88. Ақуыз алмасу. Организмдегі ақуыздардың функциясы. Ақуыз метаболизмінің нервтік-гуморалдық реттелуі.
Ақуыз (белок) алмасуы. Адам тіндерінің шикі массасының 15-20% белоктардан тұрады. Олар құрылымдық, ферменттік, транспорттық, жиырғыштық, қабылдағыштық (рецепторлық) ролдер атқарады,сонымен бірге тектік (генетикалық) ақпаратты беруге қатысады. Әр түрлі қызметтерінің ішіндегі аса маңыздыларына мынау жатады:
Пластикалық қызметі – ақуыздар жасуша құрылымдарының синтезделуіне өте қажет (ағзаның өсуіне, зақымдалған құрылымдарды қайта қалыпқа келтіруге немесе жаңартуға), биологиялық белсенді заттарды (ББЗ), гормондарды (табиғаты пептидтен және белоктан құрастырылған), ферменттерді өндіруге қатысады. Ақуыздар тіршіліктің (өмірдің) түпнегізі.
Энергетикалық ролі шамалы – теңдестірілеген тамақтану кезінде белоктар организмге шамамен 15% энергия жеткізеді.
Тасымалдау қызметі – гормондарды, липидтерді, холестеринді, минералдық затарды ағзаның ішінде тасымалдауға қатысады.
Қорғаныштық қызметі – қан плазмасындағы иммунноглобулиндерді, антиденешіктерді өндіру, иммунитетті қолдау, қанның ұюына қатысуы, т.б.
Ақуыздар ағзадағы онкотикалық қысымды (25-30 мм с.б.б.) жасайды да, қан мен тіндер арасындағы су алмасуын реттеуге қатысады.
Қан плазмасының буферлік жүйесінің құрамына кіреді, қанның реакциясын (рН) реттеуге қатысады.
Белок алмасудың реттелуі. Гипоталамуста қандағы амин қышқылының мөлшеріне сезімтал рецепторлар бар, солардың көмегімен гипоталамус нейро-гормоналдық реттеу механизмдерін іске қосады. Соматотропин (өсу гормоны), тироксин (қалқанша безі), инсулин (ұйқы безі), тестостерон, эстроген (жыныс безі) гормондары ақуыздың синтезделуін күшейтеді. Глюкокортикоидтар көптеген жасушалардағы белок концентрациясын азайтады, қан плазмасындағы амин қышқылдардың мөлшерін жоғарылатады, бауырдағы ақуыздың синтезін күшейтіп, оны көмірсуға айналдырады (глюконеогенез).
Достарыңызбен бөлісу: |