3. Махамбет жырлары – тарихи оқиға шежіресі. Махамбет өлеңдерінен көтеріліс күндерінің әрбір елеулі оқиғасы айқын аңғарылады. Жәңгір мен Баймағанбетке деген ыза-кек, Орданы қамау, Тастөбе шайқасы, халық батыры Исатайдың асқақ бейнесі, батыр өлімінен кейінгі көңіл-күйлері, хан, сұлтандарға деген бітіспес күрес – бәрі-бәрі көз алдыңыздан өткендей әсер береді. М.Әуезов Махамбет поэзиясын «қимыл мен күрестің өзгеше жыры» дейді. Махамбет өлеңдерін үш кезеңге бөліп қарастыруды, яғни көтеріліс алдында, барысында, жеңілгеннен кейінгі деп қарастыруды ұсынады.
Махамбет өлеңдерінде саяси өткірлік пен терең ой, нәзік сезім әрдайым ұштасып, біте қайнасып жатады. Осы қасиеті Махамбетті көтеріліс туын көтерген әрі жалынды үгітшісі, әрі ардақты ақыны етті. Бұл мазмұн Махамбет өлеңдерінің құрылысы мен түріне әсер етті. 1837 жылғы ноябрь (ақырап) айында болған жеңілістен кейін, Исатай, Махамбет бастаған аз адам Жайық өзені қатқанға шейін Нарын құмында қашып жүреді де, декабрь айының 12 күні кешке жақын Жайықтан келіп өтпекші болады. Көк мұзға ат салып, Жайықтан көктей өтеміз дегенде, линия бойындағы отряд біліп қалып, оқ атады. Исатай, Махамбет аз шығынмен өтіп кетеді. Жайықтан өткеннен кейін боран үдетіп кетеді де, ел таба алмай, батырлар далаға түнейді. Талай айлар қуғында жүрген адамдар түн бойы қар жамылып, мұз төсеніп, ұйқысыз шығады. Іштерінен кейбіреулер әлсіздік білдіреді. Оларға күрестерінің болашағы бұлдыр, келешегі үмітсіз көрінеді. Осындай сарыуайымға салынушылардың бетін қайтару үшін Махамбет «Ереуіл атқа ер салмай» өлеңін сол жерде шығарыпты деседі: Ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға аламай, еңку-еңку жер шалмай, қоңыр салқын төске алмай, тебінгі терге шірімей, терілігі майдай ерімей... Өлеңнен қасындағы жолдастарын да, елін де, күреске шақырушылық, ерлікке үндеушілік аңғарылады.
Халық ерлерінің айбынды күшін суреттеуде ақын шеберлігі барынша айқын. Махамбет Исатайдың ерлік тұлғасы арқылы бұқара халықтың алып күшін көз алдыңа елестетеді. Халықтың көтерілістен күткен мақсаты мен арманын жырлайды. Бұны оның өзі жайындағы және Исатай туралы өлеңдерінен, әсіресе, Баймағамбетке айтқан сөздерінен байқаймыз. «Баймағамбет сұлтанға айтқаны» өлеңінде Махамбет Исатай қозғалысының екі түрлі мақсаты болғанын айтады: бірі – хан билігін жою, екіншісі – бұқара бостандығын жақтау. «Еңсесі биік ақ орда, еріксіз кірсем деп едім, керегесін кескілеп, отын етсем деп едім» дейді ақын. «Хан керегесін отын етемін» деу – батырлар жырындағы сарын. Махамбет көтерілістің екінші мақсатын былайша суреттейді: «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім, жағалай жатқан сол елге мал толтырсам деп едім». Хан ордасын бұзу – саяси талап, ал қоныс, жер-су, мал үшін күресуі – экономикалық талап.
Өз кезеңі үшін бұл талаптың мәні аса зор болды. «Тарланым», «Мінкен ер», «Қызғыш құс», «Тайманның ұлы Исатай», «Исатай деген ағам бар, «Исатай сөзі», «Арғымақтың баласы», «Біз неткен ер», «Ұл туса», «Туған ұлдан не пайда», «Еңселігі екі елі» т.б. өлеңдерінде ақын халықтың ерлік тұлғасын толық таныта алады. Махамбет бұл өлеңдерінде Исатайдың образын – батыр образын жасады. «Мұнар күн», «Исатай мен Жақия», «Соғыс», «Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқаны» т.б. өлеңдерінде де Исатайдың ерлік істері мен адамгершілік, азаматтығы жырланады. Исатайдың өлімі ақын жанына қатты батты. Өзімен жолы бір, арман-тілегі бір халық батырының өлімі әрі ел қайғысы, әрі Махамбеттің өз қайғысы болды. Исатай өліміне арнаған өлеңдерінде ақын өзінің ой кернеген мұңын, кеуде кернеген шерін терең суреттейді. Махамбет Исатайды әрі көтеріліс көсемі, әрі батыр, әрі ақылды, халық тілегін жеке басының мақсатынан жоғары санайтын, басқалардан жөні бөлек, шоқтығы биік жан етіп көрсетеді.
Исатайдың тарихи рөлі де, кейінгі ұрпақтар үшін оның істерінің әлеуметтік мәні де «қара қазақ баласын хан ұлына теңгеру» болды. «Мінкен ер»атты өлең Исатайдың Жайықтан бері өтіп, Кіші жүз ішіне келуін суреттейді. «Исатай өлген соң ел еркесінен айырылып, сергелдең болды» дейді ақын. «Әй, Махамбет, жолдасым»өлеңін Исатай өлген соң, Махамбет оның атынан өзі жырлаған. Мұнда Исатай өзінің не үшін және қалай күрескенін, мақсатына жете алмағанын, көтеріліс күндері жіберген қателіктеріне тоқтала келіп, елдің ендігі тағдырын Махамбетке және келер ұрпаққа тапсырады. Өз баласы Жақияны да атаған. Сөзінің аяғында батыр бостандық жолындағы өз арманын бүкіл ұрпаққа мирас етіп қалдырады: «Арманымды айтып кетейін, найза ұстаған ерлерге, Арыстан туған Исатай дегеніне жете алмай, арманда өтіп кетті деп…»