6. Құқықтың түсінігі және мәні
1. Құқықтың түсінігі және оның белгілері.
2. Құқықтың мәні.
3. Құқық - қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеуші.
Заң ғылымындағы көп мағыналы, күрделі ұғымдардың бірі – «құқық». Құқық – бұл мемлекет бекіткен және рұқсат еткен жалпыға бірдей міндетті менез - құлық ережелері.
Құқықтың мазмұны қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталады. Ол ресми түрде танылған және заңды тұлғалардың заңға сүйене отырып, әрекет жасау мүмкіндігі. Ұзақ уақыт бойы құқық мемлекетпен бірге дамып отырған мемлекеттің жемісі, мемлекет түрлеріндегі таптық билікті іске асыру құралы ретінде қаралды.
Құқықтың маңыздылығы сол, ол әлеуметтік әділеттілікті, қоғам азаматтардың қажеттіліктері мен мүддесін белсенді түрде қанағаттандырады. Күнделікті адамдардың тіршілік қызметіне, мінез – құлқына және тұрмыс дәрежесіне әсер етіп, оларды ұйымдастыра отырып, бақылауды іске асыратын құрал. Қоғамдық қатынастарды тәртіпке салып, жеке адамның бостандығын анықтайды. Құқық заң алдындағы азаматтардың теңдігін бекітеді, материалдық құндылықты әділетті түрде бекітіп қана қоймай, дұрыс пайдалануға жағдай жасайды.
Құқық халықаралық және ұлтаралық қатынастардың шешуші құралы.
Тарихи дамуға, қоғамның жаңаруына байланысты, қазіргі замандағы өркениетті мемлекеттерде құқық барлық азаматтардың еркін білдіретін саяси құралға айнала бастағанын мойындау керек.
Сонымен, құқық – күрделі әлеуметтік құбылыс.
Құқықтың негізгі белгілері:
1) жалпыға міндеттілігі;
2) нормативтілігі;
3) жігерлілігі;
4) мемлекетке байланыстылығы;
5) жүйелілігі;
6) жария айқындылығы,
7) адамның бостандығы және мінез – құлқының өлшемі.
Осылармен қатар, құқық қоғам мүддесі мен еркін білдіреді. Құқық қоғамда нормативті тәртіппен бостандықты қамтамасыз етіп, кепілдік беруші, экономикалық және қозғаушы күштердің дамуына жағдай жасаушы.
Құқықтың мәні дегеніміз өркениет жағдайындағы қоғамдық қатынастардың реттелуі, қоғамның тұрақты ұйымдастырылуын қамтамасыз ете отырып, демократияның, экономикалық бостандықтың, жеке адам құқығының шын мәнінде іске асырылуы.
Құқық мәнін қараған кезде, оның, 1-ден, заңға сәйкестілігін, яғни кез - келген құқық реттеуші екендігін; 2-ден, мағыналылығын, яки көрсетілген реттеушінің кімнің мүддесін қорғайтынындығын ұмытпауымыз керек.
Құқық мәнінің екі жағын атап көрсетуге болады:
1) таптық, мемлекеттегі экономикалық билік етуші таптың мүддесін заңды түрде қорғайтын мемлекет тарапынан кепілдік беретін заң нормаларының жиынтығы;
2) жалпы әлеуметтік, мұнда құқық мәнінің қоғамның әртүрлі таптары және әлеуметтік топтары арасындағы ымыраластырушы ретінде көрінуі.
Құқықтың мәні туралы голланд мемлекеттік қызметкері және философ Г.Гроций және француз ойшылы Ж.Ж.Руссо, ағылшын философы Т.Гоббс талдау жасаған.
Құқықты әртүрлі мағынада қолданамыз:
1) субъективтілігі – тұлғалардың мүддесін қанағаттандыру мақсатымен құқықтық нормалардың құқық тұлғаларына берген құқықтық мүмкіндіктері. Субъективтік құқық – субъектінің еркі және санасына байланысты іске асырылады. Мысалы, азаматтардың еңбек етуі, білім алуы, меншік иесі болуы, кәсіпкерлікпен шұғылдануы.
2) объективтілігі – жалпыға міндетті, қоғамның бекіткен және қамтамасыз етілген заң нормаларының жиынтығы. Бұл заң нормалары қоғамдық қатынастарды реттеуге арналады. Объективтік құқыққа нақты бір мемлекеттің заңдары, заңды салт – дәстүрлері, сот прецеденті және нормативті келісімдері жатады. Оның объективтілігі сол, ол жеке тұлғаның еркі мен санасына қатыссыз жасалады.
3) табиғилығы, өмірден алынатын, заттардың табиғи тәртібінен пайда болатын, еш жерде бекітілмеген құқық жүйесі. Мысалы, өмір сүру, туылу, бостандық т.б. құқықтар.
4) позитивтілігі, ол заңдар мен құқықтың басқа қайнар көздерінде белгілену. Бұл құқық саласы қоғамдық ұйымдар және адамдар – заң шығарушылар, соттар, құқық субъектілерінің құқық шығармашылық қызметінің арқасында пайда болады.
5) жариялылығы, мемлекеттік істер саласына, яғни жария билікті атқарушы мемлекет құрылымы және қызметіне, билік бастамасы негізінде құрылған барлық көпшілік институтына қатысты іске асырылады.
6) меншік құқығы, жеке істерге, яғни жеке адам бостандығының статусы, автономия бастамасы негізінде құрылған институттарға субъектілердің заңды теңдігі, олардың бір – біріне сай келмеуіне қатысты жүреді. Меншік құқығына азаматтық құқық, отбасылық құқық т.б. жатады.
Құқықтың негізгі белгілерінің бірі мемлекетпен тығыз байланыстылығы.
Оның белгілері мына жағдайларда көрінеді:
1) мемлекет арнаулы түрде құқықты белгілейді, мемлекет тарапынан күштеу әдісін қолдана отырып, оның орындалуын қамтамасыз етеді.
2) құқық мемлекеттің еркін нормативті түрде көрсете отырып, таптардың, жалпы - әлеуметтік және т.б. топтардың мүдделеріне сәйкес мемлекеттік қатынастарды реттейді.
3) құқықтың жалпыға міндеттілігіне сәйкес ерекше әлеуметтік реттеуші ретінде, құқықтық және құқықтық емес мінез – құлықтың өлшемі түрінде пайдаланылады.
4) басқа әлеуметтік нормалардан құқықтың реттеушілік ролінің ерекшілігі, оның нормаларының көп бөлігі өкілдік – міндеттілік мазмұнға ие.
Құқықты анықтау үшін тарихта көптеген ғасырлар бойы ғалым – заңгерлер, философтар құқықтық – теориялық концепцияларға қатысты құқық мектептерін құрды:
а) нормативті;
ә) тарихи;
б) психологиялық;
г) әлеуметтік;
д) табиғи – құқықтық т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |