6-дәріс. Махамбет Өтемісовтің патриоттық өлеңдері



бет1/4
Дата09.10.2023
өлшемі31,21 Kb.
#184331
  1   2   3   4
Байланысты:
file-9647 3


6-дәріс. Махамбет Өтемісовтің патриоттық өлеңдері

1. ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы әдебиет


2. Махамбет Өтемісұлы өмірі
3. Махамбет жырлары – тарихи оқиға шежіресі.
1. ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы әдебиет. ХІХ ғасырдың одан бұрынғы ғасырлардан өзгешелігі – бұл ғасырда шын мағынасындағы жазба әдебиет туды. Негізінен, ХІХ ғасырға дейін ауыз әдебиеті, жыраулар поэзиясы болып келсе, енді әдебиет сырт түрі, үлгісі жағынан бірнеше түрлі болды. Ішкі көркемдік сапа жөнінен де көп өзгеріс, жаңалық туды. Қазақ өлеңі жаңа түрлер жасады. Оның басында Махамбет, Дулат тұр. Бұл құбылыс Абаймен жалғасты. Жаңа жанрлар туды. Европалық мәндегі жаңа жазба әдебиет қалыптасты. Мысал, сықақ, сатира жанры жаңғырып, жанданды. Сырлы да нұрлы лирика толысты. Сал-серілер өнері шарықтады. Айтыстың мәні, мазмұны тереңдеді. Поэманың алғашқы нысандары көрінді. Тарихи жырлар туды.
ХІХ ғасыр әдебиетіне байланысты С.Мұқанов 1942 жылы мынандай тұжырым жасады: «ХІХ ғасыр әдебиетінің дәуірлері одан бұрынғы ғасырлардың әдебиет дәуірлеріндей көмескі емес, айқын, ашық. Мәселен, ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында ұлт бостандығын жырлайтын әдебиет жасалды. ХІХ ғасырдың 50-70 жылдарында «Зар заман» әдебиеті басым болды, ХІХ ғасырдың 70 жылдарынан бастап просветительдік (мәдениетке үндеуші) әдебиет туды».
Сонымен ХІХ ғасыр әдебиетінің аса көрнекті өкілдері:
- бостандық рухты жырлаған Махамбет ақын, Шернияз;
- зар заман әдебиетінің айтулы тұлғалары Дулат, Шортанбай, Мұрат, Әубәкір;
- әйгілі айтыс ақындары Шөже, Орынбай, Кемпірбай, Түбек, Марабай;
- атышулы сал-серілер Сегіз Сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Ақан сері
- қиссашыл ақындар;
- Қоқан езгісіндегі өңірдің әдебиет өкілдері Сүйінбай, Мәделі, Құлыншақ, Майлықожа, Базар;
- жаңа жазба әдебиет өкілдері Абай, Ыбырай, Шоқан.
ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті – өзінің мазмұны мен идеясы жағынан біраз ілгерілеген, әлеуметтік беті айқындала бастаған әдебиет. Бұл кез әдебиетінде дәуір көрінісі айқын бейнеленді. Заман сыры жан-жақты ашылды. Әлеуметтік теңсіздіктер, қоғамдық қайшылықтар жырланды. Жаңа дәуір поэзиясының алдыңғы қатарлы өкілдері заманы ұсынған жаңа талаптарға сай, әділетсіздікке қарсы батыл күрес идеяларын қолдады. Қазақ поэзиясында жаңа бір өршіл сарын пайда болды. Жаңа пафосты ерлік идеядағы күресшіл поэзия бой көрсетті.
Бұл – сайып келгенде өзіне дейінгі батырлар жыры дәстүрінің жаңарған тың түрі. ХІХ ғасыр ақындары өзінің жаңа идеяларын поэзияның бұрынғы дәстүрлі үлгі формаларында жырлады. Осылардың ішінде, ХІХ ғасыр поэзиясын кең өріске көтерген жанрлары деп арнау, толғау, айтыс формаларын ерекше атап көрсеткен орынды. Бұрынғы дәстүрлі формалардың өзі жаңа идеяны жырлау үстінде біраз жаңғырады, жетіледі. Мысалы, Махамбет толғаулары өзінің екпінділігімен, ырғақтылығымен өзгешеленіп, толғау формасын идея жағынан да, түр жағынан да жаңартты деп айтуға болады. Өмірінің соңғы кезеңін қуғында өткізген ақын көңіл-күй лирикасының озық үлгілерін туғызды. Ақын жырларынан оның қасіретке бөленген мұңды жаны танылады. Махамбет қазақ лирикасын сапалық және көркемдік жаңа бір белеске көшірді.
Қазақстанның батыс аймағында, әсіресе, Еділ, Жайық, Нарын, Тайсойған, Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз өңірінде ол кезде ел арасына белгілі ақын, жыраулар аз емес-ті. Олардың көбі өздеріне дейінгі жыраулар мұрасы мен батырлық жырларды ел арасына таратып, елдік, ерлік дәстүрді насихаттаушылар еді. Олар әділетсіздікке отаршылдық саясатқа қарсы еді. Исатай, Махамбет көтерілісінің жеңіске жетуіне жан-тәнімен тілектес болатын. Бірақ олардың бәрі де белсене шығып, көтеріліске араласып кете алмады. Тіпті, көтеріліс сапында болған Шернияздың өзі де дәл Махамбеттей көтеріліс жаршысы бола алған жоқ.
Әр уақытта да әділетсіздікке қарсы шығу үшіні өлім мен бейнеттен сескенбейтін жалынды жүрек керек еді, жан-тәнімен, ой-санасымен берілген берік сенім керек еді. Тек Махамбет дәуірінде ғана емес, одан бұрынғы, одан кейінгі замандардың бәрінде де әділетті жақтап, жалғандық пен жауыздықты әшкерелеу тек ерлердің қолынан ғана келген. Махамбетке әсер еткен жағдайлардың бірі – Қазақстанның батыс аймағындағы ақын, жыраулардың дәстүрлі әдеби ортасы, олар жырлап таратқан ерлік жырлар. Махамбет Шәлгез, Асан, Сыпыра, Доспанбет, Қазтуған сияқты жыраулар мұрасын жақсы білген. Демек, туа біткен талант, әлеуметтік теңсіздікті сезіну, әдеби орта әсері сияқты жағдайлар Махамбеттің ақын болып қалыптасуына ықпал еткен. Махамбет поэзиясы – жауынгерлік поэзияның, жыраулық өнердің үздік үлгісі. Махамбет шығармаларында көтеріліс тарихы жатыр.
Махамбет поэзиясының бір қыры – жыраулар поэзиясымен үндес тұстары. Ақын толғауларында жыраулар поэзиясынан жеткен дәстүрлі қолданыстар мол. Махамбет Қазтуғаннан да, Шалкиіз, Доспамбет, Ақтамбердіден де сөз үлгісін мейлінше көп алды.
Балдағы алтын құрыш болат,
Ашылып шапсам, дем тартар,
Сусыным қанға қанар деп (Шалкиіз жырау).
Қарқыны күшті көк семсер
Шапқан сайын дем тартар,
Сусыным қанға қанар деп. (Махамбет).
Хан емессің, қасқырсың,
қас албасты басқырсың,
Алтын тақта жатсаң да
ажалы жеткен пақырсың (Марғасқа жырау).
Хан емессің, қасқырсың, …(Махамбет).
Арғымаққа оқ тиді
қыл майқанның түбінен,
аймадетке оқ тиді
отыз екі омыртқаның буынынан,
жағдайсыз кетіп барамын
жанымда бір туғанның жоғынан!…(Доспамбет).
Арғымаққа оқ тиді
қыл мықынның түбінен…(Махамбет).
Махамбет шығармаларынан ХІХ ғасырдың жаңа өлеңі де көрінеді. Өмірінің соңғы кезеңін қуғында өткізген ақын көңіл-үй лирикасының озық үлгілерін тудырды.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет