махамбет өлеңдері түгелге жақын жарияланды және Исатай көтерілісі туралы мәліметтер басылды. Кейбір газеттерде осы қозғалыстың тарихи мәні баяндалып, мақалалар жарияланды. Халел Досмұхамедұлы Махамбет өмірбаянын тұңғыш рет берді. Махамбеттің шығармашылығы, көтеріліс себептері мен сабақтары турлы жазды.
Махамбет ақындығының әр қырынан сөз қозғады. Махамбеттің жыраулығы күшті деп байлам жасады.
М.Әуезовтің «Әдебиет тарихы» (1927) еңбегінде, М.Әуезов, Ә.Қоңыратбаев, И.Жолдыбевтар оқулықтарында да (1933-1934 жж.) Махамбет өмірі мен творчествосына біршама орын берілген.
Тарихшы А.Ф.Рязанов «Воостание Исатая Тайманова» деген кітап (1927) жазды. Ақын мұрасына С.Мұқанов 1942 жылғы «Қазақтың ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы әдебиет тарихынан очерктер» еңбегінде кеңінен тоқталды. Бостандық рухындағы әдебиет өкілі атады. 1939 жылы Махамбет өлеңдерінің жинағы жеке кітап болып басылды. 1948, 1951, 1958, 1962 жылдарда шыққан Махамбет өлеңдері жинағының құрастырушысы Қ.Жұмалиев болды. Махамбеттің өмір жолы халық тарихының елеулі кезеңдерімен тығыз байланысты.
Қазақстанның батыс аймағында Сырым Датов бастаған бұқара көтерілісінен кейін ел ішінде феодалдық езгі ұлғая түсті. 1795-1796 жылдардағы жұт әсерінен бұқара күйзеле бастады. Бөкей сұлтан 1 Павел патшаға Еділ, Жайық арасына өту туралы өтініш жасайды. 1801 жылы 11 наурызда Бөкей сұлтан біраз ауылдарды бастап Еділ, Жайық арасына өтеді. Бұл өңір сосын «Ішкі өңір», «Бөкей хандығы (ордасы)» аталған.
1815 жылы Бөкей өліп, уақытша Сығай билейді. 1823 жылы хандық тізгіні Жәңгірдің қолына көшеді. Астрахань губернаторы Андреевскийдің үйінде тәрбиеленген арабша, орысша сауатты Жәңгір ханды орыс патшасы мен ұлықтары басқа жүз хандарынан беделді тұтып, оны қазақ даласына ықпал етудің қол шоқпарына айналдырды.
Патша тарапынан Жәңгір өле-өлгенше Бөкей ханы болып есептелінді. Бірақ Еділ мен Жайық арасындағы Бөкей ордасы басқа сырт елдермен көп байланыс жасай алмады. Тек Россиямен тікелей байланыс жасап, өз хандығының елге саяси ықпалын нығайтуды ойлады. Жәңгір хан тұсында ел тыныштығы мүлде бұзылды. Қазақ билері, сұлтандары, старшындары білгендерін істеп, берекесіздікті өршітті. Хан алым-салықты көбейтті. Бұған қоса Ішкі Орда жұрты жер қысымына ұшырады. 30-жылдары Ішкі Орда бұқарасының хан-сұлтандар мен бай-билер қысымына қарсы күресі ашық айқасқа айналды.
Көтеріліс басшыларының бірі, жалынды ақын Махамбет Өтемісұлы 1804 жылы Еділ, Жайық арасындағы Нарын құмында, Бекетай деген жерде дүниеге келген. Бір өлеңінде «Өтемістен туған он едік, онымыз атқа мінгенде, жер қайысқан қол едік» дейді (Тоқтамыс, Бекмұханбет, Махамбет, Исмайыл, Досмайыл, Қожахмет (Ахмет), Әйіп, Хасен, Сүлеймен, Ибрайым). Махамбет жасынан батыр, балуан, мерген, домбырашы, ақын атанады.
Халықтың айтуына қарағанда, Махамбет арқалы күйші, композитор болған. Қазіргі домбырашылар Махамбет күйлері деп орындап жүрген күйлер («Өкініш», «Қайран, Нарын», «Жұмыр, Қылыш», «Жорық», «Ақтабан», «Тарлан», «Шілтерлі терезе» т.б.) бар. Махамбеттің жаза білгені, орысша, мұсылманша сауатты адам болғаны туралы деректі материалдар да бар екені мәлім. Қалың еңбекші қауымның ортасында өскен ол бұқара халықтың зары мен мұңын жақсы білді. Жігіт шағында хан ордасы маңында болып өктем орта сырын терең түсінді.
Исатай, Махамбет көтерілісі басталуының ең басты себебі – бұқараның экономикалық және рухани қанауға ұшырауы. 1837 жылы Исатай, Махамбет сарбаздары хан Ордасын қамайды. Хан қандай талапты болса да орындамақ болып, он күн мерзім сұрайды. Сол уақыт ішінде Орынбор генерал-губернаторынан подполковник Гекке бастаған қарулы қол алдырады. Гекке әскері 1837 жылы 15 ноябрьде Бекетай құмында, Тастөбе деген жерде Исатай қолымен кездеседі. Исатай жасағы шығынға ұшырайды. Декабрьдің он екісінен он үшіне қараған түнде Исатай, Махамбет аз ғана қолмен Жайықтың бергі бетіне өтеді. Жайықтың бергі бетінің сұлтаны Баймағанбет Айшуақов Геккені шақыртады. Исатай қолы 1838 жылы 12 июльде Геке мен Баймағанбет әскеріне кездеседі. Ақбұлақтағы осы шайқаста Исатай қаза табады.
Хан ордасын қамау кезінде Исатайдың алдауға көнуі, Тастөбе, Ақбұлақ шайқастарындағы сәтсіздіктер, көтерілісшілер ішінде жеке басының қамын ойлаған Қайыпқали Ешімов сияқты опасыздардың болуы, хан жасағы мен патша әскерінің күшінің басымдығы көтерілістің жеңіліспен аяқталуына себеп болды. Аңдыған жау Махамбетті Жайық бойында Қараой мекенінде жалғыз үй отырғанда қайғылы қазаға ұшыратты. Махамбет ақын 42 жасында 1846 жылы қапыда қаза болды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет